Жалпы тіл біліміндегі этнопсихолингвистиканың қалыптасуы мен дамуы

Дәріс 13

ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында жалпы тілтанымдағы лингвистикалық зерттеулер антрополингвистикалық бағытта жүргізіліп келеді. Қазіргі әлемдік лингвистикада адам факторына негізделген тілдің коммуникативтік, когнитивтік, психологиялық, прагматикалық және ұлттық-мәдени ерекшеліктерін зерттеу антропоөзектік әдіс негізінде жүзеге асырылуда. Нәтижесінде қазіргі лингвистикада үш ірі ғылыми бағыт қалыптасты: Жалпы тіл біліміндегі этнопсихолингвистиканың қалыптасуы мен дамуы - student2.ru

Когнитивті бағыт негізінде тілдік тұлға теориясы, ғаламның тілдік бейнесі сияқты бірнеше ғылыми теориялар қалыптасты. Аталған теориялар бойынша жүргізілген ғылыми зерттеулер негізінде лингвокультурология, лингвокоцептология, психолингвистика, нейролингвистика, онтолингвистика сынды ғылым салалары қалыптасты. Когнитивті бағытта қалыптасқан бұл ғылым салалары «тіл және ойлау», «тіл және этнос», «тіл мен сана», «тілдік сана және ұлттық сана», «тіл және таным», «тіл және этнос», «тіл және мәдениет» мәселелеріне бағытталған.

Психология ғылымының зерттеу нысаны – адамдардың психикалық әрекеттерінің, яғни сезу, қабылдау, түсіну, ойлау, байымдау, қиялдау әрекеттерінің қалыптасып, даму жолдарын айқындау. Көрсетілген психикалық әрекеттердің барлығы жеке индивид санасының, ақыл-ойының нәтижесі болғандықтан, сөйлеу әрекетімен тығыз байланыста болады. Психологияның ерекше мән беретін нысаны да осы жерде нақтылана түседі, яғни сөйлеу әрекетін жүзеге асыру процесі, оның өзге де психикалық әрекеттермен байланысы, логикалық категориялар мен тілдік категориялардың байланысы, сөйлеу әрекетіндегі мидың қызметі, мидың зақымдалуының сөйлеу әрекетіне тигізетін әсері деген мәселелер шығады. Бұл мәселелер лингвистика ғылымы үшін де маңызды. Нәтижесінде екі ғылымның тоғысуынан тіл білімінде психолингвистика жаңа ғылыми бағыты туындады. Психолингвистика терминін алғаш рет ғылыми айналымға түсірген Н.Пронко болатын. Жалпы психолингвистика тарихында негізгі теориялардың бірі ретінде Уорф-Сепир гипотезасы (гипотеза лингвистической относительности) алынды. Б.Уорфтың тіл мен ойлау жүйесінің өзара қатынасы тіл ғылымы әлемінде қызығушылық тудырды.

Этнопсихолингвистика – түрлі этнос өкілдерінің психологиялық мінез-құлқын зерттейтін ғылым саласы. Ғылым саласы психология, лингвистика, социология және мәдениеттану ғылымдарының тоғысында қалыптасқан, интегративті сипатқа ие. Этнопсихолингвистиканың мақсаты – түрлі мәдениет өкілдерінің ұлттық тілдік санасын зерттеуге бағытталған, ал оның нысаны – мәдениаралық қатына, мәдениаралық коммуникация. Әр ұлт қоршаған ортаны тануда тілдік таңбалардың көмегіне жүгінеді. Осы арқылы болмыста тануда сол ұлт өкілінің мінез-құлқы, өзіне тән ұлттық-мәдени ерекшеліктері жайлы ұлттық стереотиптер қалыптасады. Бұл әр ұлттың өзіндік мәдени ерекшелігін танытатын прототиптік категорияларды айқындауға мүмкіндік береді.

Этнопсихолингвистикалық зерттеулер көрсеткендей, қазақ және орыс халқының сөйлеу этикеті, сөйлеу әдебі ұлттық-мәдени ерекшелікпен тығыз байланысты. Мәселен, орыс халқының сөйлеу әдебінің өзіндік ерекшелігі ретінде ұжымдық, өз сезімін білдірудегі еркіндік, эмоционалдылық, конфликтіге деген бейімділік, тіл табыса білу, кез келген нәрсеге баға беру қасиеті, сөйлеу этикетін ұстануға деген қарсылық, екеуара сұхбат жүргізуде тік сөйлеуі сияқты белгілерін көрсетуге болады.

Қазақ халқының сөйлесу стереотипі өзін-өзі ұстай білуі, шыдамдылық, сабырлылық, конфликтке деген бейімділіктің жоқтығы, эмоционалды жақтан өзін-өзі бақылауда ұстай білуі, сөйлеу этикетін ұстануға тырысу, жеке өміріне қатысты тақырыптардың жабықтығы, кейде ашықтығы да орын алып жатады, белгілі бір ойды жұмсақ түрде жеткізу сынды тілдік белгілермен ерекшеленеді.

Сонымен қатар орыс тілінде өз ойларын бекітуде, оны нақтылай түсуде түсуде асыра айтуға бейім екендігі айқындалады. Мұны тілдік фактілер арқылы нақтылай түссек: Я абсолютно счастлива. Живу лучше всех. Я ответил вам предельно ясно. Он исключительно одаренный ребенок. Сондай-ақ, мұндай ерекшелікті орыс тілінің фразеологиялық жүйесінен «кричать во все горло», «бежать во весь опор», «стараться изо всех сил» де көруге болады. Ал қазақ тілінде ойды жұмсартып жеткізудің бірнеше тәсілдері қалыптасқан. Атап айтқанда, литота, гипербола тәсілдері.

Этнос ұғымы локальды мәдениет (әлеуметтік-тарихи факторлар, рухани және матреиалды мәдениет, географиялық жағдаяттар) ұғымымен тікелей байланысты. Мәдениаралық қатынас шеңберінде коммуникацияға қатысушы адамдардың тілдік және ұлттық санасы бір-біріне сәйкес келмей қалып жатады. Лакуна − белгілі бір мәдениеттегі, мәтіндегі, тілдің семантикалық картасындағы ақтаңдақтар (белые пятна) болып табылады. Белглі бір ұлт өкіліне лакуналар белгісіз, елеусіз болып саналғанмен, өзге мәдениет ерекшеліктерімен салыстырғанда ғана көрінеді. Өзге мәдениетті түсіну үшін «өз және өзге» стратегиясын міндетті түрде ұстану қажет. Әрбір мәдениетке тән жергілікті ұлттық ерекшелікті зерттеу мақсатында лакунология немесе иммагология ғылым салалары қалыптасуына әкелді. Лакуна ұғымы лингвомәдени құбылыс ретінде мәдени және тілдік лакуналар болып екіге бөлінеді. Мәдени лакуналар өз ішінен характерологиялық, мәдени-эмотивті, ұлттық кинесикалық ерекшеліктер, мінез-құлық және этнографиялық болып бөлінеді. Бұл лакуналар дүниетаным процесіне қарай толығып отырады.

Ерекше назар аударту қажет ететін лакуналар – характерологиялық лакуналар. Мәдениаралық қатынаста бірнеше стереотиптер қалыптасады. Мәселен, ағылшын ұлтына тән қасиет – ұстамдылық, француздар – құмарлық, американдықтар – прагматик, немістер – ұқыптылық, тәртіп. Бірақ характерологиялық лакуналар салыстырмалы қатынасқа ие. Еңбекқорлық инварианты түрлі ұлт өкілдерінің мінез-құлқында әртүрлі бейнеленеді: жапондарда – шыдамдылық, тынымсыз еңбек ету, табандылық, немістерде – негізділік, әр іске байыппен қарау, тәртіптілік, американдықтар – іскерлік, қандай да бір іске байланысты бастаманы көтеру, табандылық.

Сонымен қатар кинесикалық лакуналар (ым-ишарат тілдері) тобы бөлініп шығады. Күлкі әр ұлтта сыртқы және ішкі мәні жағынан бір-бірінен ерекшеленеді. Шығыс халқының мәдениетінде қазалы болған адамға оның көңілін басқа жаққа аударту үшін адамның күлкісін туғызатын әңгіме айту дәстүрге сәйкес болып саналады. Ал қытай мәдениетінде күлкі шынайы және алдамшы ойды (улыбающийся тигр) білдірудің құралына да айналуы мүмкін. Дипломатиялық қарым-қатынаста қалыптасқан «күлу саясаты» саясат жүргізу ісіндегі екіжүзділікті көрсетеді. Мәселен, ана қайтыс болған баласының өлімі туралы айтып отырып, күлуі де мүмкін (адыгей халқының мәдениетінде). Этнографиялық лакуналардың бір ерекшелігін ұлттық өлшемдері жүйесінен (бір саба қымыз, ат шаптырым жер); түр-түс атауларынан байқауға болады (ақ – жақсылықтың белгісі, қытай, корей – өлімнің белгісі).

Лингвистикалық лакуналар мәтіндік және тілдік лакуналар болып бөлінеді. Көркем мәтін – белгілі бір этностың ұлттық-мәдени ерекшелігін танытатын, әрі фербальды түрде сипатталатын мәдени феномен. Мәтіндік лакуналар көркем мәтіннің өн бойынан көрінеді. Мәтіндік лакуна – өзге ұлт өкілдерінің мәтін мазмұнын қабылдау мен түсінуде қиыншылықтар туғызатын, белгілі бір лингвомәдени қауымдастықта ұлттық ерекшеліктің базалық элементін құрайды. Ал лингвистикалық лакуналар өзге тілге аударуға көнбейтін, нақты аудармасы жоқ, көпмағыналылық сипатқа құбылыс ретінде танылады. Лингвистикалық лакуналар қатарына жұртқа кеңінен танымал, мәтінде белгілі бір адамның есімі ретінде емес, мәдени символ ретінде қолданысқа түскен прецендентті есмідерді жатқызуға болады.

Прецендентті есімдер – прецедентті концептілердің репрезентациясы, яғни ғаламның тілдік бейнесін түзуші менталды-вербалды бірліктер. Мұндай есімдер белгілі бір тілдік қауымдастық үшін мәдени-тарихи мәнімен ерекшеленеді. Прецедентті есімдер мәдени-тарихи маңызды деген обьектілердің атауы: Бәйтерек, Астана; қазақ мәдениетінің символына айналған, аты танымал өнер және ғылым қайраткерлерінің есімдері (Абай, А.Байтұрсынов), қоғам қайраткерлері, ел билеуші хандардың есімі (Абылай, Махамбет) және т.б. Сондай-ақ, прецендентті есімдер қатарына адамзаттың даму тарихында маңызды саналатын оқиғалар, даталар (Екінші дүниежүзілік соғыс, Норд-Ост, 37-жыл). Қазіргі жаһандану заманында прецедентті есімдер барлық территориалды және тілдік шекарадан асып, жалқы есімдерді метафоризациялау үдерісіне қатысуда (Дон Жуан, Дон Кихот, Отелло, Робин Гуд). Бұл құбылыс жалпы тіл білімінде ХІх ғасырда А.Потебня тарапынан ашылған болатын, ол мұндай тілдік құбылысты «антономасия» деп атады. Прецендентті есімдер перифраздардың құрамында жиі кездеседі: Қайда барсаң Қорқыттың көрі». Лингвистикалық лакуналар қатарына халық мәдениетін ұғынуға, тануға мүмкіндік беретін, мәдени-тұрмыстық реалийлерді таңбалаушы таңбаларды жатқызуға болады. Лингвокультуремалар – тіл мен мәдениеттің өзара тығыз байланысын сипаттайтын тілдік бірліктер. Бұл термин лингвоелтанымдық бағытта тілді шет тілі ретінде оқыту процесінде қалыптасқан. Лингвокультурема терминін тілдік айналымға түсірген, әрі орыс тіл білімінде линговмәдениеттану жаңа ғылым саласының негізін салушы В.В. Воробьёв болатын.

Лингвокультуремалар екінші бір тілге аударылғанда сипаттамалы түрде түсіндіруді қажет етеді. Лингвокультуремалар формальды түрде бір сөзбен отау, бауырсақ, шаңырақ, қобыз; күрделі сөзбен тарыдай мең, қолаң шаш, бидай өңді, ақ құба; қанатты сөздер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар арқылы да беріледі.

Наши рекомендации