Еріктің физиологиялық негіздері

Психиканың басқа да көріністері сияқты ерік те ми­дің жүйкелік процестеріне негізделген заттасқан құбы-лыс.

Ырықты әрекеттердің негізі алдыңғы орталық жүйке сайларындағы (извилины) ми қабықтарының бірінде орналасқан аумақты пирамидалы жасушалар(клетка-лар) қызметінде көрінеді. Әрекетке келтіретін импульстер осы жасушаларда пайда болады, осы арадан түйдектел-ген жүйке талшықтары бастауын алып, миға тереңдейді, одан төмен түсіп, жұлынды (арқа ми) бойлай отырып, дененің қарсы тарапындағы бұлшық еттерге жетеді, яғни пи­рамидалы жол жүреді. Осы жасушалардың қай бірі жарақаттанса, адамның оларға сәйкес бір қозғалыс мүшесі істен шығады (паралич).

Алайда, ырықты әрекеттер бір-біріне байланысты өзара ықпалды әрі ниеттелген қимылдардың күрделі жүйесінде пайда болады. Бұл процесте қозғалыс түйсіктерінің маңызы үлкен. Егер алдыңғы орталық жүйке сайларының артына жайғасқан бөліктердің бірі зақым алса, адам өз әрекеттерін сезбей, қарапайым қимылдардан қалады, қалаған қозғалысын таңдап, реттей алмайды.

Аталған ми аймақтарынан басқа, еріктік әрекеттердің бағыты мен қуатын қолдап барушы құрылымдарды да ескерген жөн. Мидің маңдай профронтальбөлігі істен шығуынан қимыл-әрекеттер ырықты реттелуден ауып, қажетті бағдарламаға көнбей, ерік жоспарына икемдесуден қалады. Мұндай аппраксия жағдайында адам қандай да ісін бастағанымен, аяқтай алмайды, бастамай жатып, доғарып та қоюы мүмкін немесе еленбес себептерден-ақ жұмысын басқа арнаға бұрып жібереді.

Ми сырқаты негізінде адам абулия (зақымды еріксіздік) ауруына ұшырайды. Мұндайда әрекет иесі өз қадамының қажеттігін біле тұра, оны іске асыруға ерік күші жетпей, керекті шешім мен әрекетке келе алмай, жан күй­зелісіне түседі. Ерік әрекеттерін орындауда адамның саналы әрі мақсатты қимыл-қозғалыстарын реттеуші екінші сигналдық жүйенің маңызы орасан. Екінші сигналдық жүйе адамның қозғалыс (моторная) қуатын арттырумен бірге, барша психикалық процестерінің: ойлау, қиял, ес, зейін, сезім - бастау көзі.

Тұтастай алғанда ерік шартты рефлекстік сипатқа ие. Уақытша жүйке байланыстарының негізінде әрқилы ассоциациялар жинақталып, бекиді. Енді келіп түскен ақ­па­рат бұрыннан бар біліктермен салыстырылады. Ерікті реттестірудің рефлекторлық негізі бас миындағы қажетті қозу ошағының пайда бо­луына тәуелді. Бүл жүйкелік қозу ұдайы энергиялық қуат­ты керек етеді. Мұндай ми қажетін ерекше аккумлятор сипатты ретикулярлы формация қамтамасыз етеді. Осы ретикулярлы формация қажетті қозу ошағының қуатын қолдауынан, адам қандай да жұмыс орындауда үлкен жі­герлілік танытып, көздеген мақсатына жетуге батыл қадам жасайды.

Ерік құрылымы

Әрқандай ерік әрекеті өзінің күрделігімен ерекшеленеді. Ниеттелген мақсат анық болып, орындалу жағдайларына сәйкес әрі тікелей іс-әрекетке өтетін болса, әнгіме қарапайым ерік әрекеті жөнінде болғаны. Ал күрделі ерік әрекетінде ықпал жасаушы импульстер мен нақты әрекеттер арасына қосымша ерік бірліктері енеді. Ерік про­цесінің мәнді кезеңдері мен бөліктерінің құрамы келе­сідей: 1) ниеттің туындауы мен мақсат белгілеу; 2) талдау, талқылау кезеңі мен сеп-түрткілер (мотивы) таласы; 3) шешім қабылдау; 4) орындау.

Ниет белгілеу мен мақсат қою. Ниеттің бәрі бірдей саналы болып келе бермейді. Қандай да қа­жеттік өз түсінім денгейіне орай құмарлық (влечение) немесе тілек сипатын алады. Егер тұлға өз жағдайына қанағаттанбаса, сонымен бірге, осыған байланысты қа­жеттік толығымен өзіне әлі түсініксіз болса, оның мақ­сатқа жету жолы мен шараларының күңгірт болғаны. Бұл жағдайда оны іске итермелейтін әшиін құмарлық, көр­сеқызарлық. Құмарлықта адам өзіне бірдеңенің керектігін сезінеді, бірақ сол нәрсенің не екеніне көзі қанық жет­пейді, қажеттігін нақты түсінбейді.

Тілеу - бұл алдымен әрекетке келтіруші себепті түсіну кезеңі. Әрқандай қылықтың сеп-түрткісіне, кейін мақсатына айналудан бұрын тілік сарапталып, бағаланады; оның орындалуына кедергі не қолдау беретін шарттар өлшестіріледі. Тілек іс-әрекет сеп-түрткісі сияқты өзінің туындауына себепші болған қажеттіктің айқындығымен ерекшеленеді. Ынталандырушы күшке негізделген тілек адам санасын болашақ мақсатқа ойыстырып, жоспар түздіреді, сонымен бірге ол мақсаттың орындалу жолдары мен құрал-жабдықтарын ақылға сай нақтылайды.

Сеп-түрткілер (мотивы) күресі - бұл әлі бастамаған әртүрлі әрекеттердің оң не теріс тараптарын, қай жағдайда қандай әрекетке кірісу қажеттігін таңдауға бағышталған адамның талқылау ісінің жүруі. Сеп-түрткілер таласы жағдайында адам үлкен толғанысқа келіп, өз санасы мен сезімінің, қара басы мен қоғам мүдделері арасындағы қарама-қарсылықтарды жеңе алмай, өз "қалауы" мен сырттан қойылған міндет "талауына" түседі.

Шешімқабылдау - бір сеп-түрткіні қалаумен нақты мақсатқа жүгіну. Шешім қабылдай отырып, адам бұдан былайғы әрекеттің бәрі оның өзіне тәуелді екенін сезеді, бұл өз кезегінде онда еріктік әрекеттің ерекше сипаты - жауапкершілік сезімін оятады. Шешімге (решимость) ке­лудің бірнеше жолы белгілі:

1. Саналы шешім - сеп-түрткілер қарсыластығы бірте-бірте семіп, арасындағы бір мәнділеу баламаға аса зорлықсыз-ақ жол беруден пайда болады.

2. Таңдау толғанысы мен батылсыздық ұзаққа созылып, тереңдей түссе, адам дағдарысқа келіп, ештеңеге кіріспегеннен гөрі, бірін бастай салайын деп, қателікке ұрынуы мүмкін. Мұндайда қандай да бір кездейсоқ әсердің ықпалында қалып, "не болса, сол болсын" деумен, адам өз басын "тағдырдың жазғанына" көндіреді.

3. Ықпалды-ынталандырушы күштердің жоқтығынан, өз батылсыздығынан іштей күйініп, адам қалай болса, солай, ойланбай, іске құлайды, тап осы мезетте істің ақыры не болатыны оны қызықтырмайды. Мұндай көзсіз батылдық өте әрекетшең, күшті эмоционалды темперамент иелерінде болады.

4. Ішкі толғаныстардың байыпқа келуі - алғашқы сеп-түрткілер құндылығының өзгеріске келуіне де байланысты. Мұндайда шешім адамгершілік көзқарас, намыс араласумен қабылданады. Адам "маған осы не болды" деумен, өзін жинақтап, қажетті бағыттағы әрекетке батыл кіріседі.

5. Кейде өз қалауын қонымды ақылға сыйғыза алмай, адам белгілі бір әрекет түрін таңдайды, яғни ерік күшімен өз көңілінде бұрын еленбей келген бір сеп-түрткіге қуат береді, осыдан жаңағы сеп-түрткі басқаларын басып, әрекет көзіне айналады. Қазақтың "Көз қорқақ, қол батыр" мәтелі осының айғағы.

Еріктік әрекеттің орындалу кезеңі өзінің күрделі құрылымына ие. Шешімнің орындалуы қандай да мерзіммен байланысты. Егер шешімнің орындалуы ұзақ мерзімге кейін қалдырылса, онда ол ниет қана. Ниет соңға ысырылған әрекетке дайындық ретінде танылып, шешімге байланысты көзделген мақсатты білдіреді.

Жоспарлау - күрделі ой әрекетімен ұштасқан, қабылданған шешімнің тиімді әдістері мен құрал-жабдығын іздестіру кезеңі.

Жоспарланған әрекет өздігінен бола қалмайды, ол үшін ерік күші араласуы қажет. Ерік күші - бұл адамның қажыр-жігерін жинақтап, мақсатқа жетуге керек болған қосымша қуат, септүрт­кі­лердің көзін ашатын, мақсатты белгілеу мен істің орын­да­луына дейінгі ерік процесінің барша бөліктеріне ықпалды фактор.

Ерік күшінің қарқындылығы (интенсивность) төмен­дегі жағдайларға тәуелді:

1.Жеке адамның көзқарасы (жапон самурайы, жахид жариялаған мұсылман).

2.Моральдық тұрақтылық (жауапкерлік, немқұрайлық).

3.Қоғамдық мәнді мақсаттар.

4.Іс-әрекетке деген көрсетпе-талап (установка) (мұ­ға­лімнің оқушыға тапсырмасы: "тек оқып кел", "бірін қал­дырмай көшіріп ал" - әрқайсысы әртүрлі ерік күшін керек етеді).

5.Жеке адамның өз басын жұмысқа бұрып, басқара алуы. (Өзін жетілдіре алмаған адам, қиыншылықтарға төзімсіз келеді).

Борыш сезімі - моральдық талаптардың адамның ішкі жан дүниелік қасиетіне айналып (интериоризование), "мендік" пен қоғамдық мүдделер тоғысында таңдалатын тиімді әрекет-қылықтың жол көрсеткіші.

Көп жағдайда адам ерік күшімен өзінің мінез-қылығындағы ырықсыз белсенділігін ноқталап, тоқтамға кел­тіруіне тура келеді, бұрыннан бекіген әдеттері, бойға сің­ген келеңсіз қылықтарына қарсы шайқасқа түседі, яѓни, ерік - адамның өзболмысынбилейалуқабілеті, өзұмтылыстары, сезімдеріменқұмарлықтарынатоқтамберуқасиеті.

Ерік әрекеттерін іске асыру барысында, әсіресе орындаудан соң бағалау кезеңі келеді. Баға түрлі әлеу-меттік-саяси, моральдық, эстетикалық ж.т.б. бағыттардан беріледі, ал кей жағдайда аталған талғамдардың басы бі­рігіп, бір бағаға арқау болуы ықтимал. Баға тек жеке адам­ның өлшемінен емес, іске қатысы бар көпшіліктің пікіріне де телінуі мүмкін. Осыдан, ұжымдық баға әрбір дара тұлға әрекет-қылығының шын өлшемі бола алады. Орындалған іс-әрекеттің бағамы қабылданған шешімдер мен іс әдістерін қолдау, ақтау не кінәлау сипатта көрінеді. Әрқандай баға көңіл-күй толғанысын тудырып, іс нәтижесінен қанағаттану не қанағаттанбау сезіміне бөлейді.

Ерік сапалары

Әрбір адамның ерік әрекеті өзіндік ерекшелікке ие, себебі ол жеке тұлғаның тұрақты қасиеттерінің көрінісі. Еріктің саналы ұйымдастырылуы мен ретке келуі адамға өзінің сезімдерін, қылығын, танымдық процестерін бас­қа­руға мүмкіндік береді. Ерік си­пат­тарының жалпы бірігімін (интегрирование) танытатын құбылыс - ерік күші. Ерік күші еріктік әрекеттің барша ке­зеңдерінде қажет, әсіресе оның айқын көрінісі кедер­гілерді жеңу мен қажетті нәтижеге жетуде көрінеді.

Еріктік әрекеттің жалпыланған сипаты мүдделі мақсатта (целеустремленность) көрінеді. Мүдделі мақсат - бұл жеке тұлғаның өз іс-әрекетін белгілі бір нәтижеге бағыттай алуы. Осы қасиетке орай адамның басқа да ерік сапа­ла­рының мазмұны мен даму денгейін анықтаймыз. Мүдделі мақсат өмірлік принциптер мен мұраттарды көздеген, стра­тегиялық, не жақын, бөлектенген әрекеттерді орын­дауға бағытталған нақты қызметтік, оперативтік болып бө­лінеді. Ерік әрекетінің бастапқы, іске қосылу кезеңі көбіне ынталылық, дербестік, еркіндік сапаларымен байланысты.

Ынталылық (инициативность) - мол да жарқын идеяларға, байыпты жоспар мен ұшқыр қиялға негізделеді. Көп адамдар үшін ең қиыны өз енжарлығын жеңу, қалыптасқан іс-әрекет тәсілін өзгерту. Мұндайлар өз бетінше ешбір іске кірісе алмай, тысқы ықпал, нұсқауларды күтумен болады. Осыдан ынталылық дербестікпен тікелей байланысты. Дербестік- еріктік әрекет барысында адамның әрқандай себептер жетегіне түспей, басқалардың кеңестері мен ұсыныстарына сындарлы баға берумен, өз наным, сенімдері негізінде іс-әрекетке келу қасиеті.

Ынталылық пен дербестік жеке адамның еріктік сапасы ретінде, бір жағынан, сенгіштік, иібостық, енжар-лықсияқты қасиеттерге қарсы; екінші тараптан, басқаның ой-пікірін, көзқарасын түгелдей жоққа шығарудан (позитивизм) аулақ қасиет.

Іс-әрекетке ниеттелу кезеңінде еріктің ұстамдылық қасиеті процеске қосылады. Ұстамдылық әрекеті - сезім, ой-пікір, қалыптан тыс көңіл-күйді тоқтамға келтіріп, біраз тежейді. Ұстамды адам орындалатын істің түріне қарап, оған қажетті өз белсенділігінің денгейін барластырады.

Іс-әрекеттің сан алуан сеп-түрткілерінің ішінен қажетті болғанын таңдау мен шешім қабылдау кезеңінде еріктің батылдық қасиеті бой көрсетеді. Батылдық - бұл әрқандай іске байланысты еріктің жылдам, орынды әрі берік шешім қабылдау мен оны жүзеге келтіре алу қасиеті.

Батыл қимылды адамдар іс шешімін қабылдаудан істің өзін орындауға жылдам ауыса алады. Мұндайда батылдыққа тірек - ержүректік (смелость) қорқыныштың бәрін басып, адамды тәуекелге келтіруші қасиет. Іс-әрекеттегі батылдық көзсіздікке (безрассудство) тікелей қарсы. Егер іс-жағдайлары болымсыздық танытса, батыл адам әрекетін кідіртіп, кейін қалдыра алады.

Іс-әрекеттің орындалу кезеңінде шалттық (энергичность) пен табандылық үлкен маңызға ие. Шалт адамдар өздерінің барша кұшін көзделген мақсатқа тез шо-ғырландыра алады. Шалттық табандылықпен ұштасса ғана жеке адамдық қасиеттің ең жоғары көрсеткішіне айналады. Табандылық- бұл адамның ұдайы, шалт әрекеттерін бірде төмен­детпей, көрінген қиыншылықтарға төзе білуі.

Табандылық та батылдық сияқты әртүрлі деңгейде көрініс береді, бірақ бұл екеуінің шектен тыс дамуы кері сипатқа соқтыруы мүмкін. Кейде ақылды, тіпті дарынды адамдар өз шешімін қорғай алмай, алғашқы кедергіден-ақ сескеніп, оны жеңудің амалына көзін жеткізе алмай, жалғастырайын десе, ерік күші жетпей, істен бас тартады немесе адам бастаған ісінің тізгінін қолдан жаздырып алып, әрекет нәтижесінің болымсыздығына көзі жетіп тұрса да, "болғаны болар" деумен, илеуге келмейтін, ақыл қонымдылығы жоқ ерік сапасы - өжеттік пен қиқарлықты қару етеді.

Қабылданған шешімнің орындалуы үшін өзіндік бақылау мен өзіндік баға үлкен маңызға ие. Егер адам өз іс-әрекетіне орынды бақылау жүргізе алса ғана, көзделген мақсат іске асады. Олай болмаса, алға қойылған міндет пен оған қажетті қылық-әрекет арасында сәйкессіздік туады. Мақсатқа жету процесінде өзіндік бақылау жоғары мүдделердің қарапайым ниеттерден, жалпы принциптердің мезеттік қалау мен құмарлықтан үстемдігін қамтамасыз етеді. Ал өзіндік бағаға байланысты бақылау сипаты мен дәлдігі өзгеріске келеді. Қандай да теріс бағадан адам өзінің кері мінез бітістерін орынсыз, ұлғайта танып, осыдан өзіне деген сенімін жойып, істен бас тартады. Өзіндік ұнамды бағаның да зиянды тарапы бар. Мұндайда адам обьектив бақылауды өзіндік әсіре мадақтауға айналдырып жібереді.

Наши рекомендации