Пәннің ұғымдық аппаратымен жұмыс істеу бойынша әдістемелік нұсқау.
1.Түсініктің анықтамасын ұқыппен бірнеше рет оқып шығу керек.
2.Егер анықтамада мәлім емес немесе аз түсінікті сөздер кездессе, бұл қиындықты жеңуге көмектесетін түсіндірме, энциклопедиялық немесе шет тілдер сөздігіне жүгіну қажет.
3.Түсініктермен жұмыс істеу барысында алдымен оның мазмұнын меңгеріп, одан кейін оның ерекше белгілерін бөліп алған жөн.
4.Түсінік – бұл қандай да бір объект немесе объектінің мәнді белгілерін білдіретін ойлау формасы. Пәннің мәнді белгілері – пәнге жататын. Оның ішкі табиғатын көрсететін белгілер. Түсініктің мазмұны – пәннің мәнді белгілерінің жиынтығы. Түсініңтің мазмұны қандай да бір объектінің (немесе объектілер), сонымен қатар көптеген белгілердің бір белгісін көрсетуі мүмкін. Түсінік ой формасы ретінде үш функцияға ие: 1) осы объектіні басқа объектілерден ажыратады; 2) белгілі бір көпшіліктегі объектілерді жалпылайды; 3) белгілі бір көпшіліктегі объектінің мәнің көрсетеді. Анық анықтамалар сұраққа тура жауап беріп, түсініктің мазмұның тікелей ашады. Номиналды(лат. nomen – аталуы) қандай да бір түсінік көрсетілген, терминнің мәнің ашады.
3 ДӘРІС КОНСПЕКТІСІ
1-дәріс. Жоғары мектеп психологиясының пәні, міндеттері және құрылымы
Дәрістің мақсаты: Жоғары мектеп психологиясы туралы түсінік беру.
Дәріс жоспары:
Жоғары мектеп психологиясының әдіснамасы
Жоғары мектеп психологиясының әдістері
Психологиядағы білімнің ықпалдастығы
Жоғары мектеп психологиясы дамуының теориялық негіздері
Жоғары мектеп психологиясының ғылым және пән ретінде дамуы
Қазақстандағы жоғары мектеп психологиясы
Негізгі түсініктер:жоғары мектеп психологиясы, әдіснама, әдіс, ықпалдастық, ғылым, психологиялық теория.
Қазіргі заман ғылымының дамуында оның ғылыми салалар, пәндер мен проблемалық салалардың (жүйелендіру, иерархияландыру, куммулятивтік сияқты беталыстармен қатар) ықпалдасуы мен саралап жіктелінуі сияқты негізгі екі беталысының өзара әрекеттесуі неғұрлым айқын көрініп келеді. Ғылымның ықпалдастығын талдай келе, Ж. Пиаже, Б.Г. Ананьев пен Б.М. Кедров ғылыми білімнің ортасында адам туралы ғылым - психология тұр деп көрсеткен. Ғылыми білім үшбұрышының Б.М. Кедров ұсынған түсіндірмесі (оның шыңы – жаратылыстану ғылымдары, оның тағандарының бұрыштары – философия және қоғамдық ғылымдар, ал оның ортасында осы ғылымдармен психология түйісіп тұр) Ж. Пиаженің келесі пайымдауымен сәйкестендіріледі «...психология барлық басқа ғылымдардың өнімі ретінде ғана маңызды орын алып тұрған жоқ, ол сондай-ақ олардың қалыптасуы мен дамуына түсініктеме бере алушы бастау ретінде де орталық орын алады».
Адам проблемасының ғылым дамуындағы рөлін анығырақ Б.Г. Ананьев анықтайды, оның ойынша адамды тереңірек зерттеу, саралап жіктеу, сонымен бірге осы саладағы барлық зерттеулердің ықпалдасуы адам проблемасының жалпы ғылымдық сипатқа ие болуына ықпалын тигізді. Осы адам мәселесін жаһандандыру беталыстарының педагогикалық психология саласындағы көрінісін кезінде К.Д. Ушинский да байқаған, яғни 1868-1869 жылдардағы «Адам тәрбие пәні ретінде. Педагогикалық антропология тәжірибесі» атты еңбектерінде, адам тәрбиесіне өз үлесін қосқан ғылымдардың бағыныстылығын анықтау негізінде психологияның жетекші рөлі атап көрсетілген.
Өз кезегінде, психология да күрделі ықпалдасқан білім болып табылады, оның құрылымдық көрінісінің негізінде, А.В. Петровскийге сәйкес, келесі психологиялық жақтары алынған: «1) нақты іс-әрекеттің, 2) даму, 3) адамның (дамуы мен іс-әрекеттің субъекті ретінде) қоғамға қатынасы (өзінің іс-әрекеті мен іске асатын дамуы)».
Жоғары мектеп психологиясы көбінесе «нақты іс-әрекет» негіздемесі бойынша ажыратылатын педагогикалық психологиялық білімдердің дербес саласы ретінде қарастырылады, оның негізінде оның басқа тағы екі жағы өз көріністерін табады. Бұл тұжырым, психологияның негізін білім беру іс-әрекетінің өзі, немесе, педагогикалық психологияның негізін салушылардың бірі П.Ф. Каптеревтің анықтауындай, білім беру процесінің механизмдері мен заңдылықтары қалайтынын білдіреді.
Психология әр түрлі себептерге байланысты көптеген басқа ғылымдармен байланысты. Біріншіден, ол ғылыми білім үшбұрышының ортасында орналасқан жалпы психологиялық білімнің нақты саласы болып табылады. Екіншіден, оның басқа ғылымдармен байланыста болуының себебі, білім беру процесі өз мақсаты мен мазмұнына сәйкес әлеуметтік мәдени тәжірибені беруші болып табылатынында және осындай мәдениетте бүкіл өркениеттік білімдердің таңбалық, тілдік формада шоғырландырылғанына байланысты. Үшіншіден, оның зерттеу пәні өзі танып білуші және танып білуге үйретілуші, басқа да көптеген адамтанушы ғылымдармен зерттелінетін адам болып табылады. Психология, мысалға педагогика, физиология, философия, лингвистика, әлеуметтану және т.б. ғылымдармен үздіксіз байланыста екені анық. Соның өзінде, жоғары мектеп психологиясы – педагогикалық психологиялық білімнің саласы деген тұжырымдама оның осы білімдердің негізінде, яғни психикалық даму, оның қозғаушы күштері, адамның даралық және жыныстық-жас ерекшеліктері, оның тұлға ретінде жетілуі мен дамуы жайлы білімдердің негізінде қалыптасатынын білдіреді. Сондықтан психология психологиялық білімдердің (әлеуметтік, дифференциалды психологиямен және т.б.) басқа салаларымен, ең алдымен жас ерекшелік психологиямен байланысты.
Педагогикалық және жас ерекшелік психология бір-бірімен осы ғылымдардың зерттеу объекттерінің ортақтығымен байланысты. Яғни, олардың зерттеу объекті дамып келе жатқан адам болып табылады. Психология білім беру ықпалымен психикалық жаңа құрылымдардың қалыптасуының шарттары мен факторларын зерттейді. Осыған байланысты психологияның барлық проблемалары білім беру процесіндегі адамның жас ерекшеліктерін есепке алу негізінен қаралады. Сонымен бірге, (бұл жағдайды тағы да ерекше атап көрсетейік) педагогикалық та, жас ерекшелік психология да «...жалпы психологиялық заңдылықтарды ашып көрсететін, қалыптасып қойған адам тұлғасының психикалық процестерін, психикалық күйлерін және даралық-психологиялық ерекшеліктерін зерттейтін» жалпы психологияның білімдеріне жүгінеді. Психологияны бір жағынан пәнаралық ретінде, ал екінші жағынан – ғылыми білімнің дербес саласы ретіндегі осындай түсіндірмесі, Б.Г. Ананьев позициясымен теңестіріледі. Б.Г. Ананьев бойынша, педагогикалық психология – шекаралық, кешендік білімдер саласы, ол «...педагогика мен психологияның ортасынан белгілі орын алып, өсіп келе жатқан ұрпақты дамыту, оқыту, тәрбиелеу арасындағы өзара байланысты бірлесе зерттеу сферасына айналды».
Алайда, мұндай түсіндірме басқа авторлар келтірген педагогикалық психологияның мәртебесінің анықтауларына сәйкес келмейді, мұның өзі осы сұрақты шешудің біржақтылы еместігін көрсетеді. Екінші жағынан, «Жоғары мектеп педагогикасы мен психологиясының негіздерінде» бір кешендік ғылыми пәнді қалыптастырған, педагогика мен психологияның бірлігін, кешенділігін атап көрсетеді. Іс жүзінде психология кешендік болып табылды деп ұйғаруға болады. В.И. Гинецинский бойынша педагогика оның теоретикалық және тәжірибелік жақтарында онымен тығыз байланысқан дербес ғылым болып табылады. Ал жалпы және жас ерекшелік психология онымен іштей тығыз, үздіксіз байланыста болатын жалпы психологиялық білім саласы.
Психология деректер алудың барлық үш көзін пайдалана отырып ғылыми әдістердің негізгі құралдарына ие болып отыр: олар - бақылау, сауалнама жүргізу, эксперимент, қызмет (шығармашылық) нәтижесінде туған өнім, тестілеу, социометрия және т.б. Ғылыми танымның деңгейіне байланысты – теоретикалық немесе эмпирикалық әдістер ретінде анықталады. Психологияда көбінесе эмпирикалық әдіс қолданылады.
Бақылау – психологияда (және жалпы педагогикалық тәжірибеде) адамды мақсатты, жүйелі зерттеудің эмпирикалық әдісі. Байқауға алынған өзінің байқау объекті болып табылатынын білмейді, байқау жаппай немесе таңдаулы бола алады, - мысалы, барлық оқу барысын тіркеп немесе тек бір немесе бірнеше оқушыны тіркеп отыру. Байқаудың негізінде сараптамалық баға берілуі мүмкін. Байқау нәтижелері арнайы хаттамаларға енгізіліп, онда бақылауға алынған оқушының (оқушылардың) аты-жөні, күні, уақыты және мақсаты белгіленеді. Хаттама деректері сапалық және сандық өңдеуден өтеді.
Өзін-өзі бақылау – адамның рефлекстік ойлау негізінде өзін-өзі бақылау әдісі (өзін-өзі бақылау объекті болып мақсаттар, мінез-құлық түрткісі, қызметінің нәтижесі бола алады). Бұл әдіс өзіне-өзі есеп берудің негізінде жатыр. Ол субъективтіліктің басымдылығымен сипатталады, ол көбінесе қосымша ретінде қолданылады (XIX-XX ғғ. қиылысында өзін-өзі бақылау интроспективті психологияның негізі болып табылған).
Әңгімелесу - психологияда (және педагогикалық тәжірибеде) адам туралы онымен қарым-қатынас жасау, оның мақсатты бағытталғын сұрақтарға жауаптарының нәтижесінде мәліметтер (ақпараттар) алудың эмпирикалық әдісі. Жүргізуші оның мақсаты туралы зерттелінушіге айтпайды. Жауаптар (мүмкіндігінше әңгімелесушілердің назарын аудармай) дыбыс таспасына жазу, немесе тез жазып отыру, стенография арқылы тіркеліп отырады. Әңгімелесу - адамды зерттеудің дербес әдісі, сонымен қатар көмекші әдіс, мысалы эксперимент пен терапияның алдын-алушы әдіс бола алады.
Сұхбат - әңгімелесудің ерекше түрі ретінде, ол туралы хабардар, сұхбат алынып отырған адам туралы ақпарат алу үшін ғана емес басқа да адамдар, оқиғалар және т.б. туралы мәліметтер алу үшін қолданылады.
Әңгімелесу, сұхбат барысында сараптамалық баға берілуі мүмкін.
Сауалнама – арнайы дайындалған жауаптар және зерттеудің негізгі міндетіне сәйкес сұрақтар негізінде ақпарат алудың эмпирикалық әлеуметтік - психологиялық әдісі. Сауалнаманы дайындау – кәсібилік пен жауапкершілікті талап ететін іс. Сауалнама құрастыруда: 1) сұрақтардың мазмұны, 2) олардың түрі- ашық немесе жасырын, соңғысына «ия» немесе «жоқ» деп жауап беру қажет, 3) олардың тұжырымдалуы (анықтылығы, жауаптарға көмек берілмей және т.б.), 4) сұрақтардың саны мен реті ескеріледі. Педагогикалық тәжірибеде сауалнамаға 30-40 минуттан аспайтын уақыт беріледі. Сұрақтардың тізбектелу тәртібі көбінесе кездейсоқ сандар тәсілімен анықталады.
Сауалнама ауызша, жазбаша, жеке, топтық бола алады, алайдакез-келген жағдайда ол екі талапқа жауап беруі тиіс - іріктеудің көрнекілігі мен біркелкілігі. Сауалнама материалдары сапалық және сандық өңдеуден өтеді.
Эксперимент - ғылыми зерттеудің психологияда кеңінен таралған эмпирикалық әдісі. Эксперименттің зертханалық түрін (арнайы жағдайларда, аппаратура пайдалану және т.б.) және әсерін зерттеу үшін арнайы ұйымдастырылған, оқытудың, өмірдің, еңбектің кәдімгі жағдайларында жүргізілетін табиғи эксперимент түрлерін ажыратады. Соңғы онжылдықтарда ең бір тиімді және кеңінен таралған (әсіресе отандық педагогикалық психологияда) табиғи эксперимент түрінің бірі - қалыптастырушы эксперимент балып табылады. Оның барысында оқушыға мақсатты түрде білім және тәрбие бере отырып, оның білімі, білігі, қарым-қатынасы мен құндылықтары деңгейіндегі өзгерістер, оның психикалық және тұлғалық даму деңгейіндегі өзгерістер зерттеледі.
Зерттеу әдісі ретіндегі экспериментте сыналушы оның мақсаты жөнінде білмейді. Эксперимент жүргізуші зерттеудің мақсатын анықтап, болжам ұсынып қана қоймай, зерттеуді жүргізу жағдайы мен зерттеу түрін де өзгерте алады. Эксперименттің нәтижесі арнайы хаттамаларда қатаң және дәлме-дәл тіркеліп отырылады, онда сыналушының аты-жөні, ол туралы қажетті мәліметтер, күні, уақыты, мақсаты белгіленеді. Эксперименттің деректері сандық өңдеуден өтеді (факторлық, корреляциялық талдау және т.б.), сапалық түсінік беруден өтеді. Эксперимент жеке, топтық, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді бола алады.
Іс-әрекет (шығарамашылықтың) өнімінің талдауы – адамды оның іс-әрекетінің материалдық және идеалдық (мәтіндер, музыка, бейнелеу және т.б.) өнімдерін интерпретациялау, талдау, заттансыздыру арқылы эмпирикалық зерттеу әдісі. Бұл әдіс (көбінесе ішікі түйсікпен) педагогикалық тәжірибеде оқушылардың мазмұндамаларын, шығармаларын, түсініктемелерін, жасаған баяндамаларын, суреттерін және т.б. талдау түрінде кеңінен пайдаланылады. Алайда, ғылыми зерттеу барысында іс-әрекет өнімінің талдау әдісі әрбір ерекше өнімнің (мысалы, мәтіннің, суреттің, музыкалық шығарманың) мақсатын, болжамын және талдау тәсілдерін ұйғарады.
Психологияның зерттеу пәнінің ерекшелігіне байланысты жоғарыда аталған әдістердің бірі жиі, басқалары сирек қолданылады. Оқушылардың іс-әрекеті өнімінің, олардың шығармашылығының талдауы (есептер шешімінің, конспектілер, шығармалар, еңбек өнімі, оқушылардың бейнелеу шығармашылығының және т.б. нәтижесін талдау), әңгімелесу, сауалнама, қалыптастырушы (үйретуші) эксперимент байқаумен қатар, психологияда ең көп қолданылатын әдістер болып табылады. Сонымен қатар, психологияда тестілеу әдісін пайдалану кеңінен таралып келеді. Осы әдісті қолданатын зерттеуші-педагогтың тек жоғары кәсіби жауапкершілігімен қатар, этикалық жауапкершілігін ескере отырып оны тереңірек қарастырайық.
Тестілеу - қаттырақ айтқанда бұл - психодиагностикалық процедура, және «...пайдаланушы психодиагностикалық әдістер арқылы психологияның моральдық-этикалық кодексінен туатын бірқатар міндеттер алады». Тестер толық және жүйелі түрде А. Анастазидің «Психологиялық тестілеу» атты еңбегінде баяндалған. Бұл жұмыстың алғысөзінде жалпыға түсіну үшін жалпы диагностикалау және тестік диагностикалаудың маңызды проблемалары, атап айтқанда, біздің белгілі кезекпен баяндап беретін ережелер белгіленген. Біріншіден, алғысөздің авторлары К.М. Гуревич пен В.И. Лубовскийдің пікірі бойынша, «психологиялық диагностиканың тест, сауалнама, өз-өзіне есеп беру, жетістіктер тесті (табыстылықты тіркеу) сияқты түрлері мектеп, кәсіптік-техникалық училищелер, кәсіпорындар, мекемелер мен жоғары оқу орындарында айтарлықтай орын алған жоқ, ал оның біздің білім беру жағдайымызда қажеттілігі анық. Екіншіден, авторлар басқа елдерде қолданылатын тестерді біздің диагностикалау тәжірибемізге сол қалыпында көшіру мүмкін еместігін атап өтеді. Басқа сөзбен айтқанда, тесті әлеуметтік-мәдени детерминациялау тіркеліп отыр, ол тестілеу кезінде ескерілуі қажет (жас ерекшелік және жыныстық тұрғысынан жеке қарау және тестердің вариативтілігімен бірдей). Үшіншіден, тестердің күрделілігі мен валидтілігіне және осыған байланысты арнайы бағытталған тестерді әзірлеудің қаншалықты болшағы бар екеніне назар аударылады. «Бұл тестерді қолдануда жеке тұлғаның (немесе топтың) жауаптарының нәтижесін нормамен, яғни берілген тесті сыналушылардың басым көпшілігі қалай орындағанымен салыстыру қажеттілігі жоқ. Егер тест жақсы әзірленген болса, онда сыналушының сол жиынтық өкілдері болып табылатын басқа сыналушылармен салыстырғанда қандай екендігін емес, оның білімі мен біліктілігін көрсетуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, бұл жерде нормалы бағытталған тестерге қарағанда критериалды бағытталған тестерге басымдылық беріліп отырылғанын және олардың бір-бірінен айырмашылығын көреміз.
Біздің еліміздегі нормалы бағытталған тестілеуде компьютерлік тестік диагностика НОРТ жүйесінде толығынан ұсынылған. Бұл жүйені әзірлеуші А.К. Ерофеев НОРТ жүйесін пайдаланушы міндетті түрде келесілерді білуі қажет: 1) нормалы бағытталған тестіледің негізгі қағидаларын; 2) тестердің түрі мен оларды қолдану саласын; 3) психометрика негіздерін (яғни, бұл жүйеде психологиялық сапалар қандай бірлікте өлшенетінін); 4) тестің сапалық өлшемдерін (тестердің валидтілігі мен сенімділігін анықтау әдістері); 5) психологиялық тестілеудің этикалық нормалары және сараптама және кеңес беру жағдайындағы ерекшеліктер. Осыған сәйкес, талаптар өлшемді бағытталған тестерге және оны қолданушыларға да қойылады.
Т-деректер тестердің әртүрлі түрлері, немесе объективті тестерді, жоғарыда аталып өткендей, Р.Б. Кэттел мен В.Ф. Варбуртон 12 топқа жинақтаған, олар бір жағынан, олардың саналуандылығын көрсетеді, ал басқа жағынан- зерттеудің берілген әдісінің ауқымдылығын көрсетеді (В.М. Мельников, Л.Т. Ямпольский). Бұл топтарға:
1. Қабілеттілік тестілері (интеллектуалды функция, білім, тәсілдер және т.б.).
2. Іскерлік пен дағды тестілері (көру-моторикалық үйлестіру, лабиринттен өту)
3. Қабылдауға арналған тестілер.
4. Сауалнамалар (мінез-құлық, денсаулық жағдайы және т.б. туралы сауалнамалар).
5. Пікір (басқа адамдарға, нормалар мен т.б. көзқарасын анықтау).
6. Эстетикалық тестер (қандай картиналар мен суреттерге және т.б. басымдылық беретінін анықтау).
7. Жобалау тестілері (тұлғалық тестілер). Объективті болып табылмайтын, формализациялау талаптарын қанағаттандырмайтын ТАТ, Роршах тестері мұнда кірмейді.
8. Әр түрлі жағдайлардағы тестілер (әртүрлі жағдайда - жеке, топта, жарыста және т.б. тапсырмалар орындауды зерттеу).
9. Адамдардың өздерін неғұрлым толығынан көрсететін ойындар.
10. Физиологиялық тестілер (ЭКГ, КГР және т.б.).
11. Физикалық тестілер (антропометрикалық).
12. Кездейсоқ бақылаулар, яғни тестің қалай өткізілуін зерттеу (мінез-құлықты жазып алу, қорытынды және т.б.).
Білім беруде тест жүргізуді талдай келе, А. Анастази бұл процесте қолда бар тестілердің барлық түрі қолданылатын атап өтеді, алайда барлық стандарттандырылған тестілердің ішінде ең көбі табыстылық тесті. Олар бағдарламалар мен білім беру процесінің тиімділігін анықтау үшін жасалынған.
Бұл тестердің мазмұны өзінің кейбір бөлімдерінде білім беру стандарттарымен астарласуы мүмкін. Оларды оқу бағдарламаларына объективті баға беру тәсілі және түзету құралы ретінде қарастырады. Әдетте, табыстылық тестілері біртұтас білім беру жүйелері үшін барлық оқу бағдарламаларын қамтитын тестілік «батареялар» сияқты. Америкада 1923 жылдан бері қолданылып келе жатқан табыстылық тестілер батареясын мысалға келтіре отырып, мысалы Стенфорд табыстылық тестілері (1970 ж. Ұлттық табыстылық тесті, 1970 жылғы Калифорния табыстылық тесті және т.б.), А. Анастази оған кіретін субтестілерді атайды: сөздік; түсіну: а) оқылғанды және б) тыңдалынғанды; сөздерге талдау; математикалық: а) ұғым, б) есептеу; математиканы пайдалану, тіл; әлеуметтік және жаратылыстану ғылымдарын білу. Сонымен бірге, ол тестілер бойынша барлық тапсырамалар көп жауаптар таңдап алумен сұрақтар түрінде беріледі, және көрсеткіштер, оларды түсінік беру, стандарттау бойынша нұсқаулар келтіреді. А. Анастази мұғалімнің нақты жұмысының пәні бойынша осы негіздерді пайдаланып тестік тапсырмалар мен бақылаулар әзірлеу мүмкіндігін көрсетеді. Сонымен қатар, бірқатар пәндер бойынша оқушылардың әртүрлі топтары үшін проценттік нормалар әзірленгені және мектепке дайындығы тестілерінің дайындығы аталынады. Жас ерекшеліктері әртүрлі оқушылардың психологиялық диагностикасының нақты мысалдарын Р.С. Немов келтірген. Бұл жерде біздің елімізде тестология проблемасының операционалды-әдістемелік жағы біраз ұтылып тұрса да әдіснамалық, ұғымдық жағы (М.С. Бернштейн, Г.С. Геллерштейн, К.М. Гуревич, В.С. Аванесов, А.К. Ерофеев, А.Г. Шмелев және т.б.) әлемдік деңгей бойынша жоғары деп бағаланады.
Жоғарыда айтылғандрдың барлығы педгогикалық психологияда тест жүргізуді қолдану - жауапты, этикалық, жоғары кәсібилікті, арнайы дайындықты және адамның психолог-диагностың этикалық кодексіне сәйкестігін талап ететін іс екенін білдіреді.
Педагогикалық психологияда зерттеудің тағыда бір маңызды әдісі социометрия болып табылады. Бұл Я. Морено әзірлеген топ ішілік тұлға аралық байланыстарды зерттеудің эмпирикалық әдісі. Бұл қойылған сұрақтарға топ мүшелерінің ішіндегі таңдаулыларының жауаптарын пайдаланатын әдіс - топтың қаншалықты ұйымшылдығын, топ көшбасшысын анықтауға мүмкіндік береді. Ол педагогикалық тәжірибеде оқу ұжымдарын қалыптастыру және қайта топтарға бөлуде, топішілік өзара әрекеттесуді анықтау үшін кеңінен пайдаланады.
Ақпарат көздеріне сілтеме. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі арнайы бетте болады.