Азтуғанның өмірі мен шығармашылығы
Қазтуған Сүйінішұлы. Аты әйгілі ХV ғ.дың әрі батыр, әрі шешен жырауы. Оны халық Қарға бойлы Қазтуған деп атап кеткен. Қазтуған – ноғайлы дәуірінің перзенті. Туып өскен жері – Каспий алқабы, Бөкей жеріне қарасты. Еділ мен Жайық арасы, Қабыршақты даласы, қазіргі Орал облысының Жалпақтал мен Жәнібек аудандарына жататын өлке. Астрахань облысына қарасты Краснояр ауданы, Бозан, Ақтуба өзендерін Еділдің кіші-гірім төменгі салалары қазіргі Краснояр ауданы. Краснояр ауд.ның көп жері бұрын Бөкей ордасына қараған. Бөкей ханның өзі сол ауданның байырғы тұрғындары Қарағаш ноғайлары ортасындағы кіші аралдағы, Қияш өзені жағасындағы Баба ата мәйітінде жерленген. Қазтуған заманында бұл жерлер ноғайлар мекені деп есептелген.
Қазтуғанның дәл қай жылы туып, өлгені туралы тиянақты дерек әзірге белгісіз. Шамамен ол XV ғ. ішінде өмір сүрген, 75 жастарында өлген.
Халық Қазтуғанды әрдайым еске алып, қадір тұтады. Ол туралы талай аңыздар да айтады. Ел аңызында ол қалмақтарға қарсы қол бастаған ұрпақты батыр. Оның тоғыз батыр ұлы болыпты.
Онымыз тұрып оқ атсақ
Он сан қалмақ бөлінген, - деп айтыпты батырдың өзі. Ақынның өлеңдерінде оның өмірі туралы кейбір деректерді ұшырата береміз.
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ақ ала ордам қонған жұрт.
Атамыз біздің бұл Сүйініш,
Күйеу болып түскен жұрт.
Анамыз біздің Бозтуған,
Келіншек болып түскен жұрт.
Қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт…
Салп-салпыншақ анау үш өзен,
Сәулетті менің ордам қонған жер…
Менен қалған мынау Еділ жұрт…
Бұл өлең жолдарынан Қазтуғанның үш өзені жайлаған Еділді мекен еткен батыр болғанын, атасы Сүйініш, анасы Бозтуған екенін аңғару қиын емес.
Жырау өз сөздерін, төмендегідей ноғайлы-қазақ елінің құнарлы қонысын қимай, амалсыздан тастап бара жатқанына өкініш білдіреді:
Ноғайлы-қазақ жұртының,
Кейінгі туған балалары-ай…
Жолдасын жолай іздеген,
Өзіне тиген дұшпанын,
Қарт бурадай тіздеген,
Мен қарға бойлы Қазтуған,
Қайғыланып асып барамын,
Ноғайлы-қазақ елінен.
Мұрат толғауларында «Қазтуғанның туған жерімен қоштасуы», -деп аталатын ұзақ жолдар бар. Ол жолдардың көп жері Қазтуғанның басқа сөздерімен сарындас, бірақ кей жері жыршының кейін өңдегенін, өзіндік қоспаларын да танытқандай.
Арықпайұлы Мұсағали ақсақалдың айтуынан жазылып алынған осы толғаудың бастапқы жолдары мынадай:
Күндерден күндер озғанда,
Күн тілекке толғанда,
Атам қазақ баласы,
Мыңнан-мыңдап жылқы айдап,
Жүзден-жүздеп нар байлап,
Ақтылы қойды өргізіп,
Қызығын халқым көрген жер.
Жалғыз өркеш нарларға,
Қыз-келіншек жиылып,
Ойын-күлкі сауықпен
Текемет кілем артқан жер.
Жібектен ескен бұйдасын
Мойнына қаңтарып,
Қыл арқанмен тартқан жер.
Бұдан кейінгі шумақтарда да жырау өз өлкесін тебірене жырлап, кіндік қаны тамған туған жер топырағының ер азамат үшін қаншалық ыстық болатынын танытады. Қазақтың өз тұрмысына тән өмірлік суреттер жасап, жастық шақ сайранын қызықтайды.
Бәйгі атындай жараған,
Қыранша алыс қараған.
Түні бойы қызықтап,
Таңдап ару құшқан жер.
Көкала үйді тіктіріп,
Саулы інгендей ыңыранып,
Бәйбіше саба піскен жер.
Азамат ерлер бас қосып,
Орман ағаш түбінде,
Шаралап қымыз алдырып,
Сылдырмақ күрең ожаумен
Сапырып қымыз ішкен жер
Еділ мен Жайық өзендері арасындағы құнарлы кең жазық алқаптың мал баққан шаруаларға жайлы, шүйгін жайлау болғанын асқақтата жырлайды. Бірақ осы бір тамаша өлкеге ие боп тұру оп-оңай болмай, жан-жағы қатерлі аймақ боп, тыныштық кетіп, еркін жайлай алмай, күн санап қарсы жақ құрсауы қысып бара жатқанын әсерлі жырлайды.
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Бекіре ойнар ақ Жайық,
Бес қаруын асынып,
Батырлар жауға жортқан жер.
Емендей белі бүгілген,
Жібектей жалы төгілген.
Күде белді, күпшек сан,
Бедеу атқа мінген жер.
Еділ мен Жайық екі өзен,
Арасына түнемей,
Бораны ма, дауылы ма,
Желе жортып жүрген жер.
Жырау қайғы айтып, еш түңілмейді. Батырлар дәстүрін қолдап, асқақ жыр шертеді. Ескі елдік, бөлінбес бірлік, қайтпас ерлік дәстүрлерін уағыздайды. Ойын-тойы мол думанды жастық шақты еске салып, оптимистік пікірлер ұсынады. Ер-азаматы мол, тәуелсіз елді, салтанатты, сәнді өлкенің мінсіз келбетін жасайды. Нарындай құнарлы, жайлы кең қоныстың қасиеттерін, оны жайлаған елдің шат-шадыман көңілде болатынын асыра ардақтайды.
Көрінген мынау көк Нарын
Ойран салып өткен жер.
Табаны жерге тимеген,
Маңдайы күнге күймеген,
Жорғадан басқа мінбеген,
Сұлудан басқа сүймеген,
Қамқадан басқа кимеген…
Жырау өзі жасап отырған тұрмыс-тіршілігіне дән риза. Көк майса қонған бай ауылдың бейқам бейнелері сән-салтанаты жаны пәк жайдары жас ерлердің көңілді сезімдеріне ұштастырылып, пейзаждық әдемі сурет елес береді. Жырау әрқашан елі-жері үшін еңіреп туған ер боп көрінеді. Туған жерін шын сүйген жас батыр бейнесін сомдайды.
Жауды көрсе жайнаған,
Жай тасындай қайнаған.
Еділде тұрып оқ атса,
Жайыққа түсіп жоғалған.
Алыста тұрып ақырса,
Алтын туы жаудың жығылған.
Жан сауғалап тығылған.
Өгіздей даусы өкіріп,
Он екі ханы дұшпанның
Қамалға қашып жиылған,
Ноғай-қазақ жұртының
Қонысын қалған қия алмай
Қазтуған жауға аттанған
Батырлар ерлік еткен жер…
Қысқасы, Қазтуған – заманының жаны пәк толыққанды көркем сөз үлгісін өз поэзиясы арқылы бізге жеткізген әйгілі жырау. Оның шығармалары, поэзиясы ХV ғасыр әдебиетінің жақсы үлгісі ретінде құнды.