Мүсіреповтің «Ұлпан» повесі

Әйел, ана, арулар тақырыбына арналған Ғабит Мүсірепов шығармаларының ішіндегі ең көлемдісі де, көрнектісі де «Ұлпан» романы. Өзінің бар ерекшелігімен, көркемдік бітімімен, эстетикалық әсер-күшінің молдығымен романда көрінетін Ұлпан тек қана жазушының өз шығармашылығы емес, бүкіл қазақ әдебиетіндегі оқшау тұрған әдеби бейне.ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының әлеуметтік-тарихи өмірін терең зерттей келіп, жазушы тарихи фактілерді, шын өмірде болған оқиғаларды, адамдарды шығармасына негіз етіп алған. Ұлпан өмірінің хикаясын шерте отырып, автордың сол тұстағы бүкіл халық, қоғам өмірінің айқын суреттерін жасағаны мәлім.Әрине романдағы басты кейіпкер – Ұлпан.

Әр заманда, әр халықта өмірдің айрықша құбылысы болып жарқ ете түсетін төтенше дарынды, жарқын тұлғалар болатыны аян. Ұлпан өткен ғасырдағы қазақ топырағында пайда болған сондай ғажайып құбылыс еді. Жазушы ел өміріндегі тарихи фактіні ала отырып, өзінің суреткерлік қарымымен халық дарынының, ақыл-ойының типтік көрінісіндей адам характерін үлкен зергерлікпен сомдап берді.

Романдағы Ұлпан – негізінен реалистік тұлға. Оның бүкіл бойынан сол дәуірдегі қазақ әйелінің ең жарқын, ең асыл қасиеттерін көру қиын емес.

Романда суреттелетін Ұлпан – сырлы мінез-құлқымен, кесек бітімімен берілген тұлғалы образ. Оның сезім байлығы, адамгершілігі, адалдығы, моральдық тазалығы, ақылдылығы, зеректігі, зерделілігі, парасаттылығы, өткірлігі, өжеттігі келісті де көрікті бейнеленген. Жазушының «Ана» тақырыбындағы шығармаларының жиынтығы ретінде 1974 жылы «Ұлпан» романы дүниеге келді. «Ұлпан» — бүкіл аналардың жиынтық бейнесі тәріздес кесек полотно.

«Ұлпан» — тарихи ел шежіресінін мазмұнында құрылған роман. Романда қазақ ауылының жүз жылдық тұрмысы, әдет-ғұрпы, барымта, қалыңмал беріп, қыз айттыру, бай мен кедей арасындағы, ел арасындағы жер дауы, жесір дауы кең көлемде сөз болады. Романдағы бас кейіпкер Есеней - қалың Керей-Уақтың билігін қолына мықтап ұстаған аузы дуалы биі, атақты байы. Ол ПІыңғыспен партиялық сайлауда таласса, тең түсетін өткір сөзді, алып денелі, қара нар іспеттес қайраткер. Жасында жауынгер, найзагер батыр да болған. Кенесарының қалың қолымен кескілескен ұрыста ерлік көрсеткен, екі жүз сарбазын тұтқындап стапқа өткізген, кейін жараланыш, орыс-казактары дәрігерлерінің көмегімен ажалдан аман қалған. Ол қалың жылқысын өзінің жауынгер досы, бүгінде аяқ қолы топ болып қалған Артықбай батырдың жайылымына байқамай қаптата жайып келе жатқанда оның алдынан ерекше киінген кесек тұлғалы, батырдың қызы Ұлпан қарсы шығып, Есенейді еселі сөзбен жеңіп, айып төлетеді. Ол бұдан он үш жыл бұрынғы әкесі Артықбай батырдың үйінде Есеней намаз оқып отырғанда еркелеп мойнына асылыш, «Мен түйеге мініп кеттім! Әке, сен үйде қалдың!» деп маза бермейтін қара қыз. Бүгінде аңшы, құсбегі, жылқышы болып ат құлағында ойнап өскен батыр қыз.

Екі баласы бір күнде шешектен өлген, бүгінде елуден асып, ел ағасы болған еңсегей бойлы Есеней бір балаға зар болып жүріп, өзінен қырық жас кіші қара торы өткір қыз Ұлпанға ғашық болады. Есенейдің уыздай Ұлпанды қолға түсіруіне екінші себеп — айттырған күйеуі Түлен саудагердің таз баласы Мырзаштан құтыла алмай отырған кезіне тап болады. Мыңғырған малы бар, бір уез елді ашса — алақанында, жұмса — жұдырығында ұстап отырған Есеней Ұлпанды айттырып қойған жерінен арашалап алып, айғыр үйір жылқы беріп, Ұлпанды екінші әйелдікке алады. Бес болыс Керей — Уақтың Есенейіне Ұлпан қалың малын өзі айтып, «Есеней, екеуміздің арамызда ең кемі қырық жылдық айырма бар. Осыны ойландың ба?»- дейді. Ердің құны, нардың бұлы болса да мал-жанды аямауға бел байлаған Есеней: «Қырық жыл болса қайтейін? Қырыққа келгенде біздің елдің Есенейі сен боласың. Оған дейін сен менің Есенейім бола тұр... Мен саған сұлу деп, жас деп қызықтым ба, болмаса Есенейдің орнына Есеней болатын адам деп қызықтым ба? Оны өзім де біле бермеймін. Әйтеуір осы түннен бастап, менің Есенейім сенсің», — деп кесіп жауап береді. «Есеней қатал еді, озбыр еді. Енді оның жан жүрегін жібіткен Ұлпан болды»,—деп суреттейді жазушы.Айналасы он-он бес жылда Ұлпан дүйім елді билейтін ақылды ана болады. Бүкіл Торғай уезіне Есенейдің аты Ұлпанның атымен қатар жайылады. Ұлпан өлгеніне жетпіс бес жыл болған нағашы атасы Сырым батырға әнші, күйші, домбырашы, палуан, атбегі адамдарын ертіп, Сыр бойына айғыр үйір жылқы айдап барып аза тұтып, асын бергізеді.

Осы астан кейін жиырма бес жыл өткенде (1906 ж. шамасында), Орынбор — Ташкент темір жолы салынған кезде, «Ұлпан ас берген көл» жағасынан өткен темір жол стансасының атын «Ұлпан» атайды (Шалқардан кейінгі станса).

Ұлпанның шалы Есеней тоғыз жыл топ болып жатып қайтыс болады. Одан қалған жалғыз қызы Біжікенді Ұлпан Торсан деген пысық жігітке үйлендіріп, қолына күшік күйеу етіп енгізіп алады. Ол Есенейден қалған мал-мүлікті пайдаланып, ағайын-туғандарымен араздасып, Ұлпанды «отырса — опақ, тұрса — сопақ» етеді. Қорлыққа шыдай алмаған ер мінезді Ұлпан: «Маған көрсеткен қорлығың өз басыңа келсін»,—деп қарғап, бір түнде у ішіп өледі. Ел анасы болған Ұлпанның қарғысына ұшыраған Торсанның үлкен ұлы Шоқан болыс әкесінің зұлымдығына шыдай алмай өзіне-өзі пышақ салып өледі. 1920 жылы кеңес үкіметі кезінде Торсан өліп, балалары қаңғып кете барады да, Торсанның шаңырағы шайқалып ортасына түседі.

Бір уез елді билеп билік айтушы, дүйім елдің үлкен-кішісіне басшы, ақылгөй болу—Ұлпан сияқты дана әйелдерге ғана тән қасиет. Ондай қайраткер аналар тарихта болған. Мәселен, Төле бидің келіні Данагүлді, Шыңғыстың анасы Айғанымды бүкіл қазақ елі пір тұтқан. Осындай ерлікпен, ақылды-даналықпен, билікпен, әділдікпен атын шығарған Ұлпан қазақ әйелдерінің жиынтық образы деуге болады. Жазушы жасаған Ұлпан — аналардың анасы, ел билеген көсем, сөз бастаған шешен, аузы дуалы, сөзі куәлы қоғам қайраткері.

Реализм

Реализм (лат. relіs — заттылық, шындық) — әдебиет пен өнерде өмір құбылыстарын шынайы қалпында, нақтылық белгілерін сақтай отырып, жинақтап бейнелейтін көркемдік әдіс. Реализм әдісі өмір құбылыстарын, маңызды қоғамдық мәселелерді, күнделікті тұрмыстағы сан алуан жайттарды мейлінше кең қамтып, әлеум. қайшылықтарды, адам бейнесін терең ашып көрсетуді мақсат тұтады. Реализмнің өмір шындығын бейнелеудегі әдісі, стильдік формасы алуан түрлі. Романтизм әдісі көбіне сирек кездесетін ерекше жағдайларға көңіл аударса, Реализм айналадағы нақтылы өмір құбылыстарын толық көрсетуді қажет етеді. Реализм болмыстың ең маңызды сипатын сұрыптап, көркем образ арқылы бейнелейді, өмір шындығын анық кескіндейтін образдар жүйесін жасайды. Реализм өмірде үнемі кездесетін нақтылы жағдайларды, адамның іс-әрекеттерін бейнелеуді басты міндет санайды, дегенмен оған алға ұмтылушылық, алыс арманға, асқақ қиялға бойұрушылық мүлде жат деп түсіну дұрыс емес. Алайда реалистік әдістің негізгі ерекшелігі — өмірдегі типтік жағдайларды кеңінен қамтып, қай құбылыстың болсын даралық белгілерін де, жинақталған көптеген құбылыстарға ортақ сипаттарын да нанымды суреттеп, нағыз типтік дәрежедегі көркем образдар, бейнелі тұлғалар жасау. Бейнелеу өнерінде сыншыл Реализм 18 ғ-дан байқалды. Суретшілер шығармндағы қарапайым адамдардың күнделікті тіршілігіне үңілу, жекелеген мінезге көңіл аудару, қоғамдағы кертартпа салт-сананы келемеждеу (Францияда Ж.Б. Шарден, Ж.Б. Грез; Англияда У.Хогарт; Германияда Д.Н. Ходовецкий) ағартушылық идеяларының шартына бағындырылды. Реализм әдістерін қалыптастыруда Ф.Гойя шығарм. ерекше орын алды. Ол өз еңбектерінде төңіректі қоршаған дүниенің жанды поэзиясын қалай ашса, әлеум. қайшылықты аяусыз талдауда соншалықты батыл қадам жасады. 18 ғ. мен 19 ғ-дың алғашқы бөлігінде, романтизмнің қалыптасу кезінде бейнелеу өнері (портрет, тұрмыстық жанр мен табиғат көрінісі саласында) Реализмге бет бұрды. Францияда Т.Жерико мен Э.Делакруа өмірдің нақтылы көрінісін бейнелеуге ден қойып, оның шытырман оқиғаға толы тынысын суреттеді. Осы бағыттың әсерінен өз заманының өткір мәселелеріне тереңірек үңілген О.Домьенің шығарм. қалыптасты, Ресейде 19 ғ-дың 1-жартысында Реализм тенденциясы О.А. Кипренскийдің портреттерінен, А.Г. Венециановтың шаруалар тұрмысы тақырыбына жазылған картиналарынан, С.Ф. Щедриннің пейзаждарынан айқын көрінді. К.П. Брюллов шығарм. арқылы қанаты қатайған Реализм принциптері өмірдегі шынайы көріністерді терең филос. тұжырыммен ұштастыра білген А.И. Ивановтың, әсіресе, “кішкентай жандардың” өмірін жырлайтын П.А. Федотовтың шығармаларының арқауына айналды. Реализмнің алғашқы нышандарын ауыз әдебиеті мен көне жазбалардан да табуға болады. Оның айрықша белең алған кезеңі — қайта өркендеу дәуірі (15 -17 ғ-лар). Реализм белгілері М.Сервантес, У.Шекспир шығармаларынан айқын көрінді, 18 ғ-да Англияда (Д.Дефо, С.Ричардсон), Францияда (Д.Дидро, Ж.Ж. Руссо, Германияда (И.В. Гете) реалистік романдар жарыққа шықты. 19 ғ-дың 30-жылдарында бой көрсеткен сыншыл Реализм бурж. қоғам өмірін жан-жақты қамтып көрсетуді мақсат етті. Батыста У.Теккерей, Р.Флобер, Дж.Элиот, Ресейде Л.Н. Толстой,М.Ф. Достоевский, А.П. Чехов Реализмнің дамуына зор үлес қосты. Реалистік әдіс орыс әдебиетінде Пушкин шығарм. арқылы биік дәрежеге көтерілді. Пушкиннің “Евгений Онегин”, “Капитан қызы” романдары, көптеген лирик. өлеңдері осы әдістің орыс әдебиетінде берік орын алуына мүмкіндік туғызды. Реализм әдісі одан әрі И.А. Гончаров, И.С. Тургенев шығармаларында кеңінен орын алған. Қазақ әдебиетінде Реализм әдісі Абай мен Махамбет Өтемісұлы поэзиясы негізінде жоғары сатыға көтерілді. Шернияз Жарылқасынұлы, Алмажан Азаматқызы, Сүйінбай, Жамбыл ақындармен қатар, Абайға жалғас шыққан қазақ әдебиетінің ірі өкілдері Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, М.Дулатов, М.Сералин, С.Көбеев, т.б. қаламгерлер Реализм әдісін өркендетіп, дамыта түсті.

А.Байтұрсынов – әдебиет зерттеушісі.

Байтұрсыновтың Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек. Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері, шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарм. психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.

Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген. «Әдебиет танытқыш» – сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми- зерттеді. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Көркемдігі айрықша «Ер Сайын» жыры (1923) мен қазақ тарихының төрт жүз жылын қамтитын «23 жоқтау» жинағын (1926) кітап етіп шығарды. Халық мұрасына үлкен жанашырлықпен қараған Ахмет Байтұрсынұлы «әдебиет тіліне негіз етіп ел аузындағы тіл алынбаса, оның адасып кететіндігін» айтты. Байтұрсынұлы – қазақ кәсіби журналистикасын қалыптастырған ірі қайраткер. Ол қазақ халқына, зиялы қауымға газеттің қоғамдық қызметін ұғындырып, баспасөздің өркениетті, тәуелсіз елге аса қажет нәрсе екенін жанкешті іс-әрекетімен көрсетті. Байтұрсынұлы ұйымдастырып, бас редактор болған «Қазақ» газеті қоғамдық ойға ірі қозғалыс, рухани санаға сілкініс әкелді. «Қазақ» газеті халықтың рухын сергіткен ірі құбылысқа айналды. Байтұрсынұлы – әлеум. мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демокр. құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеум. жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсыновтың публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.

Ақынның алғашқы өлеңдері «Қырық мысал» атты аударма жинағында 1909 ж. Санкт-Петербургте жарық көрді. Бұл кітабы арқылы қалың ұйқыда жатқан қараңғы елге жар салып, олардың ой-санасын оятуға бар жігер-қайратын, білімін жұмсайды. Ақын әрбір аудармасының соңына өзінің негізгі ойын, айтайын деген түйінді мәселесін халқымыздың сол кездегі тұрмыс-тіршілігіне, мінезіне, психологиясына сәйкес қосып отырған.

Байтұрсынұлының екінші кітабы — «Маса» (1911). Бұл кітапқа енген өлеңдерінде ақын қараңғылық, надандық, шаруаға енжарлық, кәсіпке марғаулық сияқты кемшіліктерді сынады. Көптеген өлеңдері сол кездегі ағартушылық бағытпен үндес болды. Ол Шоқан, Абай, Ыбырай қалыптастырған дәстүрлерді, гуманистік, демократиялық бағыттағы өрісті ойларды өзінше жалғастырушы ретінде көрінді. Қоршаған ортаға ойлана, сын көзімен қарайды, қоғам қалпына көңілі толмайды. «Қазақ салты», «Қазақ, қалпы», «Досыма хат», «Жиған-терген», «Тілек батам», «Жауға түскен жан сөзі», «Бақ» т.б. өлеңдерінің мазмұны осыны танытады. Кітаптың ішкі сазы мен ой өрнек, сөз орамы қазақ поэзиясына тән өзіндік жаңалық, ерекше өзгеріс әкелді.

«Тіл - құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Кезінде қазақ қауымы Байтұрсынұлы десе, Байтұрсынұлын «Тіл - құралды», «Тіл құралы» десе, Ахметті қазір – Ахаң деп танитын болған.
Қазақ тілін ана тілімізде тұңғыш зерттеуші Ахмет Байтұрсынұлы өзінің алдына жүйелі бағдарлама қойғанға ұқсайды: ол әуелі қазақтың ұлттық жазуын графикасын жасауды мақсат еткен, бұл үшін араб алфавиті негізіндегі «Байтұрсынов жазуы» (Төте жазу) дүниеге келген, екінші – сол жазумен сауат аштыруды ойлаған, бұл үшін «Оқу құралы» атты әліппе оқулығын жазған, одан соң қазақ тілінің грамматикалық құрылымын ана тілінде талдап беру мақсатын қойғаң бұл үшін «Тіл құралды» жазған.

Наши рекомендации