Аударма теориясын аудару тәжірибесімен ұштастыру

Мақсаты:

Аударма теориясын жан-жақты меңгеру – аудармашының кәсіби мамандануының басты негізі екендігін айшықтау.

Жоспар:

- Аударма теориясының қалыптасып дамуында ғалымдардың қосқан үлесі.

- Аударма теориясының әлемдік деңгейде даму барысы;

- Аударма теориясын тәжірибелік негізде меңгеру.

Кілт сөздер:түпнұсқа мәтін, аударма мәтін, нақтылау, жіктеу, ұлғайту, сәйкестік, калькалау, салыстырмалы әдебиеттану, реплика, стиль, диалог, монолог, конверсия, балама, дәлме-дәл аудару, сөзбе- сөз аудару, діни лексика, прагматикалық бейімдеу әдісі.

Қоғам дамуының қазіргі жағдайында бір тілден екінші тілге аударудың рөлі жоғары. Егеменді Қазақстан Республикасының шетелдермен саяси-экономикалық, мәдени-рухани байланыстарын орнықтыру, нығайту мүддесінде ақпарат алмасу, ақпаратты қабылдау, жинақтау, өңдеу, жеткізу үдерістері бір тілден екінші тілге аудару үдерістері арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан ХХІ ғасыр ғылымдар жүйесінде «аударма» мәселесіне деген қызығушылық арта түсуде. Дәрісте қоғамдық қызметі сараланып, даму заңдылықтары қарастырылады.

Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі өзіндік бірегей орнының нығаюы мәдени-тілдік алыс-берісті арттыру ісіне, яғни аударма ісіне де тәуелді. Елдер мен халықтар арасындағы саяси-экономикалық, рухани, мәдени байланыстар ауқымының ұлғаюы аударма ісінің білікті мамандарын даярлауды ғана қажет етіп қоймай, сонымен қатар аударма туралы теориялық мәселелерді де күн тәртібіне қойып отыр.

Қай халық болмасын дүниежүзілік өркениеттен оқшау өмір сүре алмайды. Бұл – халықтың халық болып, ұлт болып өмір сүруі үшін бірден-бір керекті шарт. Оның үстіне бүгінгі ғаламдану, жаhандану жағдайында аударма ісінің маңызы одан да арта түспек. Аударманы, оның даму заңдылықтарын зерттеудің қажеттілігін осы тұрғыдан қарастырған жөн.

Тілдердің сөздік қоры мен сөздік құрамы, оның сөзжасам тәсілдері, тағы басқа мүмкіндіктері бір-біріне сәйкес келе бермейтіні заңды. Түрлі тілдердің құрылымдық, стильдік, грамматикалық жүйелері, лексикалық байлығы әр алуан тарихи негізде туып, қалыптасады. Алайда бұдан қайсыбір тілдерді аударуға болатын, ал екінші біреулерін аударуға болмайтын тіл деп саралауға болмайды. Өйткені өз ұлтына толыққанды қызмет етіп отырған тілдің қай-қайсысында да аударма ісіжандана алады. Ендеше, тілдер табиғатындағы ерекшеліктер қатаң сақталуы қажет.

Қазақ тіл білімінде аударматану мәселесі – ХХ ғасырдың соңғы жылдары ғана қолға алынған салалардың бірі. Сондықтан қазақ тіл біліміндегі аударма теориясы да, аударма практикасы да, аударма іс-тәжірибесінің теориялық тұғыры да енді қалыптасып келе жатыр. Қазақстан тіл білімінде Ө.Айтбайұлының аударма ғылымы және оның қалыптасуы туралы зерттеулері, А.Алдашеваның аударманың лингвистикалық және лингвомәдени негіздерін айқындауға арналған ғылыми зерттеулері мен Б.Хасанов, Р.З.Загидуллин, Н.Ж.Шаймерденова және т.б. ғалымдардың еңбектері аударма теориясы мәселелеріне арналған.

Қазақстан өзінің тәуелсіздігін алған күннен бастап рухани бастауларының көзін ашып, бар-жоғын түгендеп, өркениетті әлемнің озық ойларынан нәр жинап, бүгінгі күн талабына сай рухани жаңғыруды мақсат етіп отыр. Бүгінгі күрделі де қиын әлемнің замана талабына сай болу үшін, мәдени-өркениеттік бәсекелестік «сахнасында» өздігіңді және өзіңдегіңді жоғалтып алмау үшін өзгенікін де біліп, саралап отыру керек.

Ғаламдық сипаты күн өткен сайын «тайға таңба басқандай» айқындала түскен заманда мәдени бірегейлік тағдыры толғантқан ұлттық мәдениеттің «ұлы көштен» қалмастың да қамын ойлағаны жөн дейді ғалымдар. Ол үшін ұлттық мәдениет өзінің өміршеңдігін ұзартатын жалғыз жол – өркениеттер арасындағы мәдени сұхбат жолын ғана бетке алуы тиіс. Мәдени сұхбат үрдісі аясында ұлттық мәдениеттің жаңғыруы өзге мәдениеттер даярлаған мол мұраны жатсынбай, сіңіре білу қабілетіне барып тіреледі.

Адамзаттың бір тілде ғана емес, бірнеше мыңдаған тілдерде сөйлейтіндігінен барып аударма қажеттілігі туындайды. Жер шарын мекендеген мыңдаған халықтардың түрлі тілде сөйлеуі, сондай-ақ күн өткен сайын өсіп келе жатқан мәдениетаралық коммуникация аударма ісін күнделікті қажеттілікке айналдырып отыр.

Аударма әрі көне, әрі жаңа өнер. Аударманы өнер деп атаудың өзі де оның мәдени әлеуетінен хабардар еткендей. Ал сол аударма барысында орын алатын мәдениеттер сұхбаты өркениеттілік болмыс-бітімнің өзіндік ерешелігін сомдайды. Ендеше, аударманы зерделеу – оны өз еншісіне айналдырған тілтанудың, әдебиеттанудың жеке ісі емес, мәдениеттану сынды әмбебап әрі пәнаралық ғылымның да ортақ ісі болмақ.

Аударма деген жалпылама ұғым ауқымында жатқан барлық құбылыстар (ауызша аударма, жазбаша аударма, еркін баяндау, әңгіме ету және т.т.) адамзат мәдениетімен, адамның мағыналық қызметімен, рәмізділік аясымен тығыз байланысты құбылыстар. Оған қоса, аударма ісі мәдениетаралық байланыстарды нәтижелі ететін әрі өзі сол қарым-қатынастардың салдары ретінде пайда болатын қызмет. Сондықтан да аударманы пәнаралық ізденістер шекарасында – мәдениеттануда зерделеудің маңызы зор.

Аударма қандай да болсын коммуникация компоненттерін қосарландыра түседі. Аударма теориясын ұқсастық туралы, шынайы әлем заттарының ұқсастығы туралы, шынайы әлемнің адам санасында көрініс табуының ұқсастығы мен адамзат тілдерінің ерекше көркем мүмкіндіктерінің ұқсастығы туралы іргелі білім деуге болады дейді зерттеушілер

Қазіргі кезде аударманың қоладнылмайтын саласы жоқ. Телеграф агенттіктерінің хабарларын, газет-журнал материалдарын, техника мен ғылым мағлұматтарын, компьютер мен ғаламтор жаңалықтарын көпшілікке таратудың ең тиімді жолы – аударма. Көпұлтты, көптілді қоғамымыздың біртұтас дамуын ұйымдастыруда, халықтардың мәдени және рухани табыстарын ортақтастыруда, халықтардың қарым-қатынасын ұлғайтуда аударма нағыз дәнекерлеуші күш болып отыр деген сөз.

Аударма жұмысы – бүгінгі таңда мақсат-мүддесі, тіршілік-әрекеті бір адамзат қоғамындағы аса маңызды, шартты құбылыс. Аударма – ұшан-теңіз өмір өмір ағысының барлығын ұштастыруға себепші болып отырған елеулі күштердің бірі.

Сондықтан аударма қарқындап дамыған қазіргі кезеңде оның ауызша түрі саналатын синхрондық немесе ілеспелі аударма және жүйелі немесе тізбектелген (последовательный) аударма жаңа сапаға, жаңа сатыға көтеріліп дамуда.

Ілеспелі аударма дегеніміз аудармашы шешен сөзін тыңдай отырып, 2-3 секундтай кешігіп, қазіргі заманғы техникалық құралдарды пайдалану арқылы аударма жасайды. Қазіргі кездегі кәсіби ілеспелі аударма дегенді арнайы жабдықталған аударма кабиналары, микрофон жүйелерімен, құлаққаптармен (наушниктермен) қамтамасыз етілген, техникалық құралдарды мүмкіндігінше пайдаланған аударма ретінде түсінеді.

Ал тізбектелген аударма кезінде оратордың сөйлеу уақыты кемінде 7-8 минут жалғасады, содан соң аударма жасалады. Бұл, бір жағынан, тыңдаушының зерігуіне, мәтіннің құндылығын елемеуге, тыңдармандардың жалығуына әкеп соқтырады. Диалогтық сөйлеу мәтінін (іскери әңгімелер, келісімдер) аудару кезінде аудармашы екі тілдің элементтерін тез игеріп, анализ-синтез жасай отырып, өте тез арада аударуы керек.

Жүйелі аударма кезінде аудармашының ең негізгі мақсаты – оратор мен оның тыңдаушылары арасындағы қарым-қатынасты қамтамасыз ету. Бұл үшін аудармашы 2-3 беттік мәтінді (адамның қабылдау қабілетінен жоғары) есте сақтау мақсатында «әмбебап аудармалы түртулер» («универсальная переводческая скоропись») жасауды керек етеді.

Қазақ тілінің мүмкіндіктерін барынша пайдалану әлемнің түкпір-түкпірінен құйылып жатқан ақпарат ағымдарымен қазақ қауымын қамтамасыз етер тілдік жүйе жасаудың басты элементі болып табылады. Бұл істе аударманың қызметі ерекше болмақ. Сондықтан аударманың қоғамдық мәнін, өмірлік қажеттілігін де терең түсіне білу керек.

Жаhандану дәуіріндегі ғылым мен білім, әдебиет пен мәдениет, ақпарат пен жарнамалар желісі және олардың жетістіктерін ана тілімізге жеткізу аударма үдерісі арқылы жүзеге асары сөзсіз. Бір жағынан, аударма арқылы таным-түйсігіміздің кеңейіп, біліміміздің жетіліп, адамзат танымының деңгейінде ақыл-ойымыздың өсуіне жол ашылса, екінші жағынан ақпарат ағынының тасқынында төл тіліміздің табиғи, шынайы күйін сақтап қалу үнемі есімізде болуы шарт. Ол үшін әрбір шет тілінен жасалған аударма қазақ оқырманының таным-түйсігіне, мәдениетіне, салт-дәстүрінің, психологиясының ерекшелігіне мейлінше жақындастырылып жасалуы керек.

Дәрісті қорытындылау:

Сауаттылық пен білгірлікті, білімділікті, тапқырлық пен көрегендікті қажет ететін аударма ісінің даму заңдылықтарын, оның ғылыми негіздерін айқындап алмай, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, аударма ісі бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1 Кереева-Канафиева К.Ш. Русско-казахские литературные отношения. – Алматы: Казахстан, 1976. – 276 с.

2 Нұрышев С.Н. Абайдың аударма жөніндегі тәжірибесінен. – Алматы, 1954. – 105 б.

3 Уақыт және қаламгер: әдеби сын / құраст. М. Атымов. – Алматы: Жазушы, 1988. – 240 б. 4 Әшімбаев С. Сын мұраты. Әдеби сын. – Алматы: Жазушы, 1974 – 248 б.

5 Нұрпейісов Ә. Достоевский туралы сөз // Жұлдыз. – 1971, қараша – 11. – 158 б.

6 Хайруллин Р. Аударма сипаты. – Алматы: Жазушы, 1976. – 172 б.

7 Алпысбаев Қ.Қ. Қазақ аудармасының теориясы мен тәжірибесі: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2001. – 213 б.

8 Талжанов С. Көркем аударма туралы. – Алматы: ҚМКӘБ, 1962. – 166 б.

9 Сатыбалдиев Ә. Рухани қазына. – Алматы: Жазушы, 1987. – 232 б.

Наши рекомендации