Детте, Парламент сессияларын ашады; 17 страница

Прокурордың атына берілген сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауға тиіс.

Ескерту. Заң 21-1-баппен толықтырылды - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерту енгізілді - 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.

21-2-бап. Мәслихаттардағы депутаттық бірлестіктер

1. Мәслихат депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құруға құқылы. Мәслихат хатшысы депутаттық бірлестіктерге кіре алмайды.

2. Фракция - заңда белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің атынан өкілдік ететін депутаттардың ұйымдасқан тобы, ол мәслихатта тиісті саяси партияның немесе өзге де қоғамдық бірлестіктің мүдделерін білдіру мақсатында құрылады. Фракция мәслихаттың кемінде бес депутатын біріктіруге тиіс. Депутаттың тек бір ғана депутаттық фракцияда болуға құқығы бар.

3. Депутаттық топ - депутаттардың өз өкілеттіктерін, сайлау округтеріндегі бірлескен жұмысын жүзеге асыруға арналған бірлестігі. Депутаттық топтың құрамында мәслихаттың кемінде бес депутаты болуға тиіс.

4. Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.

Ескерту. Заң 21-2-баппен толықтырылды - ҚР 2006.11.04 N 186 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгеріс енгізілді - ҚР 12.11.2015 № 393-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Депутаттық қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстарды өтеу

Депутат регламентте белгіленген тәртіппен мәслихат сессияларын, тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде, депутаттық өкілеттіктерді жүзеге асыру уақытында оған негізгі жұмыс орны бойынша жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен орташа жалақысы, бірақ осы қызметте бір жылға дейінгі жұмыс стажы бар тиісті әкімшілік-аумақтық бөлініс әкімі аппараты басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, сессиялар, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының отырыстары өтетін мерзімдегі іссапар шығыстары өтеле отырып, қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады.

Ескерту. 22-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2004.05.11 N 552 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

23-бап. Мәслихат өкілеттігін тоқтату негіздері

1. Мәслихат өкілеттігі Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленген оның өкілеттік мерзімі аяқталғанда тоқтатылады.

2. Мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Қазақстан Республикасының Президенті тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзін-өзі тарату туралы шешім қабылдаған жағдайда тоқтатылады.

23-1-бап. Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіпке сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдері лауазымдарына тағайындауға, сондай-ақ тағайындалуына мәслихаттардың келісуі талап етілетін әкімдер лауазымдарына кандидатураларға мәслихаттың келісім беру тәртібі

1. Әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына енгізеді.

2. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсыныста өмірбаян деректері, еңбек қызметі, мемлекеттік наградалары туралы ақпарат және әкім лауазымына кандидат туралы өзге де ақпарат көрсетіледі.

3. Әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау мәслихаттың кезекті немесе кезектен тыс сессиясында жүзеге асырылады.

Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі кезектен тыс сессиясына әкім лауазымына кандидаттың қатысуы міндетті.

Мәслихаттың әкім лауазымына тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты қарау жөніндегі сессиясының барысында мәслихат депутаттары әкім лауазымына кандидатқа сұрақтар қоюға, тағайындалатын кандидатура бойынша талқылау жүргізуге құқылы.

Талқылау аяқталғаннан кейін дауысқа салу өткізіледі.

Егер әкім лауазымына кандидат мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысын ала алмаған жағдайда, әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға мәслихат сессиясының шешiмін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде әкім лауазымына басқа кандидатураны тағайындауға келісім беру туралы ұсынысты мәслихаттың қарауына қайтадан жібереді.

4. Әкімді тағайындайтын тұлға не оған уәкілеттік берілген тұлға әкім лауазымына кандидатураны қатарынан үш реттен артық енгізе алмайды.

Егер мәслихат:

1) облыс, республикалық маңызы бар қала не астана әкiмдерi лауазымдарына кандидатураларды тағайындауға үшінші рет келісім бермеген жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзiмiнен бұрын тоқтатуға құқылы;

2) аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі лауазымдарына кандидатураларды тағайындауға үшінші рет келісім бермеген жағдайда, облыс әкімі Қазақстан Республикасының Президентіне жазбаша хабарлайды және тиісті мәслихаттың өкілеттігін мерзiмiнен бұрын тоқтату туралы мәселе қояды.

Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім белгіленген тәртіппен жаңадан құрылған мәслихаттың келісуімен тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімі тағайындалғанға дейін әкімнің міндетін уақытша атқарушыны тағайындайды.

Ескерту. Заң 23-1-баппен толықтырылды - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңдарымен.

24-бап. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру өкілеттігі

1. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша әкiмге сенiмсiздiк бiлдiру туралы мәселе қойылуы мүмкiн. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және тиiсiнше Қазақстан Республикасы Президентiнiң не жоғары тұрған әкiмнiң алдына оны қызметiнен босату жөнiнде мәселе қоюға құқылы.

2. Әкім ұсынған аумақты дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.

3. Әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашылық ету мәслихат депутаттарының қолдарын жинау арқылы жүзеге асырылады. Қолдарды жинауды мәслихаттың бастамашы депутаттары ұйымдастырады және ол қол қою парақтарымен ресімделеді.

4. Қол қою парақтарын жинау мәслихаттың бастамашы депутаттары жазбаша өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Толтырылған қол қою парақтары мәслихат хатшысына тапсырылады, ол бес жұмыс күні ішінде жиналған қолдардың төлнұсқалығын тексеруді ұйымдастырады. Тексеру нәтижелері бойынша мәслихаттың бастамашы депутаттары қолдарының төлнұсқалығы туралы хаттама жасалады.

5. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы мәслихаттың бастамашы депутаттары қолдарының төлнұсқалығы туралы хаттама ресімделген күннен бастап бір ай ішінде өткізіледі.

Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы барысында әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселеге бастамашы болған себептер талқыланады, дауыс беру өткізіледі.

Әкімге сенімсіздік білдіру, егер бұл шешімге мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, жүзеге асты деп есептеледі. Мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру жөніндегі сессиясы мәслихат сессиясының шешімімен ресімделеді.

6. Әкімге сенімсіздік білдірілген жағдайда, мәслихат сессиясының шешімі Қазақстан Республикасының Президентіне не жоғары тұрған әкімге дереу жолданады.

7. Қазақстан Республикасының Президентi не жоғары тұрған әкiм сенімсіздік білдіру туралы мәслихат сессиясының шешiмін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әкімнің өкілеттігін тоқтату туралы мәселенi қарайды не оған өз мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады.

8. Егер Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім әкімге сенімсіздік білдіруді қабылдамаған жағдайда, бірінші рет сенімсіздік білдірілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін мәслихат депутаттары депутаттардың жалпы санының көпшілік дауысымен Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім алдында қайтадан сенімсіздік білдіруге құқылы. Бұл жағдайда әкімді Қазақстан Республикасының Президенті не жоғары тұрған әкім қызметінен босатады.

Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда - ҚР 13.06.2013 N 101-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізiледi) Заңымен.

24-1-бап. Таңдаушылардың шешімі бойынша Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату

1. Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасау туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мәслихаты қабылдайды, бұл туралы облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясына және Парламент Сенатының депутатына үш күн мерзімде хабарланады.

2. Таңдаушылардың шешімі бойынша Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасауды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың барлық мәслихаттарының атынан өкілдік ететін таңдаушылардың жалпы саны даусының кемінде жиырма бес пайызы, бірақ бір мәслихаттан таңдаушылар даусының кемінде жиырма бес пайызы қолдауға тиіс.

Таңдаушыларды қолдау олардың қолдар жинауымен куәландырылады. Қолдар жинаудың басталуы туралы шешімді облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың мәслихаты қабылдайды. Қолдардың жиналуын Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасаған таңдаушылар ұйымдастырады.

3. Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасау туралы мәслихаттың хабарламасын алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей бастамашыларға шығарылған шешімді қолдауға қолдарды жинау үшін қол қою парақтарын береді.

Әрбір қол қою парағының реттік нөмірі болуға, онда өкілеттігін тоқтатуға бастамашылық жасалған Парламент Сенаты депутатының тегі, аты, әкесінің аты, сондай-ақ өз қолдарын қоятын таңдаушылар туралы мынадай мәліметтер:

1) тегі, аты, әкесінің аты;

2) өзі депутаты болып табылатын мәслихат;

3) туған күні, айы және жылы;

4) тұрғылықты мекенжайы;

5) жеке қолы қамтылған бағандар болуға тиіс.

Қол қою парағының үлгісін Орталық сайлау комиссиясы бекітеді.

4. Қолдарды жинау облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясынан таңдаушылар қол қою парақтарын алған күннен бастап отыз күннің ішінде жүзеге асырылады. Көрсетілген мерзім аяқталған соң қол қою парақтары облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясының қабылдауына жатпайды.

Толтырылған қол қою парақтары облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясына тапсырылады, ол паспорт қызметтерінің қызметкерлерін тарта отырып, бес күн мерзімде жиналған қолдардың дұрыстығына тексеруді жүзеге асырады және тиісті хаттаманы ресімдейді.

5. Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы қойылған қолдардың дұрыстығын тексергеннен кейін Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы мәселені дауыс беруге шығару туралы шешім қабылдайды.

6. Егер қойылған қолдардың дұрыстығын тексеру нәтижесінде жиналған қолдардың бір пайыздан астамының дұрыс еместігі не жиналған қолдардың саны осы баптың 2-тармағының талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталса, тиісті сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы мәселені дауыс беруге шығарудан бас тартады.

Мәселені дауыс беруге шығарудан бас тартылған күннен бастап бір жылдың ішінде сол негіздер бойынша Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қайтадан қозғауға жол берілмейді.

7. Облыстық, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттың хатшысы облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы өкілеттігін тоқтату туралы мәселе қозғалған депутатқа мәселені дауыс беруге шығару туралы шешім қабылдаған күннен бастап бес күннен кешіктірмей жазбаша хабарлауға тиіс.

Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы дауыс беру бойынша таңдаушылардың бірлескен отырысы, дауыстарды есептеу және қорытындыларын белгілеу облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату туралы мәселе қою жөнінде шешім қабылдаған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей жүргізіледі.

Дауыс беруге арналған бюллетеньнің мәтінін Республиканың Орталық сайлау комиссиясы бекітеді.

8. Егер бірлескен отырысқа облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың барлық мәслихаттарының атынан өкілдік ететін сайланған депутаттар санының кемінде үштен екісі қатысса, бірлескен отырыс заңды деп есептеледі.

Бірлескен отырыста Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату бойынша дауыс беру, егер оған қатысып отырған таңдаушылардың жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, өтті деп есептеледі.

Бірлескен отырыста төрағалық етуші облыстық, республикалық маңызы бар қала және астана мәслихаттың хатшысы болып табылады.

Таңдаушылардың бірлескен отырысына облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қатысады.

Таңдаушылардың бірлескен отырысы өтетін үй-жайда облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы дауыс беруге арналған пункт ұйымдастырады.

Тиісті мәслихаттың хатшысы облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясына ұсынатын бірлескен отырыстың хаттамасы Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату бойынша таңдаушылардың бірлескен отырыс өткізуін куәландыратын құжат болып табылады.

Бірлескен отырыс облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясының төрағасы Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату бойынша дауыс беру нәтижелерін жария еткеннен кейін жабылады.

9. Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату жөніндегі дауыстарды санау нәтижелері дауыс беруге арналған пунктте өтетін облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясының отырысында белгіленеді.

Облыстық, республикалық маңызы бар қаланың және астананың сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша:

1) сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қол қоятын;

2) таңдаушылардың бірлескен отырысында жария етілетін;

3) Орталық сайлау комиссиясына дауыс беру күнінен бастап екі күн мерзімнен асырмай жіберілетін Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату жөніндегі дауыстарды санау хаттамасы жасалады.

10. Орталық сайлау комиссиясы дауыс беру қорытындысын Парламент Сенаты депутатының өкілеттігін тоқтату жөніндегі дауыс беру өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей белгілейді.

Егер осы шешімге дауыс беруге қатысқан таңдаушылар даусының елу пайыздан астамы дауыс берсе, Парламент Сенаты депутатының өкілеттігі тоқтатылды деп есептеледі.

Дауыстарды санауға, дауыс беру қорытындыларын белгілеуге және жариялауға байланысты өзге де мәселелер "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген ережелерге сәйкес шешіледі.

11. Сайлау комиссиясының шешіміне немесе іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шешім қабылданған немесе іс-әрекет (әрекетсіздік) жасалған күннен бастап он күн ішінде жоғары тұрған сайлау комиссиясына және (немесе) сотқа шағым жасалуы мүмкін. Көрсетілген мерзімдер аяқталған соң сайлау комиссиясының шешіміне және (немесе) іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) берілген өтініш қарауға жатпайды.

Сайлау комиссиясының шешіміне немесе іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану туралы өтініштерді қарау Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 25-тарауына сәйкес жүргізіледі.

Ескерту. Заң 24-1-баппен толықтырылды - ҚР 2009.02.09 N 126-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

25-бап. Мәслихат аппараты

1. Мәслихат аппараты мәслихат пен оның органдарын ұйымдастырушылық, құқықтық, материалдық-техникалық және өзге де қамтамасыз етудi жүзеге асырады, депутаттарға өздерiнiң өкiлеттiгiн жүзеге асыруға көмек көрсетедi.

2. Мәслихат аппараты мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Мәслихаттың өкiлеттiк мерзiмiнiң аяқталуымен, мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, мәслихат аппараты мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi тоқтатылмайды.

4. Мәслихат аппараты жергiлiктi бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекеме болып табылады.

2-1-тарау. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларын құру және олардың қызметін ұйымдастыру

Ескерту. Заң 2-1-тараумен толықтырылды - ҚР 2011.07.21 N 465-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; алып тасталды - ҚР 12.11.2015 № 393-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

3-тарау. ӘКIМДЕР ЖӘНЕ ӘКIМДІКТЕР. ҚҰРЫЛУЫ, ҚҰЗЫРЕТI

ЖӘНЕ ҚЫЗМЕТIНIҢ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛУЫ

26-бап. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмдіктері. Құрылуы және құрамы

1. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық әкiмдік Қазақстан Республикасы атқарушы органдарының бiртұтас жүйесiне кiредi, атқарушы билiктiң жалпы мемлекеттiк саясатын тиiстi аумақты дамыту мүдделерiмен және қажеттілiгімен үйлестiре жүргізудi қамтамасыз етедi.

2. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық әкiмдікті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкiмi басқарады.

3. Әкiм облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық әкiмдікті әкiм орынбасарларынан, әкiм аппаратының басшысынан, жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың бiрiншi басшыларынан құрады.

4. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмдігінің отырыстарын әзiрлеу мен өткiзу, сондай-ақ олардың шешiм қабылдау тәртiбi әкiмдіктің регламентiнде белгiленедi. Yлгi регламенттi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

5. Әкiмдіктің дербес құрамы облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық мәслихат сессиясының шешiмiмен келiсiледi.

6. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкiмдігінің жұмысына орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің басшылары кеңесшi дауыс құқығымен қатыса алады.

7. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалық, астаналық әкiмдік - алқалы орган, ол заңды тұлға болып табылмайды.

27-бап. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімдігінің құзыретi

1. Облыс, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдігі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:

1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде жергілікті маңызы бар міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін реттеу, іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын жүзеге асырады;

1-1) алынып тасталды - ҚР 2008.12.04 N 97-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен;

1-2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес облыстық бюджеттің, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінің жобасын тиісті мәслихатқа табыс етеді;

Наши рекомендации