Детте, Парламент сессияларын ашады; 27 страница
2) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасының қоғамдық мониторингі барысында анықталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасының сақталмау фактілерін жою жөніндегі ұсынымдарды;
3) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру жөніндегі ұсыныстарды;
4) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды қамтиды.
4. Орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, Мемлекеттік корпорация, сондай-ақ көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қоғамдық мониторинг қорытындысын ескере отырып, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру жөнінде шаралар қабылдайды.
Ескерту. 29-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
30-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
31-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
ҚР Конституциясы
Бап
1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
2. Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық; бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
Ескерту. 1-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.12.21 N 18/2 қаулысымен.
Бап
1. Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.
2. Республиканың егемендігі оның бүкіл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді.
3. Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы және Қазақстан атауларының мәні барабар.
Ескерту. 2-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.04.23 N 4 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық.
2. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді.
3. Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады.
Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді.
4. Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 3-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12 N 1/2 қаулысымен.
Бап
1. Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады.
2. Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады.
3. Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады.
4. Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады.
Ескерту. 4-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.10.11 N 18/2, 4-бапқа түсіндірме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2009.11.05 N 6 қаулыларымен.
Бап
1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттік органдарда партия ұйымдарын құруға жол берілмейді.
2. Қоғамдық бірлестіктер заң алдында бірдей. Қоғамдық бірлестіктер ісіне мемлекеттің және мемлекет ісіне қоғамдық бірлестіктердің заңсыз араласуына, қоғамдық бірлестіктерге мемлекеттік органдардың қызметін жүктеуге жол берілмейді.
3. Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға және олардың қызметіне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендірілген құрамалар құруға тыйым салынады.
4. Республикада басқа мемлекеттердің саяси партиялары мен кәсіптік одақтарының қызметіне, діни негіздегі партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді.
5. Шетелдік діни бірлестіктердің Республика аумағындағы қызметі, сондай-ақ шетелдік діни орталықтардың Республикадағы діни бірлестіктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиісті мемлекеттік органдарымен келісу арқылы жүзеге асырылады.
Ескерту. 5-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.06.07 N 4/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады.
2. Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді.
3. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.
Ескерту. 6-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.11.03 N 19/2, 6-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.04.13 N 2/2, 2003.04.23 N 4, 6-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12 N 1/2 қаулыларымен.
Бап
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі.
2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
Бап
Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады.
Ескерту. 8-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12 N 1/2 қаулысымен.
Бап
Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимні бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
II бөлім
АДАМ ЖӘНЕ АЗАМАТ
Бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негізде алынғанына қарамастан, бірыңғай және тең болып табылады.
2. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды.
3. Республика азаматының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды.
Ескерту. 10-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.12.01 N 12 қаулысымен.
Бап
1. Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.
2. Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді.
Бап
1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі.
2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.
3. Республиканың азаматы өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып, міндеттер атқарады.
4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ міндеттер атқарады.
5. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс.
Ескерту. 12-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.12.01 N 12, 2007.04.18 N 4 Қаулыларымен.
Бап
1. Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы.
2. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.
3. Әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегі тегін көрсетіледі.
Ескерту. 13-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22 N 7/2, 2002.02.15 N 1 қаулыларымен.
Бап
1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды.
Ескерту. 14-баптың 1 және 2-тармақтарына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10 N 2/2, 14-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22 N 7/2 қаулыларымен.
Бап
1. Әркімнің өмір сүруге құқығы бар.
2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.
Ескерту. 15-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30 N 10 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Әркім өзінің жеке басының бостандығына құқығы бар.
2. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы беріледі. Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады.
3. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқылы.
Ескерту. 16-бапқа түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2003.12.31 N 13 қаулысымен, өзгерту енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 Заңымен.
Бап
1. Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.
2. Ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.
Бап
1. Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.
2. Әркім өзінің жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.
3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті.
Ескерту. 18-бабы 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конститутциялық Кеңесінің 2009.08.20 N 5 Нормативтік қаулысы
Бап
1. Әркім өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.
2. Әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар.
Бап
1. Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады.
2. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болып табылатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді.
3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді.
Бап
1. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам, заңда көрсетілгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.
2. Әркімнің Республикадан тыс жерлерге кетуіне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергісіз қайтып оралуына құқығы бар.
Бап
1. Әркімнің ар-ождан бостандығына құқығы бар.
2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы міндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиіс.
Бап
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бірлестіктердің қызметі заңмен реттеледі.
2. Әскери қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялар партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс.
Ескерту. 23-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.07.05 N 13/2 қаулысымен.
Бап
1. Әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
2. Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар.
3. Ереуіл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгіленген тәсілдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.
4. Әркімнің тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік беріледі.
Ескерту. 24-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10 N 2/2 қаулысымен.
Бап
1. Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді. Тұрғын үйге басып кіруге, оны тексеруге және тінтуге заңмен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана жол беріледі.
2. Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады. Заңда көрсетілген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға беріледі.
Бап
1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады.
2. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі.
3. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
4. Әркімнің кәсіпкерлік қызмет еркіндігіне, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалануға құқығы бар. Монополистік қызмет заңмен реттеледі әрі шектеледі. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
Ескерту. 26-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.06.16 N 6/2, 2000.12.20 N 21/2, 2005.07.01 N 4, 2007.05.28 N 5 Қаулыларымен.
Бап
1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады.
2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
3. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті.