Бап. Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты нормативтік құқықтық актілер немесе олардың құрылымдық бөліктері, егер олар жаңа нормативтік құқықтық актіге енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе оларда қамтылса, күші жойылды деп танылады.
2. Жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп танылған кезде, оны іске асыру үшін қабылданған төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылады.
Бұл талап жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің жекелеген құқық нормаларын іске асыру үшін төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілер қабылданып, одан сол құқық нормалары алып тасталған жағдайларда да қолданылады.
Күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілер олардың заң күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.
3. Заңнамалық актілердің күші жойылды деп тану туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, сондай-ақ жақшада – олардың алғашқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында тиісті заңнамалық актінің жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер заңнамалық акт аталған жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзі көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, тіркеу нөмірі, сондай-ақ, жақша ішінде – «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы» жинағында олардың алғашқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер нормативтік құқықтық акт көрсетілген жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланған жылы, күні, айы және ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
4. Нормативтік құқықтық актінің қабылдануына байланысты күші жойылды деп танылуға жататын нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың құрылымдық бөліктерінің тізбесі, не нормативтік құқықтық актінің өзінде немесе оны қолданысқа енгізу тәртібі туралы актіде қамтылуға тиіс.
5. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінің күші жойылды деп танылған кезде ондай бөліктер алып тасталады, бірақ олардың нөмірлері сақталады. Сақталған нөмірге нормативтік құқықтық актінің (немесе оның құрылымдық бөлігінің) күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актіге сілтеме қосылады. Сақталған құрылымдық бөліктердің нөмірлері өзгермейді.
6. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша үлкен бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге өзінің заң күшін сақтайтын құрылымдық бөліктер туралы ескертіліп, бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі бойынша кіші бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданған нормативтік құқықтық актіге қайшы келетін құрылымдық бөліктер ғана енгізіледі.
Бұл жағдайларда нормативтік құқықтық актінің көлемі осы Заңның 21-бабының 8-тармағына сәйкес айқындалады.
7. Басқа нормативтік құқықтық актілердің құқық нормаларын қайталайтын және жаңа құқық нормаларын қамтымайтын нормативтік құқықтық актілер де күші жойылды деп танылуға жатады.
8. Негізгі нормативтік құқықтық акті де, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген нормативтік құқықтық актілер (немесе олардың құрылымдық бөліктері) де күші жойылды деп танылуға жатады. Күші жойылды деп танылуға жататын қандай да бір нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық бөлігінің редакциясы бірнеше мәрте өзгерген жағдайда, тізбеге негізгі нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген барлық нормативтік құқықтық актілер дербес тармақтар түрінде енгізіледі.
Көрсетілген талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
9. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануды көздеген басқа нормативтік құқықтық актінің немесе оның құрылымдық бөлігінің күші жойылды деп танылса, бұрын қабылданған актілердің қолданысы қайта жаңғыртылмайды.
10. Күшіне енбеген нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп тануға болмайды. Қажет болған жағдайда мұндай нормативтік құқықтық актілер қабылданбауы мүмкін.
11. Қолданылу мерзімі өткен нормативтік құқықтық актілер және нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық бөліктері күші жойылды деп танылуға жатпайды.
Егер нормативтік құқықтық актіде қолданылу мерзімі өткен құқық нормаларымен қатар күші жойылды деп танылуға жататын құқық нормалары қамтылса, тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіледі.
12. Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігінде күші жойылды деп танылуға жататын қосымша көрсетілсе, онда тізбеге осы құрылымдық бөлік қана енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
Егер нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігінде қосымшаны бекітумен қатар өз күшін сақтайтын құқық нормасы қамтылса, ал қосымша күші жойылды деп танылуға жатса, онда тармақ тізбеге қосымшаға қатысты бөлігінде енгізіледі, ал қосымша бөлек ескертілмейді.
13. Егер нормативтік құқықтық актінің жекелеген құрылымдық бөліктерінің күші толығымен, ал басқа құрылымдық бөліктердің күші ішінара жойылуға жатады деп танылса, онда ең алдымен толығымен күші жойылды деп танылуға жататын құрылымдық бөліктер көрсетіледі.
Ескерту. 21-1-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.