Дәлелдемелерді қамтамасыз ету

ҚР АІЖК 74-ші бабы дәлелдемелік ақпаратты іс жүргізу барысында қорғау мүмкіндігін береді. Өздері үшін қажетті дәлелдемелерді ұсыну соңынан мүмкін болмайды, немесе ұсынуға қиындық туындайды деп қауіптену негізі бар іске қатысушы адамдар соттан осы дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтініш бере алады.

ҚР АІЖК 75-ші бабына сәйкес, дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы өтініштер сотқа іске қатысушы тұлғалардың атынан беріледі. Процеске қатысушы тұлғалар істі дұрыс шешу үшін қажет дәлелдемелердің алғашқы күйінде сақталуын көздеген жағдайда, осындай өтінішпен сотқа жүгінеді. Әсіресе бұл сотқа дейін басқа біреулер алып қойып, өзгертілген мәліметтер енгізіп қоюы мүмкін құжаттарға қатысты. Заттай дәлелдемелер өздерінің алғашқы кейпін жоғалтуы мүмкін, ал іс бойынша куәлар даудың қаралатын мерзімінде ол соттың, немесе Қазақстан Республикасы соттарының юрисдикциясынан тыс жерде болулары мүмкін. Әрине, мүдделі тұлғалар өздерінің мұндай жағдайға тап болуына жол бермеуге тырысады, сондықтан өздерінің құқықтарын қорғау мақсатында тиісті процессуалдық шаралар қолданады.

Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арызды мүдделі тұлғалар қажетті процессуалдық әрекетті жүргізетін сотқа жолдайды; осы арызда қамтамасыз етілуі тиіс дәлелдемелер көрсетілуі қажет. Арыздың мәтінінде дәлелдеме не үшін қажет екендігін растайтын мән-жайлар толық баяндалуы тиіс. Осылайша, алғашқы бастама іс бойынша мүдделі тұлғаларға, яғни тараптарға тиесілі, ал соттың әрі қарайғы әрекеттері алғашқы бастаманың процессуалдық жалғасы болып табылады.

Сотқа берілген арызда көрсетілген өтініш бойынша сот куәларды сұрау, іс үшін қажет заттарды олардың сақталып тұрған жерінде қарау және өзге тәсілдер арқылы дәлелдемені қамтамасыз етеді. Соттың мұндай әрекеттері процессуалдық (сұрақ алу хаттамасын жасау, сараптамашы қорытындысымен, тексеру хаттамаларымен және т.б.) жолымен рәсімделеді.

Сотта істің талқылауының ерекшелігі сонда, яғни екі тарап та даудың туындауы туралы және өзге де мән-жайлар бойынша жеткілікті ақпарат біледі. Осы себептен бір тарап қажетті дәлелдемелерді ұсынуды қажет етсе, екінші тарап ол дәлелдемелердің іс материалдарына қосылмауына мүдделі болуымен анықталады. Мұндай жағдайлар азаматтық іс жүргізуге тән; бұл істі талқылау барысында тараптар қарама қайшы мүдделерді жақтау шарттарымен түсіндіріледі. Нақты іс бойынша дәлелдемелерді қамтамасыз етуде сот соттық іс жүргізу аясында әрекет етеді, яғни ҚР АІЖК 76-шы бабының 1 бөлігін негізге алады; дәлелдемелерді қамтамасыз ету жұмысын Кодексте белгіленген ережелер бойынша судья жүргізеді. Осы ережелер басқа да өкілетті (судьялар емес) тұлғаларға таралады. Осы баптың 2 бөлігіне сәйкес істің сотта туындауға дейін дәлелдемелерді қамтамасыз етудің заңдарымен көзделген тәртіппен нотариустар немесе консулдық мекемелердің лауазымды адамдары жүргізеді50.

Сот ісін жүргізудің талаптық емес түрлерінде соттық дәлелдемелерді қамтамасыз ету барысында әкімшілік іс жүргізу және азаматтық іс жүргізу қатынастары тығыз байланыста болады. Қатынастардың алғашқы тобы – Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің ережелерімен, ал екінші тобы – азаматтық іс жүргізу заңнамасының ережелерімен реттеледі. Бұл айтылғандарды әкімшілік заңнама талаптары мен ҚР АІЖК 74-ші бабында белгіленген ережелерді салыстыру негізінде дәлелдеуге болады.

ҚР ӘКБК 604-ші бабына сәйкес, дәлелдемелерді алу мүмкін болмаса немесе оны алу барысында қиындық туындаса, тараптар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарастырып отырған судьяға, органға (лауазымды тұлғаға) сол дәлелдемені қамтамасыз ету туралы өтініш жасай алады.

Дәлелдемені белгілі бір ұйымнан (мекемеден) алдырту жолымен қамтамасыз ету олардың іске қатысу, қатыспау негіздеріне қарамастан, олардан дәлелдемелерді, мәліметтер мен қорытындыларды, сараптама жасауды талап ету, оқиға болған жерді қарап шығу және басқа да жолдармен жүзеге асырылады.

Азаматтық іс жүргізу ережелері мен әкімшілік заңнамасының ережелерін салыстыру екі кодификацияланған актіде де принципті мәселелер сақталғандығын көрсетіп отыр. Олардың арасындағы айырмашылық тек жекелеген жағдайда ғана байқалады. Мысалы, ҚР АІЖК 74-ші бабының талаптарынан айырмасы әкімшілік процесте дәлелдемені қамтамасыз ету туралы арыз, яғни әкімшілік құқық бұзушылық істі қараушы сотқа (органға) беріледі (ҚР ӘКБК 610-шы бабы).

Азаматтық іс бойынша дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы арыз аумақ бойынша беріледі, сол жерде дәлелдемелерді қамтамасыз ету бойынша іс жүргізу әрекеттері жүзеге асырылады деген ереже аталған әректтердің іс қарауында жатқан сотпен жүзеге асырылмауы мүмкін екендігін білдіреді. Істі соттық талқылауға дайындық кезеңінде судья құжаттық ақпарат көздерін жеткіліксіз деп тауып, олардың тізімін өзге де мәліметтермен толықтыруы мүмкін.

ҚР АІЖК 74-ші бабының 2 бөлігінде көзделгендей, істі қарап жатқан соттан тыс тәртіппен куәларды сұрау дәлелдемелерді қамтамасыз етудің кең таралған тәсілі болып табылады. Іске қажет заттарды олардың орналасқан (сақталып тұрған) жерінде қарау (зерттеу) сияқты дәлелдемені қамтамасыз ету тәсілін соттар өте сирек қолданады, бұл жағдайды аумақтық соттылық ережелерімен түсіндіруге болады.

Дәлелдемелерді қамтамасыз ету туралы шешім қабылдау сот ұйғарымымен рәсімделеді.

50ҚР АІЖК 74 бабындағы «дәлелдемені қамтамасыз ету өзге де тәсілдерімен жасалуы мүмкін» деген жалпы тәртіп, соттың басқа құқық салаларында нақтыланған ережелерді басшылыққа ала алатындығын білдіреді. И.В. Решетникова пікірі бойынша, дәлелдемелер туралы бірнеше саланың нормаларының құқықтық бірлігі екі түрде көрініс табады. Біріншіден, дәлелдеме туралы нормалар саланың бір бөлігі болғандықтан, осы саланың басқа нормаларымен бірге нормативтік механизмды құрайды. Екіншіден, осы нормалар басқа (іргелес) салалардың тектес дәлелдемелер туралы нормаларымен бірге жекеленген кешенді (комплексті) құрайды. Қараңыз: Решетникова И.В. Концепция доказательственного права // Правоведение. – 2001. - №1. – С. 95.

Тарау. СОТ САРАПТАМАСЫ

Наши рекомендации