Бап. Нормативтiк құқықтық актi мәтiнiнiң мазмұны мен жазылу стиліне қойылатын талаптар
1. Мемлекеттiк органдардың қоғамдық қатынастарды мемлекеттiк реттеу саласындағы құзыретi, функциялары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдер туралы заңнамасына сәйкес нормативтік құқықтық актілерде мемлекеттiк басқару деңгейi бойынша аражігі айқын ажыратылып белгiленуге тиiс.
Мемлекеттік органдардың типтік функцияларын айқындау жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Нормативтік құқықтық актінің мәтіні бірыңғай қаріппен басылуға тиіс.
3. Нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнi әдеби тіл нормалары, заң терминологиясы және заң техникасы сақтала отырып жазылады, оның ережелері барынша қысқа болуға, нақты және әртүрлі түсіндіруге жатпайтын мағынаны қамтуға тиіс. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мағыналық және құқықтық жүктемесі жоқ декларативтік сипаттағы ережелер қамтылмауға тиіс.
Көнерген және көп мағыналы сөздер мен сөз орамдарын, эпитеттердi, метафораларды қолдануға, сөздердi қысқартуға жол берiлмейдi. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігінде жазылған құқық нормасы дәл осы актінің басқа құрылымдық бөліктерінде қайталап жазылмайды.
4. Нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар мемлекеттік органдардың не, қажет болғанда, олардың басшыларының атына жолдануға тиіс.
Тапсырма беруші адамға бағынысты емес мемлекеттік органдарға қатысты нормативтік құқықтық актілердегі тапсырмалар ұсынымдық нысанда не олармен келісім бойынша жазылуға тиіс. Келісілген жағдайда мемлекеттік органның атауынан кейін «(келісім бойынша)» деген белгі көрсетіледі.
5. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың атаулары ресми атауына сәйкес толық және бүкіл мәтін бойынша бірізді жазылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық акт мәтінінің қарапайым және ықшам болуын қамтамасыз ету мақсатында нормативтік құқықтық акт мәтінінің өзінде қысқартудың не аббревиатураның мағынасын таратып жаза отырып, мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың атауларын қысқартуға жол беріледі.
6. Нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде абзацтарды дефистермен немесе өзге де белгілермен белгілеуге, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін ерекшелеп және астын сызып көрсетуге жол берілмейді.
Бап. Нормативтiк құқықтық актiлерде басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң құрылымдық бөліктеріне сiлтеме жасау, нормативтiк құқықтық актiлердің құрылымдық бөліктерінде осындай актілердің басқа құрылымдық бөліктеріне сiлтеме жасау. Нормативтiк құқықтық актiлерде басқа нормативтiк құқықтық актiлердiң құрылымдық бөліктерін келтіру
1. Қажет болған жағдайда нормативтік құқықтық актілерде жоғары деңгейлердегі нормативтік құқықтық актілердің құрылымдық бөліктеріне сілтемелер жасалуы, сондай-ақ осындай актілерге сілтеме жасала отырып, жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерден жекелеген құқық нормалары келтірілуі мүмкін.
2. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөліктерінде оның басқа құрылымдық бөліктеріне сілтемелер жасауға құқық нормаларының өзара байланысын көрсету не қайталауды болғызбау қажет болатын жағдайларда ғана жол беріледі.
3. Жолдарға және сөйлемдерге сілтеме жасау кезінде олардың нөмірленуі реттік сан есімдермен (жазумен) белгіленеді.
4. Нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құрылымдық бөлікке сілтеме оның рет нөмірін жазумен немесе цифрлармен (оларды белгілеу үшін сын есімдерді пайдалануға жол берілмейді) көрсету арқылы келтіріледі.
5. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде келесі кезектілігімен оның тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және осы нормативтік құқықтық актінің нысаны көрсетіледі.
Заңнамалық актілерге сілтеме жасау кезінде, Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар жарлықтарын қоспағанда, олар тіркелген нөмірлерді көрсету талап етілмейді.
6. Егер нормативтік құқықтық актінің мәтінінде бір нормативтік құқықтық актіге екі және одан артық сілтемелер қатарынан келтірілсе, онда осы нормативтік құқықтық актінің толық тақырыбы оған кейіннен сілтеме жасала отырып, бір рет (мәтінде бірінші аталған кезде) көрсетіледі.
7. Егер нормативтік құқықтық актіде қосымшаларға сілтемелер болса, онда, нормативтік құқықтық актіге бір қосымша болатын жағдайды қоспағанда, нормативтік құқықтық актінің мәтінінде олардың аталу тәртібімен берілетін қосымшалардың нөмірлері көрсетіледі.
Бап. Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актілерді ресімдеу
1. Заңдарды қоспағанда, нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында актінің нысанына, қабылданған күніне, тіркеу нөміріне және тақырыбына сілтеме қамтылуға тиіс.
Нормативтік құқықтық актіге немесе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында бірінші кезекте «өзгерістер» немесе «өзгеріс» деген сөз көрсетіледі.
2. Заңнамалық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы заңнамалық акт жобасының мәтінінде аталған заңнамалық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, сондай-ақ жақшада - олардың алғашқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты, ал оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда «Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы» жинағында тиісті заңнамалық актінің жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не, егер заңнамалық акт аталған жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланымның өзге де дереккөзі көрсетіледі.
Нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық акт жобасының мәтінінде көрсетілген нормативтік құқықтық актілердің тақырыбы, қабылданған жылы, күні, айы, тіркеу нөмірі, сондай-ақ, жақша ішінде – «Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілер жинағы» жинағында олардың алғашқы жарияланған жылы, нөмірі және құжаты не егер нормативтік құқықтық акт көрсетілген жинақта жарияланбаса, осы Заңға сәйкес ресми жарияланған жылы, күні, айы және ресми жарияланымның өзге де дереккөзінің атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу туралы нормативтік құқықтық актінің мәтінінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.
3. Үш және одан да артық нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде жекелеген қосымшалармен ресімделетін тізбелер жасалады.
Көрсетілген талап заңнамалық актілерге қолданылмайды.
4. Сол бір нормативтік құқықтық актіге енгізілетін барлық өзгерістер және (немесе) толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілер олардың заң күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған (шығарылған) күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.
Қабылданған сол бір күннің шегінде нормативтік құқықтық актілер олардың тіркеу нөмірлеріне немесе ресми жарияланым дереккөздеріндегі құжаттардың нөмірлеріне сәйкес көрсетіледі.
5. Нормативтік құқықтық актінің құрылымдық бөлігіне өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу кезінде ондай құрылымдық бөлік жаңа редакцияда жазылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заң жобаларын қарау кезінде қолданылмауы мүмкін.
6. Жаңа құрылымдық бөліктер, сондай-ақ қосымшалар нормативтік құқықтық актінің мәтініне дәл сондай соңғы құрылымдық бөліктерден кейінгі рет нөмірлерімен немесе дәл сондай құрылымдық бөліктер арасына нормативтік құқықтық актінің өздері соңынан келетін сол құрылымдық бөліктерінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен енгізіледі, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 5-1-бөлім; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.
Егер нормативтік құқықтық акт қосымшамен толықтырылса, нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық актіні қосымшамен немесе нормативтік құқықтық актінің туынды түрімен толықтыру туралы тармақ (тармақша) енгізіледі.
7. Құпиялылық белгісі немесе «Қызмет бабында пайдалану үшін», «Баспасөзде жарияланбайды», «Баспасөзге арналмаған» деген белгілері бар нормативтік құқықтық актілер тізбеге олардың тақырыбы көрсетілместен енгізіледі.
8. Нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық акт мәтінінің жартысынан асатын көлемде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде, оның жаңа редакциясы қабылданады.
Заң жобаларын жаңа редакцияда ресімдеу кезінде көлемді айқындау бірлігі бап болып табылады.
Өзге де нормативтік құқықтық актіні жаңа редакцияда ресімдеу кезінде көлемді айқындау бірлігі тармақ болып табылады.
Осы тармақтың талаптары Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілген заңдардың жобаларын қарау кезінде қолданылмайды.
Ескерту. 21-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; 03.07.2013 № 121-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңымен.