Бап. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу

1. Егер күштеп немесе психикалық мәжбүрлеудiң салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) ие бола алмаса, мұндай мәжбүрлеудiң нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiру қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. 2. Күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу нәтижесiнде осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiрiлуінің салдарынан адам өзiнiң әрекеттерiне ие бола алу мүмкiндiгiн сақтаған болса, ол үшін қылмыстық жауаптылық туралы мәселе осы Кодекстiң 34-бабының ережелерi ескерiле отырып шешiледi.

Бап. Бұйрықты немесе өкiмдi орындау

1. Өзi үшiн мiндеттi бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшін әрекет жасаған адамның осы Кодекспен қорғалатын мүдделерге зиян келтiруi қылмыстық құқық бұзушылық болып табылмайды. Мұндай зиян келтiрiлгенi үшiн заңсыз бұйрық немесе өкiм берген адам қылмыстық жауаптылықта болады. 2. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындау үшiн қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам жалпы негiздерде қылмыстық жауаптылықта болады. Көрiнеу заңсыз бұйрықты немесе өкiмдi орындамау қылмыстық жауаптылықты болдырмайды.

Бөлім. Жаза

Бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары

1. Жаза дегенiмiз - сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады. 2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.

Бап. Жаза түрлерi

1. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар: 1) айыппұл; 2) түзеу жұмыстары; 3) қоғамдық жұмыстарға тарту; 4) қамаққа алу қолданылуы мүмкiн. 2. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар: 1) айыппұл; 2) түзеу жұмыстары; 3) бас бостандығын шектеу; 4) бас бостандығынан айыру; 5) өлiм жазасы қолданылуы мүмкiн. 3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар: 1) мүлкін тәркілеу; 2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру; 3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру; 4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін.

Бап. Айыппұл

1. Айыппұл осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде не пара сомасына немесе құнына еселенген мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндiрiп алу. 2. Айыппұл қылмыстық теріс қылықтар үшін – айлық есептік көрсеткіштің жиырма бестен бес жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін – айлық есептік көрсеткіштің бес жүзден он мыңға дейінгі шегінде, ал осы Кодекстің 366, 367 және 368-баптарында көзделген қылмыстар үшін осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясында белгіленген мөлшерде белгіленеді. Айыппұл мөлшерін жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын және сотталған адамның мүліктік жағдайын ескере отырып, сот айқындайды. 3. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 43 және 45-баптарының ережелері ескеріле отырып, ол бір айлық есептiк көрсеткiш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бір тәулікке қамаққа алу есебімен қамаққа алуға ауыстырылады. Қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, ол төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бұл ретте осы Кодекстің 366, 367 және 368-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін айыппұл осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясы шегінде бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Наши рекомендации