Соттауға жатқызудың жалпы ережелері
Азаматтық істі соттың соттауына жатқызуын анықтау барасында жауапкердің тұрған жері бойынша талап қою жалпы ереже болып табылады. Жауапкердің тұрған жері – оның тиісті құжаттармен расталатын нақты тұрғылықты жері. Жауапкердің тұрғылықты жері бойынша талап қоя отырып, талап қоюшы сотқа өз арызының жылдам шешілуіне ықпал етеді. Жауапкердің сот юрисдикциясы аумағында болуы, сотқа оның шақыру бойынша дер кезінде келу сұрақтарын шешуге, оған талап арыз көшірмесін уақытында беруге және іс материалдарымен танысуына жеткілікті мүмкіндік береді.
Тіпті өздерінің тұрғылықты жері бойынша сотқа беруге процессуалдық мүмкіндіктері бола тұрып, мүдделі тұлғалардың жиі жағдайда жауапкердің тұрғылықты жері бойынша талап қоятындығын сот тәжірибесі көрсетіп отыр. Бұл тек жауапкерге ғана емес, талап қоюшының өзіне де көптеген басымдықтар береді, себебі ол осындай таңдау жасау арқылы сот қызметінің жеделдігін қамтамасыз етеді, өзі жолдаған сұрақтардың жауабын алып, көптеген дәлелдемелердің орналасқан орны бойынша қажетті сараптамаларды жасауға мүмкіндік береді. ҚР АІЖК 31-ші бабында талап жауапкердің тұрғылықты жері бойынша сотта қойылатындығы және заңды тұлғаға талап заңды тұлға органының орналасқан жері бойынша қойылатындығы туралы норма бекітілген.
Даудың соттық тәртіппен шешілуінің бастамашысы талап қоюшы болғандықтан, оған заңмен белгіленген шектерде соттың соттауына жатқызуды таңдау құқығы берілген.
Талап қоюшының бұл құқығы даусыз емес және сотқа жүгінудің барлық жағдайларына бірдей таралмайды. ҚР АІЖК 32-ші бабының 1 тармағына орай тұрғылықты жері белгісіз не Қазақстан Республикасында тұрғылықты жері жоқ жауапкерге талап оның мүлкі орналасқан жер бойынша немесе оның ең соңғы белгілі тұрған жері бойынша қойылуы мүмкін.
Егер талаптар заңды тұлғаға бағытталса, онда талап арыз сол заңды тұлғаның мүлкі орналасқан жер бойынша беріле алады. Заңды тұлға мүлкінің оның тіркелу орнында болмауы, жергілікті жерлерде оны басқарудың аймақтық құрылымдарды болу қажеттілігін білдіреді. Мұндай құрылымдардың басшыларына заңи мәні бар әрекеттерді жасауға өкілеттік беріледі.
Мұндай салада даулар туындаған жағдайларда нақты талапкерлерге өз құқықтарын жауапкердің мүлкі орналасқан жерде қорғау барынша ыңғайлы болады. Әсіресе компанияның орталық басқару органдары, яғни «басты кеңсесі» республиканың басқа облысында орналасқан жағдайда бұл мәселенің көкейтестілігі барынша артады.
Филиал немесе өкілдіктің қызметтеріне қатысты туындайтын даулар бойынша сотқа жүгіну барысында да осы ережелер қолданылады.
Алимент өндіріп алу және әкелігін анықтау бойынша талаптарды да талап қоюшы өзінің тұрғылықты орны бойынша қоя алады. Мұндай процессуалдық мүмкіндікті қолдану баланың анасының мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді, себебі ол бірқатар белгілі себептер бойынша (істі қарау кезеңінде) өз тұрғылықты орнын тастап кете алмайды. некені бұзу туралы талаптарды қарауда ескерелетін жағдайлар:
- талапкердің қолында кәмелетке толмаған балалардың болуы;
- талапкердің денсаулық жағдайы (талапкердің науқастығы).
Осындай жағдайларда талап қоюшының жауапкер тұратын жерге баруы ол үшін қиындық келтіретін болса мұндай мүмкіндік көзделген (талапкердің өзінің тұрғылықты орны бойынша талап қоюы).
Мертігуден немесе денсаулығының өзге де зақымдануынан, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуынан келген зиянды өтеу туралы талаптарды да талап қоюшы өзінің тұрғылықты жері бойынша немесе зиян келтірілген жер бойынша қоя алады.
Талап қоюшының тұрғылықты орны және зиян келтірілген орын сәйкес келуі мүмкін, ол заңды тұлғаның (мысалы жұмыс берушінің) басқару орны басқа жерде орналасуы мүмкін. Мысалы, жұмыс беруші мекеме Алматы қаласында тіркелсе, ал оның жұмысшы персоналы басқа облыс аумағындағы пайдалы қазбалар өндіру орнында қызмет етуі мүмкін. Егер жұмысшыға қатысты бақытсыз оқиға кең орнында болса, ол істі қарау әрине, Алматы қаласында қарастырылуы мүмкін емес (яғни заңды тұлғаның тіркелу орны бойынша емес), ол сол оқиға болған әкімшілік-аумақтық бірлікте орналасқан жердегі сотта қарастырылғаны дұрыс.
Шаруашылық шарттарын жасау барысында олардың тиісті тармақтарында тараптардың келісімі бойынша ол шарттың орындалу орны белгіленеді. Тараптармен орындалу орны көрсетілген шарттардан туындайтын талаптар да шарттың орындалатын жері бойыша қойылуы мүмкін.
Жалақыны, зейнетақы және жәрдемақыны өндіріп алу туралы талаптар, сондай-ақ
- заңсыз соттаудан,
- қылмыстық жауапқа заңсыз тартудан,
- бұлтартпау шараларын заңсыз қолданудан
- әкімшілік қамау түрінде әкімшілік жазаны заңсыз қолданудан азаматқа келтірілген зиянды өтеуге байланысты еңбек, зейнеткерлік және тұрғын үй құқықтарын қалпына келтіру туралы талаптар талап қоюшының тұратын жері бойынша қойылуы мүмкін.
Әкімшілік жаза қолдану туралы қаулыларға дау айту жөніндегі талаптар талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша да қойылуы мүмкін.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талаптар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалу немесе орындалу жері бойынша қойылуы мүмкін, бірақ мұндай талаптар әсіресе аймақтық соттар тәжірибесінде өте сирек кездеседі.
Мұндай талаптар (негізінен тауарды сатқан және сол тауарға қатысты қызмет көрсеткен тауар өндірушілер мен сауда ұйымдарына және олардың қызметіне қатысты) талап қоюшының тұрғылықты жері немесе шарттың жасалу немесе орындалу орны бойынша қойыла алады.
Кемелердің соқтығысуынан келтірілген залалды өтеу туралы, сондай-ақ теңізде көмек көрсеткені және құтқарғаны үшін сыйақы алу туралы талаптарды қараудың ерекше тәртібі белгіленген. Олар (жалпы ереже бойынша) жауапкер тұрған немесе кеме тіркелген порттың орналасқан жері бойынша қойылуы мүмкін.
Азаматтық істердің аумақтық соттылығын өзгерту тәртібі ҚР АІЖК 34-ші бабымен көзделген. Ондай өзгеріске тараптардың келісімі негізінде жол беріледі және бір реттік сипатқа ие, яғни ондай келісім қатысушысы осы тараптар болып табылатын нақты іске ғана қатысты орын алуы мүмкін.
ҚР АІЖК 33-ші бабымен белгіленген ерекше соттылық жағдайынан басқа реттерде сотқа талап берген уақытқа дейін істің соттылығын таңдау құқығы талап қоюшыға тиесілі. Сотқа жүгінудің барынша кең таңдауын бекіте отырып, азаматтық іс жүргізу заңы баламасыз ерекше соттылық ережесі қолданылатын жағдайларды анықтап, белгілейді. Ерекше соттылық – ол ешкімнің өзгертуіне көнбейтін соттылық.
Сот және тараптар ерекше соттылық тәртібін сақтауы тиіс жағдайлар көп емес. Ол ҚР АІЖК 33-ші бабында анықталған. Оған сәйкес:
- жер учаскелеріне, үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, жерге тығыз байланысты басқа объектілерге (жылжымайтын мүлік) құқықтар туралы, мүлікті тыйым салудан босату туралы талаптар осы объектілер немесе тыйым салынған мүлік орналасқан жер бойынша қойылады;
- мұра қалдырушыға кредит берушілердің мұраны мұрагерлердің қабылдап алуына дейін қойылған талаптары мұраға қалдырылған мүлік немесе оның негізгі бөлігі орналасқан жердегі соттың соттауына жатады;
- тасымалдаушыларға жүктер, жолаушылар немесе теңдеме жүкті тасымалдау шарттарынан туындайтын талаптар көлік ұйымының тұрақты жұмыс істейтін органы орналасқан жері бойынша қойылады.
Сот тәжірибесінде бірімен-бірі тығыз байланысты істердің соттылығын анықтауда бірқатар қиындықтар туындайды. Мысалы, егер талап екі немесе одан көп жауапкерге қатысты болса, онда жауапкердің тұрғылықты жері бойынша талап қоюдың жалпы ережелері қолданыла алмайды. Бұл ережені бұлтартпай қолдану өзара байланысты екі талапты әр түрлі соттарға беруге алып келер еді. Бұл жерде сотты таңдау құқығы талап қоюшыға беріледі. ҚР АІЖК 35-ші бабының 1-ші бөлігіне сәйкес, әр жерде тұратын немесе әр жерде орналасқан бірнеше жауапкерге талап қоюшының таңдауымен жауапкердің біреуі тұратын немесе орналасқан жер бойынша қойылады.
Дербес талабын мәлімдеуші үшінші тұлғаның талабы және қай сотта сотталатындығына қарамастан қарсы талап арызды қабылдаған сотқа беріледі.
Қылмыстық істен туындайтын талап, егер ол қылмыстық іс жүргізілген кезде азаматтық талап қою ретінде мәлімделмеген24 немесе шешілмеген25 болса, Азаматтық іс жүргізу кодексімен белгіленген соттылық ережелері бойынша азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қаралады.
ҚР АІЖК 36-шы бабы істі бір соттың жүргізуінен алып, басқасына беру жағдайларын қарастырған. Бұл бапта заң шығарушымен соттылық ережелерін сақтай отырып сот жүргізуге қабылдаған іс, кейіннен басқа соттың соттауына жатса да, мәні бойынша шешілуі тиіс деген ескертпе жасалған.
Сот жүргізуге қабылданған іс сот орналасқан жердің аумақтық бөлінісінде өзгерістер пайда болған жағдайда басқа соттың соттылығына өтуі жөнінде рұрақтар туындауы мүмкін.
Заңнамада азаматтық істі бір соттың жүргізуінен алып, басқа соттың қарауына берудің келесі жағдайлары көзделген: егер:
1) тұрғылықты жері бұрын белгісіз болған жауапкер істі өзінің тұрғылықты жері бойынша орналасқан сотқа беру туралы өтініш жасаса;
2) бір немесе бірнеше судьяға қарсылық білдірілгеннен кейін, сондай-ақ назар аударуға тұратын басқа мән-жайлар бойынша судьяларды ауыстыру немесе аталған сотта істі қарау мүмкін болмаса;
3) істі аталған сотта қарау кезінде оның істің соттылық ережелерін бұза отырып қабылданғаны анықталса;
4) сотқа талап қойылса,
сот істі басқа соттың қарауына береді.
Тараптардың кез келгені азаматтық істің осы соттың қарауына жатпайтыны жөнінде арыз беруіне болады және олардың әрқайсысы үшін осындай арызды беруге негіздеме болған жағдайда ол құқықты қолдану маңызды. Соттылық ережелерін бұзу арқылы шығарылған сот шешімі бұзылған жағдайда, басқа сотта істі қарау жаңадан басталады, ал бұл тараптар үшін қосымша шығын, уақыт жоғалту және т.б. келеңсіз жағдайлар болып табылады.
Істі қарауға қабылдау барысындағы жіберілген соттың қателіктері тараптар белсенді болған жағдайда түзетіледі, ал олардың істің осы соттың қарауына жатпайтыны туралы арыздарын, сол сот қарастырып, шешеді. Істі басқа сотқа беру туралы арыз бойынша ұйғарым түріндегі іс жүргізу құжаты шығарылады.
ҚР АІЖК 36-шы бабының 2-ші бөлігінің 2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда істі басқа сотқа беру жоғары тұрған сот судьясының ұйғарымымен жүзеге асырылады. Тараптың (тараптардың) іс сол соттың соттауына жатпайтыны туралы арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы сот ұйғарымына жоғары тұрған сотқа шағымдануға болады, оның шешімі түпкілікті болып табылады және шағымдануға, наразылық келтіруге жатпайды. Істі бір соттан басқасына беру – бұл ұйғарымға шағымдану мерзімі өткеннен кейін, ал шағым берген жағдайда – шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарылғаннан кейін жүргізіледі.
Бір деңгейдегі әр түрлі соттардың арасындағы соттылықты анықтау мәселелерін жоғары тұрған сот шешеді, оның шешімі түпкілікті болып табылады және оған шағым, наразылық келтірілмейді.
24Егер талап қылмыстық іс жүргізуде мәлімделмесе, онда ол кейін азаматтық іс жүргізу ережелеріне сәйкес қарастырылады. Азаматтық іс жүргізу тәртібінде қаралатын талаптар тергеу органдары арқылы беріле алмайды және әрі қарай сотта шешілу үшін қылмыс жасалған орны бойынша да берілмейді.
25Қылмыстық іс жүргізуде талап арызды азаматтық талап қоюшы бере алады, бірақ қойылған талап қылмыстық іс бойынша үкім шығаруда өз шешімін таппауы мүмкін. Ондай жағдайларда сот өз үкімінде азаматтық талапкердің (жәбірленушінің) азаматтық тәртіппен әрі қарай сотқа жүгіну арқылы талабын қанағаттандыру құқығын бекіте алады.