АзаҚстан республикасы атынан
Ш Е Ш І М
(қысқаша)
13 қараша 2007 жыл Атырау қаласы
Атырау қалалық соты құрамында: төрағалық етуші - судья С.О.Каракузиева, хатшылықта С.Сисенова отырып, Атырау қалалық прокурорының көмекшісі Ж.Кенжегуловтың, талап қоюшы У.Доскалиевтың, жауапкер өкілдері Г.Танкиева (5 шілде 2007 жылғы сенімхат бойынша) мен А.Уагисаеваның (19 шілде 2007 жылғы сенімхат бойынша) қатысуларымен ашық сот отырысында Доскалиев Утеген Кайржановичтің Атырау облысы бойынша салық комитетіне материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы талаптары бойынша азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
Азаматтық Кодекстің 9 бабы 1 тармағына сәйкес, азаматтық құқықтарды қорғауды сот, төрелік сот немесе аралық сот: құқықтарды мойындату; құқық бұзылғанға дейінгі болған жағдайды қалпына келтіру; залалдарды өндіртіп алу; моральдық зиянның өтемін төлету, тағы басқа сондай-ақ заң құжаттарында көзделген өзге әдістермен жүзеге асырады.
Сотта жауапкер Атырау облысы бойынша Салық Комитеті 03 наурыз 2005 жылы Атырау қалалық сотына У.Доскалиевтен автокөлік бойынша салық төлемін өндіру туралы арызбен жолданып, 2005 жылдың 05 наурызындағы сот бұйрығымен У.Доскалиевтен 12 866 теңге автокөлік бойынша салық төлемі мен 386 теңге сот шығыны, барлығы 13 252 теңге өндірілген.
Алайда, сотта, талап қоюшы У.Доскалиев 2003 жылдың 20 ақпанында нотариус арқылы сенімхат бойынша А.Айтмагамбетовқа өзінің меншігіндегі ГАЗ-2705 мемлекеттік белгісі Е 445 ССМ автокөлігін тіркеуден шығаруға, сатуға және пайдалануға 3 жыл мерзімге басқару құқығымен бергені және 2004 жылдың 02 наурызында А.Айтмагамбетов осы автокөлік бойынша салық төлемін төлегені анықталды.
Осыған орай, сотта анықталғандай, жауапкер Атырау облысы бойынша салық комитеті 2004 жылғы салық төлемі бойынша талап қоюшының атына тіркелген ГАЗ-2705 мемлекеттік белгісі Е 445 ССМ автокөлігінің салығы төленгені жөніндегі мән-жайларды анықтамай, сотқа негізсіз У.Доскалиевтан салық төлемін өндіру туралы арызбен жолданған.
Атырау облысы бойынша салық комитетінің аталған арызы негізінде 05 наурыз 2005 жылы У.Доскалиевтан автокөлік бойынша 2004 жылдың салық төлемін өндіру туралы сот бұйрығы шығарылған.
Аталған мән-жай бойынша талап қоюшы У.Доскалиев мемлекеттік құқық қорғайтын органдарға арыздармен жүгініп, жауапкер тарапынан салық төлемін түгендеу кезінде қате жіберілгендігі анықталып, осының нәтижесінде сот бұйрығының күші жойылған.
Атырау облысы бойынша Салық комитетінің төрағасы М.Раймкуловтың «Атырау облысы бойынша Салық комитетінің тарапынан 2004 жылдың салығын түгендеу кезінде жіберілген қатенің салдарынан Сіздің ар-ожданыңыз бен қадір-қасиетіңізге келтірілген нұқсандары үшін Сізден кешірім өтінеді» деп У.Доскалиевтен кешірім өтінген сөзі 21 қыркүйек 2006 жылы №112 санды «Атырау» газетінің бетінде жарияланғаны көрінеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 917 бабы 1 тармақшасына сәйкес, азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік немесе мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына заңсыз іс-әрекеттермен /әрекетсіздікпен/ келтірілген /мүліктік және/немесе/мүліктік емес/ зиянды, оны келтірген тұлға толық көлемінде өтеуге тиіс.
Аталған заң нормаларына сәйкес, сот, жауапкер тарапынан 2004 жылдың салығын түгендеу кезінде жіберілген қатенің салдарынан, яғни талап қоюшы У.Доскалиевтың мүліктік, мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына заңсыз іс-әрекеттермен мүліктік және мүліктік емес зиян келтірілген деп санайды.
ҚР АІЖК-нің 65-66 баптарына сәйкес, әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс.
Талап қоюшымен сотқа мүліктік зиян келтірілгені жөнінде келесідей дәлелдеме құжаттар тапсырылғаны көрінеді: ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасына жіберілген арыз, оның жөнелту ақысы – 200 теңге; ҚР Жоғарғы Сотының төрағасына жіберілген арыз, оның жөнелту ақысы – 172 теңге; ҚР Президентіне жіберліген арыз, жөнелту ақысы – 65 теңге; ҚР Конституциялық сотына – 160 теңге; ҚР Президентінің әкімшілігіне – 136 теңге; Қазақ радиосының «Территория права» бағдарламасының жүргізушісіне – 148 теңге; ҚР Адам құқығы жөніндегі Ұлттық орталықтың басшысына – 189 теңге, ҚР Бас Прокурорына – 265 теңге; ҚР Қаржы Министрлігінің Салық комитетінің төрағасы міндетін атқарушыға – 162 теңге; ҚР Президенті әкімшілігінің жанындағы қауіпсіздік кеңесінің арнайы тобының төрағасына жіберлген арыз бойынша төленген ақы – 427 теңге. Бұл іс құжаттарындағы «Казпочта» ААҚ-мен берілген түбіртектерден анықталып отыр, яғни, талап қоюшыға 1 924 теңге материалдық шығын келтірілген.
Бұдан басқа, сот бұйрығын орындау кезінде талап қоюшымен 386 теңге мемлекеттік баж төленген, сот, бұл төлем талап қоюшы У.Доскалиевқа салық комитетінен қайтарылуға жатады деп санайды, өйткені, 05 наурыз 2005 жылғы сот бұйрығы бұзылып, күші жойылған.
Сонымен қатар, жауапкердің заңсыз әрекеттерінен талап қоюшы У.Доскалиевтың денсаулығына зиян келтірілгені көрінеді, нәтижесінде талап қоюшының денсаулығының төмендеуіне байланысты дәрігердің ұсынуымен сатып алынған дәрі-дәрмектердің құны 28 040 теңгені құраған, сот, бұл мән-жайлар істегі дәлелдеме құжаттармен өз дәлелін тапты деп есептейді.
Сот талап қоюшының жауапкерден материалдық шығын 30 350 теңге өндіру туралы талабы негізді және ол қанағаттандырылуға жатады деп санайды.
ҚР АК-нің 951 бабына сәйкес, моральдық зиян – жеке және заңды тұлғалардың өзіндік мүліктік емес игіліктер мен құқықтарының бұзылуы, кемсітілуі немесе олардан айырылуы, соның ішінде жәбірленушінің өзіне қарсы құқық бұзушылықтың жасалуы салдарынан басынан кешірген /төзімін тауысқан, уайымға салған/ жан азабы немесе тән азабы /қорлау, ызыландыру, қысым жасау, ашуландыру, ұялту, түңілту, тән қиналуы, залал шегу, қолайсыз жағдайда қалу және т.б./.
Моральдық зиянды зиян келтірушінің кінәсі болған кезде зиян келтіруші өтейді.
Сотта, жауапкердің әрекетінен талап қоюшыға моральдық зиян келтірілгендігі сотта анықталып отыр.
Алайда, моральдық зиян сомасының мөлшерін белгілеу кезінде, сот, зиян келтірушінің жіберген қателігінің негізінде талап қоюшының денсаулығына келітірілген зиян мөлшерін, талап қоюшының жасын ескеріп, оның пайдасына жауапкерден 130 000 теңге моральдық зиян компенсациясы өндірілуі дұрыс деп есептейді.
Сондықтан, талап қоюшының моральдық зиян компенсациясын бойынша қалған 416 000 теңге өндіру туралы талабы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деп санайды.
ҚР АІЖК-нің 110 бабына сәйкес, пайдасына шешім шығарылған тарапқа, бұл тарап сот шығындарын төлеуден босатылса да, басқа тараптан іс бойынша жұмсалған барлық шығындарды сот алып береді. Егер талап қою ішінара қанағаттандырылса, онда шығындар талап қоюшыға қойылған талаптардың сот қанағаттандырған мөлшеріне бара-бар өндіріледі.
Сондықтан, сот шығындары жауапкерден талап қоюшының пайдасына өндірілуге жатады.
Жоғарыдағылардың негізінде, ҚР АІЖК-нің 217-221, 223 баптарын басшылыққа алып, сот
ШЕ Ш І М Е Т Т І:
Доскалиев Утеген Кайржановичтің Атырау облысы бойынша салық комитетіне материалдық шығын мен моральдық зиянды өндіру туралы талаптарын ішінара қанағаттандыруға.
Доскалиев Утеген Кайржановичтің пайдасына Атырау облысы бойынша салық комитетінен 30 350 (отыз мың үш жүз елу) теңге материалдық шығын, 130 000 (бір жүз отыз мың) теңге моральдық зиян компенсациясын, 849 (сегіз жүз қырық тоғыз) теңге сот шығындарын, барлығы - 161 199 (бір жүз алпыс бір мың бір жүз тоқсан тоғыз) теңге өндіруге.
Доскалиев Утеген Кайржановичтің Атырау облысы бойынша салық комитетіне 416 000 теңге моральдық зиян компенсациясын өндіру туралы талабын қанағаттандырудан бас тартуға.
Шешімге он бес күн ішінде Атырау қалалық соты арқылы Атырау облыстық сотына шағым, наразалық келтірілуі мүмкін.
Судья С.О.Каракузиева
Көшірме дұрыс
Судья С.О.Каракузиева
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Судья С.О.Каракузиева
Анықтама:
Шешім заңды күшіне «___»____________2007 жылы енді.
Судья С.О.Каракузиева
Берілген күні: 15.11.2007 жыл
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Нормативтік актілер
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995жыл 30тамыз) (2007.21.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
2. Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі (жалпы және ерекше бөлім). (1994жыл 27желтоқсан 269-XIII) (2009.29.04.берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексі (ерекше бөлім). (1997жыл 16шілде №167-I) (2007.21.07.берілген өзгерістер мен толықтырулармен.)
4. "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының 1996 жылғы 10 маусымдағы № 6-I Заңы. (2007.27.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен).
5. "Неке және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының 1998жылғы 17желтоқсандағы №321-I Заңы. (2007.27.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
6. "Денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009жылғы 13қыркүйектегі №193-IV Заңы.
7. "Патенттік туралы" Қазақстан Республикасының 1999жылғы 16шілдедегі Заңы.(2007 жылғы берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
8. "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі №4513 Заңы.
9. "Адвокаттық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының 1997жылғы 5желтоқсандағы №195 Заңы.
10. "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының 1997жылғы 14шілдедегі №155 Заңы. ( 2003.05.05. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
11. "Мүліктік емес өзіндік құқықтарды және іскерлік беделді қорғау туралы азаматтық істер бойынша сот практикасына шолу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жыл 18 маусымдағы № 6 Нормативтік қаулысы
12. “Сот тәжірибесінде азаматтардың және заңды тұлғалардың ар-намысы мен абыройын және іскерлік беделін қорғау жөніндегі заңдылықты қолдану туралы” Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1992 жыл 18 желтоқсандағы № 6 Нормативтік қаулысы
13. "Соттардың авторлық құқық және сабақтас құқықтарды қорғау жөніндегі кейбір заң нормаларын қолдануы туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007жыл 25 желтоқсандағы № 11 Нормативтік қаулысы
14."Сотта азаматтық істерді қарау кезінде жариялылық принципін сақтау туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2005 жылғы 28 қазандағы №5 нормативтік қаулысы
15. Гражданский Кодекс Республики Казахстан (особенная часть). Комментарий. Отв.ред. М.К.Сулейменов, Ю.Г.Басин. Алматы, Жеті жарғы, 2003жыл.
Оқулықтар
16. Ғ.Төлеуғалиев. Қазақстан Республикасының Азаматтық құқығы:Жоғары оқу орындарына арналған академиялық курс, I-том. Алматы:Жеті Жарғы, 2001. 143-144беттер.
17. Н.К.Ахметова, А.П.Абраменко. "Авторлық құқық және патенттік құқық негіздері." Павлодар, 2008. 5-бет.
Ғылыми әдебиеттер
18. И.Медерова. "Санаткерлік меншіктің құқықтық қорғалуы". \\Тура Би. Ғылыми-құқықтық журнал. 2003жыл. №4. 103-112-беттер.
19. Ақтөбе қаласының ізденушісі А.Смағұлов. "Азаматтық қоғамда адам құқын қорғау - адамзат парасаттылығының негізгі қағидасы". \\Тура Би. Ғылыми-құқықтық журнал. 2007жыл.№4. 25-бет.
20. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік Университеті арнайы құқық пәндер кафедрасының ізденушісі И.Елеусізова. "Қазақстан Республикасы азаматтарының шығармашылық қызметін қамтамасыз ету шарасы ретінде пайдалы үлгіні қорғау". \\Тура Би. Ғылыми-құқықтық журнал. 2007жыл.№4. 36-39-беттер. 24. Н.Л.Сенников. О правовой защите объектов промышленной собственности.\\ Юрист. Научно-практический журнал. Москва, 2005год. №2. 44-48-стр.
21. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті Азаматтық және кәсіпкерлік құқық кафедрасының магистранты Р.Тасболатов. "Интеллектуалдық меншік пен ерекше құқық ұғымдарының ара-қатынасы". \\ Заң. Республикалық-құқықтық, ғылыми-практикалық журнал. 2004жыл. №5. 52-54-беттер.
22.ҚР Әділет Министрлігі Авторлық құқықтар жөніндегі комитетінің төрағасы С.Оразалинов. "Авторды қорғау-руханиятты қолдау".\\ Заң. Республикалық-құқықтық, ғылыми-практикалық журнал. 2001жыл. №4. 29-35беттер.
23. ҚР Әділет министрлігі зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі комитет төрағасы М.Әйкенов. "Зияткерлік меншік құқығын қорғау-өмір талабы".\\ Заң. Республикалық-құқықтық, ғылыми-практикалық журнал. 2007жыл. №12. 31-бет.
24. Заң ғылымының кандидаты, доцент Е.Тілеубергенов. "Зияткерлік меншік құқығын қорғаудың халықаралық жүйесін дамытудың теориялық мәселелері".\\ Әділ Сот. Ғылыми-құқықтық журнал. 2009жыл. №2. 13-бет.
25. Алматы қалалық денсаулық сақтау департаменті бастығының орынбасары К.Медеубаева. "Басты байлық-денсаулық". \\Заң. Республикалық-құқықтық, ғылыми-практикалық журнал. 2002жыл. №4. 24-27-беттер.
26. Права человека в условиях становления в условиях общества. Материалы международной научной-практической конференции. Государство и право. 1997, №10. Стр.102-112. Права человека как фактор стратегии устойчивого развития.\ Отв.ред.Лукашева Е.А. Москва,2000.