Азаматтық іс жүргізу құқығының түсінігі
Кіріспе.
Біздің елімізде жоғары заң күші бар және бүкіл аумақта тікелей қолданылатын Конституция әр адамның, ұйымның бұзылған немесе даулы құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сот арқылы қорғау мүмкіндігін бекітеді. Осындай қорғанудың негізгі нысаны – азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен істерді қарап шешу болып табылады.
Азаматтық іс – азаматтық іс іс жүргізу заңдарында көзделген тәртіппен азаматтық сотта қаралатын іс. Азаматтық іске: жеке адамдар мен заңды тұлғалардың құқылары мен заңды мүдделерін қорғайтын азаматтық құқық бойынша дау – дамайлар жөніндегі іс басқару органдарының немесе лауазымды басшылардың өз уәкілеттерін бұза отырып, азаматтардың құқыларына нұқсан келтірген іс - әрекеттеріне шағым бойынша заңды мәні бар деректерді айқындау жөніндегі іс; азаматтық құқық субъектілерінің мүліктік емес жеке құқыларын (яғни ар – намысын, абыройы мен іскерлік беделін) тағы да басқа құқық қорғауға байланысты іс жатады. Азаматтық іс арнаулы заңдарда көзделген қағидаларға сай жүргізіледі.
Азаматтық іс жүргізу құқығы – азаматтық істерді сотта қараудың шешудің тәртібін, сондай – ақ соттардың және басқа да кейбір органдардың қаулыларын орындау тәртібін реттейтін құқық саласы. Оның нормалары соттың, сот атқарушының және процестің барлық қатысушысының қызметін реттейді; сондай – ақ олардың құқылары мен міндеттерін анықтай отырып, сот мәжілісін жүргізудің тәртібін белгілейді. Азаматтық іс жүргізу заңдарымен бірге, бұл ұғым өзімен аттас ғылымды, әрі оқу пәнін де қамтиды.
Республикада жүргізіліп жатқан құқықтық реформа сот қызметін жетілдіруге, сот билігін күшейтуге, оған мемлекеттік заң шығарушы және атқарушы бөлікпен қатар үшінші билік рөлін беруге бағытталған.
Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.
Қазақстан Республикасында сот әділдігін тек сот қана жүзеге асырады. Соттарда қаралатын істердің көпшілігі азаматтық істер болып табылады. Бұлар-азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй, экологиялық, қаржы, салық және ведомстволық бағыныстағы соттардың қарастылығына жатқызылған басқа да құқық қатынастарынан туындайтын даулар.
Азаматтық істерді қарау мен шешу тәртібі азаматтық сот ісін жүргізу туралы заңдармен белгіленеді. Республиканың барлық соттарында азаматтық істерді жүргізу тәртібі азаматтық іс жүргізу құқығының нормаларымен белгіленеді.
Азаматтық іс жүргізу құқығы – мемлекет белгілеген құқықтық нормалардың соттардың азаматтық істерді қарау және шешу тәртібін, басқаша айтқанда, азаматтық істер бойынша сот әділдігін, сондай-ақ сот қаулыларын мәжбүрлеп орындау тәртібін реттейтін жиынтығы немесе жүйесі.
Жұмыс екі тараудан тұрады, бірінші бөлімде «азаматтық іс жүргізудің пәні, әдісі, жүйесі көңіл бөлінген болатын, ал екінші бөлімде осы « азаматтық іс жүргізудің құқық ғылымына және оның қайнар көзіне» байланысты бағытталған.
Бұл курстық жұмыстың мақсаты «азаматтық іс жүргізу құқығының» ұғымын оның түрлері мен қызметтерін толық түсініп ұғыну.
Курстық жұмыстың міндеттері:
· Азаматтық іс жүргізу ұғымы мен мәні;
· Азаматтық іс жүргізу құқығының түрлері мен сатылары;
· Азаматтық іс жүргізу құқығының қайнар көздері және т.б.
Азаматтық іс жүргізу құқығы жалпы және ерекше бөлімдерден тұрады. Жалпы бөлімге сот әділдігі принциптерін, азаматтық істердің сотқа қарастылығы, сот құрамын, қарсылық білдіруді, іске қатысушы тұлғалардың құрамын, олардың іс жүргізу құқығы мен міндеттерін дәлелдеу, талап қою және басқаларын баянды ететін нормалар енеді.
Азаматтық іс жүргізу құқығының ерекше бөлігі - құқықтың осы саласының жекелеген институттарын, сатыларын реттейтін құқық нормаларының жиынтығы.
Азаматтық іс жүргізу құқығы: оның пәні, әдісі, жүйесі
Азаматтық іс жүргізу құқығының түсінігі
Азаматтық іс жүргізу бұл сот және басқа субъектілер арасындағы азаматтық іс қарау мен шешу кезіндегі құрылатын азаматтық іс жүргізу құқығының нормалармен реттелген азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастар және процессуалдық әрекеттер жиынтығы. Іс жүргізудің басты мақсаты – бұзылған құқықты қалпына келтіру немесе заңмен қорғалатын мүддені қорғау болып табылады. Азаматтық іс жүргізу (процесс) соттың, тараптардың (талап қоюшы мен жауапкер), басқа да процеске қатысушылардың (прокурор, өкілдер, сот хатшысы және т.б.) процессуалдық әрекеттерін, олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерін жинақтайды. Сотқа, басқа да қатысушыларға процеске қатысу мақсатына жету үшін заңмен белгіленген іс жүргізу құқықтары беріліп, соған сәйкес іс жүргізу міндеттері жүктеледі. Іс жүргізу құқықтар мен іс жүргізу міндеттер процесі барысында жүзеге асырылады.
Азаматтық іс жүргізу құқығын реттеу әдісі императивтік-диспозитивтік сипатта болады. Соттың іс жүргізу әрекеттері билік сипатында жасалады, олар өздері арнап шығарылған тұлғалар үшін міндетті, өйткені оларды мемлекеттік билік органы шығарады және мәжбүрлеу күші бар құқық нормасына негізделген. Іске қатысушы тұлғалар жасайтын іс жүргізу әрекеттері диспозитивтік сипатта болады. Азаматтық іс талап қоюшының талап-арыздан бас тарту туралы арызы бойынша немесе тараптардың бітісу келісімін жасауы себепті қысқартылуы мүмкін. Азаматтық істің өзіндік ерекшелігі осында.
Азаматтық іс жүргізудің нысанына тән белгілер:
а) сот істерін қарау және шешу тәртібі алдын ала азаматтық іс жүргізу құқықтық нормалармен белгіленген;
б) істің аяқталуына мүдделі тұлғалардың сот мәжілісінде іс қарауға қатысуына құқығы бар және өз құқықтары мен мүдделерін қорғай алады;
в) сот шешімі іс бойынша сот отырысында дәлелдемелер арқылы анықталған деректерге сүйенуі қажет және ол заңға сәйкес болуы керек.
ҚР АІЖК-сі соттың қарауына жататын барлық азаматтық істерді төрт түрге бөледі:
1. бұйрық бойынша іс жүргізу істері;
2. талап қоюмен іс жүргізу істері;
3. ерекше талап қоюмен іс жүргізу істері;
4. ерекше іс жүргізу істері.
Бұйрық арқылы іс жүргізу – бұл бірінші сатыдағы сотта іс жүргізудің бір түрі. Сот бұйрығы өндіріп алушының ақшалай сомаларды өндіріп алу немесе мүлікті борышкерді немесе өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сотта іс қарамай-ақ, даусыз талаптар бойынша борышкерден талап ету туралы арызы бойынша шығарылған судьяның актісі болып табылады.
Сот бұйрығының атқарушылық құжат күші болады. Ол бойынша өндіріп алу бұйрық берілгеннен кейін және сот шешімдерін атқару үшін белгіленген тәртіпте жүргізіледі.
Сот бұйрығы – бұл өндіріп алушының ақшалай сомаларды өндіріп алу немесе жылжымалы мүлікті борышкерді немесе өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ және сотта іс қарамай-ақ, даусыз талаптар бойынша борышкерден талап ету туралы арызы бойынша шығарылған судьяның актісі. Сот бұйрығы – атқарушылық құжат күші бар сот актісі, яғни мәні және күші бойынша сот шешіміне теңестірілген.
Талап қоюмен іс жүргізу. Талап арыздың берілуімен талап қою бойынша іс жүргізу қозғалады.
Талап қою бойынша іс жүргізу азаматтық, отбасылық, еңбек, тұрғын үй және басқа да құқықтық қатынастарынан туындайтын субъективтік құқық немесе заңмен қорғалатын мүдде туралы дауларды қарау мен шешу жөніндегі соттың азаматтық іс жүргізу құқығының нормаларымен реттелген қызметі.
Талап арызға талап қоюшы қол қойып, сотқа жауапкерлер мен үшінші тұлғалардың санына қарай көшірмелерімен қоса беріледі. Судья істің қиындығы мен сипатына қарай талап қоюшының талап арызға қоса тіркелетін құжаттардың көшірмелерін табыс етуге міндеттеуі мүмкін.
Азаматтық істі қозғай отырып, бес күннің ішінде судья ұйғарым шығарады да, сонымен бірге істі өзінің жүргізуіне қабылдайды және сол кезден бастап нақты іс бойынша процесс пайда болады.
Ерекше талап қоюмен іс жүргізу істері – азаматтар мен заңды тұлғалардың мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды және мемлекеттік қызметкерлердің, олардың ішінде сот орындаушылардың, шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) даулар айту туралы істер.
Ерекше талап қоюмен іс жүргізу істері бойынша сот азаматтар мен заңды тұлға бір жағынан және мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар лауазымды және мемлекеттік қызметкерлердің екінші жағынан араларындағы туындаған құқық туралы дауды қарап, шешеді.
Ерекше іс жүргізу – азаматтық сот ісін жүргізудің бір түрі, оның талап қоюмен іс жүргізу және ерекше талап қоюмен іс жүргізуден айырмашылығы бар. Бұл айырмашылық сот ісін жүргізудің осы түрінің құқықтық тегіне және оның жалпы процессуалдық ерекшеліктерінің сипатына, сондай-ақ ерекше іс жүргізуге әр санаттағы істердің жеке ерекшеліктеріне байланысты.
Ерекше іс жүргізу – бұл арнайы соттың азаматтық санаттағы істеріне жатқызылған, құқық туралы дауы жоқ және қорғаудың арнайы құралдар мен тәсілдерді қолданумен сипатталатын азаматтық іс жүргізудің дербес түрі. Сот олардың заң фактілерін (әрекеттерін, оқиғаларын, жағдайларын) айқындау арқылы азаматтар мен ұйымдардың заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асырады.
Азаматтық процестің сатылары мынадай мақсаттарға жетуге бағытталған процессуалдық әрекеттердің жиынтығы: талап арызды (арызды, шағымды) қабылдау, сот қарауына істерді әзірлеу, сотта іс қарау, сот акілерін шығару және тағы басқалары.
Азаматтық сот ісін жүргізу іс жүргізу әрекетін орындау, іс жүргізу шешімін қабылдау кезіне қарай күшіне енген азаматтық іс жүргізу заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Жаңа міндеттер жүктейтін, процеске қатысушыларда бар құқықтардың күшін жоюятын немесе оларды кемітетін, олардың пайдалануын қосымша шарттармен шектейтін азаматтық іс жүргізу заңының кері күші болмайды.
Дәлелдемелердің жарамдылығы оларды алған кезде қолдынылып жүрген заңға сәйкес белгіленеді.
Азаматтық істердің көпшідігі талап істер жүргізу ережелері бойынша қаралады. Олар сотта талап арыз беру арқылы қозғалады, оларға құқық туралы даудың болуы тән, сот қарауының мәселесі даулы құқық қатынасы, дауласушы тараптардың қатысуы болып табылады. Соттар талап істерден басқа конституциялық және әкімшілік-құқықтық қатынастардан туындайтын істерді, сондай-ақ ерекше сипатта жүргізілетін істерді қарайды