Прокуратура қызметін реттейтін заңнама
Тақырып. «Қазақстан Республикасындағы прокурорлық қадағалау» оқу курсының пәні және жүйесі. Қазақстан Республикасындағы прокурорлық қадағалаудың түсінігі мен міндеттері. Прокуратура қызметінің құқықтық негіздері мен қағидалары
1. "Қазақстан Республикасындағы прокурорлық қадағалау" оқу курсының пәні және жүйесі. Прокурорлық қадағалаудың түсінігі, міндеттері, бақылау мен қадағалаудың басқа түрлерінен айырмашылығы
2. Прокуратура қызметін реттейтін заңнама
3. Прокуратура қызметінің қағидалары (принциптері)
1.Прокурорлық қадағалауды құқықтық ғылымның саласы және оқу пәні ретінде ажырата білу керек.
Прокурорлық қадағалау оқу пәні құқықтық ғылымның прокуратура қызметі мен ұйымдастырылуымен байланысқан ережелерінде негізделген.
Прокурорлық қадағалау оқу пәнікелесі мәселелерді зерделейді:
– мемлекет міндеттерін жүзеге асыру жүйесіндегі прокуратураның орны мен ролі туралы ғылыми ережелері; прокуратура органдарының мақсаттары мен міндеттері және оның ұйымдастыру мен жұмыс істеу қағидалары (принциптері); Қазақстанда прокуратура органдарының тарихи дамуы;
– прокуратура органдарының ұйымдастырылуы мен қызметінің құқықтық реттеуі; прокурордың құқықтық мәртебесі мен заңдылық бұзушылықтарды анықтау және жою жөніндегі өкілеттіктері, сондай-ақ прокурорлық шараларды қолданудың құқықтық құралдары мен әдістері;
– прокуратура органдарының әр салада Конституцияның және басқа заңнамалық актілердің қолданылуын қадағалау қызметін ұйымдастырудың тактикасы мен әдістемелері.
Құқықтық ғылымының саласы ретінде прокурорлық қадағалау:
– осы саладағы орын алатын қоғамдық қатынастардың даму заңдылығын;
– Конституция және басқа заңнама бұзушылықтарға прокурорлық әсер ету құралдары мен нысандарын;
– прокуратура органдарының қызметімен байланысты құқықтық институттардың мазмұнын;
– прокуратура қызметі туралы заңнаманы қолдану іс-тәжірибесін зерделейтін теориялық негіздер жүйесін, - зерделейді.
Ел Конституциясының жоғарғы құқықтық күші және оның тікелей қолданылатыны Қазақстанның барлық аумақтарындағы құқықтық тұтастықтың кепілі. Қазақстанда қабылданатын заңдар мен құқықтық актілер Конституцияға қайшы болмауы тиіс. Өз кезегінде мемлекеттік билік органдары, өзін өзі басқару органдары, лауазымды тұлғалар, азаматтар мен олардың бірлестіктері Конституцияны, басқа да заңдарды дәл сақтауға міндетті.
Конституцияның 3-бабынасәйкес Республикада мемлекеттік билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну принципiне сәйкес жүзеге асырылады.
Алайда прокуратура мемлекеттік биліктің ешбір тармақтарына жатпайды. Неліктен?
Біріншіден, прокуратурада сот билігінің өкілеттігі жоқ, өйткені бір жағынан ол сот жүйесіне кірмейді, екінші жағынан сот төрелігін атқармайды. Бұл мемлекеттік қызметтің түрін тек қана соттар жүзеге асырады (Конституцияның 75-бабы).
Екіншіден, прокуратура атқару мемлекеттік органдарына да жатпайды, өйткені: 1) ол Үкіметтің құрылымына кірмейді; 2) Премьер-Министр Бас Прокурорды тағайындамайды және лауазымынан босатпайды; 3) прокуратура атқару билігінің басқару құрылымына кірмейді.
Үшіншіден, прокуратура заң шығарушы органның жүйесіне де кірмейді, өйткені оған заң шығару міндеттері жүктелмеген, және ол Парламентке есеп бермейді.
Демек, прокуратура органдарының қызметі – бұл мемлекеттік атқарымдарды жүзеге асырудың дербес бағыты. Бұл бағыт Қазақстанның аумағында құқықтық кеңістіктің тұтастығын қамтамасыз етуді, құқықтың барлық субъектілерімен заңдылық тәртіптемесін сақтауды, сондай-ақ жеке тұлғаның және қоғамның құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін сақтауды көздейді. Осы бағытты толыққанды жүзеге асыру үшін прокуратура органдары басқа мемлекеттік билік органдарынан, қоғамдық бірлестіктерден, саяси партиялардан дербес болу керек.
Дегенмен, заң шығарушы прокурорлық қадағалауға заңнамалық анықтама бермеген және оның мағынасын ашпаған. Сондықтан прокурорлық қадағалаудың мәнін түсіну үшін оның мемлекеттің басқа бақылау міндеттерінен ажырататын белгілерін анықтау қажет.
Прокурорлық қадағалау мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болып табылады және ол Қазақстан Республикасы атынан арнайы құрылғанпрокуратура органдарымен жүзеге асырылады. Мемлекеттің басқа бақылау міндеттері одан жіңішке, ведомстволық тұрғыда жүзеге асырылады. Прокурорлық қадағалау тұтастай қамтушылықпен сипатталады. Өкілеттікті жүзеге асыру үшін берілген құқықтар мен міндеттер тек қана прокурорға тән және басқа мемлекеттік органға берілуі мүмкін емес.
"Бақылау" мен "Қадағалау" ұғымдарының семантикалық ұқсастығына қарамастан, құқықтық тұрғыда прокурорлық қадағалауды сот бақылауынан және атқару органдары жүзеге асыратын бақылау міндеттерінен ажырата білу керек.
Сот бақылауы қылмыстық, азаматтық, әкімшілік іс жүргізу саласында жүзеге асырылады.
Сот бақылауының прокурорлық қадағалаудан келесі айырмашылықтары бар:
– субъектілері бойынша: сот бақылауын тек қана сот, прокурорлық қадағалауды - прокуратура органдары жүзеге асырады;
– қызмет нысандары бойынша: сот бақылауы тек қана заңда белгіленген ерекше іс жүргізу нысандарда, ал прокурорлық қадағалау - әкімшілік те, сондай-ақ іс жүргізу нысандарында да жүзеге асырылады;
– қызмет мағынасы бойынша: сот бақылауы сот билігін атқару арқылы істерді қарау және шешу, сот шешімдерінің заңдылығы мен негіздігін тексеру және азаматтардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында жүзеге асады. Прокуратураның қызметі сот билігін атқарумен байланысты емес. Прокуратура органдарының мақсаты: прокурорлық әсер етудің құқықтық әдістері мен құралдарымен заң бұзушылықтарды анықтау және жою;
– құқықтық нәтижелері бойынша: сот бақылауы сот билігін атқарудың актісін шығарумен бітеді.
Прокурорлық қадағалауды мемлекеттік бақылаудан да ажырату қажет.
Мемлекеттік бақылау дегеніміз атқару билігінің арнайы өкіл органдарымен заңды тұлғалардың немесе жеке кәсіпкерлердің қызметінде заңдармен және олардың негізінде шығарылған басқа нормативтік құқықтық актілермен белгіленген тауарларға, жұмыстарға, қызметтерге арналған талаптарды орындауды тексеру.
Прокурорлық қадағалаудың айырмашылығы:
- прокурордың қадағалау өкілеттіктеріне өкімдік ету атқарымы, яғни нормативтік құқықтық актіні бұзу, нақты әрекетті жасауды міндеттеу, тәртіптік шара қолдану, күштер мен құралдарды тиімді орналастыру жән т.б. кірмейді;
- бақылау міндеттері министрліктер мен ведомстволар арасында бөлінген, және оларға берілген өкілеттіктер арқылы ғана жүзеге асырылады. Прокурорлық қадағалау болса, ол бақыланатын да, бақылаушы да органдарға және олардың лауазымды тұлғаларына бірдей жүзеге асырылады;
- мемлекеттік бақылаушы органдар бақылаудағы органдардың ұйымдастыруына және қызметіне заңдылық тұрғыдан ғана емес олардың тиімділігі мен қажеттілігі тұрғысынан да баға береді. Прокурорлық қадағалау тек қана заңдылықтың сақталуына арналады және құқықтық сипаты бар. Прокурор өз өкілеттіктерін жүзеге асыру барысында қадағалайтын объектілердің шаруашылық қызметіне кіріспейді.
Прокуратура қызметінің мемлекеттік билікті жүзеге асыру бағытының бірі болатынын анықтаған соң оның мақсатын анықтау қажет.
Прокуратура қызметінің мақсаты Қазақстан Республикасының аумағында Конституцияның үстемдігі мен сақталуын, заңдардың дәл және бірыңғай қолданылуын, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау тетігін жасақтауды қамтамасыз ететін заңдылық тетігін жасау.
Жоғарыда айтылғанның негізінде прокурорлық қадағалауға келесі сипаттама беруге болады.
Прокурорлық қадағалау – мемлекетте заңдылық тәртіптемесін орнатуға, Конституцияның үстемдігін, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ тұлғаның, қоғамның, мемлекеттің заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының атынан арнайы құрылған прокуратура органдарымен жүзеге асырылатын құқықтың нормалармен реттелген мемлекеттік қызметтің ерекше түрі.
Прокуратура қызметін реттейтін заңнама
Прокуратура қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілер туралы Қазақстан Республикасы "Прокуратура туралы" Заңының 2-бабына айтылған. Осы бапқа сәйкес Қазақстан Республикасы прокуратурасын ұйымдастыру, оның қызметiнiң тәртібі және прокурорлардың өкiлеттiгi Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Заңмен, заң актілерімен, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттармен, сондай-ақ Республика Бас Прокурорының бұйрықтарымен айқындалады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы прокуратураның ұйымдасу құрылымы мен нақты қызметі ережелерін анықтайды.
Прокуратура туралы Конституцияның 83-бабында айтылған. Бұл бап төрт тармақтан тұрады.
Оның 1-тармағына сәйкес прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президенті жарлықтарының және өзге де нормативтік құқықтық актілердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын, жедел-іздестіру қызметінің, анықтау мен тергеудің, әкімшілік және орындаушылық іс жүргізудің заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез-келген бұзылуын анықтау мен жою жөнінде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетін заңдар мен басқа да құқықтық актілерге наразылық білдіреді. Прокуратура сотта мемлекет мүддесін білдіреді, сондай-ақ заңмен белгіленген жағдайда, тәртіпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады.
Яғни аталмыш тармақта прокурорлық қадағалаудың конституциялық бағыттары анықталған.
Баптың 2-тармағына сәйкес Республика прокуратурасы төменгi прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бiрыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкiлеттiгiн басқа мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалардан тәуелсiз жүзеге асырады және Республика Президентiне ғана есеп бередi.
Яғни 2-тармақта прокуратура орандарының ұйымдастырылу және прокурорлық қызметті жүзеге асырудың конституциялық қағидалары немесе принциптері анықталған.
83-баптың 3-тармағында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының құқықтық мәртебесі және оған өз қызметін атқару кезіндегі берілетін конституциялық кепілдіктер көрсетілген.
Атап айтқанда, Бас Прокурорды өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде қамауға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Сенаттың келісімiсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
Бас Прокурор өкiлеттiгiнiң мерзiмi бес жыл.
Аталмыш баптың 4-тармағы прокуратураның құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртібі заңмен белгiленетіндігін атап өткен.
Яғни Конституция бөлек заңнама актісіне сілтеме жасайды.
Ондай заң "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Заңы деп аталады.
Аталмыш заң1995 жылы 21 желтоқсанда қабылданған және қабылдау кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар Жарлығы деп аталған. Кейінрек бұл жарлыққа заң мәртебесі берілген.
Заң 14 тараудан және 68 баптан тұрады.
Бұл заңда прокуратура органдарының қызметінің мақсаттары мен міндеттері, ұйымдастыру және жұмыс істеу қағидалары, прокуратура органдарының жүйесі мен құрылымы, Бас Прокурордың және төмен тұрған прокурорлардың өкілеттіктері, оларды тағайындау және босату тәртібі, прокурорлық қадағалаудың салалары мен бағыттары белгіленген.
Аталмыш заң прокурорлық қадағалаудың әр бағытындағы пәнін, прокурордың өкілеттіктері мен заң бұзушылыққа прокурорлық әсер ету құралдарын анықтайды.
Сонымен қатар, бұл заңға прокуратура органдарында қызмет өтуді, оның кадрлық құрамын, қызметкерлерді құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау нормалары кірген.
Прокурорлық қадағалау құқық қатынастардың кең көлемін қамтитындығына байланысты прокурордың қызметі басқа да заңдардың нормаларымен реттеледі.
Олардың ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі, Азаматтық процестік кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, "Жедел іздестіру қызметі туралы" Заңы және т.б.
Мысалы, "Жедел іздестіру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабына сәйкес жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыру кезіндегі заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры және оған бағынысты прокурорлар жүзеге асырады. Жедел-iздестiру қызметiн қадағалауды жүзеге асыру кезiнде прокурор арнаулы жедел-іздестіру іс-шараларын, оның ішінде байланыс желісінде жүзеге асырудың заңдылығын тексеруді жүргізеді және т.б. Бас Прокурор өз құзыретi шегiнде жедел-iздестiру қызметiн жүзеге асыратын органдардың орындауы үшiн мiндеттi, жедел-iздестiру қызметi туралы Қазақстан Республикасы заңдары нормаларының қолданылу мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды.
Қылмыстық процестің сотқа дейінгі және сот сатыларындағы қадағалауды жүзеге асыру барысындағы прокурордың өкілеттіктері Қылмыстық-процестік кодекстің баптарымен көзделген.
Прокурордың әкімшілік іс жүргізу және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша құзыретті органдардың актілерінің заңдылығын қадағалау барысындағы өкілеттіктері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің нормаларымен көзделген.
Прокуратура қызметін реттейтін заңнама актілерінің қатарынаҚазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарыда кіреді.
Мысалы, 2011 жылғы 20 қазандағы №166 Жарлықпен Қазақстан Республикасының прокуратура органдары қызметкерлері Антының мәтіні және Қазақстан Республикасының прокуратура органдары қызметкерлері нысанды киімінің сипаттамасы және онымен қамтамасыз ету тәртібі бекітілген.
Қазақстан Республикасының халықаралық келісімшарттарыпрокуратура органдары қызметін реттейтін көптеген нормаларды қамтиды.
Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының мүшесі болғандықтан мұндай келісімшарттардың қатарында, мысалы, 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, жанұя және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенциясы, сондай-ақ оған аттас 2002 жылғы 7 қазанда қабылданған Кишинев конвенциясы кіреді.
Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдар ішінде Қазақстан көптеген мемлекеттермен құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді беру, сотталғандарды табыстау туралы екі жақтық келісімшарттар да жасаған.
Бұл жерде ерекше атап өтетін жайт, аталмыш келісімшарттар Қазақстан Республикасымен бекітілу керек. Яғни Парламент қабылдаған заңдармен ратификациялануы керек.
Прокуратура органдарының қызметінде Бас Прокурордың құқықтық актілері өте маңызды роль атқарады.
"Прокуратура туралы" Заңның 11-бабының 4)-тармағына сәйкес Бас Прокурор Қазақстан Республикасының прокуратурасын ұйымдастыру мен оның қызметiнiң мәселелерi мен материалдық және әлеуметтiк қамсыздандыру шараларының тәртібін реттейтiн Қазақстан Республикасы прокуратурасының органдары мен мекемелерiнiң барлық қызметкерлерi және жұмыскерлері орындауға мiндеттi бұйрықтар, нұсқаулар, өкiмдер, ережелер мен нұсқаулықтар шығарады.
Бас Прокурор актілерінің маңыздылығының себебі олар прокуратураның өкілеттіктерді жүзеге асыру жұмысының нәтижесінде және оның органдар жүйесін басқаруда қалыптасқан ағымдағы жедел жағдайға сәйкес шығарылады.
3. Прокуратура қызметінің қағидалары (принциптері)
Қағидалар – бұл заңмен белгіленген ұйымдастырушылықты анықтайтын жалпы ережелер.
Прокуратура органдарын ұйымдастырудың және олардың қызметінің қағидалары «Прокуратура туралы» Заңының 3-бабында бекітілген.
Олар: 1) прокуратураның органдары мен мекемелері, ведомстволары жүйесінің біртұтастығы және орталықтандыруы; 2) төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға және Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бағыныстылығы; 3) басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан, саяси партиялар мен басқа қоғамдық бірлестіктерден тәуелсіздігі; 4) прокурорлық қадағалау актілерінің және талаптарының міндеттілігі; 5) жариялылық.
Осы қағидаларға тоқталмас бұрын заңдылық қағидасына назар аудару керек.
Заңдылық қағидасы прокуратура органдарында және прокурорлық қадағалауды жүзеге асыру кезінде прокурорлармен нақты және біркелкі заңның орындалуын талап етеді.
Ең алдымен бұл прокуратураның өзіне бағытталған, өйткені прокуратура қызметінің қатал заңды күш мінезі бар. Прокуратураның, прокурорлардың қабылданатын актілері, прокурорлық қадағалау негіздері заңдарға сәйкес келу керек. Қадағалауға жататын органдар мен лауазымды тұлғаларға прокуратураның беретін бағалары тек заң арқасында жүзеге асырылады.
Заңдылық қағидасы сот процесінде ерекше орын алады, өйткені іс жүргізуде прокурор заң бұзушылық анықтау кезінде өзіне жүктелген билік шегінде шараларды қолдану керек. Прокурормен заң бұзылып немесе дұрыс қолданылмағанының нәтижесінде істің шешімі дұрыс болмаса, онда бұл прокурор өз қызметін орындамағаны болып табылады және заңмен белгіленген жауапкершлікке тартылуы тиіс.
Заңдылық қағидасы - жалпы қағида, өйткені ол прокуратура органдарының ұйымдастырылуы мен қызметіндегі барлық басқа қағидаларының негізі болып табылады.
Екінші жағынан заңдылық қағидасы заңнамада прокурордың қадағалау өкілеттіктерін, олардың мәні мен жүзеге асыру шектерін айқындау арқылы жүзеге асырылады.
Прокурор Конституцияға, басқа заңнамалық актілерге қайшы келетін кез келген құқықтық актіге наразылық келтіреді. Прокурор заңда көрсетілген негіздерге сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастайды немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғайды, заңды бұзған тұлғаларды заңда көзделген жауапкершілікке тартуды талап етеді.
Заңдылық қағидасы прокурордың заңсыз шешімдерін жеке және лауазымды тұлғалармен жоғары тұрған прокурорға немесе сотқа даулау арқылы да жүзеге асырылады.
Біртұтастық және орталықтандырылу қағидасыпрокуратура органдарының, мекемелері мен ведомстволарының бір жүйеге кіретіндігінде, сондай-ақ олардың біртұтас құқықтық кеңістікте жұмыс істеуінде.
Осы аталмыш екі жағдай прокуратура жүйесі үшін біртұтас мақсаттар, міндеттер және прокурорлық қызметтің бағыттарын, сондай-ақ барлық прокурорлардың бірдей құқықтық статусын және прокурорлық әсер ету шараларын анықтауға мүмкіндік береді.
Біртұтастық және орталықтандырылу дегеніміз - бұл бүкіл прокуратура жүйесінің жоғарыдан төменге дейін біртұтас ұйымдастырылуы, бүкіл прокуратура жүйесіне орталықтандырып басшылық етілуі, төменгі прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға бағынуы, сондай-ақ төменгі прокурорлардың жоғары тұрған прокурорлардың нұсқауларын орындауы болып табылады.
Орталықтандырылу қағидасының мағынасы Бас Прокурормен төмен тұрған прокурорларды тағайындап, босатуында да айқындалады. Сонымен қатар, жоғары тұрған прокурорлардың өздеріне бағынышты прокурорлардың қызметіне бақылау жүргізу міндеттерінде де білінеді.
Бақылау жұмысты ұйымдастырудың ең маңызды шарттарының бірі болып табылады және келесі мақсаттарды көздейді: жоғары орындаушылық тәртібін қамтамасыз ету; жұмыстағы кемістіктерді анықтау, жөндеу және болдырмау; тапсырылған жұмыс бойынша прокуратура қызметкерінің жеке жауапкершілігі қағидасын жүзеге асыру.
Қадағалау қызметінің барлық бағыттарында прокурорлардың өкілдіктері ұйымдар мен азаматтарға қатысты біртипті болады. Мысалы, іс жүргізу (процестік) кодекстерде, «Прокуратура туралы» Заңда прокурорлық қадағалауды жүзеге асыратын қандай да бір тұлға «прокурор» деп жалпылама түрде аталады, ол қандай да болмасын қызметкерден, лауазымнан және атақтан тәуелсіз болады. Осыны есепке алып, қандай да бір нақты прокурордың ісі бүкіл прокуратураның ісі ретінде қарастырылады. Бұл кез келген уақытта бір прокурорды басқамен ауыстыруға және жоғары тұрған прокурор өзінен төменгі тұрған прокурордың міндеттерін алуға мүмкіндік береді.
Төмен тұрған прокурорлардың жоғары тұрған прокурорларға және Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бағыныстылығы қағидасы жоғарыда көрсетілген қағидадан туындайды.
Бұл қағиданың маңыздылығын «Прокуратура туралы» Заңның 16-бабы айқындаған.
Атап айтқанда, прокурорлардың бағыныстылығы келесі компонентерді қамтиды :
1) жоғары тұрған прокурорлардың ұйымдастыру және қызмет мәселелерi жөніндегі нұсқауларының төменгi прокуратуралар үшiн мiндеттiлiгi;
2) төменгi прокурорлардың жоғары тұрған прокурорлар алдында қызмет мiндеттерiн орындауы үшiн жауапкершiлiгi;
3) жоғары тұрған прокурорлардың қажет болған жағдайларда төменгi прокурорлардың өкiлеттiгiн жүзеге асыруы;
4) жоғары тұрған прокурорлардың төменгi прокурорлар актілерінiң күшiн жоюы, қайтарып алуы, өзгертуi;
5) жоғары тұрған прокурорлардың төменгi прокурорлардың iс-әрекеттерi мен актілеріне жасалған шағымдарды шешуi.
Республиканың Бас Прокуроры төменгi прокурорлардың бағыныстылығының өзге де нысандарын белгiлеуi мүмкiн.
Тәуелсіздік қағидасы. "Прокуратура туралы" Заңың 3-бабының 2-, 3-тармақтарына сай Қазақстан Республикасының прокуратурасы өз қызметін басқа мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардан, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден тәуелсіз жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Президентіне есеп береді. Сондай-ақ өздерінің заңда белгіленген өкілеттігін жүзеге асырған кезде прокуратура органдарының қызметіне араласуға тыйым салынады.
Бұл қағиданың мағынасы прокуратура органдарының биліктің заң шығарушы, атқару және сот тармақтарынан тәуелсіз екендігінде.
Өз міндеттерін атқару кезінде прокуратура қызметкері тек қана заңды, өзінің құқықтық санасын және ар-ұятынбасшылыққа алады.
Сонымен қатар, прокурорлар бір жағынан прокуратура органдарының біртұтас жүйесіне біріктіріліп, иерархиялық бағыну жағдайында болса да, екінші жағынан өз міндеттерін атқарған кезде белгілі дербестікті, тәуелсіздікті және шығармашылық белсенділікті көрсетеді. Қатаң бағыну мен прокурордың функционалдық дербестігін бірдей қолдану прокуратураның алдында тұрған міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Прокурор өзінің өндірісіндегі істер мен материалдардың негізі бойынша түсініктеме беруге міндетті емес.
Қарастырылып жатқан қағида орталықтандыру қағидасымен тығыз байланысты – ол прокуратураны басқа мемлекеттік билік және басқару органдарынан тәуелсіздігін нақтылайды. Аудандық және облыстық прокурорлар жергілік билік және басқару органдарына бағынбайды, олар тек Қазақстан Республикасының Бас прокурорына бағынады. Осындай тәуелсіздік прокурорға жергілікті органдарға қарамай біртұтас заңдылық үшін күресте өзінің ұстанымын қорғауға мүмкіндік береді.
Заң бұзушы тұлғаларды жауапкершілкке тарту туралы шешім қабылданған кезде, билік жүйесінің өкілдіктерін қоса, прокурор қандай да мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың ықпал етуінен қорғалады.
Тәуелсіздік кепілі прокурорлардың шешімдеріне әсер ету мақсатында кедергі жасалғаны үшін заңда көзделген жауапкершілік арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, прокуратура органдары мен мекемелерін қаражаттандыру мен материалдық-техникалық қамсыздандыру жергілікті емес республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.
Прокуратура өз қызметін саяси партиялардан тәуелсіз жүзеге асырады.
Мұның маңызы - прокуратура қызметкерлері заңнама тұрғыдан ешбір саяси партияның, қоғамдық бірлестіктің мүшесі бола алмайды және олардың қызметіне қатыса алмайды. Прокурорлар өз қызметінде қоғамдық бірлестіктердің шешімімен байланбайды.
Прокурорлық қадағалау актілерінің және талаптарының міндеттілігі қағидасы. "Прокуратура туралы" Заңның 3-бабының 4-тармағына сай заңда белгiленген негiз бен тәртiп бойынша шығарылған прокурорлық қадағалау актілері барлық органдар, ұйымдар, лауазымды тұлғалар мен азаматтар үшiн мiндеттi.
Прокурордың қадағалауды жүзеге асыру кезіндегі әрбір талабы белгіленген мерзімде бұлжытпай орындалу тиіс.
Бұл қағиданың мазмұнына сәйкес заң прокурорға кең өкілеттіктерді бере отырып, азамат немесе лауазымды тұлға оның заңды талаптарын орындамаған жағдайда оларды міндеттеу құралдарын да көздеген.
Мысалы, прокурор заңға сәйкес басшылар мен лауазымды тұлғалардан тексеру жүргізу үшін мамандарды бөлуді, оларды шақыртып, заң бұзушылықтар жөнінде түсініктеме беруді және т.б. талап ете алады.
Прокурордың заңды талаптарын қасақана орындамау заңда көзделген тиісті жауапкершілікке әкеп соғады.
Жариялылық қағидасы "Прокуратура туралы" Заңың 3-бабының 5-тармағында көзделген. Оған сәйкес прокуратура органдары Республиканың азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды сақтау туралы заңдарына қайшы келмейтiндей деңгейде жариялы iс-қимыл жасайды.
Жариялылық қағидасында прокурорлық қадағалаудың көптеген нысандары мен әдістері негізделген: мемлекеттік органдар жүйесінде және қадағалауға жататын объектілердің заңдылық жағдайларына тексеріс өткізу, арыздар мен шағымдарды қарау, наразылық пен ұсыныстарды әкелу, азаматтық және қылмыстық істердің қаралуына қатысу, өкілдік органдардың отырысына қатысу және т.б.
Бұла қағиданың мағынасы неде? Конституцияда азаматтардың ақпаратты емін-еркін іздеу, алу, беру, жасау және тарату құқығы көзделген.
Қоғамдағы саяси тұрақтылық прокуратура органдарынан түскен ақпараттың сапасына байланысты. Сондықтан прокуратура органдары ақпараттық агенттіктер, радио, теледидар арқылы заңдылықтың ахуалы, қылмыспен күресу қызметіндегі құқықтық органдармен қолданып жатқан шаралар туралы тұрақты түрде халыққа хабарлауы тиіс.
Прокуратура органдары бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамда қызығушылық тудыратын қылмыстар бойынша қозғалған сотқа дейінгі тергеп-тексерулер туралы, олардың барысы мен қорытындысы, сотта қаралып, шығарылған үкімдер туралы, сондай-ақ өрескел заң бұзушылықтар анықтаған прокурорлық текесерулер туралы, прокуратураның күшімен мемлекеттің және жеке адамдардың мүдделеріне келтірілген залалдың өндірілуі туралы хабарлау керек.
Сонымен қатар, прокуратура тарататын ақпарат өте дәл болуы тиіс.
Прокурорлық қызмет жекелеген бағыттарға бөлінеді. Олар "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабында белгіленген.
Олар келесілер:
1) Конституцияның, заңдардың және Қазақстан Республикасы Президентiнің жарлықтары мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердің дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жоғары қадағалауды жүзеге асыру;
2) Конституцияны, заңдарды, Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарын және өзге де нормативтік құқықтық актілерді бұзушылықтарды анықтау және оларды жою шараларын қолдану;
3) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдарға және басқа да құқықтық актiлерге наразылық жасау;
4) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарының, заңды тұлғалар мен мемлекеттің заңды мүдделерінің сақталуын қадағалауды жүзеге асыру;
5) жедел-iздестiру қызметiнiң заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру;
6) сотқа дейінгі іс жүргізудің заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру;
7) әкiмшiлiк iс жүргiзудiң заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру;
8) атқарушылық iс жүргiзудiң заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру;
9) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың норма шығармашылық қызметіне қатысу;
10) сотта мемлекет мүддесiн бiлдiру;
11) заңда белгiленген тәртiппен және шектерде қылмыстық қудалауды жүзеге асыру;
12) статистикалық көрсеткiштердiң тұтастығын, объективтiлiгiн және жеткiлiктiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құқықтық статистиканы қалыптастыру, арнайы есепке алуды жүргiзу, құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңнаманың қолданылуын қадағалауды жүзеге асыру;
13) заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру;
14) халықаралық құқықтық ынтымақтастық саласындағы заңдардың қолданылуын қадағалауды жүзеге асыру;
15) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыру.
Прокурорлық қадағалау бағыттарынан прокурорлық қадағалаудың салаларын да белгілеуге болады.
Бұл прокуратура органдарының қызметі үшін өте маңызды, өйткені сол қызметті ең маңызды бағыттар бойынша нақтылайды; қызметті ұйымдастыруды, нақтылауды қамтамасыз етеді; прокуратура органдары жүйесінде басқаруды тиімді ұйымдастыруға көмектеседі.
"Прокуратура туралы" Заң прокурорлық қадағалаудың әр саласында және бағытында қадағалау объектісін, пәнін және прокурордың өкілеттігін анықтайды.
Өз қызметін толыққанды жүзеге асыру үшін прокурорларға аталмыш заңның 6-бабымен келесі құқықтық кепілдіктер берілген.
1. Прокурордың өз өкiлеттiгiн жүзеге асыруына кедергi келтiру немесе оған заңсыз шешiм қабылдату мақсатында қандай да болсын нысанда ықпал жасау, сондай-ақ прокурорлардың қаулыларын, ұйғарымдарын, нұсқауларын, талаптарын орындамау заңмен белгiленген жауапкершiлiкке әкелiп соғады.
2. Прокуратураның талап етуi бойынша тиiстi органдар мен өкiлеттi адамдар:
1) қажеттi материалдар мен мәлiметтердi өтеусiз және Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып беруге;
2) тексерiске қатысу және қорытынды беру үшiн мамандар бөлуге.
3) прокурорлардың қадағалау қызметiн қамтамасыз ету және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшiн өзге де қажеттi шаралар қолдануға мiндетті.
3. Прокурордың өз құзыретi шегiнде берген талаптары (сұрау салулары, тапсырмалары, нұсқаулары) мемлекеттік органдардың, лауазымды, жеке және заңды тұлғалардың орындауы үшін мiндеттi.
4. Талап етiлген ақпарат прокуратура органдарына заңдарда белгiленген нысандарда, сондай-ақ прокурор белгiлеген тәртiп пен мерзiмде берiледi.
5. Прокурорлардың өз құзыретi шегiнде тексеру мәселелерi бойынша мемлекеттік органдардың, меншiк нысандарына қарамастан, ұйымдардың үй-жайларына кiдiрiссiз кiруге, олардың басшыларында және басқа да лауазымды адамдарында кiдiрiссiз қабылдануға, iс материалдары тiкелей сот iсiн жүргiзуде жатқан кездегi жағдайларды қоспағанда, құжаттар мен материалдарға сот iстерiмен танысуда қол жеткізуге және оларды соттан талап етiп алдыруға құқығы бap.
6. Лауазымды адамдар мен азаматтар прокурордың талап етуi бойынша айғақтар беру үшiн оларға белгiленген уақытта келуге мiндеттi. Шақыру жазбаша хабарлама-шақырумен ресiмделедi және қолхат алынып тапсырылады. Хабарлама телефонограммамен, жеделхатпен немесе оның тиiсiнше берiлуiн қамтамасыз ететiн басқа байланыс құралдары пайдаланыла отырып та жiберiлуi мүмкiн.
7. Прокурордың заңды талаптарын орындамау не прокурордың талабы бойынша дәлелсiз себептермен келмей қалу Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады. Прокурор ұйғарымдары мен қаулылары орындалмаған жағдайда өз құзыретi шегiнде оларды мәжбүрлеп орындатуға құқылы.
8. Прокурор, заңда көзделген басқа жағдайлар мен тәртiптi қоспағанда, өзi жүргiзiп жатқан iстер мен материалдардың мәнi бойынша қандай да бiр түсiнiктемелер беруге, сондай-ақ оларды кiмге де болсын танысу үшiн беруге мiндеттi емес. Өзi жүргiзiп жатқан тексерулер мен iстердiң материалдарын олар аяқталғанға дейiн прокурордың рұқсатынсыз жария етуге ешкiмнiң құқығы жоқ.