Ж. Ахмет Байтұрсыновтың мәлімдемесі 1 страница
Біз төменде Қазақ өлкелік Ревкомының және Бүкілроссиялық Орталық Атқару комитетінің мүшесі Ахмет Байтұрсыновтың Россия Коммунистік партиясына мүше боп кіруі туралы өтінішін жариялап отырмыз.
Ж.(олдас) Ахмет Байтұрсыновты мұқым дала біледі. Өз халқының көсемі, қазақ халқының аса ірі қоғам қайраткері және әдебиетшісі болған бұл есім әрбір қазаққа жақсы таныс.
Соңғы ондаған жылдардың ішіндегі қазақ халқының қоғамдық ойының дамуындағы барлық саяси қозғалыс Байтұрсыновтың есімімен тікелей байланысты. Ол бейбіт ұлтшыл либерализмнен бастап Октябрь революциясы мен Совет өкіметін тануға дейінгі саяси дамудың сатысының бәрінен де өтті. Ол ұзақ толқудан және өзімен өзі күресуден кейін қазақ ұлтшылдығын тастап, халықаралық коммунизм жағына шықты.
Бұл біздің партиямыздың аса ірі жеңісі және қазақ арасындағы біздің ықпалымыздың үздік үлгісі. «Совет өкіметі қазақтардың арасына күштеп енгізілуде, бұл арада коммунизм мен социализмге мүлде орын жоқ» – деп сендіретін адамдар да болды, әлі де бар. Біз үнемі қазақтардың оны мойындауға дайындығы әлсіз деп ойлап келдік, бірақ та, оларды құрып кетуден құтқаратын бірден бір жол – Совет өкіметі екені туралы біздің көзқарасымыздың дұрыстығына, біздің партиямыздың ықпалының өсіп келе жатқанына және қазақтар арасындағы коммунизмнің күн сайын қанат жайып келе жатқанына – оның аса ірі идеялық қарсыластарының бірінің өз жолынан тайып, біздаң қатарымызға кіруі ең үлкен дәлел бола алады.
Бір кездегі қазақ ұлтшылдарына құбыжық боп көрінетін большевиктер партиясына Байтұрсыновтың ашықтан ашық кіруі – қазақтардың мұқым ұлтшылдық қозғалысындағы ірі бетбұрысты байқататын, қазақ халқының ғасырлар бойғы тоналу мен езгіден құтылатын жолы – ұлтшылдықта, өз ошағының күйбеңін күйттеуде емес, керісінше коммунистік партияның туы астында күресіп жүрген пролетариатпен толықтай сіңісіп кетуде екенін түсінгендігінің озық үлгісі.
Әрбір қазақ Байтұрсыновтың хатындағы әр сөзді ынта қойып оқысын, Байтұрсыновтың коммунистер туралы пікірін әрбір қазақ, тіпті, жауларымыздың, бізді халықтың көзіне тонаушы, зорлықшы және бұзақы ретінде суреттеуіне сеніп, әлі де үрейлене қарайтын көптеген басқа қазақтар да білсін.
Коммунист-большевиктерге Байтұрсыновтың да дәл осылай қарап, олардан қорқып, Совет өкіметіне ашық қарсы шыққан кезі болған. Бірақ та көп ұзамай өз халқы үшін іздеген шындықты, бостандық пен әділеттілікті Колчак пен орыс буржуазиясынан таба алмайтынына оның көзі жетті, шындық Совет өкіметінде екенін көріп, өзі де сол жаққа шықты. Бұл арада ол коммунистермен жақын танысып, біліс болды және өзінің жазғанындай езілген халыққа толық бостандықты тек коммунистер ғана бере алатынына іс жүзінде иланды. Міне, енді ол қазақтың еңбекші халқын осы партияның программасының туы астында біріктіру үшін коммунистік партияның қатарына өтті.
Қазақ коммунистерінің қатары тағы да бір аса ірі күрескермен толықты. Бұл – толқып жүргендерге, бәрінен де бұрын, қазақ халқының арасындағы коммунистік ықпалдың күшеюін халыққа қатер төнді деп есептейтіндерге үлгі болуы тиіс.Біз өз жауларымыздың көзін тек күшпен ғана жоймаймыз, керісінше, идеямыз арқылы көбірек жаулапаламыз. Байтұрсынов ж.(олдас) Коммунистік партияның қатарына кіруі, оның қазақ арасындағы үлкен идеялық жеңісі болып табылады.
В. М. Т»
Шындыққа жүгінсек, революцияға бұдан артық көмектің керегі де жоқ еді.
«Бүкіл қазақ даласының көсемі» – Революцияның ең бір жанкешті кезеңіңде, әр түрлі саяси және қарулы күштер Совет өкіметін анталай қоршап тұрғанда және қазақ даласы Колчактың, Анненковтың, Дутовтың, Семеновтың қанды шеңгелінде жатқан тұста – оларға өз халқын қарсы қоюы – тосыннан тосын, шарасыздықтан қабылданған шешім емес. Он ойланып, мың толғанды деу де аз. Бұл – барлық өмірлік мақсатын, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан саяси-әлеуметтік платформасын, халқының азаттығын аңсаған арманының орындалу жолын да, өзіне семген ел-жұрттың да тағдырын тезге салу. Ахмет Байтұрсынов өзінің сөзінің салмақ-бағасын, әсерін білетін. Мұны Революцяялық Комитет те түсінді. Сахара жұртының ынтымақ-көмегі қатты керек еді.
Міне, сондай тығырыққа тірелген тұста Ахмет өзінің парасат, даналығын танытты.
Арпалысқан дүниедегі барлық саяси ағымды, әлеуметтік тартысты, әскери жағдайды қыр елі толық түсінбеді және олардың түпкі мақсаттары да беймәлім-тін. Сондықтан да қазақ халқының анархиялық күштердің арасында арандап қалу қаупі туды. Он алтыншы жылғы самодержавиелік жазалау саясатынан қатты зардап шеккен ел үшін дәл сол кезеңде дұрыс жолды табудың өмірлік мәні бар-тын. Бірі – Колчактың, бірі – Анненковтың, бірі – Дутовтьң қолындағы көкпарға айналып бара жатқанын аңғарып, Ахмет Байтұрсынов олардың бетін революцияға бұрды. Рулық тартыстың да қасіретін қыршын күнінен тартып өскен ол, «нағыз еңбек демократиясын» әлеуметтік теңдікке жетудің жолы деп ұқты және оны ашық мойындады.
«Орынбор РКП (большевиктер) комитетіне. Ғасырлар бойғы қанауда болған қазақ халқын азат етудің жолдарын ұзақ уақыт іздестіре келіп, мен төмендегідей шешім қабылдадым:
1. Адамзаттың барлық езгіге ұшыраған бөлігімен, яғни, әлемдік революциямен, әлемдік федерациямен бірге азаттық алғанда ғана, қазақ халқы бақытқа бөленеді.
2. Оны – өзінің алдына таптар мен ұлттарды толықтай азат етуді мақсат етіп қойған, ішінара ісімен де жүзеге асырып жатқан большевиктердің интернационалдық коммунистік партиясынан басқа ешкім де істей алмайды.
3. Нағыз еңбек демократиясына жетудің қажетті сатысы – адамзаттың еңбекші табының, яғни, пролетариаттар мен орташа пролетариаттардың саяси және экономикалық толық билігі мағынасындағы диктатурасы болып табылады.
4. Бір ғана жағдайда, егер де адамзаттың еңбекші табының ұйымдасқан аса үлкен тобы саналы түрде қолдаса ғана, бұл диктатура орнығады және барлық адамзаттың мүддесі үшін қызмет істей алады, сондықтан да осы программаның туы астына қазақ халқының да бірігуі қажет.
5. РКП-ның ұлттық қарым-қатынастар саласындағы программасын, сондай-ақ Ұлттардың бөлінуі туралы дискуссияның қорытындысындағы жолдас Лениинің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық Комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін толық қанағаттандырады.
Жоғарыдағы айтқан пікіріме сәйкес, мен Россия коммунистік большевиктер партиясы қатарына кіруге, оның жалпы программасын жүзеге асыруға, ішінара шығыс мәселелеріне іспен көмектесуге бекіндім, сондықтан да комитеттен мені РКП мүшелігіне қабылдауды өтінемін.
Ахмет Байтұрсынов. 4 сәуір. 1920 жыл”
Саяси қайраткер үшін бұдан артық революцияны қорғаудың және оны мойындай отырып, революция мүддесін жүзеге асырудың сара жолы жоқ. Жай ғана қызыл сөз емсс, саяси көзқарасының өзгеруін революцияның программасының мақсатына толық қосылғандығымен түсіндіреді және ол шешімнің оңайшылықпен орындалмайтынын, сол үшін күресетінін де ашық айтады. «…Лениннің ұлттардың бөлінуіне көзқарасын және Шығыс халықтарының арасындағы жұмыс туралы айтылған РКП Орталық комитетінің тактикалық тұжырымдарын дұрыс қолданып, оны жүзеге асырса ғана, езілген ұлт ретіндегі қазақ халқының мүддесін қанағаттандыратынын» ерекше ескертеді.
Осы сөздің астарында үлкен эмоциялық емеурін, саяси астар жатыр. “Езілген ұлт ретіндегі мүддесі” – деуі арқылы самодержавиенің отаршылдық саясатының кесірінен қасақана жасалған және экономикадағы мәдениет – оқу саласындағы, тұрмыс-тіршіліктегі артта қалған кемшіліктер мен кемсітушілікті, тіпті қоғамдық формациядағы өзгешелікті, психологиялық айырмашылықты ескертіп отыр. Соның барлығы ескеріліп «дұрыс қолданса» ғана, қазақ халқының бақыты ашылатынына сенеді. Сол сеніммен Коммунистік партияның мүшелігіне өтеді.
Өкінішке орай, Ахмет Байтұрсыновтың бұл айтқан қаупі Леиин кайтыс болған соң, шындыққа айнала бастады. Сталин мемлекеттік басқару кемесінің бағытын бірте-бірте өзгертіп, өз ырқына көшірді. Тек қана ұлт жөніндегі саясат өзгеріп қоймады, большевиктік ашық пікірлері мен көпшілікті сынағаны үшін адамдар қудалауға ұшырады. Партияның ішінде жік басталды. Оның соңы үлкен қасіретке ұласты. Қазақстандағы алғашқы тұзақ – Ахмет Байтұрсынов бастатқан отыз адамға түсті. Оларға ашықтан ашық жала жабылды. Әйтпесе, 1920 жылы сәуірде жоғарыдағыдай ашық хат жазған А.Байтұрсыновтың араға бір жыл салмай жатып, 1921 жылы астыртын контрреволюциялық ұйым құруы мүмкін емес-тін.
Себебі: Ахмет Байтұрсынов саясаттағы жолбикелер емес-тін. Ол – байыпты ойдың, терең тұжырымның, алдына жалғыз-ақ мақсат қойған, тұрақты көзқарастың адамы болатын.
Сол үшін жанталасқан азаматтың саналы ізденісі жолындағы саяси күресі революцияға әкеп тіреді. Лениннің қабылдауыңда әлденеше рет болып, автономиялы қазақ республикасының түңғыш халық ағарту қомиссары міндетін атқарды. Оның ақыл-парасатын, ғылыми даналығын, азаматтық қасиеттерін толық ашып, арман-мақсатын жүзеге асырған, «Әліппені», “Оқу құралын”, “Тіл құралын”, “Әдебиет танытқышын”, “Қазақ мәдениетінің тарихын” жазып, жарыққа шығарған тұсы да осы 1920-1927 жылдардың арасы еді.
Амал қанша, ондай бақытты ғұмыр ұзаққа созылмады.
Отаршыл самодержавиенің бұғауынан, «Алаштағы» арпалысты күндердің құрсауынан, Колчак пен Анненковтың аранынан аман шыққан Ахмет Байтұрсынов өз еркімен қабылдаған совет өкіметінің «жауы» боп шыға келді. Ол – Лениннің алдында берген антына адалдығын өле-өлгенше сақтап қалды. Және Революция көсемінің өсиеттерін бұрмалаған Голощекин сияқты Сталиннің қолжаулықтарына қарсы тұрды.
Міне, Ахмет Байтұрсыновтың және оған қоса отыз адамның 1929 жылы түрмеге қамалуының түпкі тарихы, осындай. Енді «он төрттің ісіне» қайта оралайық.
ІІІ
Ешқандай контреволюциялық астыртын ұйымның болмағанына, диверсиялық қастандықтардың жасалмағанына, айыпкер деп түрмеге қамалған адамдардың бетпе-бет жүздесуiнде қылмысты iстiң дәлелденбегенiне қарамастан, қылмыстық жазаға тартты.
«Қылмыстық iстердiң материалдарында Әділев пен Болғанбаевтың 1921 жылы Ташкентте бiрге болғаны туралы, содан кейiн олардың Валидовпен жолығуы үшiн Бұхараға барғаны туралы деректер бар. Ал ол кезде (Валидовтың – Т. Ж.) қасында бұл екеуi емес, Ташкенттен барған Бiрiмжанов пен Битiлеуов бар болған. Олардың (Әділев пен Болғанбаевтың) берген жауабына қарағанда, Валидовтың көмегiмен шет елге кетудi көздеген, сол үшiн онымен (Валидовпен) келiсiм жүргiзу мақсатымен қызмет орнының командировкасын пайдаланған. Кейiннен бұлардың екеуi, Бiрiмжанов пен Битiлеуов шет елге оқуға кетуге мұрсат алды».
Соттың анықтамасы бойынша, Әділев пен Болғанбаевтың Валидовке баруында саяси-контреволюциялық iс-әрекет жоқ, жүзеге аспаған тiлек бар. Ал ендi осы Болғанбаев кiм?
«Болғанбаев Хайретдин – 1893 жылы Ақмола округiнiң Нұра ауданында туған... Петропавлдағы совет – партия мектебiнiң оқытушысы». Ақын, әсiресе, ел жағдайы, қазақ тұрмысы, оның саяси құрылымы, отаршылдық езгiнiң зардаптары, жазалау саясатының құрбандары туралы талдаулары ерекше көзге түскен публицист. Ол өзiнiң саяси өлеңдерi мен публицистикаларын бiрнеше псевдониммен «Қазақ», «Сарыарқа» газеттерiнде, «Айқап» журналында жарияланған. «Алашорданың» Ақмола комитетiнiң мүшесi болған. Бiлiмдi, саясатқа жетiк, 1920-1921 жылдары Орынбордағы партия совет қызметкерлерiн дайындайтын мектепте сабақ бередi. «Голощекиннiң «Кiшi Октябрін» сынап мақала жазған, лекцияларында оған қарсылығын ашықтан ашық айтқан. Өткiр, iскер, ұйымдастырушылық қасиетi басым, ВЦИК-тiң кешiрiмiне iлiнген адамның бiрi.
Хайретдин Болғанбаевтың Ташкентке барғаны рас па? Рас екен. Сот анықтамасынан:
«Омаров, өзiнiң 1921 жылы Орынбордағы совпартшколдың оқу бөлiмiнiң меңгерушiсi болғанын, сол кезде Болғанбаевтың сонда оқытушы боп iстегенiн айтты. Сол жылдың көктемiнде Болғанбаев одан Ташкентке командировкаға баруға рұқсат сұрайды, бұл келiсiм бередi. Бiрақ та оның ұзақ уақытқа дейiн қызметке қайтып оралмауына байланысты, ол (Омаров) бұл жөнiнде саяси ағарту басқармасының меңгерушiсi Кенжинге ескертедi. Соңғысы (Кенжин) өзiнiң қарамағындағы қызметкердi Хохловскийге мұның (Омаровтың) көзiнше – Ташкентке Болғанбаевтың тұтқындау және күзетпен алып келу туралы телеграмма салу туралы тапсырма бердi. Бұл тапсырманың орындалғаны – орындалмағанын ол (Омаров) бiлмедi, алайда соңғысын (Болғанбаевты) қайтып Орынбордан көрмеген.
Алайда, тергеушiлер Омарвтың бұл куәлiгiн растайтын немесе оны жоққа шығаратын дәлелдерi, сондай-ақ қызмет орнына қайтпағаны туралы деректердi iздестiрмеген.
Бұл туралы Омарвпен бетпе-бет болған куәлесуде Болғанбаев өзiнiң Орынбордан жолданған телеграмма туралы ештеңе бiлмегенiн айтты, бiрақ та онда қайтып оралмағанын жоққа шығарған жоқ. Оған қоса, Валидовтың хатын Бөкейханов (әуелде Байтұрсынов болатын – Т. Ж.) оқыған кезде, бұрын мүлдем қарам-қарсы пiкiр бiлдiргенiне қарамастан, Омарвтың онда жоқ болғандығын куәландырады.
Омаров, бұдан кейiн Әділевтың Орынборға 1921 жылдың басында келгенiн, Болғанбаевпен бiр бөлмеде тұрғанын, өзiне жұмыс iздеп жүргенiн, ал көктемде Ташкентке кеткенiн айтты».
Тергеудiң барысына қарағанда, iстiң басы ашылып, шырмауық тарқатылып келе жатқан сияқты. Иә, шындықты шырмаған жала аршыла түскен. Байтұрсыновтың, Омаровтың, Валидовтың жазған хатына мүлдем қатысы жоқ, ол хаттың жазылған, жазылмағаны да анықталмады. «Айыпкерлердiң» қылмыстарының неде екенiн дәлелдейтiн дәйек те қалмады. Тек Болағанбаевтың қызметiне қайтып оралмауы ғана iлiкке – себеп болуы мүмкiн, оның өзiнде де соттың үкiмiне емес, әкiмшiлiк шараға лайық. Командировканың қаржысын (егер пайдаланған болса) мекеменiң өндiрiп алуы тиiс. Омаровтың бұл iске қандай қатысы бар? Тек куә болғаны ма? Жоқ.
«Елдес Омаров – 1892 жылы Қостанай округiнiң Тобыл болысында туған. Қазақ педагогикалық жоғары оқу орындары басқармасында iстеген». Ахмет Байтұрсыновтың сүйiктi шәкiртi әрi ең жақын серiгi, хатшысы. Торғайдағы ІІ кластық орыс-қазақ мектебiн, (училище) үздiк бiтiрген. Педагог, публицист, аудармашы, лингвист. Мақалаларын орыс тiлiнде жазған. «О сочетании казахской звуки», «Ахмет Байтурсунов – ученый - лингвист», «Қазақ тiлiнiң жаттығулар жиағының» авторы. Орта мектепке арналған геометрия, физика оқулықтарын жариялаған. Заман ағымы, зәру мәселе, халық басындағы мұң, мектеп – оқу жайы жөнiнде және әр түрлi ғылыми кiтаптарға рецензиялар жазған публицист, ғалым, сыншы. «Алашорданың» оқу комиссиясының мүшесi болған. Ахмет Байтұрсынов жұмыс iстеп отырғанда, тек Елдес Омаровты ғана қабылдайды екен.
“Он төрттің ісіне» тартылуы тек соңғы «қылмысына» – Ахмет Байтұрсыновтың сенімді серігі, жақын-жүрген жанашырлығына байланысты екені анық. Куәгердің өзі айыпкерге айналып отыр. Өкінішке орай, Елдес Омаровтың есімі қара тізімнен әлі өшірілген жоқ. Оның тіл жөніндегі еңбектері сол зерттеусіз, елеусіз күйінде жатыр. Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1988 жылғы 4 ноябрьдегі үкімі бойынша оның азаматтық құқы ақталды. Бір адамды екі рет өлім жазасына кесетін заң жоқ. Сол сияқты бір адамды екі рет ақтау да – қисынсыз. Азаматтығын, күнәсіздігін, қылмыс жасамағанын дәлелдеген сол үкімінен артық қандай әділетті үкім болуы мүмкін. Ол, Елдес Омаров – қазақ тілінің үндестік заңын жазғаны үшін жазаға тартылған жоқ. Жаланың, сталиндік репрессияның құрбаны болды. Оған Қазақ ССР Жоғары сотының мына анықтамасы дәлел:
«Сонымен, Орынбор және Ташкент қаласында контрреволюциялық ұйым құрылды-мыс деп тағылған айыпты мойындататын қандай да бір нақты объективті қылмыс дәлелденбеген. Сондай-ақ, өздерінің Орынбордағы “келіссөзінен» кейін Әділев пен Болғамбаевтың онда қайтып оралмағандығы, жүргізген келісімдерінің қорытындысы жөнінде өздерінің жетекшілерінің бірде-біреуіне хабарламағаны тергеу барысында анықталды.
Сонымен қатар, тергеу орнының қолында Орта Азиядағы контрреволюциялық ұйымға саяси немесе әскери көмек көрсеткен дегенді дәлелдейтін айғақ болмаған».
Ақиқат анықталды. Тергеу тығырыққа тірелді. ОГПУ-дің арандатулары күткен нәтижені бермеді. Енді жазықсыз жандардың жарық дүниеге шығуы тиісті іспетті. Іс жүзінде бәрі де керісінше жүргізілді. Тергеу созыла берді. Куәға тартылғандардың барлығы да қамалды. Сонау Ташкент қаласындағы Мұхтар Әуезов те абақтының есігін ашты. Олар қазіргі Сайран көлінің жанындағы түрмеде жатты. Үсті-үстіне қойдай тоғытылған «контрреволюционерлердің» саны тым көбейіп кетіп, жеке камера жетпей, ортақ камераға орналастырылды. Мұхтар Әуезов ол кезді есіне алып отырып, елуінші жылдары ақталып келген Қайым Мұхаметхановқа: «Пәлі, сен жалғыз жаттың ба? Ал, бізге рақат болды. Бәрімізді бірге отырғызды. Басымыз қосылып, еркін әңгімелесіп, шерімізді тарқаттық», – деп әзілдепті. Ұлы Мұхтар тұтқында отырған күндерін рақатқа санап отырған жоқ, керісінше, Ахмет, Жүсіпбек, Мағжансияқты ағаларымен ақтарыла сырласқан күндерін, сұқбаттарын есіне алып, асыл бейнелерді сағынып айтты ғой.
Солардың ақылы болмағанда, өзінің де тірі қалуы екіталай еді. Жә, бұл өз алдына бөлек әңгіме.
Сонымен, астыртын контрреволюциялық ұйым ашылмады. Енді тергеушілер де тәсілді күрт өзгертті. Арандаудың ең нәзік әрі жүрек шошытарлық тәсілін тауып, Голощекиннің өзін “қарауылға” алды. Әсірелеу емес, нақ солай. «Кіші октябрьдің» авторын – Голощекинді қастандықпен өлтіруге әрекеттенді», «далада көтеріліс ұйымдастыруға әрекеттенді» деген айып аяқ астынан табыла кетті. Бұл идеяның авторы кім? Егер де, Филипп Исаевичтің өзі мақұлдамаса, тергеушілердің бірде біреуі басын бәйгеге тігіп, тәуекелге бел байлауы мүмкін бе? Қайдам. Ал, Голощекин бұл лақап арқылы өзінің беделінің өсетінін білді. Біріншіден, бұл бұлтартпайтын ашық жаулық. «Айыпкерлердің» кез келген пікірі айғаққа жарайды. Екіншіден, социализм дамыған сайын, тап күресі шиеленісе түседі деген Сталиннің пікірін «дәлелдей» түседі. Үшіншіден: «Голощекинге қастандық жасауға ұмтылуы тегін емес. Расында да, «Кіші октябрь» жасау керек. Жарайсың, дәл осылай қимылда» – деп Сталиннің іштей сүйсінетіні сөзсіз. Әрине, бұл жай ғана қиял. Бірақ шындықтың да сілемі жоқ емес. Өйткені Голощекин – өзіне қастандықтың жасалатынын жиі еске алуы, тіпті, мәжілістерде де қайталауды ұнататынын қалай түсінуге болады.
Сонымен, Байтұрсынов бастатқан «контрреволюционерлер» Голощекинге қарсы қастандық ұйымдастырды ма, жоқ па? «Ұйымдастырған» екен. Оны да «айтып қойған» – Д. Әділев боп шықты. Бұл жолғы салмақ, яғни, қорғану кезегі – Жүсіпбек Аймауытовқа түсті.
Бұл – тергеудің екінші желісі. Ал, оның қандай тарихи астары бар еді?
ІҮ
Жалпы осы жылдардағы тарихи оқиғаларды, саясат саласындағы бағыттарды мемлекеттік тұрғыдан сараласақ, онда басқару жүйесіндегі қырғи қабақ соғыстың жүріп жатқаны анық аңғарылады. Үгіт-насихат құралдарының беттерінде, ұрандарда «көзін жоямыз», “тамырына балта шабамыз”, «контр», “диверсия”, «коллективизацияның жауы», “құйыршық”, “қаскүнем”, “саботаж” сияқты жалпылама кіжінген сөздер үлкен әріппен жазылып, мәжілістердің құлақ күйіне айналды. Біреу оның астарын түсініп айтты, одан гөрі жаттап алып, ойсыз соға беретіндердің саны көбейді. Троцкийдің компаниясының асқан қаталдықпен талқаңдалуы – жау іздеп, даурығысқан даңғазаны күшейтті. Қаншалықты қажеттіліктен туғанын білмеймін, өмірі көріп-білмеген Алматы қаласына Троцкийдің келіп орналасуының мән-мағынасы түсініксіз. Өле-өлгенше өзін марксиспін деп санаған Троцкийдің 1931 – 1932 жылғы аштықты көзімен көріптұрып, Сталиннің экономикалық саясатын тас-талқан ғып сынаған кітаптарының өзінде ең бір дәлелді деректі аузына алмауы қалай? Зады, коллективизация, оның ішінде Голощекнннің “Кіші 0ктябрі” турасындағы, аз ұлттардың интеллигенциясы қақындағы Сталин мен Троцкийдің көзқарастарында онша алшақтық болмаған сияқты. Не Голощекинді кінәлауды қаламаған. Мүмкін, бұл қате пайымдау шығар, бірақ оны жоққа шығаратындай нақты деректер де тапшы.