ШаҺит болҒан достарыма
(орысшадан өзгерту)
Дүниеден ер жігіттің өлгені арман.
Қадірсіз айдалада көмгені арман.
Михнатты, қайғы, хасірет, былғанышты –
Бәрінен сұм дүниеге келгені арман.
Ер жігіт ақ өліммен өлгенінде,
Сыр төсек қара жерге көмгенінде,
Жалғыз-ақ сорлы ананы аяймын мен
Ойға алып жақындарым тергенімде.
Тыншығар біраз жылап сүйген жыры.
Ұмытар жақын деген достың бәрі.
Дүниеде ұмытпайтын жалғыз-ақ сол,
Сорлы ана, көкірек жарған қайғы, зары!
Аяныш емес ердің қара басы,
Аяныш емес және жан жолдасы,
Дүниеден ең аяныш естен кетпес –
Тамшылап сорлы ананың аққан жасы!
1919 жыл
АМЫҚҚАН КӨҢІЛГЕ
Көңілім-ау, жанған оттай шалқушы едің,
Қырандай жоғары өрлеп қалқушы едің,
Зұлматқа қаһар тігіп, лағнат айтып,
Балша еріп махаббатқа балқушы едің.
Еркіңді қу қайғыға берме, көңлім!
Күйленіп бұрынғыдай керне көңлім!
Қамығып жабырқадың неге мұндай,
Талпынып көкке құлаш серме, көңлім!
Бір уақыт біздің талай асқаны рас.
Көп дұшпан сырттан күндеп, қастаны рас.
Жарқырап жерге түскен қызыл күнді
Бұл күнде қара зұлмат басқаны рас.
Бұл күнде көп дұшпанның жеңгені рас
Қара түн қапылыста келгені рас.
Жүрекке жара салып тиген оқтай,
Қайғы-дерт көкірек жарып енгені рас.
Бұл күнде жау жағадан алғаны рас.
Көп дұшпан аяқтан кеш шалғаны рас.
Шала өлген қара жылан аңдаусызда
Өкпеден көк найзасын салғаны рас.
Қажыма, ер көңлім, бәрі де өтер.
Сан азап бір күнгідей болмай кетер.
Қара түн басып түрса алды-артыңды,
Жарқырап ататын таң әлі-ақ жетер.
1919 жыл
БІЗДІҢ ЖАҚТА
(Сүргінде жүргенде шет елде айтылған өлең)
Шалқыған біздің жақтың көлдері бар,
Ағашты биік таулы жерлері бар.
Өзен, су, көлдер жайлап, тау қыстайтын
Меймандос, берекелі елдері бар.
Думанды шалқар көлдері-ай,
Еркін дала белдер-ай,
Қаздар қайтар мыңғырлап,
Тізіліп көшкен елдер-ай.
А-ай, Сарыарқа,
Елің алыс,
Қалды шалыс,
Жат жерде талай елмен болдық таныс.
Жеріне біздің жақтың лайық ері.
Ел палуан, аңшы-мерген, әншіл, сері.
Жасынан жүйрік мініп өскен бұлан,
Жау жүрек, ер көңілі жігіттері.
Сілтеуші-ек құлаш тұлпардай,
Жазушы-ек қанат сұңқардай.
Асауменен алысып,
Қашағанды құтқармай.
Ай-ай, Сарыарқа,
Елің алыс,
Қалды шалыс,
Жат жерде талай елмен болдық таныс.
Қыздары біздің жақтың қара қасты,
Тісіне ұқсатарсың меруерт тасты.
Сымбатты, көркем бойлы тал шыбықтай,
Мамық төс, сұңғақ мойын, сүмбіл шашты.
Еркін бейбіт ауылым-ай,
Жас өрім талдай сәулем-ай.
Қырдың ерке сұлуы
Сағындым сені бауырым-ай.
А-ай, жан сәулем,
Өрім талдай,
Жазық маңдай,
Аузыңнан шыққан лебің шекер балдай.
Қыздары біздің жақтың қара көзі,
Сырнайдай дауыстары, тәтті сөзді.
Қызыл гүл албыраған еріндері,
Шырайлы, ашық көңілге, бал мінезді.
Еркін бейбіт ауылым-ай,
Жас өрім талдай сәулем-ай.
Қырдың ерке сұлуы
Сағындым сені бауырым-ай.
Әй-әй, жан сәулем,
Өрім талдай,
Жазық маңдай,
Аузыңнан шыққан лебің шекер балдай.
1919 жыл
АБДОЛЛА КЕРМЕНБАЕВ
(1897–1987)
Ақын Ғабдолла 1897 жылы бұрынғы Торғай уезі, 6-ауыл, Сары Су деген елді мекенде дүниеге келген.
1928 жылы Батпаққара ауданы құрылғанда ағайын-туыстарымен осы ауданға келген. Латынша оқыған және Торғайдағы Кәтеннен оқып ескіше діни білім алған. Батпаққара ауданына келгеннен кейін аудандағы НКВД де тәртіпкер (уч.милиционер) болып жұмыс істеген, 1937 жылы «Халық жауы» болып 10 жылға сотталып, «Колыма» деген жерде отырып, 1944 жылы босап келген. Елге келгеннен кейін аудандық Дайындау мекемесінде агент болып көп жыл жұмыс істеп, кейін «Қайғы» елді мекенінде Пошта бөлімінің бастығы, Аудандық Пошта бөлімінде газет-журнал таратушы болып жұмыс атқарып зейнеткерікке шыққан. Жастайынан домбырамен өлең айтуға бейім болған. Ғабдолланың шығарған өлең-жырлары облыстық «Коммунизм жолы», бұрынғы «Социалистік шаруа» кейін, «Тың шұғыласы» газет беттерінде жарияланып тұрды. Әсіресе халыққа көп тарағаны «Сахаба» деген шығармасы.
1987 жылы дүниеден өткен.