Зара әрекет сипаттамасы
Белсенділік тірі материяның кез-келген өзара әрекет процесінің өзара әрекеттесуші жақтарының негізгі сипаттамасы. Оның ұйымдасуы неғұрлым күрделі болса, соғұрлым осы белсенділік формасы көптүрлі. Жер жағдайында тірі материя дамуының жоғарғы формасы болып табылатын адамда белсенділік оның ұйымдасуының барлық деңгейлерінде көрінеді. Бұл, біріншіден, интеллектуалдық белсенділік (болжам ұсыну, стратегия қалыптастыру, тура және кері байланыс арналарының барлығынан келіп түскен ақпараттарды қабылдау, өңдеу және бағалау т.б., мұның өзі қарым-қатынаста ерекше көрсетілген). Екіншіден, оған әсер етуші объект (процесс, құбылыс) моделін құрастырудағы қабылдау процесінде көрінетін адамның моторлық-эффекторлық белсенділігі. Ұқсасу теориясы бойынша (А.Н. Леонтьев), тіпті жекеленген мүше деңгейінің өзінде (соның ішінде неғұрлым аз праксикалық мүше – есту) белсенділік әсер етуші әсерге ұқсастыратын бейне жасау түрінде іске асатыны көрсетілген (О.В. Овчинникова, Ю.Б. Гиппенрейтер). Объектті қабылдауда ұстанушы модельді жасау (В.П. Зинченко) реактивті позицияда орналасқан өзара әрекеттесуші жақтардың белсенділік формасы болып келеді. Үшіншіден, бұл жалпы мінез-құлықтық белсенділік, яғни оның мінез-құлықтық және іс-әрекеттік формаларының барлық саналуандығынан (вербалды, вербалды емес) көрінетін белсенділік. Белсенділік өзара әрекеттесудің екі жағында сипаттауына орай олардың екеуі де субъекттілік сапаға ие.
Өзара әрекеттесу объектілер арасында, себеп-салдарлы, каузалды байланыстармен қоса, саналуан байланыстар орнатудың негізі және шарты болып табылады. Ол, бұрын белгілі болғандай, қашанда оның элементтерінің, компоненттерінің байланысын (өзара әрекеттесу формасында) ұйғаратын кез-келген жүйенің негізі болып табылады. Осыған сәйкес, жүйелілік объктілердің барлық байланыстары мен қатынастарының өзара әрекеттесуінің көрінісі ретінде де оның сипаттамасы бола алады.
Адамдардың өзара әрекеттесуі барысында олардың саналы аңғарушылығы мен мақсатты ұйғарушылығы сияқты маңызды сипаттамалары айқындалады. Олар осы өзара әрекеттің еңбектестік және қарым-қатынас (ойында, оқуда, еңбекте және еңбектің ең жоғарғы формасы ретінде шығармашылықта) сияқты формаларын да анықтайды. Осы екі форманың екеуі де білім беру процесінде көрініс таба отырып, бір-бірімен байланысты. Еңбектестік формасындағы өзара әрекет (тайталас, қарсылық, қақтығыс та өзара әрекет формалары) қарым-қатынасты да оның идеалды формасы ретінде ұйғарады. Біріншісі екіншісінсіз бола алмайды, ал екіншісі біріншісіз бола алады, мұның өзі олардың автономдылығының салыстырмалы, шартты екенін көрсетеді.
Білім беру жүйесіндегіөзара әрекет
Бір-бірімен қарым қатынас жасаушы үйретуші (педагог) мен үйренушінің (оқушылар, студенттер) оқудағы өзара әрекеті, білім беру жүйесінің ішінде жүзеге асатын білім беру процесіндегі неғұрлым күрделі өзара әрекеттесу жүйесіне енеді. Бұл жүйеде басқару (министрлік, комитет, білім беру бөлімдері), әкімшілік (ректорат, директорат), педагогикалық кеңес, кафедралар, оқытушылар ұжымы, сыныптар, топтар сияқты ішкі жүйелер тығыз өзара әрекетте болады. Олардың әрқайсысы өзара әрекет құрылымымен, яғни оның ситуациясын, стилін және тиімділігін анықтаушы құрылыммен сипатталады. Оқудағы өзара әрекеттесу біріккен, жалпы нәтижеге жетуге бағытталған іс-әрекет пен қарым-қатынас формасы ретінде еңбектестікте көрінеді.
Білім беру жүйесі, мысалы мектепте, әсіресе мектепке дейінгі білім беруде, «отбасы» (ата-аналар, олардың ата-анасы) жүйесімен және «жұртшылық» жүйесімен өзара әрекеттесетінін атап өту маңызды. Осы байланыстардың барлығы азды-көпті мөлшерде тікелей сыныптағы (аудиториядағы) оқу-тәрбиелеу процесінде өз көрінісін табады. Ол оқушылардың оқуға, мұғалімге, мектепке қатынасынан байқалады, өз кезегінде, бұл олардың құндылық жүйесінің оқу іс-әрекеті сипатына кескінделуі болады.
10.2.Білім беру процесі субъекттерінің өзара әрекеттесуі.
Білім беру процесі көп жоспарлы және полиморфты өзара әрекет болып табылады. Бұл оқушы мен мұғалімнің (студент пен оқытушының) оқу немесе, дәлірек айтсақ, оқу-педагогикалық өзара әрекеттесу; бұл сонымен қатар, оқушылардың (студенттердің) арасындағы өзара әрекеттесуі; бұл сонымен қатар, тұлға аралық өзара әрекеттесу, ол оқу–педагогикалық өзара әрекетке түрліше әсер ете алады. Осы өзара әрекеттің бірінші жоспарын «оқушы–мұғалім» схемасы бойынша қарастырайық. Ол ілім тарихында түрлі формаларда жүзеге асырылды: Шебер және Ұстазбен даралық жұмыс; сынып-сабақтық жұмыс (Я.А. Коменский кезінен бері); оқушымен дара жұмыс кезінде кеңес беру; Ресейде 30-шы жылдардағы оқытуды бригадалық-зертханалық әдіспен ұйымдастыру формасында және т.б., алайда кез-келген нұсқада өзара әрекеттесуші жақтардың әрқайсысы өзінің субъективті белсенділігін жүзеге асырды. Ең көп мөлшерде ол үйренушіде сократтық әңгімелесу әдісі бойынша, жеке дара жұмыста, кеңес беруде көріне алды.
Қазіргі кезде оқу-педагогикалық өзара әрекет еңбектестіктің іскерлік, рөлдік ойын, бірігіп-таратылған іс-әрекет, триадалардағы, топтардағы, тренинг-сабақтардағы жұмыс сияқты ұйымдастырушылық формаларына ие болды. Бұл жерде еңбектестік, ең алдымен, оқушылардың (студенттердің) өзінің өзара әрекеттесуін ұйғарады. Білім беру процесінде оқу өзара әрекетінің жоспары мен формаларының көп болу жағдайы жасалып, оның жалпы схемасы да күрделенеді.