Алайша Ұл тумасын Қаралы ана 3 страница
Екі көз ұйқы көрмей іріңдеген,
Ет жүрек ебі кетіп дірілдеген.
Сұрақшы сұру суық, сұрқиялар,
Аюдай аузын ашып гүрілдеген.
Қаптаған темірменен кереует бар,
Жіңішке, ортасы ой, жан-жағы тар.
Жатқызып, соған таңып сабағанда,
Еңіреп, даусың шығып, қыласың зар.
Үш жерден орындық бар тесіп қойған,
Өткізіп ілмек кендір есіп қойған.
Төрт елі қалыңдығы қамыс палақ,
Тұжырып екі басын кесіп қойған.
Кендірді іліп алып білегіңнен,
Тақтайдың ұшын тіреп жүрегіңнен.
Соққанда алақанға жығыласың,
Адасып ақыл, қайрат, тілегіңнен.
Дөңгелек бір тақтай бар қалың шапқан,
Бетіне қанмен сырлап бояу жаққан.
«Жалаңаш құйрық қойып отыр» дейді,
Қаратып ұшын өрге шеге қаққан.
Көмірге отырғызып ұсақ шағып,
Қан деген май құйрықтан судай ағып.
Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,
Шыбын жан шығып кетпей тұрсың нағып?!
Адамның жаны кетіп денесінен,
Құйрықты алсаң жұлып шегесінен.
Тәңірге даусың жетіп зарланасың,
Тырнақтың ине сұқса көбесінен.
Келер деп қашан өлім қайғы басып,
Тесіліп әр жеріңнен етің сасып.
Кендірмен бақайыңнан байлап алып,
Басыңды салақтатып қояды асып.
Қараңғы көр қылады мекеніңді,
Білмейсің есің ауып не екеніңді.
Қояндай қолға түскен шыңғырасың,
Шерткенде қысып тұрып екі еніңді.
Көгертпей денең ауыр жатқан ұйып,
Суға езіп ашты лазы қылған сұйық.
Кеудеңнен басып тұрып табанымен,
Мұрныңнан жібереді бір-ақ құйып.
Сол кезде ыңыранасың, ышқынасың,
Шықты деп енді жаның қыстығасың.
Мұрныңнан су, көзіңнен жасың заулап,
Жөтеліп, түшкіресің, пысқырасың.
Қорлықпен сөйтіп өткен қайран өмір,
Жабысып сасық етке тас пен көмір.
Сыртына екі көзің ойнап шығар,
Салғанда басыңа әкеп құрсау темір.
Нысапсыз, рақымсыз, жүзі қара,
Талқандап ақ етіңе салған жара.
Өлесің шіріп жатып ақыр сонан,
Асқынып әлгі жара бара-бара.
Кездессең бұл қинауға бірнеше жол,
Ажалға қарсы алдыңнан ашылар жол.
Өмірден өлім артық деп ойлайсың,
Дүниеге деп, неше рет қош-аман бол.
Есепсіз міне осындай өлген жандар,
Бар қазір өлгендерді көмген жандар.
Күз болса неше мыңдай көр даярлап,
Көзімен бәрін істеп көрген жандар.
Жетпейді жазда тірі күзді күнге,
Жатқандар суыр сынды кіріп інге.
Болғанда қырық екінші жыл жарымы,
Мен бардым гунфаң болып янфыңшанге.
Айдаса қайда бармас гунфаң сорлы,
Айтпай-ақ сорлы болар тұр ғой орны.
Янфыңшан қытайша сөз доғдырхана,
Жататын күнәһарлар ауру орны.
Ол жерде үш ай тұрдым жұмыс істеп,
Өледі күнде адам төрттеп, бестеп.
Махсұттар өз көзімше сол жерде өлді,
Ішімнен еңіредім, бармақ тістеп.
Бір мата шығын қылмай өлгендерге,
Қарадөң апарады көрген жерге.
Шұңқырға жер ошақтай тыға салар,
Даярлап күзде қазып келген жерге.
Осындай әлеметтер болып жатыр,
Қайғымен не сабаздар солып жатыр.
Күніне бір қорадан төрттен өлсе,
Өлгендер түрме ішінде толып жатыр.
Байқасаң осы өлгеннің көбі түрік,
Қырғынға жолыққандар қарап тұрып.
Қой тұрмақ қоян құрлы бағасы жоқ,
Айтқан сөзін тыңдасаң құлақ түріп.
Қорлықпен қор боп өлді нелер сері,
Адамды күйдіретін осы жері.
Жем болды қарға, құзғын, ит пен құсқа,
Елімнің, амал бар ма, есіл ері.
Қылығы міне осы бізге қылған,
Қосылып қалың қайғы күнде тыңнан.
Түрмеде тоғыз жылда өлген адам,
Асыпты орта есеппен алпыс мыңнан.
Біліңдер ажыратып кім қас, кім дос,
Қарғадан қамалғанның есігі бос.
Үңіліп ішкі сырға көз жіберіп,
Әр істің сабырлықпен ақырын тос.
Бізге ұқсас қинамайды өз жынысын,
Өзі жөндеп береді бар жұмысын.
Үй ішіне көрсетіп жұмасына,
Дендерін сау ұстайды, кең тынысын.
Оларды аз күн қамап салады іске,
Кеңсалардың жұмысы – қалам іске,
Ол секілді отырып жұмыс істеу,
Істеу түгіл кірмейді біздің түске.
Істің жөні осылай туған халқым,
Жалған десе айтқаның көпке салсын.
Өзі қандай, бұларға өзге қандай,
Терең ойлап, тексеріп, тапшы парқын.
Өлемін деп қорқып жүр өлмегендер,
Бармағын есебі жоқ тістегендер.
Кетейін аз көрсете осы жерде,
Қайтып жүр гунфаң болып істегендер.
Алып шығып жұмысын істетеді,
Аһ ұрғызып бармағын тістетеді.
Дәретхана дәретін тазалатып,
Өмір өтіп осымен күш кетеді.
Он гунфаңға бір қарға бастығы бар,
Ұратын қылдан тайсаң қастығы бар.
Сасық үй, сабан төсек, би пен бүрге,
Көк кірпіштен басыңа жастығы бар.
Айдайды таң сәріден айғай салып,
Қолына алты қырлы таяқ алып.
Кісен сап, ұрып-соғып, істетеді –
Кешіксең жарты минут кейін қалып.
Жер қазып, кірпіш құйып, лай жасап,
Шөп шайнап, су сіміріп, моманы асап.
Жазғырып, жан ашу жоқ, жарамын деп,
Пышағын жалаңдатад адам – қасап.
Тас тасып, зілдей зембіл көтересің,
Әл құрып, дәрмен қалмай кетер есің.
Жүректі қыжылдатып жүгері нан,
Бір басып, екі ышқынып жөтелесің.
Табаның, қол ойылып, іріңдеген,
Бес баттам денең ауыр кіріңменен.
Қылыш қыры, найзаның ұшындасың,
Жүзіндей ұстараның дірілдеген.
Шықпаған құр сүлделі шыбын жандар,
Буынды ісік шалған, қайда қан бар.
Әр бөлек ағашшысы, теміршісі,
Етікшісі, шапан тіккен, тон мен шалбар.
Қазанның не мырзалар қасында жүр,
Қарғаның екі көзі асында жүр.
Қазаннан қаймақ алып жемейтіндер,
Момының күл-көмеш боп басында жүр.
Мұндайда кім сұрамақ халдарыңды,
Бәрі де болып жүрер албарынды.
Серілер етігіне біз сұқпайтын,
Күніне үштен тікті шалбарыңды.
Әкеліп басқа жерден киім баулап,
Түсіп тұр пайда деген, ақша саулап.
Пайдасын, сен істейсің, қарға жейді,
Күн қайда алатұғын оны даулап.
Атындай арбакештің арқаң жауыр,
Қайғы бар қара түнек басыңда ауыр.
Еріксіз еңіреп кеп, етпеттейсің,
Ел-жұртың еске түсіп, аға-бауыр.
Күнде өліп, көзің көріп жатқандарды,
Қасірет, қайғы дәмін татқандарды.
Елестер өлім көзге ертелі-кеш,
Түн болса тағы сезіп атқандарды.
Сенбейді ауырсаң да алдайсың деп,
Гунфаңның қатарынан қалмайсың деп.
Өмірге бұл секілді қарғыс айтып,
Бұл ауыр тағдырыңа зарлайсың кеп.
Әлсіреп, доқтыр келер өлер хәлде,
Белгісіз бар ма, жоқ па өмір алда.
Істеп жүр кейіп-налып, ауыр жұмыс,
Селкілдеп сексеңдегі кәрі шал да.
Қырылып бір шетінен жатыр өліп,
Жүректің оны көріп оты сөніп.
Қарғалар қарқ болар тойып қанға,
Тірісі өлгендерді келер көміп.
Не байлар тілемші боп нан тіледі,
Қаңғырып баста ерік жоқ тентіреді.
Мынандай амалдармен кейбіреуді,
Әтейлеп алып шығып өлтіреді.
Адамды өлтіретін әдей қастап,
Киімін шешіп алып жалаңаштап.
Арнаулы екі ауызды сұмдық үй бар,
Сұрақ деп әкеледі соған бастап.
Оңаша екі ауызда, екі-ақ есік,
Жері бар айқасатын түбі тесік.
Кірерде сол тесіктен тосып тұрып,
Алады қылышпенен басын кесіп.
Тірідей кейбіреуге найза салып,
Артына екі қолын байлап алып.
Сұққылап, сүйреп жүріп өлтіреді,
Шыңғырып қарамайды жатса талып.
Кесілген кейде қолмен санын көріп,
Қырғындап киіз жапқан ылғи өлік.
Адамның ішек-қарны шұбатылып,
Қаламыз кейде жатқан басын көріп.
Он метр, жеті метр зынданы бар,
Төстіктей қақтайтұғын «құмданы» бар.
Сол жерде аштан өліп, сасып қалған,
Адамды тазалаған мұнда біз бар.
Адамды міне өстіп өлтіреді,
Шақырып жендеттерін келтіреді.
Осындай сұмдықпенен өліп жатқан,
Кісінің бәрі Отанның бел тірегі.
Қан ішіп, қарға, құзғын қылмыңдайды,
Май тамып беттерінен жылмыңдайды.
Қаланың шет жағынан ұра қазып,
Апарып неше жерден қырғындайды.
Тұрғанда амалың не бағың азып,
Қоя алмай өлгендерді қолдан қазып.
Қорлықпен өлді осындай туыстарың,
Кетейін білгенімше атын жазып:
Іледен Махсұт пенен Айса төре,
Қожабек, Қами кетті оны көре.
Еменбай, Уаңқадыр, Сисар, Тастан,
Бастығы Абылаев, Солтантөре.
Байбатша – Ибрайым, Жайнаковпен,
Жөнелді Сағатбектер соңына ере.
Тұрдыақын, Зәкіржан мен Әкімқожа,
Дамолла, Жәлел, Нұртай кеткен оза.
Шыңдыәли, Әбілмәжін, Ахметбек,
Ажалға ұмтылғандар қолын соза.
Шәуешектен Қанағат, Әлімғазы,
Нұртаза, Қазез кетті келер жазы.
Алтайдан Шақаң, Мәңкей, Ақыт қажы,
Бұқат бейіс, Зия мен Қалел тәйжі.
Үрімжіден кетті Әбеу, тинжаң Жүніс,
Қожанияз, Баймолла бәрі бір іс.
Жүніс қажы, Сатарқан, Мұқашпенен,
Қош айтысты дүниеге – бітті жұмыс.
Тағы өлді Кәжен менен Қалиақпар,
Жолығып сергелдеңге қайтқан бақтар.
Барлығы осылардың қинауда өлді,
Бір келмей қош айтуға тіл мен жақтар.
Дамолла – алты шәрден кетті Сауыт,
Кетіпті Әмет туанжаң қаза тауып.
Күнікей, Құрбан Сәйди, Құрбан Нияз,
Қылышпен шәйт қылды басын шауып.
Баркөлден Құдабай мен Қайбар, Қайып,
Зейнолла, Ермекбайға тағып айып.
Басына қылыш ұрып, қанжар сұғып,
Мезгілсіз дүниеден кетті тайып.
Бұларды жерге бөліп бөлшектедім,
Боламыз біз де осындай өлсек дедім.
Осылар ел бастығы, бәрі манап,
Басты қып мыңнан бірін көрсеткенім.
Бәрі өлді Үрімжінің қаласында,
Қырық екі, қырық үшінші жыл арасында.
Қорлықпен сол сарбаздар кетті арманда,
Баланың қалды бұл кек баласына.
Залымдар міне осылай ойран салды,
Қаратып бір өзіне дүние-малды.
Құсайын мен Шәншүпті ұстағанда,
Теңінен елу пұттай алтын алды.
Қойын ап сексен қора Бұлғыншының,
Қаңырап кең өрісі иен қалды.
Есеп жоқ жылқы, сиыр, түйесінде,
Өлтірді малын алып иесін де.
Жаратқан, қай уақытта көрсетесің,
Дубаңға осылардың киесін де.
Бұл сөздің жаңа кірдік қызығына,
Тәтті жер, майлы, дәмді, тұздығына.
Кім алды, кім алдырды, қайда апарды?
Сәп салсын сөздің осы сұмдығына.
Бір күні жаңадан бір жуши келді,
Түрмені тексерген боп жымси келді.
«Бұл өзі әділсіздік жұмыс екен».
Барлығын түзетем деп қыңси келді.
Ұзамай қолдарына қағаз беріп,
Шығарды айтқанындай бір мұнша елді.
Қуандық жолықтық деп жанашырға,
Болмадық түсінгендей арғы сырға.
Өңім бе не болмаса түсім бе деп,
Солардың мен де шықтым арасында.
Бұл сырды кейін білдік арбау екен,
Халықты емес, дубанды қорғау екен.
Шоқыған қарға қашан қарға көзін,
Осымен аңқау елді алдау екен.
Жылаған, тыңдаған боп боздағанын,
Талайын мансапты қып боз баланың.
Басу үшін жасаған айласы екен,
Іле менен Алтайдың қозғалаңын.
Неше жыл жатқан жандар көрмей жарық,
Жушиға қалдық сөйтіп бір алданып.
Ес кетіп, басы айналған біз сорлылар,
Алғашта сене қаппыз білмей қалып.
Өзгертті дубан сөйтіп қақпан, торын,
Оңдасын құдай өзі істің соңын.
Таратқан демалысқа оқушыдай,
Шақырды керексің деп және бір күн.
Отыздан, жиырмадан тасып жатыр,
Арбаға дағарға сап басып жатыр.
Шыңғыртып, шыжылдатып, шырмап, байлап,
Аспаққа аяғынан асып жатыр.
Ақырып шыныңды айт деп жатыр қыстап,
Отқа қақтап, суға сап, түтінге ыстап.
Айтпасам да белгі болған шығар,
Әкелген бір күндері мені де ұстап.
Апарды сұрағына ертеңінде,
Жөтелтіп тұмауменен зертеңі де.
Қырмандап он бір үйде жатыр екен,
Қараңдар қарғабайдың тентегіне.
Ыңыранған әрбір үйден үн шығады,
Аузын басса булығып тұншығады.
Сүлдер қалып өлуге таяғанда,
Енді түссе таяққа жан шығады.
Бурадай сұрақшылар сақылдатып,
Бақыртып соғып жатыр шақылдатып.
Там тесіп, я немесе отын жарып,
Ұстадай темір соққан тақылдатып.
Ағашқа қол-аяқты таңып тастап,
Мені де ұрып жатыр сапылдатып.
Еріксіз езілгендер жасы жосып,
Шықпай жүр шырмалғандар қырсық тосып.
Біткенде әбден сұрақ – екі айдан соң,
Қамады төрттен-бестен басты қосып.
Тыңшыны бір адамға үштен қойып,
Жалақшы жүр талқандап, ортаны ойып.
Бас қосса екі кісі біткенің сол,
Кетеді не айттың деп қырып-жойып.
Өлсек жүрек халықтан суытпаймыз.
Қаншықтарды араға жуытпаймыз.
Өзара күңкілдесіп ала қойып,
Тымпиып оны көрсек, түк ұқпаймыз.
Өлсек те өлмес біздің атағымыз,
Белгілі істеп жүрген шатағымыз.
Алыстан алтын сәуле бір күлімдер,
Болғанмен қазір түнек жатағымыз.
Алатын құнды қуып иеміз бар,
Біз де елміз – шөберелі, аталымыз.
Зұлымға рас қарсы тұрғанымыз,
Ол да рас құпия ұйым құрғанымыз.
Кекпенен қолымызға құрал алып,
Желкеден Гоминаңды ұрмағымыз.
Қашан да теңдік алмай тұра алмаймыз,
Бұл ойды басқа жаққа бұра алмаймыз.
Арман жоқ шындық үшін өліп кетсек,
Енді біз қорлық көріп жүре алмаймыз.
Бәрі қан Үрімжінің айналасы,
Ескі там, ұңғыл-шұңғыл, сай-саласы.
Ішегін ит сүйрелеп өлген жанның,
Құс шоқып, домаланып жатыр басы.
Халықтың соның бәрі адал ұлы,
Мысалы Шәріпқандай жұрт ағасы.
Келсеңдер Үрімжінің қаласына,
Көзің сал қалтарыс, сай-саласына.
Ұмытпа өле-өлгенше осыны деп,
Тапсырып кет балаңның баласына!
Көргенін атасының оқып көрсін,
Кектеніп, көзін салып, көңіл бөлсін.
Бабамның тарихы деп табын танып,
Залымнан кегін алып, қолында өлсін!
Адам боп жаралған соң, жанды туып,
Шығалық тәуекелге белді буып.
Міне осы артқыларға берген белгім,
Алсын деп атасының құнын қуып.
Қайғымен қабырғамды қапсырамын,
Қағазға арманымды жапсырамын.
Сауысқан, қарға-құзғын бәрі дұшпан,
Артқыға соны ұқсын деп тапсырамын.
Келеді түн орнына жарық сәуле,
Сенемін, емес мұным бекер әуре.
Сөзімнің түбін ойла енді, елім,
Қолыңа осы сөзім тисе зәуде.
1945 жыл, Үрімжі түрмесі
МҰҚА БОЛЫСҚА
Бар Мұқа, иманды бол арыстаным,
Келмеске көзімізден алыстадың.
Қызығын екі дүниенің бірдей көріп,
Шықпады естіместей дыбыстарың.
Бар Мұқа, иманды бол қасқырым-ай,
Бір кезде жүруші едің асқынып-ай.
Отырған Көкдалада Шеру-Суан,
Келді екен не зобалаң бастығыңа-ай.
Паналап іштеріңе босқын келсе,
Шығушы ең ысқырып, аптығып-ай.
Сыпырып жараулысып, бәрін алып,
Ақырын сала бердің қапшығыңа-ай.
Басыңа мұндай ауыр күн түскенде,
Солардан бір арашашы болмады ма-ай.
Бұларға енді бүгін кім өкінер,
Қу нәпсі ақыр келіп жалмады-ай кеп.
1945 жыл, Үрімжі түрмесі
КІЛТШІГЕ
Таңжарық, бір сөйлейтін келді кезің,
Қаламым, жорғалайтын енді кезің.
Бер деген бір нұсқаңды ескерме қып,
Көрмей ме үміттенген елді көзің.
Алты жыл абақтыда бес ай жатып,
Істерді әрбір түрлі көрді көзің.
Жасыңнан әр тарапқа қадам басып,
Шашылған ырыздықты тердің өзің.
Белгі етіп түрме тарихы әңгімесін,
Әркімге үлгі-нұсқа бердің өзің.
Өркендеп Азияның ұрығынан,
Бір қатар дәмін таттың жердің өзің.
Ақылың онша артық болмаса да,
Миың бар айырарлық мыс пен жезін.
Кім шыншыл, кімдер сыншыл, кімдер тыңшыл,
Байқадың батыр, қорқақ, жігерлі, езін.
Көпшіл кім, өзімшіл кім, өнершіл кім,
Анықтап көрші басып сөздің тезін.
Жарыққа жалған қоспай шынын шығар,
Түзелсін мінін көріп, болса сезім.
Жағатсып, жасқаншақтап, қуды мақтап,
Жазбайтын сүтпен біткен бар мінезің.
Айтсын жұрт Тәкең бекер жатыр демей,
Шырын сөз, сірне тілім, әтір көмей.
Бал тамып сол көмейден сорғаласа,
Әркім-ақ ауыз тиер бөтен демей.
Түзеліп жігіт міні ашылмайды,
Біреу жасық, біреулер асыл демей.
Артыңа өлмей тұрып қалдыр белгі,
Қара жер құтқармайды ақыр жемей.
Бар шығар әлі дағы бір шабар ет,
Өлеңге емес ең ғой тақыр кедей.
Дабыл қақ езілген ел толғаналық,
Өзіңді бос мүсіркеп «пақыр» демей.
Ық жақтан, жел жаққа айтқан сөзің зая,
Аруақты құр далбас қып шақыр демей.
Ішін көр, сыртын көріп бұлданғанша,
Айтқанын алдамшының ақыл демей.
Білетін жауың артық білмес достан,
Ақылға теңгерт, сынат, шатыл демей.
Ақылсыз өлген досқа ренжіме,
Білгіш жау өлсе жыла, кәпір демей.
Сөзіңді дұшпан ұғып, дос ұқпаса,
Қайтесің оны хайуан – қашыр демей.
Жастарға тіл алатын айт насихат,
Жынданып тамақ үшін сатыл демей.
Жамандап ойды қырға, досты жауға,
Ісіне азғындардың шатыл демей.
Берсе мықтап, бермесе жамандаған,
Олардың таста сөзін ақыл демей.
Шындықтың тұнығынан алып жазшы,
Анау алыс, мыналар жақын демей.
Жүректі ақыл, сабыр, ұста таза,
Бір тиын нашарлардың хақын жемей.
Көжесін жыртық үйдің көбірек іш,
Ақ орда іші салқын шатыр демей.
Арпасын ақ пейілдің шекердей көр,
Сараңның майы дәмді татыр демей.
Сөзбенен жауыздарды ұр тұмсыққа,
Жалақтап қанға ерніңді матыр демей.
Бөлгендей суды сүттен сөйле анықтап,
Бай, патша, палуан, мырза, батыр демей.
Ал сонда қандай сөзден бастамақпыз.
Қай жерге сөз түйінін тастамақпыз.
Қанғандай құлақ құрышы естігеннің,
Әрине шынын айтып тастамақпыз.
Жазамын тапсырмаңды өзіңдей қып,
Өзіңнің берген нұсқа сөзіңдей қып.
Тар жерде тату жолдас болып едік,
Көріп жүр айырылғанға көзіңдей қып.
Жұмахан, сізге айтамын бауырласым,
Қолқаңды құрбың неге ауырласын.
Азырақ айыбыңды кетем ашып,
Көңілің бауырыңа ауырмасын.
Білемін көңілің жұмсақ мінезіңді,
Алдымен өзгені қой біл өзіңді.
Іс емес ер жігіттің істегені,
Кіргізді осы орынға кім өзіңді?
Бұл жерден білім, пікір алмақ түгіл,
Басып жүр қара батпақ кір өзіңді.
Ел қайда, ождан қайда, намыс қайда?
Қойған ба кілтке байлап бір өзіңді?
Көк өзен, көгал күнгей, жотаң қайда?
Ойнаған ор киіктей ботаң қайда?
Кір жуып, кіндік кесіп кісінескен,
Өскен жер, өрбіген ел, Отан қайда?
Ежелгі қазақ ата салтың қайда?