Бап. Кінәсіздікпен зиян келтiру 27 страница
1. Шекаралық нарядтың құрамына кiретiн немесе Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі өзге де мiндеттерді орындайтын адамның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын күзету жөніндегі қағидаларды бұзуы, оның ішінде өткізу пункттерінде бұзуы, егер бұл іс-әрекет мемлекет қауіпсіздігі мүдделерiне елеулі зиян келтiруге әкеп соқса немесе әкеп соғуы мүмкін болса, –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
446-бап. Қарауыл (вахта) қызметiн атқарудың жарғылық
қағидаларын бұзу
1. Қарауыл (вахта) құрамына кiретiн адамның қарауыл (вахта) қызметiнiң жарғылық қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет қарауыл (вахта) күзететiн объектiлерге зиян келтiруге немесе өзге де зиянды зардаптардың болуына әкеп соқса, –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
447-бап. Iшкi қызмет атқарудың немесе гарнизонда патруль
болудың жарғылық қағидаларын бұзу
1. Бөлiмнiң тәулiктiк нарядына (қарауыл мен вахтадан басқа) кiретiн адамның iшкi қызмет атқарудың жарғылық қағидаларын бұзуы, сол сияқты патруль нарядының құрамына кіретін адамның гарнизонда патруль болудың жарғылық қағидаларын және осы қағидаларды дамытуға шығарылған бұйрықтар мен өкiмдердi бұзуы, егер олар зиянды зардаптарға әкеп соқса, олардың алдын алу осы адамның мiндетiне кіретін болса, –
бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекеттер –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттердi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
448-бап. Бақылаушы қызметін атқару қағидаларын бұзу
1. Бақылау функцияларын жүзеге асыратын әскери қызметшілердің бақылаушы қызметін атқару қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, –
бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
449-бап. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық
қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызмет
атқару қағидаларын бұзу
1. Қоғамдық тәртіпті сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әскери нарядтың құрамына кіретін адамның қызмет атқару қағидаларын бұзуы, егер бұл іс-әрекет азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, –
бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –
үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
450-бап.Билiктi терiс пайдалану
1. Бастықтың немесе лауазымды адамның билiктi немесе қызмет бабын өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында қызмет мүдделерiне қайшы теріс пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулі түрде бұзуға әкеп соқса, –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
451-бап. Билiктi асыра пайдалану
1. Билiктi немесе қызметтiк өкiлеттiктердi асыра пайдалану, яғни бастықтың немесе лауазымды адамның өзiнiң құқықтары мен өкiлеттiктерiнің шегiнен анық шығатын, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соққан әрекеттер жасауы –
бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан не:
1) қару немесе арнайы құралдар қолданып;
2) өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында жасалған дәл сол іс-әрекет –
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, ал 2) тармақта көзделген жағдайларда мүлкі тәркіленіп, бес жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жеті жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып немесе онсыз, он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады.
452-бап. Биліктің әрекетсіздігі
1. Билiктiң әрекетсiздiгi, яғни бастықтың немесе лауазымды адамның өзi немесе басқа адамдар немесе ұйымдар үшiн пайда мен артықшылықтар алу не басқа адамдарға немесе ұйымдарға зиян келтiру мақсатында өзінің қызметтік міндеттерін орындамауы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса, –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, төрт жылдан сегіз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
453-бап. Қызметке салғырт қарау
1. Бастықтың немесе лауазымды адамның қызметке елеулі зиян келтiрген салғырт қарауы –
бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екінші бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған іс-әрекеттер –
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген іс-әрекеттi алғаш рет жасаған әскери қызметшi, жеңiлдететiн мән-жайлар болған кезде, қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
454-бап. Батып бара жатқан әскери корабльді тастап кету
1. Батып бара жатқан әскери корабльді өзiнiң қызметтік мiндеттерiн ақырына дейiн орындамаған командирдiң, сол сияқты командирдiң тиiстi өкiмiнсiз корабль командасы құрамындағы адамның тастап кетуi –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған дәл сол іс-әрекет –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
455-бап. Соғыс жүргiзу құралдарын қарсыласқа беру немесе
қалдырып кету
Бастықтың өзiне сенiп тапсырылған әскери күштердi қарсыласына беруi, сол сияқты ұрыс жағдайы мәжбүр етпеген ретте бекiнiстердi, жауынгерлік техниканы және соғыс жүргiзудiң басқа да құралдарын қарсыласына қалдырып кету, егер аталған әрекеттер қарсыласына ықпал ету мақсатында жасалмаса, –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға не өлiм жазасына жазаланады.
456-бап. Тұтқынға өз еркiмен берiлу
Қорқақтық немесе жiгерсiздiк салдарынан тұтқынға өз еркiмен берiлу –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
457-бап. Мародерлік
Шайқас алаңында өлгендер мен жараланғандардың заттарын жымқыру (мародерлік) –
бес жылдан он жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
458-бап. Әскери сипаттағы құпия мәлiметтердi жария ету
немесе әскери сипаттағы құпия мәлiметтер
жеткізгіштерді жоғалту
1. Мемлекеттiк құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәлiметтер жеткізгіштерді қызметi бойынша сенiп тапсырылған адамның абайсызда жоғалтуы, егер жоғалту аталған жеткізгіштермен жұмыс істеудің белгiленген қағидаларын бұзудың салдары болып табылса, –
бес жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мемлекеттiк құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәлiметтердi қызметi бойынша сенiп тапсырылған немесе белгiлi болған адамның жария етуi –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, iрi залал келтiруге немесе өзге де ауыр зардаптардың туындауына әкеп соққан іс-әрекеттер –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –
жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бiрiншi, екінші немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.