Іс-әрекеттің даралық стилі
Іс-әрекет стилі өзін-өзі реттеу стилімен байланысты. Екеуі де адамның тұтас даралық белсенділік стилінің, іс-әрекетінің екі өзара байланысты жақтары ретінде қарастырылады. Соңғы он жылдықта бұл құрылымға танымдық іс-әрекеттің ерекшелігін анықтаушы және тәуелсізділігімен, саралап жіктелінуімен, талдамалығымен сипатталынатын когнитивті стиль түсінігі қосылады. Қазіргі кезде «стиль» түсінігі өте кең контексте мінез-құлық стилі, іс-әрекет стилі, басқару стилі (лидерлік), қарым-қатынас стилі, когнитивті стиль және т.б. ретінде айтылады.
Г.М. Андреева атап көрсеткендей, К. Левин анықтаған мінез-құлық стильдері ең алдымен, жетекшілердің шешім қабылдау түріне жатқызылды. Жетекшілік етудің өктемшілдік, демократиялық және бетімен жіберуші үш стилі белгіленді. Кейінгі зерттеулерде оның директивті, алқалық және рұқсат етілетін сияқты анықтаулары енгізілді. Алайда іс-әрекетке (мінез-құлыққа), өзара әрекеттесуге, қарым-қатынасқа қатысты көбінесе К. Левин ұсынған көрсетулер қолданылады. Стильдің екі жағы бөлінеді: мазмұндық және техникалық, яғни формалдық (амал, тәсілдер). Төменде, Г.М. Андреева бойынша, үш стильдің формалдық және мазмұндық жақтарының толық сипаттамасы келтірілген:
Формалдық жағы | Мазмұндық жағы |
Өктемшілдік стиль | |
Іскерлік, қысқа әмірлер. Аяусыз, қоқан-лоққылы тиым салу-лар. Нақты сөз, салқын үн. Мақтау мен сөгу субъективті. Эмоциялар есепке алынбайды. Тәсілдерді көрсету – жүйе емес. Лидер позициясы- топтан тыс. | Топтағы істер алдын-ала жоспарланады (барлық көлемінде). Тек тікелей мақсаттар ғана анықталады, алыстары – белгісіз. Жетекшінің сөзі – шешуші. |
Демократиялық стиль | |
Нұсқаулар ұсыныс түрінде. Құрғақ сөз емес, жолдастық үн. Мақтау мен сөгу – кеңеспен. Әмірлер мен тиымдар – пікірталаспен. Лидер позициясы – топ ішінде. | Шаралар алдын ала емес, топ ішінде жоспарланады. Ұсыныстардың іске асуына бәрі жауап береді. Жұмыстың барлық бөлімдері тек қана ұсынылмай, талқыланады. |
Бетімен жіберу стилі | |
Үн – конвенционалды. Мақстау мен сөгудің болмауы. Ешқандай ынтымақтастық жоқ. Лидер позициясы – елеусіз, топ жағында. | Топтағы істер өздігінен жүреді. Лидер нұсқаулар бермейді. Жұмыстың бөлімдері жеке мүдделерге қаланады немесе жаңа лидер тарапынан беріледі. |
Зерттеушілер стильдің инструменталды, компенсаторлық, жүйеқұраушы және интегративті сияқты әртүрлі функцияларын (Е.А. Климов, В.С. Мерлин және т.б.) және оның құрылымдық ұйымдасуын анықтайды. Іс – әрекеттің даралық стилінің, Е.А. Климов бойынша, белгілі бір құрылымы бар, оның ұйытқысына даралық-психологиялық ерекшеліктер кіреді, олар іс-әрекеттің табысты болуына не ықпалын тигізеді, не кері әсер етеді.
Мінез-құлықтың жалпы стильдерін анықтай отырып зерттеушілер, адамдар қысылшаң, қақтығыстық жағдайларда мінез-құлықтың онға жуық даралық стильдерін айқындайтынын атап өтеді, олар қақтығыстық, конфронтациялық, келеңсіздікті жуып-шаюшы, ынтымақтастық, ымыраға келушілік, көнгіш, қашқақтау стилі, басу, бәсекелестік және қорғаныс стилі. Маңыздысы, мінез-құлықтың бұл стильдері іс-әрекеттің кез-келген даралық стильдерімен қатарласып жүреді және ол оның аясын құрай отырып, сәйкес эмоционалдық реңк береді. Олар педагогикалық іс-әрекеттің, педагогикалық қарым-қатынастың жалпы эмоционалдық аясын да анықтайды.
Қорыта келе, мінез-құлыққа, іс-әрекетке, қарым-қатынасқа қатысты неғұрлым ортағы К.Левин ұсынған стильдер болып табылады. Стильдің саралап жіктелінуі адамдардың өзара әрекеттесу сипатының өзгешелігімен және олардың даралық-психологиялық ерекшеліктерімен, мысалы, мінез акцентуациясымен байланыстырылады.
8.2.Педагогикалық іс-әрекет стилі.
Педагогикалық стиль сипаттамасы, оның өзгешелігін бейнелей отырып, басқару стилін де, өзін-өзі реттеу стилін де, қарым-қатынас стилін де және мұғалімнің когнитивті стилін де қамтиды. Педагогикалық іс-әрекет стилі кем дегенде үш факторлардың әсер етуін айқындайды: а) осы іс-әрекет субъекті – мұғалімнің (оқытушының) даралық-психологиялық ерекшеліктері, ол даралық-типологиялық, тұлғалық, мінез-құлықтық ерекшеліктерді қамтиды; б) іс-әрекеттің өзінің ерекшеліктері және в) оқушылардың ерекшеліктері (жасы, жынысы, мәртебесі, білім деңгейі және т.б.). Оқушылардың нақты оқу жағдайын ұйымдастыру және олардың оқу іс-әрекеттерін басқаруда субъект-субъекттік өзара әрекеттесумен сипатталатын педагогикалық іс-әрекетте бұл факторлар: а) өзара әрекеттесу сипатымен; б) іс-әрекетті ұйымдастыру сипатымен; в) мұғалімнің пәндік-кәсіби құзырлығымен; г) қарым-қатынас сипатымен де байланыстырылады. Бұл жерде В.А. Кан-Каликке сәйкес, қарым-қатынас стилі деп педагог пеноқушының әлеуметтік–психологиялық өзара әрекетесуінің даралық-типологиялық ерекшеліктері түсініледі.