Алайша Ұл тумасын Қаралы ана 2 страница
Қиырды қолы тиіп шалған емес.
Әуеден сол себепті нұр төгілсе,
Қазаққа бір тамшысы тамған емес.
Ел болып ережеге енейін деп,
Қатарға, қалпын бұзып барған емес.
Болмаса өз ішінде, өзгелермен,
Бас қоса топты бұзып жарған емес.
Ел болып, еркін алып, берекелі,
Қараса бір ауызға арман емес.
Ұлттардай басқа, түрлі өнеркәсіп –
Зауытты ойына алып салған емес.
Келгенде өзді-өзіне қандай мықты,
Атанып батыр, палуан даңқы шықты.
Істемей ол қара күш бұл заманда,
Құр қалып, қарға көрсе қойдай ықты.
Езуді өзі езіліп көп үйренген,
Сұмпайы сиқыр менен міне шықты,
Жарамай сойыл-шоқпар қарулыққа,
Палуанды айла-сұмдық сиқыр жықты.
Үйренген өнер-білім аз болса да,
Күл қылып, көпті көміп, жерге тықты.
Біздің жұрт енді білді кім қиынын,
Арман қып, аузын басып іштей бықты.
Бас салып, қойдай талап, басыңды жеп,
Жүрекке отыр салып кетпес дықты.
Басқалар құстай ұшып жүр басында,
Қояндай бүркіт көрген қазақ бұқты.
Сақтаулы дүңгіршікте қаймағындай,
Қоймаңа жендет қолын олар сұқты.
Басыңды, малыңды алып, дауға салып,
Қаралап ақ етіңе күйе жақты.
Әбекең әлдеқашан айтып өткен,
Қанеки мына ақылын қайсысы ұқты:
«Көрмесең біреуіңді бірің дос деп,
Бірліксіз айтқан сөздің бәрі бос» деп.
Бір қазақ айтқан сөзін ұқпаған соң,
Жағын жар, тілін кез ғып, кеткен «қош!» деп.
Ахмет атын бұзып болды «Маса»,
Сөз жазды қос қыртысты, беті таса.
«Ұйқыңды ызылдасам бөл» деп еді,
Көрмедім ұққан адам оны да аса.
«Сықылды сынық бұтақ төмендемей,
Жұлғызба жемісіңді, – деді, – жаса.
Малша өрмей бет-бетіңе бірік» деді,
Қайтесің оны да ел тыңдамаса.
Жазылды Міржақыптан: «Оян, қазақ»
Ескерді оны қашан «ноян» қазақ.
Орнына оянғанның ұйқы басып,
Қалдың ғой ши түбінде қоян-қазақ.
Таралды Шәкәрімнен: «Қазақ айна»
Қай қазақ оны оқып алды пайда,
Жете алмай есіл сөздің қадіріне,
Кітабы ұқпақ түгіл қалды қайда?!
Әсет те талай сөзді әнмен салған,
Ән салып талай жерге өзі барған.
Сөзінің мәнісіне құлақ аспай,
Біздің жұрт тек әніне қайраң қалған.
Алтынсарин «оқы» деп айтқанымен,
Оқуды тастап қазақ айранды алған.
Бертінде Сұлтанмахмұт не деп еді,
Ар, ождан, намыс, жігер қайда қалған?
Құлақта сөз, баспада хаты қалмай,
Көкірек талай даңғыл ойрандалған.
Соларды біле тұра кім қозғалды,
Мінеки осы емес пе іштегі арман!
Мен-дағы «Шын тілек» деп қойдым жазып,
Сол болды қарастырып тапқан айлам.
Жазсам да жазарымды оны басар,
Табамын таратарлық баспа қайдан?!
Сол сөздер ешкім ұқпай қараң қалды,
Қазақта сөз ұқпайтын сараң қалды.
Сатылған есерлердің қылығынан,
Парағы талабымның отқа жанды.
Қонатын оған шипа болмай кетті,
Былғанып адал жүрек арамдалды.
Алданып, шынға сенбей адасқан ел,
Қақтығып тау мен тасқа арандалды.
Енді кім біздің сөзді алар дейсің,
Айтқаннан басқа амал жоқ бар арманды.
Өлейін өлсем-дағы айтып, айтып,
Шыдайды дәтім қалай тірі жатып.
Деген ғой «мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік»
Буынар белін біреу бір нығайтып.
Елімді сөкпейінші бұдан артық,
Үйректей жүзуші едім, қаздай қалқып.
Күндерді ойлап кетсем елде жүрген,
Еріксіз егілемін естен танып.
Жарамас кешке дейін елді сөккен,
Орынсыз білгішсініп, мінін айтып.
Егер де бәрі білмес болса тақыр,
Таңжарық саған келген қайдан ақыл.
Еліңнің кемістігін сөге бермей,
Онан да бостандыққа ұран шақыр!
Сүрініп аз болмады жығылғаның,
Жөн еді соны біліп ұғынғаның.
Бірігіп бірлік қылсаң бәрің тегіс,
Кетеді маңдайдағы сорың қалың.
Бірі мен сол қазақтың жүрген азып,
Құрғақтан су таба алмай құдық қазып.
Түзеліп енді қазақ ел болар деп,
Үмітпен асқар таудай кетем жазып.
1944 жыл, Үрімжі түрмесі
ОНЫСБЕККЕ
Қонысбек, түбіміз бір – Найман едік,
Құлашты құшақтасып жайған едік.
Қылған іс, еткен еңбек селге кетіп,
Жанды жалдап, азуды қайрап едік.
Бұл күнде боқ теретін қарға болдық,
Бір кезде бұлбұл болып сайрап едік.
«Келешек – арман үшін бас құрбан» деп,
Бір жанды тәуекелге байлап едік.
Қан да ортақ, мал да ортақ, еңбек те ортақ,
Қиялды бір өмірге сайлап едік.
«Елі үшін шыққан жанда арман жоқ» деп,
Айтқанды орныменен жайлап едік.
Бұл күнде емін-еркін сөйлемек жоқ,
Бір кезде сүт бетінде қаймақ едік.
Керек жоқ не келмейді ер басына,
Қосылар күн туа ма ел қасына?
Қалыпқа қайта келер заман бар ма,
Ажалдың шығып тұрмыз ең басына!
1944 жыл, Үрімжі түрмесі
ТҮРМЕ ТАРИХЫ
Үлгі етіп кейінгіге бергендерім,
Ғибрат ал сөзіме ергендерің.
Қысқаша түрме тарихы мынау еді,
Алты жыл абақтыда көргендерім.
Тарқауы қиын бағың бір байланса,
Дерт болып көкірекке кір байланса,
Азамат ақылынан адасады,
Жабысып аққа қара жылға айналса.
Дегенмен ол да ұмыт болар еді,
Бақ қонып, қырсық кетіп ыңғайланса.
Жігіттің арманы не аман шығып,
Қосылып ел-жұртына гүл жайнаса.
Қарғаға қазаншы боп тозып кеттік,
Тік тұрып, қол қусырып қызмет еттік.
Күн өтіп, ай ауысып, жылдар жылжып,
Күнінде Шың дубанның қолына өттік.
Ол тұрып «көздеріңді ашам», – деді,
«Жарық нұр барлығыңа шашам» – деді.
«Мектеп сал, өнер үйрен, жолды түзе,
Болады жан бағуың асан» деді.
Осылай берді уәде жаңалауға,
Дос болып, союзбенен ашып сауда.
«Жасасын көсеміміз Шың дубан!» деп,
Бақырды ұйғыр ойда, қазақ тауда.
Сонымен мектептер де салынды енді,
Машина ол да сатып алынды енді.
Жол шауып, көпір салып, көше түзеп,
Жаңалық үйренді ел ағымды енді.
Шай, шекер, түрлі кезмал арзан болып,
Апарсаң даяр тұрды малыңды енді.
«Шыт көйлек кимейміз» деп басын шайқап,
Кесір сап қатындар да қағынды енді.
Шың дубан айтқан сөздің «жалғаны жоқ»,
Бәрі де бола берді алымды енді.
Күлгірсіп – өстіп жүріп бір күндері,
Ұстады Қожанияз қажымды енді.
Аң-таң боп бұл жұмысқа қалды халық,
Бола алмай бұрынғыдай нанымды енді.
Өктемсіп, «күшейдім» деп сенген дубан,
Қан ішіп, аласұра қағынды енді.
Құлжада жиналысып жұрт жан-жақтан,
Фәндиқұй сол уақытта болып жатқан.
Ұсталды Қожанияз деген хабар,
Бұрқ етіп шыға келді сылың жақтан.
Ұқтырды: «Дұшпандарға қатылды», – деп,
«Пәлеге жолдан шығып шатылды», – деп.
«Әйтпесен ұстамайтын едік оны,
Жапонға алтын алып сатылды» – деп.
Бұл сөзді айтып қойып күндіз жайлап,
Жүріпті іштерінде сұмдық сайлап.
Тұрдыақын, Айсатөре, Жайнаков бар –
Құлжаның қаласынан елу адам,
Бір түнде әкетіпті бір-ақ байлап.
Жығылды көлеңкелі бастан сөре,
Халықтың иманы ұшты мұны көре.
Еменбай, Әкімқожа, Тастандылар,
Бастығы Абылаев, Сұлтан төре.
Жайлапты мұның бәрін сөйтіп бір түн,
Тағы алды сексен адам екі дүркін.
Өздерін байлап-матап, қамауға алып,
Қоса алды кәмпескелеп малын-мүлкін.
Бойыңа ішкен асың тарамады,
Сұрауға халін біреу жарамады.
Адамын айдап шығып, жайын алды,
Шулаған жетімдерге қарамады.
Көз салмай қанша зарлап, жалынғанға,
Қарамай шулап, жылап қалынғанға.
Шәуешек, Үрімжі, Алтай, Баркөл, Іле,
Есеп жоқ алты шәрден алынғанға.
Сонымен бір, екі, үш ай өткен кезде,
Дүрбелең сай-саябыр еткен кезде.
Тағы алды Махсұт бастық жетпіс адам,
Көрмеген адам сенбес мұндай сөзге.
Жете алмай ұшығына көзім талды,
Айтылмай талай сөзім шала қалды.
Бір күні торып жүріп айналдырып,
Келді де енді менің өзімді алды.
Өзімді алды, үйімді жаудай шауып,
Зарлады қатын, балам ақылы ауып.
Талқандап, қудай түтіп, тінтсе де,
Алған жоқ бір жапырақ белгі тауып.
Жүргізді маған тура үш ай сұрақ,
Сөзінің бірінде жоқ тұрлау-тұрақ.
Мойынға шынжыр тағып, қолға көзір,
Тұра алмас қинағанда жаның шыдап.
Отырсаң ұрып, тұрсаң теуіп көтке,
Жабысып шөлден өкпе, бауыр етке.
Жығылдым көз іріңдеп, аяқ ісіп,
Нәр бермей қинағанда он бір сөтке.
Сарғайып жапырақтай жүзім солды,
Созылып жалғыз жаным қылдай болды.
Талықсып жан шығарға таяғанда,
Сұрақшы жалақтайды «қой, – деп, – қолды!».
Орын жоқ енді жайлы жатарыма,
Көз жетпей таңым қашан атарына.
«Өлгенше мен сендерге қарсымын» деп,
Қосылдым дұшпанының қатарына.
Құлжада алты ай жаттым көзім жайнап,
Езіліп, санды соғып, қаным қайнап.
Бір күні Үрімжіге барасың деп,
Басып ап машинаға жөнелді айдап.
Әкелді Үрімже алты күнде,
Болары қандай заман білінді ме?
Арда өскен асау кердей азат басым,
Шырмалып темір торға ілінді ме?
Итеріп жібергенде келдім кіріп,
Шошынып, есім шығып, қалдым тұрып.
Пысынып түрме іші, сасып кеткен,
Жатқандай түкпірінде адам шіріп.
Үшінші қойды қамап түрмесіне,
Талатып қандала мен бүргесіне.
Бір үйде отыз екі адам отыр,
Лық толып бұрыш-пұшпақ іргесіне.
Сұмдықтың екен мұнда қиын басы,
Көз жастың енді болды тыйылмасы.
Екі орыс, екі қытай, сегіз қазақ,
Өзбек пен ұйғыр, татар жиырмасы.
Қарап ем сүртіп тастап көзден жасты,
Бәрі де жабырлап кеп амандасты.
Таныса, сырласа кеп кейін ұқтым,
Бар екен партиядан ең алғашқы.
Саяси қылмыстылар деп аталған,
Менімен отыз үш болып ыңғайласты.
Жете алмай кетем бе деп мұратыма,
Қай жерде көз жетпейді тұрағыма.
Арада үш ай мезгіл өткен кезде,
Бір күні алып келді сұрағына.
Бұларға бастан-аяқ айттым «шынды»,
Сұрақшы бәрі әуелкі, өңкей жынды!
Ақырып айтқан заман кетіп еді,
Көрінді қарын жарғыш қабан сынды.
«Таңжарық мына сөзді тыңда», – деді,
«Ес болса енді ойнама, шында, – деді.
Үрімші Шыңжаң сынға мәркез болса,
Мәркезі сұрақтың да мұнда», – деді.
Жүрерде Үрімжіге қуанып ем,
Көңілге Шың дубанды бу алып ем.
Үлкен жер ақиқатпен тексерер деп,
Құрғатып көздің жасын уанып ем.
Үлкен жер ақиқаты мұндай болды,
Бір басқа пәле деген құмдай болды.
Кешегі кердеңдеген қайран Тәкең,
Бұл күнде жорғалаған құрдай болды.
Өмірдің таусылмайды бір егесі,
Үзілмей арман-үміт тұр елесі.
Үлкен жер кіші жермен үндес екен,
Соғылған бір Гомидан керегесі.
Олардың ақиқаты қайдан болсын,
Қағынған қанды сорып делебесі.
Кем қылып, қинау менен өлтіретін,
Бұл міне осылардың өнегесі.
Қан құмар, қара ниет, өңкей залым,
Құрғаған жамандықпен кенезесі.
Көргенім көрмегеннен әлі аз екен,
Туралық бұл жерменен араз екен.
Бұл жерде қамақ орны тоғыз үй бар,
Түрме емес, бастабында гараж екен.
Белгісіз мұнда қанша жатарым да,
Күтумен таңның қашан атарын да.
Мен емес жалғыз қинау көрген мұнда,
Жатқанның бәрі көрді қатарымда.
Қожабек, Жабықбай мен Әбілмәмбет,
Бар екен Қалилар да қатарында.
Бәрі де төмендепті қайран батыр,
Сөздері қайран батыр, балдай татыр.
Кейбірі тым төмендеп кеткен екен,
Еңістеп күннен күнге бара жатыр.
Ыңырсып бәрі жатыр қараңғы үйде,
Өлмес күн өтіп сондай сұмдық күйде.
Сығалап бір күндері қарап тұрсам,
Жайырбек сегізінші жатыпты үйде.
Көргенмен сөйлесу жоқ, іш қайнайды,
Қапамен қараңғыда көз жайнайды.
Түшкіру, қатты сөйлеу, жөтелу жоқ,
Шығартпай дыбысыңды тіл байлайды.
Ауа жоқ еркін жұтар тынысыңа,
Кеудемнің сасық толып қуысына.
Сондықтан өтінеміз бүйткенше деп,
Шығарса жарық көрсек, жұмысына.
Жұмысқа шығарады төрт, бес жүздей,
Істейміз күндіз-түні, жазы-күздей.
Мұнда да күн өткізу ауыр екен,
Қайтерсің бұл тұрмыстан күдер үзбей.
Көрісіп көп адамды алдым танып,
Әрбірі жайын айтса жүрек жанып.
Түрменің ішкі-сыртқы жағдайымен,
Танысып, жолдас болдым әбден қанық.
Ел айтқан армандарды мен де айтамын,
Сөйлемей көргенімді немді айтамын.
Осылай түрме тарихы жалғасады,
Әдіптеп ұстау жайын енді айтамын.
Бейнет бар арт-артынан тұрған жалғас,
Ойласам қылықтар бар естен қалмас.
Мынадай зұлымдықпен әкетеді,
Қамаққа аларында ұстап алғаш.
Әскермен жиырма-отыз түн ішінде,
Тықыр жоқ – сылдыр, дыбыс, үні ішінде.
Аңдыған құралайды аш бөрідей,
Білдірмес басқа түгіл – үй ішіңе.
Арбаға алып келіп жатқызады,
Арқаңа қу ағашты батқызады.
Тұмшалап бет-аузыңды, дағарға сап,
Азабын бұл дүниенің тартқызады.
Жабады алып келіп абақтыға,
Үйіңнен кіргізбейді тамақты да.
Бит, бүрге, қандаласы қанды сорып,
Қасынып, қақтырмайды қабақты да.
Бар-жоғын, тірі-өлігін білмейді жан,
Тұзсыз су, шикі мома береді нан.
Сұрайды қай-қайдағы жоқ пәлені,
Ағызар шын демесең аузыңнан қан.
Кетесің әлің қашып, буың құрып,
Өмірден тілегіңді суындырып.
Қап-қалта, тұмылдырық басыңа сап,
Байлайды кеңірдектен буындырып.
Бітеулет машинаға киіз жауып,
Айырмай күндіз-түнді есің ауып.
Бір жерге енді апарып бауыздар деп,
Кесілер үміт-тілек қылып қауып.
Әкеліп қырық-отыздан бір-ақ тығып,
Үстіне біреуінің-бірін жығып.
Тұмшалап сөйлетпейді, жөтелтпейді,
Біріңді біле алмайсың бірің ұғып.
Ел сөйлеп, естілмейді иттер үрсе,
Қолды көзір, аяқты кісен бүрсе.
Аға-іні, бала-шаға, бауырлар да,
Сезбейді бірін-бірін мың күн жүрсе.
Қорлығын неше түрлі жүргізеді,
Ауырлық сондай азап көргізеді.
Ақырып адым айын, қырып-жойып,
Өзінің кім екенін білгізеді.
Қолында қынсыз қылыш жалақтатып,
Зәреңді алып, көзіңді алақтатып.
Машина жоқ жерлерден ұстағанды,
Жеткізер есек пенен түйеге артып.
Қиналып шықпаған жан жапа тартып,
Деп ойлайсың «мұнан да өлген артық».
Қорлықты міне өстіп өткізеді,
Басыңнан өз еркіңді кеткізеді.
Ұстаған асығыспен кей біреуді,
Салып ап, самолетке жеткізеді.
Көз көрмей, құлақ ұқпай, қалтада бас,
Егіліп еріксізден көзіңнен жас.
Қаласың бір-ақ біліп келгеніңді,
Мәркезге аяқ-қолың байлаулы тас.
Біреуі әкеп, біреуі хатқа алып,
Басыңа бар пәлені үйе салып.
Әбден сұрақ біткенше бірден-бірден,
Қамайды қараңғы үйге алып барып.
Жатасың күңіреніп қараңғы үйде,
Күйзеліп күн өткізіп сондай күйде.
Мал екеш мал кіріптар болмасын деп,
Тілейсің адам тұрмақ мұндай күйге.
Міне осы әңгімесі түрме-тарих,
Жатқан соң жазып шықтым болып ғарып.
Сипаттап түрме халін бұдан кейін,
Шығарам аман болсам тағы жазып.
1945 жыл, Үрімжі түрмесі
УА, ЖІГІТТЕР!
Жігіт жоқ қарап тұрсам жүдемеген,
Қайғы жоқ күннен күнге үдемеген.
Келеді тәнге зақым жүдей берсе,
Тері де тесілмей ме сүре берген?!
Толғанып, кел жігіттер, ойланалық,
Жарамас бекер қарап жүре берген.
Қалды ма жалбармаған «құдайымыз»,
Қол жайып тілек бар ма тілемеген?
Таңымыз атар болса атпас па еді,
Тасаттық беріп тілеу тілегеннен.
Мүйіз де шығар болса шықпас па еді,
Ендігі құр үзеңгі шіренгенннен.
Күңкілдеп бос өсекке болдық жауыр,
Жазы-қыс жайлауыштай міне берген.
Өрнектеп сыртын қанша бояса да,
Сенелік дәл шындыққа көзбен көрген.
Тарыдай, таудай сөздің бар түйіні,
Емес бұл иттің даусы қораға үрген.
Үреді ол да сезіп суық қолдың,
Дыбысын қараңғыда оқыс жүрген.
Уәде, күңкіл-сүңкіл – бәрі бекер,
Тәуекел, қайратыңа күштемеген.
Елді ойлап ер бола ма есін жиып,
Тар жерде күннен күнге үдемеген?!
Жүректің түкпірінен салдым айғай,
Болсаңдар бұдан бұрын елемеген.
Вулкандай оның ыстық жалыны бар,
Қоқсықты өрт бола ма өртемеген.
Мезгілің енді ойлар, уа жігіттер!
Семсерді тот баспай ма білемеген?!
1945 жыл, Үрімжі түрмесі
ТҮРМЕ ХАЛІ
Сөзімді оқыған жұрт ылғасын да,
Мін бар ма артық-ауыс тұлғасында.
Қан құмар қара ниет залымдарға,
Кіріптар тағдырыңды қылмасын да.
Ұққанға, сынағанға, естігенге,
Мұңым бар айтатұғын бір басымда.
Шұңқырға адамзаттың түсуі оңай,
Отырмын деме бүгін қыр басында.
Көріңді күні бұрын даярлайды,
Жан ашып, жақын тартқан сырласың да.
Тапсырды өз қолымен сырластарым,
Түрмеге қырқыншы жыл, жыл басында.
Ұмытып қаламын ба әлде бір күн,
Қызыл тіл осындайда жырласын да.
Қараңғы зындан болды тұрақтарым,
Саңырау түк естімей құлақтарым.
Тік тұрды төбе шашым, жаным шошып,
Алғашта естігенде сұрақтарын.
Сұрағың өтірік деп мен де айтамын,
Білмесем «жоқ сұраққа» немді айтамын.
Сұраған, қинағанын, қылғандарын,
Әдіптеп ретімен енді айтамын.
Түнде кеп екі-үш адам ортаға алып,
Басыңа бітеу қалта жаба салып.
Жетелеп, тұншықтырып, дірілдетіп,
Бір үйге кіргізеді сүйреп барып.
Тастайды кірген заман бетіңді ашып,
Отырған төрт, бес адам қаны қашып.
«Қарныңды жарамын – деп, айт шыныңды»,
Ақырып арыстандай зәһәр шашып.
– Жүрдің ғой артық сөйлеп, кейде – дейді
Мынадай сөз аяғын бейнелейді:
«Қазақтың үкіметке қарсылығын,
Жасырмай ташклатын сөйле» дейді.
Жылайсың, зарланасың, жалынасың,
Тер ағып, қара суға малынасың,
Болмасаң егер мықты өзіңе-өзің,
Пәлеге айықпайтын қалынасың.
Білем деп «білмегенді» айта алмайсың,
Сөзіңнен жалған айтсаң қайта алмайсың.
«Өлесің, қиналасың» деген сайын,
Жауырдай ер қажаған қайқандайсың.
Мың жылап, қарамайды жалынғанға,
Боялып қызыл қанға малынғанға.
Істейтін ісі мынау әуел баста,
Қинауға алғашында алынғанда.
Тікеңнен тік тұрғызып қойғызады,
Шақырып екі жендет сойғызады.
Аяққа кісен салып, қолға көзір,
Біржола шыбын жаннан тойғызады.
Су бермей, нәр таттырмай неше сөтке,
Жабысып шөлден өкпе, бауыр етке.
Еріксіз екі көзден жас парлайды,
Соққанда тас ұлтанмен екі бетке.
Көтеріп екі қолдан көкке созып,
Бірінен сұрақшының біреуі озып.
Табанға темір сүмбе сұғылғанда,
Басыңа бір-ақ шығар қаның қозып.
Тік тұрып екі аяғың кеткен ісіп,
Тамшылап сары су, ағып жерге түсіп.
Балбырап балтыр етің сасығанда,
Секілді қалған жемтік, өлген үсіп.