Сөйлегендердің сөздерінен 2 страница
Мен қатты толқып тұрмын. Халима туралы жай сөз айту жеткіліксіз. Халима туралы тек дастан түрінде ғана жырлау керек. Ол дастанды Әзілхан, құдайға шүкір, жеткізіп жатыр.
Халиманы мен интернатта сіңлім етіп, бауырыма басып жүрдім. Халима әскерге кетті. Мен кәрі әке-шешемнің қасында қалдым. Соғыс біткеннен кейін хат жазысып тұрдық. Мен мектептің директоры едім. Қасыма шақырдым. Ол келді. Бір мектепте бес қыз бірге қызмет істедік. Халима мен Әзілхан арасындағы махаббат керемет күшті болды. Екеуінің жазысқан хаттарын оқып, біз есіміз шыға тәнті болдық. Ол хаттар қазір Әзілханда бар шығар деп ойлаймын. Біз махаббат дегеннің не екенін осы екеуінің хаттарынан түсіндік. Сонда біз жиырмадан асқан қызбыз. Махаббат дегенді естігеніміз болмаса, оның қандай екенін мүлде білмейтінбіз. Қыз бен жігіт қосылып, семья құрса, сол махаббат шығар деп ойлайтынбыз. Жоқ, олай емес екен. Махаббат жан-тәніңмен біріңе бірің берілу екен. Сүйгеніңді ойламай, оның атын атамай тура алмау екен. Суықбұлақ стансасымен іргелес қазақ ауылы ғой біздің тұрғанымыз. Ауыз үй, төр үй деген екі бөлме ғана болады. Ауыз үйде қозы, лақ тұрады. Төрге бөлмеде адамдар тұрады. Кәрі әкемнің бір бұрышта биік төсегі бар. Шешем қайтыс болған. Бәйкен деген ағам мен Күләнда деген жеңгем төрде, жер төсекте жағады. Ал екі мұғалім Халима екеуміз үйдің екінші жақ қабырғасындағы темір керуетте жағамыз. Сонда Халиманың түнде түсінде Әзілханды көріп, сан рет атын атап жатқанын естідім. Түсінде болса да екеуі сөйлессінші, бірге болсыншы деп, мен Халиманы оятпадым.
Таңертең тұрғанда:
— Халима, сен түнде түс көрдің бе? — деп сұраймын одан.
— Иә, — дейді ол.
— Кімді көрдің?
— Әзілханнан басқа мен кімді көруші едім, — дейді ол.
Халиманың Әзілханға деген махаббатын мен сонда көрдім.
Алматыдағы университетте оқып жүрген Әзілханнан хат кешігіп қалса, "не боп қалды?" деп жаны қалмайтын. Әзілханның соғыста жазған хаттарын жылап отырып оқитын. Әзілханның соғыс кезінде жазған хаттарының бірін де жоғалтпай, жинап жүріпті. Кәрі адамдар Құранды қандай құрметтейді, қасиетті кітап деп ең жоғарыға қояды. Ал Халима Әзілханның жазған хаттарын Құраннан кем көрмейтін.
Халиманы біздің ауыл тегіс жақсы көріп, төбесіне көтеріп әкетті. Өзі сүйкімді, өзі шебер, қолынан келмейтіні жоқ. Көршілердің бәріне көмектесе салады. Тіпті бір көршіміздің шүйкесін ұршықпен иіріп, жіп етіп бергені есімде. Үлкендерге сыйлы болуы өз алдына. Ал ауылдағы балаларға тегіс орыс тілін үйретіп, бәрін мәдениетке баулыды. Халиманы ауыл "Мәскеуден келген мұғалім" деп атайтын. Десе дегендей, Халима ауылға Мәскеу мәдениетін дарытуға тырысты. Оған қолы жетті де белгілі дәрежеде.
Қырық алтыншы жылдың жетінші қарашасы қарсаңында Халима екеуміз Алматыдағы Әзілханды қонаққа шақырдық. Ұсынысты мен жасадым. Халима ішінен қатты қуанды, бірақ, білдірген жоқ.
— Сонда Әзілханды жұртқа біздің кіміміз деп айтамыз? – деді ол ойланып.
— Сенің нағашың, жиенін көруге келіпті дейміз, – дедім мен.
Сонымен қойшы, Алматыдан Халиманың "нағашысы" келді. Жұртқа солай хабарланды. Мектепте Қазан төңкерісінің мейрамына арналған салтанатты жиналыс болмақ. Біздің ауыл адамдарының жартысы қазақ, жартысы орыс болатын. Баяндаманы орыс тілінде жасауға ұйғарғанбыз. Өйткені қазақтардың бәрі орысша біледі. Баяндамашыға орыс тілінің оқытушысы, ауылша айтқанда "Мәскеуден келген мұғалім" Халима тағайындалған.
Мен мектептің директоры болғаннан кейін жұртты қарсы алуға ертерек мектепке кеткенмін. Менің артымнан баяндамаға белгіленген уақыт таянғанда Халима мен Әзілхан келмек болатын.
Жиналыс басталатын уақыт жақындап қалды. Бірақ, баяндамашы жоқ. Онсыз жиналыс бастауға болмайды. Екі өкпемді қолыма алып, үйге қарай жүгірдім. Келсем "нағашы" мен "жиен" екеуі біріне-бірі телміре қарап, үңіліп, үздігіп өліп отыр. Құшақтасып, сүйісу деген жоқ. Ол кезде сүйісу деген салтта жоқ еді ғой. Бірінің-бірі шаштарын қайта-қайта сипалай береді. Күбір-күбір сөйлеседі. Не айтып отырғандары белгісіз. Үйдің ішін біреу көшіріп әкетсе білетін емес. Менің есік ашқанымды да естіген жоқ.
Мен ентігіп келіп:
— Ойбай-ау, неғып отырсыңдар? Тез жүріңдер, жиналыс басталатын уақыт өтіп бара жатыр, – дедім сағатымды көрсетіп.
Сонда ғана олар сасқалақтап, отырған орындарынан атып тұрды. Қос ғашықты жетелеп, жиналысқа да жеттім-ау әйтеуір.
Әшейінде жай сөйлейтін Халимаш сайрап бір берсін баяндама жасап, қағазға қарамайды. Оқиғаның ай, күн, жылдарын жатқа соғады. Жұрт қатты риза болды.
Халиманың лаулаған сөзін тыңдай отырып: "Махаббаттың күші осындай болады екен-ау!" деп ойладым ішімнен.
Халиманың қоғамдық қызмет дегенде жаны қалмайтын еді. Интернатта жүргенде пионер отрядының вожатыйы болды. Мектеп комсомол ұйымының бюро мүшелігіне үнемі сайланатын. Қабырға газетінің суреттерін салатын. Комсомол ұйымы қандай тапсырма берсе де, орындаудан бас тартпайтын. Басқамыз қоғам жұмысынан қашқақтай беретінбіз.
Сол кезде САУЖОЙ деген болды. Сауатсыздықты жою деген сөз. Сол уақыттың үлкен ұраны болатын. Біздің мектепке де Семейдің бір көшесі бөлініп берілді. Степной көшесі ме екен, есімде жоқ. Сол көшеге жоғарғы кластардан үздік оқитын ересек оқушылар бөлініп, хат білмейтін қараңғы тұрғындардың сауатын ашуға жіберілетін. Сол көшедегі 5 үй Халиманың қарамағына берілді. Ол сол кезде сегізінші класта оқитын. Халима тынбастан сол үйлерге барып, тілдері қатып кеткен, қолдары қарындаш ұстауға әрең келетін кемпір-шалдарға әліппе үйретіп жүрді.
Бір күні "шәкірттеріне" қарай кетіп бара жатқанда көшеде қабаған ит кездесіп, Халиманы қауып алыпты. Халиманың бір санының ішкі жатының терісін интернатқа келді. Барлық қыздар шыж-быж болдық. Жетелеп дәрігерге апардық. Дәрігер жарасын танып, жазылғанша үйден шықпауды қадағалап айтты.
Үйден шықпау қайда?! Халима ақсаңдап жүріп, сабақтан да қалмады. Кемпір-шалдарды оқытуға да барып жүрді.
Біз оған:
— Тым болмаса "саужойыңа" барма! — дедік.
Ол басын шайқады.
— Мен сабақ үйрететін қариялар өте жақсы кісілер. Олар да мені жақсы көріп кетті. Енді оларға көрінбей кетуім ұят қой. Өзіме жүктелген тапсырманы орындамау комсомол комитетінен де ұят! деді.
Халима ҰЯТ мәселесін ең жоғары қоюшы еді. Ақсаңдап жүріп, өзіне берілген үйлердің кемпір-шалдарына қара танытып шытарды. Біз оны көпке дейін әзілдеп, "ақсақ мұғалім" деп атап жүрдік.
Халиманың ҰЯТ дегенді жоғары сатыға қоятыны сондай, жоғарыда айтылған жиналысқа сәл кешігіп келгеніне көпке дейін елден ұялып жүрді. Сол жиналыста да, одан кейін де ауыл адамдарынан кешірім сұрап жүрді.
Халиманың осы кешірім сұрауының өзін ауыл адамдары үлгі ретінде қабылдады.
— Неткен өнегелі қыз! — деп олар Халиманың сыртынан тамсанып жүрді.
Жұрт тамсанса, тамсанғандай еді ғой, Халима айналайын.
Осы ҰЯТ деген сөз Халиманың алтын туы еді. Осы туды Халима өмір бойы аспандата ұстап өтті. Қазір айтқанын орындамайтын, орындамағанына ұялмайтын адамдар көп қой.
Халима сабақтан бір минут кешікпейтін. Айтқан уәдесін бұлжытпай орындайтын. Тек сол күні ғана, жоғарыдағы жиналысты айтамын, сәл ғана кешігіп қалды. Онда да тоғыз жыл бір-біріне ғашық болған Әзілханмен сатына көріскен сәті ғой. Қайтсін!
Махаббат маздағанда қоғамдық қызмет естен шығып кететінін мен сол күні сездім.
Әлгі әңгімеме қайта оралайын. Сол Семей иті қапқан теңгедей тыртық Халиманың санында өмір бойы қалып қойды. Халима алғаш Мәскеуден қайтып келгенде оның сол тыртығын тағы да көзіммен көрдім. Оны Әзілхан да көрген шығар деп ойлаймын. Осыным рас па, Әзеке?
Дауыс:
— Халима маған жалаңаш денесін көрсетпейтін еді. Ұялатын. Бірақ, бір жолы, осы әңгімесін маған айтқаннан кейін ғана санындағы тыртықты көрсетті. Мен сипайын деп едім жаным ашып, ол алақанымен жаба қойды. Осы айтқаныңның бәрі рас, дос Сәки.
— Рас болса, ар жағын тыңда. Сол "сауатты" кемпірлердің Халимаға бауыр басып кеткендігі сондай, кейбіреулері интернатқа іздеп келіп, үйлерінде өткен той тағамдарынан Халимаға сыбаға, сарқыт әкеп беріп жүрді. Біз оны "ақсақ мұғалімнің жалақысы ғой!" деп жапырлай жеп алатынбыз. Ол кезде "гонорар" деген сөзді білмейтінбіз. Білсек: "Халиманың гонорары!" дейміз ғой.
Тіпті сол кемпірлердің бірі Халиманы бала етіп алмақшы болды. Аягөзде аталас туыстарында қалмаған Халима бөтен кемпірге бала бола ма? Барған жоқ.
"Жақсыдан — шарапат" деген рас. Әзілханның Халимаға осы келіп-кетуінің арқасында мен де жақсы жарға ие болдым. Әзілханның жан жолдасына күйеуге шықтым. Төрт бала көрдім. Егер Халима менің қолымда болмаса, Әзілхан оған келмесе, мен Мәуліттей жар табар ма едім, таппас па едім, оны бір Құдайдың өзі біледі.
Әзілхан мен Халиманың ешбір жанда жоқ жалынды махаббатының куәсі болдым. Шын махаббат ешқашан өшпейді екен. Өшпейтіндігінің белгісі Әзілханның күні бүгінге дейін Халиманы жоқтап келе жатқаны. Талай жазушы болды. Талайы жарларынан айырылды. Бірақ, дәл сен сияқты күңіреніп, ішкі шерін шығарған ешкім жоқ. Мен саған бүкіл қазақ әйелдерінің атынан алғыс айтамын, Әзеке.
Халиманың маған бір айтқан әңгімесі өмір бойы есімен кетпейді. Сол айтқаны есіме түссе, жылағым келеді.
1932 жылғы аштықта Халима әке-шешесінен айырылып, жетім қалған ғой. Бір үйлі жаннан 5 жасар Ханымхан деген сіңлісі екеуі ғана қалған. Басқа төрт адам түгел опат болған: әкесі мен шешесі, бауыры мен бір сіңлісі. Өзі жеті жаста. Оларды басқа жетімдерге қосып, Аягөз стансасынан Семейге қарай жөнелтеді. Аштық қуалаған бір үйлі жан Абай ауданындағы Құндызды деген жерден ауып келіп, Аягөзге тақаған екен. Бірақ, Аягөзге жете жығылған ғой бәрі.
Семейге келгеннен кейін оларды Жаңасемейде поезден түсіреді. Жетім балалар үйіне орналастырады.
Бірінің қолындағысын бірі тартып жеп жүрген ылғи аш балалар ғой. Кішкентай Ханымханның қолына тиген бір жапырақ нанды жұлып әкете береді. Тура ұмтылса, ол құлар кішкентай баланың азығын ауыздарына тығып кеп жіберіп, бір-ақ қылқиды.
— Міне, жоқ, — деп алақандарын жаяды.
Олардың өңешінен өтіп кеткен нанды Халима зорлықшы баланың аузына қолын тығып, тартып ала алсын ба? Ала алмайды. Жылап отырған сіңлісін жұбатып, оған өз нанының жартысын, кейін бүтіндей беріп, өзі аш жүреді.
Сөйтіп, бір құрсақтан шыққан кішкентай сіңлісін қорғайды ғой Халима.
Ол кезде балалар мектепке сегіз-тоғыз жастан барады. Күзде балалар үйіндегі жетім балалар мектепке оқуға тартылады. Халиманың бірінші класқа алуға жасы толмайды. Жасы толмаса да Халима мектепке баруын қоймайды. Орын болса біреудің қасына отырады. Болмаса түрегеп тұрады. Тумысынан зерек Халима мұғалімнің кластағы балаларға айтқандарын қолма-қол қатып алады. Қара тақтаға жазған әріптерді де тез меңгере бастайды. Мұғалімнің әріптеріне ұқсатып, бормен айтқан әріптерін тақтаға жазып та береді.
Сөйтіп, он шақты күн жүреді. Оның зеректігін таныған мұғалім жасы кіші болса да Халиманы бірінші класқа алады. Дәптер, қарындаш береді. Қолына оқулық кітаптарын салған сөмке ұстатады. Заңды оқушы болады.
Осыған өзі қатты қуанып, құлшына оқып жүреді. Ал бес жасар сіңлісі жатақханада қалады. Өзі сияқты төрт-бес жастағы балалардың ортасында ойнап жүреді.
Халима бір күні сабақтан келсе, сіңлісі жоқ. Шарқ ұрып іздейді. Сөйтсе оны мектепке бармайтын жасы кіші балаларды тәрбиелейтін басқа балалар үйіне алып кеткен екен өзі сияқты кішкентай балалармен бірге.
— Сіңлім қайда? — деп Халима зар қағады.
— Осылай да, осылай, — деп тәрбиешілер оған түсіндіре бастайды. — Өзі құралпас балалармен бірге болады. Сен оған барып тұрасың, — дейді.
Халима оған көнбейді.
— Сіңлімді тауып беріңдер, — деп жылап отырып алады. — Маған сіңлімді көрсетіңдер, — дейді.
Тәрбиешілер Халиманы ол балалар үйіне ертіп барып, сіңлісін көрсетуге уәде етеді. Олар әне апарамыз, міне апарамыз деп, қолдары тимей, 4-5 күн жүріп қалады.
Содан кейін Халима сабақта отырып ағыл-тегіл жылайды. Көзінің жасын тия алмайды.
Мұғалім уатып, неге жылағанын сұрайды. Халима оған өксіп отырып, сіңлісінен айырылып қалғанын айтады. "Оны көргім келеді" дейді.
Мұғалім жаны ашып, баланы басынан сипайды. Алақанымен көзінің жасын құрғатады.
— Жылама, айналайын. Бүрсігүні демалыс болғанда ол балалар үйіне сені өзім ертіп апарып, сіңліңді көрсетемін. Ол қазір томпаңдай жүгіріп, ойнап жүрген шығар, — дейді.
Халима мұғалімнің бұл сөзіне қуанып қалады.
Мұғалім айтқанындай демалыс-жексенбі күні Халиманы қолынан жетектеп, сол Жаңасемейдегі мектеп жасына жетпеген кішкентай балаларға арналған балалар үйіне ертіп барады. Балалар үйінің директорына кіреді Халимамен бірге.
— Осылай да осылай, — деп мұғалім директорға Халиманың жайын айтады.
Детдом директоры үстелінің үстінде жатқан дәптерді ашып: "Фамилиясы кім?" деп сұрайды.
— Өзбақанова Ханымхан, — дейді мұғалім Халимаға қарап.
Ол басын изейді.
Директор дәптердегі шұбатылған тізімді қуалай қарап отырады да, бір бетті саусағыммен нұқып, ұстап басын шайқайды.
— Жоқ. Ол бала осыдан екі күн бұрын қайтыс болған, дейді.
"Өлді" деген сөзді естіп, жұдырықтай Халима еңіреп қоя береді.
— Ол өлген жоқ, маған сіңлімді көрсетіңдер, — деп ботадай боздайды.
Амалсыздан директор Ханымханның тәрбиешісі болған әйелді шақырып алып:
— Мына кісілерге кеше қойылған қыздың зиратта жатқан жерін көрсетіп келіңдер, — деп өлген балалар тізіміндегі Халиманың сіңлісінің аты-жөнін саусағымен түртеді.
Тәрбиеші оларды балалар үйіне іргелес зиратқа алып барады. "Ханымхан Өзбақанова. 5 жаста" деген жазуы бар қабір басына қойылған тақтайшаға жазылған жазуды көрсетеді. Оны мұғалім Халимаға дауыстап оқып беріп:
— Сенің сіңліңнің аты-жөні осылай емес пе? – дейді.
Халима басын изейді.
— Онда сенің сіңліңнің өліп қалғаны рас. Өлген адамды осылай жерге көміп, үстіне топырақ үйеді, — дейді мұғалім оқушысын бауырына тартып.
Халима бұрын өлген адамды көмгенді көрмеген ғой. Сондықтан ол топырақты құшақтап, шыңғыра жылап қоя береді. Өксігін баса алмайды.
— Ханымханым-ау! Ханымханым-ау! — деп еңірегенде етегі жасқа толады.
Мұғалім мен тәрбиеші екеуі баланы кезек-кезек құшақтап, уатып, бәйек болады. Оны зират басынан тезірек әкетуге тырысады.
— Жоқ, мен ешқайда бармаймын. Ханымханның қасында қаламын! – деп одан сайын жылайды Халима.
Екі үлкен кісі баланы екі қолынан жетектеп, әрең дегенде зират басынан алып қайтады.
Жолда мұғалім тәрбиешіден Ханымханның қалай қайтыс болғанын сұрайды.
Ханымхан жаңа балалар үйіне әкелген күннен бастап, жылаудан көзін ашпайды.
— Әпкем қайда? Халима қайда? Маған оны тауып беріңдер! — деумен болады.
Сөйтіп, тамақ ішпестен бірнеше күн бойына төсек астында жатып алады. Тәрбиеші көтеріп оны төсектің үстіне жатқызса, ол:
— Мен Халимасыз төсекке жатпаймын! — деп сырғанап түсіп кетеді.
Жылаудан сілесі қатып, берген тамақты ішпей, аштықтан бұралып, қайтыс болады.
Содан Халима қыс түскенше көрші балалар үйінің қасында, зиратқа барып, сіңлісінің аты жазылған тақтайшаны сипап, жылап-жылап, өз детдомына қайтып жүреді. Қасына ешкімді ертпей, жалғыз барады.
Қар жауып, қыс түскен кезде бара алмайды. Алғашқы қыста балалар үйінің балалары аяқкиімсіз шығады. Аяқкиім жетіспейді. Оның үстіне әлді балалар әлсіздердің киімін тартып алады, не ұрлап әкетеді. Халима өзіне тиген аяқкиімнен айрылып қалғандықтан, ақ қар, көк мұзда жалаңаяқ жүгіріп, мектепке барып жүреді. Бір күн сабақтан қалмайды. Басқа кейбір балалар аяқкиім жоқтығын сылтауратып, мектепке бармай қояды. Халима оларға күн сайын оқыған сабатын айтып, үйретіп отырады.
Сол ақ қар, көк мұзда жалаңаяқ сабаққа барып жүргендіктен Халима кішкентайынан, өкпе ауруына шалдығады. Бірақ, ауырса, да, сабақтан қалмаймын деп класта отырып алады.
Бір жолы сегізінші класта оқып жүргенімізде Халима қатты ауырды. Температурасы 39-40 градусқа жетті. Сонда да ол сабаққа барды.
Ғифат Баймұратова деген қос бұрымы өкшесіне түскен жақсы мұғаліміміз бар еді. Сол кісінің екі беті алаулап отырған Халимаға көзі түсті.
— Өзбақанова, сен ауырып отырған жоқсың ба? — деп, сұрайды бірден мұғалім.
— Жоқ, мұғалім, менің температурам ылғи жоғары боп жүреді, — деді Халима.
Мұғалім орнынан тұрып, қасына келді де, Халиманың мандайына алақанын тигізді.
— Қарағым-ау, күйіп тұр ғой маңдайың. Бар, тез санчастка бар, деді мұғалім орнына отырып жатып.
— Жоқ, мұғалім, бармаймын, — деді Халима.
— Бекбаева, Мысырова, екеуің орындарыңнан тұрып, Өзбақанованы дәрігерлік пунктке апарыңдар, — деді мұғалім. Интернаттың дәрігерлік пункті болатын.
Біз орнымыздан атып тұрып, Халиманы екі қолынан тарттық. Ол тырмысып, орнынан тұрмай қойды.
Содан кейін мұғалім апамыз өзі Халиманың қасына қайта келіп, орнынан тұрғызды да, бізге қосып қоя берді.
Қар кетіп, жаз шыққаннан кейін Халима сіңлісі жатқан зиратқа тағы да барады. Барса, Ханымхандікі сияқты төмпешіктер көбейіп кеткен. Кейбірінің басында қалақша бар, кейбірінде жоқ. Ханымханның басына қойылған тақтайшаны Халима таба алмайды. Таба алмаса да тақтайшасы түсіп қалған қабірлерді титтей алақанымен бір бір рет сипап өтеді. Солардың біреуі Ханымхандікі шығар деп ойлайды.
Мінеки, Халиманың осы әңгімесі өмір бойы есімнен қалмайды.
Жаңасемей балалар үйінін іргесіндегі зиратқа қойылған Халиманың кішкентай сіңлісі Ханымханның жатқан орны сол зират қазір жер болып кетті. Байғұс баланың басына қойылған тақтайшаны да алғашқы қыста-ақ, жел ұшырып әкетсе керек. Аштық құрбаны болған ол кішкентайлардың қазір аты-жөндерін де ешкім білмейді.
Бір кезде бауырының жатқан жерін іздеп, зираттағы әр қабірдің басына бір барып, екі етегі жасқа толып еңіреген Халиманың басына ақ күмбез орнатылыпты. Ақ күмбезін ешқашан құламасын, Халима! Ақ махаббаттың асыл белгісіндей болып, Өзіңнің ақ жүрегіңнің пәк жүрегіңнің мәңгі сөнбейтін алауындай болып, ақ басты Алатау шыңында мызғымай тұрсын, айналайын!
* * *
Зейнеп ҚАНАПИЯНОВА,
Ұлы Отан соғысында опат болған
жауынгер Баймолда Қанапияновтың қарындасы,
Халиманың өкіл қызы
Менен бұрын сөйлеген апайлар сияқты мен Халима тәтеммен бірге оқып, қағар өскенім жоқ. Апайлардың естеліктерін тебірене тыңдадым.
Ал мен тәтемді сексен төртінші жылдан бастап білемін. Жиырма жылға жуықтап қалды.
Менің туған ағам Баймолда Қанапиянов Ұлы Отан соғысында хабарсыз кетті. Жанында бірге болған бір жолдасын.
Әкем соғыстан жазған командир ағаңның қаралы хабары туралы хатын анда-санда маған оқытатын еді. Ол хатта Баймолда ағаның анық қайтыс болғанын, оны өз қолымен көмгенін Әзілхан Нұршайықов деген аға анықтап айтқан. Бірақ, ол хатты маған қанша оқытса да сенбеді. Қайта қайта әкеме оқып бергеннен кейін ол хатты жазған Әзілхан ағаның аты-жөні менің есімде сақталып қалды. Әкем оз сенімін өзгертпеді. Сөйтіп, өмірден өтті. Қайтыс боларында: "соғыстан келген Баймолда аты жазылған сол хатты ақыретіме орап, менімен қоса көміңдер" деп өсиет етті. Біз айтқанын орындадық.
Басқаларымыз да, менің Баймолдадан кейін туған Шайық деген ағам бар, сол кісі бәріміз Баймолда ағадан бір жолға күдер үздік. "Шіркін-ай, ағаның не өлгені, не хабарсыз кеткені, не тұтқынға түскені туралы военкоматтан бір жапырақ қағаз болмады-ау" деп өкіндік те қойдық.
Жылдар өтіп жатты. Әкем тірісінде баяғыда біз сонау соғыстан хат жазған, аты-жөні менің ойымда жүрген кісінің мақалалары,кітаптары бірінен соң бірі шығып жатты. Бірақ, анық сол кісі екенін білмейміз. Аттас басқа біреу шытар деп те ойлаймыз. Сол аты таныс кісінің "Махаббат, қызық мол жылдар" деген кітабын жабыла оқыдық. Сүйсіндік, жыладық. Мектебімізде оқушылар конференциясын өткіздік. Бұл автордың беделі барған сайын арта берді. Одан кейін "Ақиқат пен аңыз" деген кітабы және шықты. Ол кітапты соғыс туралы болғандықтан мен әкеме бастан аяқ оқып бердім. Әкеме кітап авторының фамилиясы Баймолда аға туралы соғыстан хат жазған кісінің аты-жөніне ұқсайтынын айттым.
Әкем:
— Ендеше, сен сол кісіге барып кел. Баймолданы біле ме екен, сұра. Білсе, қонақ етіп үйге шақыр, мен ол балама бағамды берейін, — деді.
Мен ол кезде Алматыда оқып жүрегімнің. Атақты жазушының үйіне баруға батпадым. Менімен сөйлеспейтін шығар. Үйіне кіргізбейтін шытар деп ойладым.
Бір жолы сол ағаның "Тоғыз толғау" деген кітабы қолыма түсті. Баяғы әкеме хат жазған кісінің кітабы болғандықтан, өзім солай деп ойлайтынмын, бұл кітапты да оқып шықтым. Оқып шығып, ал кеп жыла. Қалай жыламайын: Баймолда ағам жоғалып та кетпепті, жау қолына тұтқын да болып түспепті. Жау танкімен шайқасқан бір соғыста Әзілхан ағаның қасында тұрғанда снайпердің оғына ұшыпты. Қырық жыл жоғалып кеткен ағамның аты кітап ішінен шықса, қалай қуанбайын, қуанғаннан қалай жыламайын?!