АдаланҒан албастылар 8 страница

– Жасыратыны жоқ, рас-ақ тіпті қорқамыз. Біз бәрінен де қорқатын адамбыз. Не десеңіз де сіздікі жөн, бірақ, сіздің де батырлығыңыз белгілі болып жатыр. “Қатын ашуланса қазан қайнатады” дегендей ашуыңызды от пен ешкіден қана алады екенсіз. Мақұл, мақұл, бірақ, күл шашпаңызшы.

Епсіз адаммен жүретін Бигелді ауыр кетпен мен шалғы орақтан басқаның бәріне епсіз еді. Жігіттігін тіпті ескермейтін де. Байқауымызша, бұл реткі келісім сөздің алғашқы тармағын ғана орындады: бір рет кешінде ертерек қайтып, бір рет әдейі барып “жайдарының” күлін төгіп берді. Ұялту үшін бір тозаңын шығармай төгеді де, ыржақтап тағы күліп қайтты, оның не деп күлдіретінін ұқпадық.

Сол екі рет күлін төгіп, үш рет күліп қайтқанынан басқа нысай көрінбеді. Түні бойы ыңыранып ұйықтап, таңертең құзғын сәріден қиралаңдай жөнелетін, кешнде белін әрең көтеріп қайтып, тағы ыңыранатын Бигелдіде басқадай әрекет болуы да мүмкін емес еді. Әйтеуір жуңтудың жуңтуы шаңқылдаса да күл шашпай шаңқылдайтын болғанынан секем алды ма екен, жуңтудың қабағы Бигелдіге тым суып кетті. “Шапағатсыз” қара келіншектің күйеуі оның ең суық қарайтын нысанасына бұрынырақ айналған. Сол суық қабақ бір күні кешке ызғарын бүкіл ауылға шашты:

– Қаңғып келіп тойған соң тірілген екенсіңдер, басынып үйіме қылжақтауға жеттіңдер! Сен қайыршыларды тойғызғаным үшін енді өрт қойған, адам өлтірген құныкер болып шықтым ба!... Не былжырып жүрсіңдер, әкеңнің!.. Көремін әлі!..

Жиған масағын тоқпақтай, пытырлатып жатқан ауыл тына қалып еді. Қара келіншек бастатқан бірнеше әйел, шу ете түсті:

– Біреудің үйін басынатын кім! Сенен басқа ерігіп жүрген кім бар осында!

– Орақшылар кетісімен үйден үй қоймай аралап қылжақтайтын кім?!

– Өзіңе-өзің сенімді неме болсаң, басқадан күдіктенетін нең бар!

– Әркімнің соңында текеше бақылдап жүрген өзіңнен басқа кім?

– Өрт қойған кім?! Неше күн бойы түтін түтете алмаған бейшара жетім, өз үйінің өртімен өртенді ме?!

– Өртіңді шектеу үшін біреу күліңді шығарып көміп берсе, күнікейіңе қылжақтағаны болмақ па?

– Үй, өзің тағы бір үйдің өртенбегеніне ашуланып тұрмысың, қай боқтауың бұл!..

– Әкемнің шектеуімен біздің үйден ешкім сөйлемеп еді. Көп қылжақтауы әшкерленген жуңтуға алау ұшқаны өзін шарпыған “жуңту” артынан келіп шаңқ ете түсті:

– Кім қылжақтапты маған, қылжақтаса қайтпек едің! Қылжақтауға сені қана қойып па еді!.. Елдің бәрі сен үшін қатын алып па! Басқа да бар!

“Үйден шыққан жау жаман”, жуңтудың бар ашуы өз үйіндегі жауға ауды да, шапалақпен салып жіберіп, оны үйге кіргізіп әкетті.

“Көш, жоғал” деп ешкімге айта алмай кірді. Бір қаупіміз сол сөзде еді. Орма аяқталып қалса да, масақ табысының ең қызулы кезеңде көшуден жаман жаза бар ма? Жуңтудың үйге кіріп бара жатқандағы сөзі өз шиқанын өзі жұлуға ауды:

– Қылжақтауға қатынға жол бар да, байына жол жоқ екен ғой!.. Әкеңнің... Міне!.. Бәріне қылжақтаймын қайтесің! Міне!

Жуңтудың батыр жуңтуы бұл жолы бажылдамады, жуңтудың жанды жерінен бір-ақ бүргендей болды.

– Ей, енді қысқарт! Кімнің арқасында жуңту болып едің сен!... Кімнен күндеп жүрсің!… Шауиеге бар ұрлығыңды айтамын, қанекей, енді қол тигізші!

Осы сөздерден жуңту сылқ ете түскендей болды, дыбыс шықпай қалды, содан табан бес күнге дейін үн шықпады бұл үйден. Бидайдың өріліп бауланып болғанын естіп, бір күні түсте келген Шауие кіргенде ғана күлкі үні естілді.

Жуңту өз жаратушысымен біраз сөйлесіп жарылқағандай жайнап шықты да, бау тасуға келген көп арбаға қарай тартты. Үй іші тіпті жарылқағандай жарқылдаған мәз-ейрам күлкіге айналып жатқанда, ол арбаларға барып, нұсқау айтып жатты. Бау бидайдың мал қаптайтын алып шетін қоя тұрып, босаған орақшыларға азық болып кетпесін дегендей, ауылға жақынырақ жағын тез тасып әкеғтуге бұйырды. Кіші Шауие де бар бұйрығын үйде орындатып, жорғалатып ала жөнелгенде, жуңту да жорғалап ауылға қайта оралды. Босаған аңыздан масақ теріп жүрген біздің айдай қатқан жуңту үйіне кірмей, арғы шетіндегі үлкен жауы – қара келіншектің есігіне барып ақырындады:

– Көшіңдер!.. Бүгіннен қалмай табандарыңды жалтыратыңдар!

Қопыннан күйеуі мен қара келіншек шығып қарсы дау айтты:

– Орған бидайымыздың ақысын алып бір-ақ көшеміз!

– Ақыларың қанша еді сендердің?! Алты ағаш бидай ғой, солай ма?! Келгенде үйлеріңде бір уыс түйір жоқ болатын. Келгеннен бергі жегендеріңді есепке алмай-ақ қояйық, дәл қазір осы үйіңнен он ағаш бидай суырып аламын! Артық төрт ағаш бидайды қайтарып алмай тұрғанда көшіңдер!

– Мынаның масақ теріп тапқан бидайы ол,–деп күйеуі қасарыса түсіп еді, жуңту ақырып жіберді:

– Оны Бағалдайдың егіндігінен термей, жусан арасынан тердіңдер ме! Шәуиенің бұйрығы бұл! Қаптағыларыңның ұрлық екенін ол біледі. Ей, тұра-тұр, “масақтың бидайы жеуден аса ма” былжырамай жақсылықша көшіп жоғалыңдар!.. Әйтпесе айыбымен қоса алып тотитады сендерді!

Жуңтудың ақырысына ауыл үдере шығып қарап тұр еді. Мына сұмдығын естіп күңіренісіп кетті. Шақшырайған ыстық күн шыжғырып бара жатқандай біздің де танауымыз қусырыла түсті. Табанымыздан таусылып жүріп тергеніміз қара келіншектің тергенінен недәуір көп сияқты еді. Кішкене болсақ та төрт адам тердік қой. Бізге де қатер барын біліп қалтырап кеттік. Ең кемінде әкеміз бен Бигелдінің көп төгілген тері түгел селге кететіні белгілі болды.

– Бәрің де көшіңдер! Шәуиенің бұйрығы! – деп жуңту енді жалпыға қарай қаратты, – амандарыңда ың-жыңсыз көшіп жоғалмасаңдар, тапқандарыңнан айрыласыңдар!.. Күндіз түні тақылдатып жатқандарыңды Шәуиенің өзі естіпті!

Жуңту енді бұл шеттегі біздің үйге қарай аяңдады. Қара келіншектің үйінен кейінгі қас дұшпаны біз едік. Жер үйіміздің желкесіне тұра қалып, “талас жүрмейтін әділдік” сөзін қайталай сөйлеп шықты. “Әманында көшуді” әкемнің бұрыннан “жақсы” көретіні белгілі. Сөйтсе де іші ауырғандай түңіліп тұрып қалды да, шешеміз сөйледі.

– Көшеміз, бірақ ұры болып көшпейміз, балаларымыз ешкімнің ала жібін аттаған емес. Төменгі Өндірқан дегеннің егінін орып, алып келген астығымыз бар. Бар сүйенген қайратты екі адамымыз орақ орды. Төртеуміз масақ тердік. Далада қалатын дәнді теріп алғанымыз ешкімге зиян салғандық болмас деп тердік. Оны тартып алуға дәттерің жетсе ала беріңдер! Бірақ, масақ теріп берудің де ақысы болмай ма, есептеп көрейік! Және орған жеріміздің көлемін жұрт өлшеммен өлшетейік! Аманында көшуге талас жүрмейтін әділдік адал ақымызды жемесе болғаны.

Алқымнан ала түскен әділ талап жуңтуды бақыртып жіберді. Бірақ, арты күшті адам бақырса ақырғанынан да айбынды болып шығады екен. Жуңту ақырып ала жөнелді. Бұл дұспанынан жеңілсе, сыртынан тыңдап тұрған бар дұспаны желкесіне қона кетеді ғой. Және бұл дұспаны өртті шектеген, күлін шығару сылтауымен өзінің Күнсұлуына “қылжақтаған дұспаны” емес пе. Қалшылдап кетті. Қысқа сары мұрты тікірейіп, ұзын жағы қисайып кетті. Көкшіл сары көзі көптен-ақ қызарулы болатын.

– Масақ тер, ақы береміз деген кім сендерге! Егінді шауып шашып тастағандарың үшін айып төлейсіңдер! Жерді қайта өлшетуді қойып, Шәуиені қаралағандарың үшін қос айып төлейсіңдер. Үлкен ұлыңнан айыпты өзім аламын! Кәнекей, есептесіп көрейік!.. Жер бетіне сыймаған өңшең қаңғы-қайыршы, кім деп жүрсіңдер бізді!

– Кім екеніңді білдік, шырағым, – деді әкем, – жарайды көшелік! Шошқа да шошқаны жармаушы еді, сол құрлы болмағанымыз да! Адал ақы Алла ақысы ғой, бар екені рас болса, есесін қайтарыңдар! Қатындар есесін жібермейтін халық, оларды есептен жеңу қиын. Үй иесі мен ғой, мен айтайын: көлік тауып келейін де көшейін! Сен өзің бізді ұры демей қал, біз өзің айтқан “әманында” көшелік, тақылетіңе талабың лайық, сөзің дұрыс.

Тыңдап тұрған бірнешеуі күлді де күрсінді.

– Дауа жоқ екен! – десті сыбырласып. Жуңту артына жалт бұрылды:

– Көшіңдер!.. Немді тамашалап тұрсыңдар! – әнеукүні айыптаған қатындарға қарап, жағалата қыдырды сөйтіп. Үшінші, төртінші, бесінші дәрежелі... Тағы қылмыстыларға қиыстай қарап ақырып жүрді.

– Көлік тауып келейін! – деді әкем, – балалар терген дәннің жартысын берсек те Дөрбілжінге жетіп алайық енді! “Құтырғаннан құтылған”. Аманымызда кетелік!.. “Пәлелі к...е бармағыңды тықсаң, тырнағы ішінде қалады”, бәйбіше, бұған енді сөйлеме!

Әкем екі күн жүріп тайлықты түйе жалдап алып қайтты. Бұл екі күн ішінде мұрнымыздан шаншыла жүріп тергенімізді қосқанда табысымыздың жартысы көлік майына әрең жетті. Қоқыр-соқырымыз бен жиған-тергенімізді, Биғайша мен шешемізді арттық та, түйенің соңынан ешкіні айдап шұбадық. Дөрбілжінге көштік. Үшінші күнге жуңту қаратпай сол кеште түнделете шұбадық. Кеше қопынына қонжиып отырып, қара келіншекті көшірген жуңту бүгін біздің қопынның желкесіне қыдиып отырып қалды. Біз кетіп бара жатып, жуңтудың жуңтуы ғана “адамша” бір ауыз тіл қатқанын естідік:

“Агармари-шүркіл!”[13] деп қалды ол Биғазы тұсынан өте бергенде. Тұзағына ілікпей кеткен ағамызды осы қалпақпен аттандырмай қалай аттандырушы еді. Рас, шүркіл ғой ол. Ұрлықпен жырғап жатқан ұрлық перілері “ұрысың” деп ақырғанында мойынсал болмаған әке-шешеміз де шүркіл тіпті, сол орақшылардың бәрі шүркіл. Бәрі еңбек ақыдан жазаланып қуылды. Қылмыссыз адам жазалана ма, қуыла ма? Жаратушы “иесі”, “нұрын” құйып жүрген күнәдан пәк жуңтулар отыр ғой әне қозғалмай. Бір-біріне қарар да емес, тұрмыс ләззәтына бөгіп-ақ отыр өздері. Осындай көп шүркілді қуғындау, осындай періштелерге ғана тән қасиет.

Әділетті “тергеушім”, қазір сіз мені “жын”, “шайтан”, албасты” деп айтасыз. Қандай табылған “атаулар”, сол кезде жуңту өзінің қас-дұшпандары – қара келіншек пен беделдіні жазалағанда, ал, жуңтудың жуңтуы Биғазыны жазалағанда, қылмыс фактісі бойынша кигізгені осы қалпақ екен. Сол қылмыстылардың туысқан бауырына бұл мұра қалпақ қазір қалай шақ келмесін!

Бесінші бөлім

ТАЛАСТА

І

Құдіретті "тергеушім", өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз! Біз Дөрбілжінге 1934 жылы сегізінші айдың ішінде келдік. Үрімжіде Жин Шурынның ойрандалған тағының орнына былтыр орнаған Шың Сысайдың жаңа үкіметі биыл төртінші айдың 12 күні жарияланыпты. Шың Сысайдың тегі де мәнжуриялық "құңқузы" деп естідік. Бірақ, жұрт: "бұл бұрынғы құңқузыға ұқсамайды, Совет Одағында тәрбиеленген жаңа құңқузы, жаңа саясат жүргізеді!" десіп жүріпті.

"Былтырғы дүнгендердің де, Шынжаң патшалығынан дәмелі болып, шетел жиянгерлерінен қару алған талай-талай кертартпа сылиң-жияңжүндердің де бел омыртқасын үзіп, Шынжаңға тыныштық орнатқан осы батыр екен" дейді. Ол шоңқиғандардың арасында англияшыл, америкашыл, гомендаңшыл талай шойтабан сауыттылар болса керек. Бірақ, солардың арасында ислам ұранымен шыққан, жергілікті мұсылман үкіметін құруды ту етіп ұстаған сауыттылар жұртты біраз елеңдеткен көрінеді. Соның бәрін шоңқитқан мына батырға ешкім дау айта алмай қалған екен. Дау айтудың үстіне, тіпті дәу күрзілер көтеріп те шығар еді-ау, бірақ бұл батырдың тегі, Совет Одағы болғандықтан, еңбекші халық үндемей қалыпты. Сол сауыты ғана болмаса, шоңқиятындарға қарағанда мұның күші мардымды емес сияқты. Мұның соңынан 1931 жылы жапон фашизмі Манжурияның бір бөлігін басып алғанда Совет Одағына қашып өткен біраз манжуриялықтар қана ерген екен. Өзі сол топтағының біреуі болса керек. Егер өзінің дербес күрзісі болып, онысы рас жуан болса, жау қолында қалған Манжурияға қайта ұмтылмас па еді. Жоқ, ол пәлендей күрзілі мықты емес, тек Совет Одағына достық уағдасын беріп, соның күрзісінің күшімен ғана билік басына шығыпты. Былтырғы дүнген соғысында қырғыннан бізді аман алып қалған орыстар – мықты күрзінің дәл өзі болса керек. Оны көрген жергілікті халық, әсіресе, еңбекшілер қауымы оған қалай қарсылық көрсетсін!

Шың Сысайдың жайы бізге Дөрбілжін тұрғындарынан осылай жетті. Ел "Совет Одағының досы еңбекші күйін жақсартар, әділдік орнатар" деген үмітте жүрді. Ал оның не саясат жүргізгенінен де, не істеп жатқанынан да ол кезде қарапайым халықтың хабары жоқ еді. Біздің хабарымыз, әрине, тіпті болмады. "Май ақысыз паналайтын қуыс қайда бар екен, кімге жалшы керек екен!" Құлағымыз соның хабарына ғана түрілді. Дөрбілжінге келгелі "Ағылық" көшесіндегі бір сарттың екі ауыз үйін майлап отыратын Дүйсенбай дейтін туыстас ағайынның үйіне сыйысып отыр едік. Иін тіресе келе үйге сыйысып отырғанымызбен, қора иесінің дәретханасына сыйысу қиын болып, Биғаділ екеуміз тергеуге тартыла бердік. Бигелді Саңлибай дейтін бай "жаңгүдейге" айына бір ағаш арпаға жалданып кетті де, әкеміз баспана іздеп қаңғумен болды.

Қожайын ханымы Биғаділ екеумізді дәретхана алдына қатар тұрғызып қойып тергеп тұрған бір кезде әкемнің Жанас дейтін жиені келді. Үйге Тоқтыханның шаңқылын ести кірген ол бөгелмей қайта шығып, дәретхана тазалауға берілген үкімінен құтқарып ала жөнелгенде ғана тыныс тапқандай болдық. Жанас біреудің көтек арбасымен отын сата келген екен, сол арбаға дүниемізді басып, қоржадағы өз үйіне қарай бізді шұбата жөнелді. Бір қасапшыға жалға орналастыру үшін әкем Биғазыны алып қалды да, арба соңынан шұбаған төртеуміз ғана.

Қаланың батыс жағындағы Әлихун дейтін күйреген дүнген помещиктің тозған қоржасына көштік. Жанастың үйі Әлихунның үлкен бір ауызды тамында екен.

– Екі қатын мен кішкене Сәлихаға даладай үңіреюші еді, енді бұл тамды қанағаттандыратын болдым! – деп күлді де, Жанас алдымыздан амандаса шыққан кіші әйеліне бүйырды.

– Жәмила, шай қайната бер барып, Мадиянның басы ауырып келді, Нәсихан әлі ыңыранып жатыр ма? Оған Жаппардың сәлемін айт, аяғын жиыңқырап жатсын! Ауруы тұрмақ жынын да қағып аламын, – деп келе жатыр.

Нәсихан Жанастың жеңге алған үлкен әйелі еді. Ағасы – Қапас өлген соң әмеңгерлік жолымен, өзінен әлдеқайда үлкен жеңгесіне жанасты әкелері жастай қосақтаған екен. Адуын Нәсихан бала таппағандығынан ақсап, кейінірек Жәмиланы алуға әрең жол беріпті.

Жол берілсе де, момын Жәмиланың жолы болмай күңге айланып жүргенін, қатты езгіден түсік тастап, бір қыздан басқа бала көрмей жүргенін еститінбіз. Шешем Нәсиханның сонысынан ғана қауіптенеді.

– Жәмиланың көрген теперішіне Жәкең шыдамай Нәсиханмен ұрысып қалмаса игі еді! – деді Жанасқа.

– Арс ете түскенімен артында жоқ қатын ғой, Жәкең екеуміз бір Нәсихандық болармыз. – Жанас тым денелі болғанымен өте пысық, сезімтал, ойлы, ұшқыр, шешен еді. Теп-тегіс қырқатын сұлу мұрты мен сұрша жүзін қушыкеш сөзімен бірге ойнатып, күле де, күлдіре де отыратын көңілді адам болатын. Сампылдаған ор ауыз, қара Нәсиханнан секем алса да, шешеміз Жанастың ұятты білерлік осы сыр мінезділігіне сенеді.

Мәңгілік "сау-ауру" Нәсихан басын күрсіне көтеріп, шешеммен амандасты. Лезде жыласып та, күлісіп те алды. Жәмиладан басқаға қытымыр тие бермейтін "алдында" бар, "артында" жоқ, аңқылдаған мінезімен ақтарыла қарсы алды. Қытығына тимегенге қырсығы жоқ, жақындықты білетін көнекөз жиен абысынына келіп шешеміздің көңілі ашылды да, Тоқтыханның шаңқылы естілмейтін кең жерге келіп Биғаділ екеуміздің көңіліміз ашылды. Үйінің алды да, арты да шилі-жусанды иен дала екен. Биғаділ екеуміз қайда барып отырсақ та, ерікті болғанымызға қуандық.

Бір қадақ ет келіп, өзі ішетін тас шайы болған күні Нәсихан сауыға қалады екен. Базарға бір арба жусан апарып сатып, шерік шай мен бір қойдың бас-сирағын әкелген Жанас Насиханды сол күні кеште сау бәйбіше сияқты тік отырғызды. Өзі күйді әсем шертетін домбырашы болатын. Тозғын-босқын тұрмыста жүргенімен домбырасын тастай қоймапты. Әдемі қоңыр даусымен ән де салды. Соншалық көңілді жүретін қунақы адам ыңғай мұңлы ән мен өмірден түңілген шерлі өлең айтатын болыпты:

"Әрине, қолдың кірі жуса кетер,

Неге айтқан бұрынғылар болса бекер.

Қырсығып қылған ісің оңға айналмай,

Дариға, сөйтіп жүріп күнің өтер!"

Көңілдің кірін көз жасымен жуып кетіруге құмар әйелдер, әрине, іңір бойына жыласумен көңіл ашты. Отырып жылауға уақыттан жұрдай Жәмила бас-сирақты үйітіп, ішек-қарынды тазалай жүріп, су әкеліп, от жаға жүріп, зыр жүгіре жүріп жылады.

– Осы күңнің соншалық жылайтындай не мұңы бар екен! – деп оған ұрыса отырып Нәсихан жылады. Оның жылауын да күндегендей, өзі одан көбірек жылап отырып, Жәмилаға тыйым айтады.

Жәмила біздің естігенімізден де ауыр қылмысты екен. "Әр күні оның мойнына мінген қылмыс менің мойныма мінсе, омақасар едім" деп ойладым мен. Оның жазаланбай өткізетін уақыты түн ортасынан таң бозарғанға дейінгі уақыт қана екен. Таң бозара тұрып, тері шақайын аяғына тартысымен, Нәсиханның дәрет суын жылытады. Күндіз кешке дейін ұйықтайтын Нәсихан ерте оянады. Дәрет алып, намазын дәл уақытында өтейді. Сөйтіп, дайын суымен құдайын разы қылып, сауабын ала қояды да, қайта ұйықтайды. Жәмила оның керісінше күнәға батады. Күнәға бататыны – намаз уақытында пенделік нәпсінің шайын қайнатады: Нәсиханды қайта оятып, шайға қандыру шарт. Ол шартты орындап болысымен отынға кетеді. Бір арқан жусан шауып алып, оны жаяу көтеріп базарға сатуға әкетеді. Бір қадақ ет сатып әкеліп, Нәсиханға жегізуі – өзінің құлағының тыныштығы үшін шарт. Нәсихан ет жеп сауыға алмаған күні Жәмила мен Жанастың құлақ етін жейді. Қылмысты өз құлақ етін жегізуге, әрине, көне береді ғой, омырық қара бәйбішеден жақсы күйеуінің құлақ етін аяйды. Нәсиханды сауықтырған соң ғана өздерінің шайын қайнатуға мұршасы жетеді. "Жұмысы өнбейтін шу аяқ тоқалдың» сол күйбеңінен түн ортасындағы демалыс уақыты әрең жетеді.

Кезінде мол жасау жасатып, салтанатпен келген бай қызы – Нәсиханды феодал қайын аталары мен құдай тағала енді Жәмиланың мойнына расында да мықтап артқан екен. Әдемі ғана қызыл сары өңді Жәмила нәп-нәзік бола тұра шойдай қара қатынды құдай мінгізген соң қыбыжықтамай көтеріп жүріпті. Қанша айтқанымен қылмысты емес пе, бұра тарта алмайды, еркелемейді, Нәсихан бауырына салып алған жалғыз Сәлихасын менен туған деп меншіктемейді. Тіпті, бір рет толық жуынып-тарануға да уақыты жоқ. Онысына құдай тағала разы болмаса болмай-ақ қойсын, өз мойнындағы жүкті бөліп көтергендігі үшін әйтеуір күйеуі разы. Нәсиханның бір қадақ ет салығын бір күні Жанас, бір күні бақайшығынан майысып Жәмила тауып әкеліп беріп жүріпті.

Іңірде домбырасын алған Жанас мұңды өлеңін айтқанда, Жәмила жорғалай жүріп жылайды, Нәсихан онысын жазғырады. Бұл үйде өзінен басқа біреудің жылауға да құқығы жоқ сияқты.

Осы жайларын көрген соң, үйдің қыстық отынын Биғаділ екеуміз разылықпен міндетімізге алдық. Жәмилаша біз де шылғи теріден шақай тартып алдық та, мия, қурай орып, жусан шаптық. Жәмилаша "өгіз арқа" көтере алмасақ та, күніне "тайынша арқадан" екі-екіден төрт рет көтереміз. "Өгіз арқадан" қалыса қоймайды. Қар басып қалмай тұрғанда біраз қалқайтып алайық деп тырбынып едік, жер иесі отынының сонылау жерін қориды екен.

Кәрі Әлихун "ши аяқ" сұлуының талабымен қалаға көшіп кіріп алып, жер иелігін Жұмақұн дейтін інісіне өткізіпті. Былтырғы "дүнген ойраншылығынан" өздерінің мол егін саларлық күш–көлік қоры сарқылыпты да, арендаға алушы шықпай, соншалық көп жер тың далаға айналып қала беріпті. Қыста соның қурайы мен шиін қориды екен. Тіпті, тым жауыздық әдіспен қориды: таңертең отыншылар шыққанда үндемей қарап отырып, кешке жақын отын әбден дайын болғанда бас салады. Сөйтіп, кешке дейінгі табысын тартып алып, отыншының өзін қуалай салады екен. Ондай күш қылауы қайтпаған жас Жұмақұнда толық еді де, айтыса алмайтын әлсіздік отыншыларда толық еді. Себебі, олар шетінен қылмысты – бұралқы. Ауыл иті арс ете түскенде, бұралқы ит тістеген сүйегін тастап, құйрығын қыса қашпай құтылар ма?!

Наши рекомендации