МӘҢгілік махаббат тӘж-махалы 5 страница

Әзілхан аға оқырмандармен көп кездескен, көп сырласқан жазушы. Нағыз іздемпаз жазушыға тән қасиет бұл. Халықпен жүзбе-жүз кездесу, кейде олардың төтесінен қояр сұрақтары, ой бөлісулері, жүрек сырлары жазушы үшін таптырмас тақырып болып шығуы да ықтимал. Сондай сәтте жазушы шындықты айтсам деп, сырын да ақтарып салар.

Сондай бір кездесуде оқырман:

— Әзілхан аға, жарыңызды отырыстарда, әлде бір бас қосуларда қызғанған күндеріңіз болды ма? — деген сауалына:

— Болды. Халима екеуміздің алғаш қосылған кезіміз еді. Онда Халима «Суық бұлақ» мектебінде мұғалім болатын. Мектепте 1-ші мамыр мерекесіне арналған кеш болды. Мұғалімдер, ауыл активтері, әйел-еркек көп жиналды. Кейбір ер мұғалімдер, ауыл жастары Халиманы қайта-қайта биге шақырды. Халима бас тартпай бәрімен де билеп кетеді...

Қызғаныштан ішім күйіп кетті де, сыртқа шыға жөнелдім. Түн. Далада жауын құйып тұр. Электр бағанасына сүйеніп, жауынның астында жылап тұрдым.

Көп ұзамай далаға жүгіре шыққан Халима мені іздеп, қараңғыда әрі жүгірді, бері жүгірді. Арасында «Әзіл! Әзіл! Қайдасың?» деп дауыстайды.

— Иә, — дедім, бір кезде дауысым әрең шығып.

— Айналайын-ау, қайда жүрсің? Неғып тұрсын жауынның астында, — деп құшақтай алды.

Ашуымның қайда кеткенін білмей қалдым.

— Ішім күйіп кетті, — дедім.

— Неге?

— Басқа біреулер құшақтағанда.

— Жүрші, ішке кірейік. Мен енді ешқашанда ешкіммен билемеймін! Биі құрысын!

Содан кейін ол өзгемен ешқашан биге шыққан емес, — дейді жазушы.

Бұл жерде жазушы Халима апайдың ешкіммен билемейтіндігіне масаттанып отырған жоқ, керісінше өзінің де жіберіп алған әнтек ісін өкіне еске алады.

Кеңес дәуіріндегі аста-төк үлкен отырыста, көңілді бір кеште ұлттық ойынның шеңберінде бір келіншекке: «Әйелдің бәрі сұлу. Сіз де сұлусыз. Оның үстіне, сізде жайдары күлкі бар, жұмсақ мінез бар екен. Осындай сүйкімді Хор қызыңдай сұлу әйелді күйеуіңіз күнде сүйеді. Ол бақытты. Ал сіз маған бетіңізден бір сүйгізсеңіз өмірі ұмытылмастай сыйлық жасаған болар едіңіз, — деп бетінен сүйіп алады.

Алаңсыз ақын көңілінде арам ой жоқ десек те, осы отырыстан кейін Халима апайдың біраз уақыт мұңайып үнсіз қалуы жазушы үшін үлкен азапқа айналады. Ол өзін қателік жібердім деп ойлайды. Жіберген ағаттығына кешірім сұрайды. Кейінірек автор атынан жарылып, отырыс, кештерде ұлттық ойын ойнамақ тұрмақ, басқа болсын, «сүйіс» болатын ойыннан ат-тонымды ала қашатын болдым, — деп мойындайды.

Ерлі-зайыптының қалыптасуы, бір-бірін қас-қабағынан жазбай тануы, үнемі көңіл жібін үзіп алмауға деген сақтығы, екі жанды қос аққудай ұзақ та мағыналы өмірге жетелеген отбасылық татулыққа әкеліп тірейді. Бұл өмірдегі үлкен жеңіс.

Кітапты тебіренбей, толқымай отырып оқу мүмкін емес. Әр жолы, әр сөзі ғибратқа толы ізгілікке бастайды.

Кезінде бүкіл қазақ оқырманының ой-санасын билеп, жастардың еліктеуін туғызып, (әрине, жақсы жақтарымен) кейіннен жүздеген мың ғиражбен қайта басылған «Махаббат, қызық мол жылдардағы» басты кейіпкер

— Меңтай — осы Оңтүстіктің өкілі екенін біреу білсе, біреу білмес. Меңтайдың шын аты-жөні — Нұрғамила Нұрбосынова. Кентау қаласының тұрғыны. Ұзақ жылғы ғұмырын балаларды оқытуға арнайды. Оқу ісінің озаты.

Нұрғамила апай 75 жылдық мерей тойында жазушыны қонаққа шақырады.

Бұл жайында автор:

... Сол Нұрғамила тойына шақырды. Бардым. Машианадан түстім. Сабырға толы кейіпкерім жаныма келіп, қолымды алды да қойды. «Келуіңізбен!» дегені.

Шайға отырдық. «Меңтайдың» бауыры, ұлы, келіні бәрі ду күліп жіберді.

— Біздің мамамыз өзінің курстасы, әрі авторымен кездескенде құшақтасып көрісе ме десек, қол алысудан әріге бармады ғой!

— Мен өмір бойы екі шеңбердің ішінде болдым. Бірі — педагогтық болса, екіншісі — «Махаббат, қызық мол жылдардағы» Меңтайдың бейнесі. Әлі де сол шеңберден шыға алмадым, құшақтап бетінен сүйе алмадым, деді шынайы күлімсіреп Нұрғамила.

Қайран біздің аналар, арды ойлаған! Бразилия фильмдерін-дегі ауыздары әлденеше құрғап қалғанына қарамастан сүйісіп, ынтық болып жататын ынтық кемпір-шалдардан бөлек болмыс, бөлек менталитет. Бұл біздің ұлттық қалып.

Жалпы, автордың «Мәңгілік махаббат жыры» — оқырмандарына, әсіресе кәзіргі жастарға, болашақ ұрпаққа үлкен өнеге қалдыратын қазақ бітім-болмысының жарғысы. Демократияны бет перде етіп, еліміздегі тәуелсіздікті жеке бастарының «тәуелсіздігіне» айналдырып, жеке-жеке ін қазып алып, айналасына, тіптен бір төсекте бас қосқан киын шиыр кезеңінде төс қосқан некелі жарларына азу тісін ақситатын, етек құмар еркек сымақтардың ініне су құйып жіберетін кітап бұл.

Адамзатқа тән сезім-сарасын жария етуде күлбілтелемей, сезім атты ұлы ұғымның әйел мен еркекке тең бөлінетінін, жалған намысымен, өр басымен — махаббаттың киелі ұғым екендігін мойындаған, әрі мойындатар Әз-аға сияқты әз азаматтар көбейе түссе екен деп армандайсың. Махаббатты қастерлеу арқылы ел алдында биіктемесе, төмендей алмайтындығын тағы да бір дәлелдеген заманымыздың заңғар жазушысы жасай берсін!

Иә, шығарманың шырайы шындығында! Келіңіздер, сол шындыққа толы шығарманы бірлесе оқиық!

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ,

ақын, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер,

Оңтүстік Қазақстан облыстық саяси

қырғын-сүргін құрбандарына арналған

мұражайдың директоры.

Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті,

30 қыркүйек, 2006 жыл.

* * *

ЖАЗУШЫ ӘЗІЛХАН НҰРШАЙЫҚОВТЫҢ

Наши рекомендации