КӨҢілім Қатты торыҚты
Бармысың құдай, жоқпысың,
Білдің бе біздің хал жайды.
Бар болсаң қабыл ете гөр,
Дұғаға құлың қол жайды.
Жоқ болсаң және өзің біл.
Ар жағын ойым болжайды.
Болжай-болжай байқаймын,
Жоғыңды ой көп толғайды.
Орталанды көңілім,
Су құйсаң да толмайды.
Өтіп кеткен өмірім,
Көрген түстей болмайды.
Ел жұртымнан айрылдым,
Қалайша жүзім солмайды?!
Күндіз-түні қайғырсам,
Көңілім неге оңбайды?!
Жүректі басқан қайғы-дерт,
Сағат сайын зорлайды.
Ішім толған өрт-жалын,
Мұз салсаң да тоңбайды.
Кейбір кезде сағым-ой,
Ұшырып, қанат қомдайды.
Көп ойладым өзіңді,
Деп бір күні оңдайды!
Бермедің басқа ырықты,
Салдың қатты құрықты.
Оңдамадың, көрмедің,
Көңілім қатты торықты.
Тұрағыңды көп іздеп,
Қиялым да зорықты.
Біле алмадым, пайғамбар,
Қалайша саған жолықты?
Басымнан кетіп қадірім,
Қараңғы түнде аңырдым.
Құдай әділ деуші еді,
Осы ма сенің әділің?
Жоқ, кәртейіп қалдың ба,
Пендеңе жетпей әмірің?
Ұмытпастай күй болды,
Басыма салған жәбірің.
Алтын сарай үй болды,
Зорлықпен түнек камераң.
Мынадан маған мың жақсы,
Сұрақсыз болса қабірің.
Тарт, барайын жанымды,
Қалмады тағат-сабырым.
Желмен ұшып барайын,
Алыс болса ауылың.
Өлең жазып жатайын,
Ауырмаса жауырың.
Ол жерде де бар шығар,
Өлең құмар қауымым.
1943 жыл, Үрімжі түрмесі
ЖАС КҮНІМ
Неткен қызық жас күнім,
Ішпей де жемей мас күнім.
Жуасыдым асаудай,
Жүре-жүре бас білдім.
Бір қызығын айтайын,
Жас күнімде істеген.
Алды-артымды байқайын,
Бармақты талай тістеген.
Суға да, жарға итерді,
Жүрем деп суық іспенен.
Жастық оты жалындап,
Имену деген болмайды,
Махаббат құрғыр арындап,
Көзіңді келіп торлайды.
Тапсаң әуел шағындап,
Ұрасың кейін борбайды.
Қырық жасқа келгенде,
Азайып қайрат семгенде,
Өткен жастық алыс қап,
Енді есіме қонбайды.
Жасы кіші інішек,
Біз де сіздей күлуші ек.
Іздеп барып қонғанда,
Түн қараңғы болғанда,
Еңбектеп басып жүруші ек,
Қойнына барып кіруші ек.
Бозбалалар құлақ сал,
Талдап тауып біреуді ал.
Өткен іске өкініп,
Бір сырымды айтайын.
Жас күнімде қалжақбас,
Көп-ақ еді сайтаным.
Барайын деп бір күні,
Үйіне бардым Майсаның,
Майса деген енесі,
Қара шаш сұлу Қайшаның.
Мақтанып сыртқа бөртпей,
Қасыма адам ертпей,
Жекеше бардым жай шағын.
Белгі етіп ойымда,
Жанына қамшы қойдым да,
Ала бүйрек тайыншаның.
Алып ұшып жүрегім,
Келмейді пахат тайсағым.
Қайшаға арнап алғанмын,
Екі сомдық май сабын.
Сүйек тастап алдадым,
(Итке сүйек арнадым).
Есіктегі ергеншек,
Жібін шешіп қамдандым.
Ит разы сүйекке,
Тапқаннан соң тамағын,
Қылығындай баланың,
Жан-жағыма қарадым.
Үйге кіріп болған соң,
Есікке тағы қарадым.
Үйдің іші қараңғы,
Аз кідіріп отырдым.
Босағада ер жатыр,
Үстіне ала отынның.
Бір қолында белбеуін,
Сәлдесіндей сопының.
Шымылдығы желбіреп,
Сұлу жатыр мөлдіреп,
Жасыл түсті шымылдық,
Түгіндей боп тотының.
Еңбектеп жылжып барамын,
Жолы ұзақ секілді,
Үш метрлік араның.
Секем алып Майсадан,
Демімді іштен аламын.
Ыңыранса Майсекем,
Селт етіп шошып қаламын.
Көмген отты байқамай,
Шоққа да күйді табаным.
Бір өкшемді көтеріп,
Жақындадым сұлуға.
Құмарымнан шығуға,
Тұлабойды ерітіп,
Іші-сыртым жылуға.
Байқадым да Қайшаның,
Оң жағына оңшалдым.
Шымылдығын түрдім де,
Көрпесін ашып қол салдым.
Келеуеттің қасында,
Шымылдықтың ішінде,
Аз кідіріп қоршалдым.
Күлімсіреп жатқандай,
Қайша жанның дыбысы,
Ұйқылы-ояу жатқандай,
Сүп-сүйкімді тынысы.
Қос танасын нұсқаппын,
Дәл танадан ұстаппын,
Ағат кеткен Тәкеңнің,
Сондағы осы бір ісі.
Суық қолдан шошынып,
Демі қалды тосылып.
Айғайлады «апа! – деп,
Ойбай кім? – деп мұнысы!»
Япырым-ау, япырым,
Сыбырлап мен де ақырын.
Бір пәлеге қалған соң,
Шошытып баста алған соң,
Үндеме деп айтуға,
Қайдан барсын батылым.
Қашуменен құтылу,
Көткеншектеп жөнелді,
Күйік өкше батырың.
Қайша жанның даусымен,
Майса тұрды «көтек!» деп.
Аузы-басы шөпектеп,
Есікке тұра жөнелді,
Қашып шығып кетед, деп.
Дүрсілдейді жүрегім,
Сыртылдайды буыным.
Етпетімнен жатырмын,
Кеткендей біреу жентектеп.
«Қандай неме басынған!»
– Деп өтеді қасымнан,
Тебініп жерді тепектеп.
Есік те шала байланды,
От жағуға айналды.
Бұза-сүзе жөнелдім,
Жасайын деп айламды,
Салайын деп сайранды,
Алысып жүріп төгіппін
Астаудағы айранды.
Сонда көрдім балалар,
Айранға аяқ тайғанды.
Кездігімді алдым да,
Жібін қидым есіктің.
Асып-сасып шешіппін,
Майса жөнге жібермей,
Аз кідіріп кешіктім.
Айтайын және жалғасын,
Жан айласы далбасым.
Аясын ба Майсекең,
Жіберіп қалды балтасын.
Он шақты күн ауырып,
Әйтеуір әрең сауығып,
Бастырмай жүрді жамбасым.
Тағы тыншым қалмады,
Қайта барып жатпады,
Құлағымнан кетпеді,
Айғайы мен аттаны.
Айтақтап итпен жарысып,
Дәретін де саптады.
Озандаған дауыспен,
Ит те тұра қаптады.
Етекті жұлып ит алды,
Етке тісі батпады.
Сүйек жеген көк ала ит,
Көңілі біліп қаппады.
Аман-есен құтылып,
Әйтеуір құдай сақтады.
Адамды отқа түсірер,
Суық жолдың батпағы.
1943 жылы, Үрімжі түрмесі