Бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуының негiздерi

1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн:

1) олардың өз тiлегi бойынша жұмыстан босату туралы арыз беруi;

1-1) тараптардың өзара келісуі бойынша еңбек шартын жасасу жолымен олардың мемлекеттік қызметте болу мерзімін жыл сайын ұзарту құқығымен Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуы;

2) еңбек шарты мерзiмiнiң бiтуi не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша келiсiм-шарттың бұзылуы;

3) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiмет беруi;

4) осы Заңда белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамауы;

5) меншiк құқығымен тиесiлi мүлiктi сенiм бiлдiрiлген басқаруға бермеуi;

6) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;

7) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасауы;

7-1) соттың айыптау үкiмiнің заңды күшіне енуi;

7-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн бұрын жұмыстан босатылған адамды, сондай-ақ ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке қабылдауы; ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамындағы қылмыс туралы оған қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот тоқтатқан не Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шектегі мерзімі өткенге дейін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан қылмыстық қудалау органы бас тартқан адамды мемлекеттік әкімшілік қызметке қабылдауы;

7-3) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық істі тоқтатуы, сондай-ақ ұйымдасқан топтың, қылмыстық қоғамдастықтың (қылмыстық ұйымның), трансұлттық ұйымдасқан топтың, трансұлттық қылмыстық қоғамдастықтың (трансұлттық қылмыстық ұйымның) немесе тұрақты қарулы топтың (банданың) құрамындағы қылмыс туралы қылмыстық істі қылмыстық қудалау органының немесе соттың тоқтатуы не Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шектегі мерзімі өткенге дейін ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық іс қозғаудан қылмыстық қудалау органының бас тартуы;

7-4) мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болуы мүмкiн көрiнеу жалған құжаттар мен мәлiметтердi беруі;

7-5) мемлекеттiк лауазымға тағайындалу кезiнде осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

8) осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк
әкiмшiлiк лауазымды конкурстан тыс атқаруы;

9) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;

9-1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың сақталу нысанасына арнайы тексерудiң терiс нәтижелерi;

10) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздемелер негіз болып табылады.

1-1. Осы баптың 1-тармағының 3), 4), 5), 7), 7-1), 7-2), 7-3), 7-4) тармақшаларына сәйкес жұмыстан босатылған адамдар терiс себептермен босатылған болып танылады.

2. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi босатуды мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдауға құқығы бар тиiстi лауазымды адамы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзедi.

3. Қызметтен заңсыз босатылған жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң уәкiлеттi органға шағымдануға, сондай-ақ өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар.

4. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып табылатын басшыларының ауысуы жаңадан тағайындалған мемлекеттiк саяси және (немесе) әкімшілік қызметшілердің бастамасы бойынша мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшінің атқарып отырған лауазымдағы мемлекеттiк қызметiн тоқтатуы үшiн негiз бола алмайды.

7-тарау. Мемлекеттік қызмет туралы заңдарды бұзу үшін жауаптылық

Наши рекомендации