АдаланҒан албастылар 21 страница

– Олай болса, мұны неліктен деп ойлайсың! – деп Кұрышбек тағы да қуарлай түсті. Әділбек ойланып, соза күрсініп алды, оның алдыңғы сөзіне карағанда Ораз сақау маған тағы да "күйсегеніңді..." деп тілдегендей, оның пікірі толығымен қуатталғандай, Шыңдубанның "қанішерлігі" мүлде талассыз шындыққа айналғандай болып еді. Мен әлі де тал қармағандай тағатсыз ұмтыла тындадым.

– Бізде "ұрының арты қуыс" дейтін мақал бар ғой, – деді Әділбек, – орыс халқында осы мәндес бір мәтел бар екен: "мысық кімнің етін жегенін өзі біледі" дейді. Мен бұл "қырандықты" ұрыларда болатын осындай әсіре сезімталдық қасіреттен болар деп ойлаймын! Мұның ұрлығын бетіне кім басыпты? Ұрлығын жасыру үшін істеп жатқаны осы болса, бұл қарақшылығын қалай жасырмақ?! Ешкім бетіне баспаса да, көретін көзі барлардан, коммунизмшілдерден қорқады. "Қорыққан бұрын жұдырықтайды" Қазір тұп-тура халықтың көзіне жұдырықтап жатыр. Қарашықты ағызып, қарақшылығын жасырмақ. Сөйтіп, тапжылдырмай басып жатпақ болар. Екінші жақтан, Алтай көтерілісі Шың Сысайдың көзін көрдей қараңғы күмәнға толтырды...

Осымен сөз доғарыла қалды, жуан бір мырза тосыннан кіріп келді де, Құрышбектің сұрауы үзіліп қалғандай болды.

Мәселе Шыңдубанның күмәнінен болып жатқан екен деп қана түсіндім де, Ораз сақауға айтқан өз пікірімде де шындық бар екен" дегенге қайта оралып, соны пысықтай түстім. "Күмәннан иман қашпай ма, күмәнмен ұстаған адамдарын тексеріп көрер де қоя берер. Мұндайды атақты қанішер қатарына қосуға болмас..."

Менің бейбіт ойым шорт үзілді, қыдырып келген мырза қызу екен, қыңыратқи жөнелді Нұрасылға. Нұрасыл оны өзінің жоғарғы жағына отырғызып, осы үйге "қонаққа" келіп отырғандықтарын білдіріп еді. Мырза алдына қойылған арақты қағып құлата салды.

– Мені кішкене балаша кәмпитпен алдамақсың ғой! – деп орнынан атып тұрды. Қара сұры жүзі қанын ішіне тартып, қиықша көзі қанталап, нақтылы қанды көздің өзі көрінді. Жуан денесі қалш-қалш ете түсті. – Баламын ба, әкемін бе, көрсетейін мен саған!..

Одан да қара сұрлау, ұзын бойлы Құрышбек те атып тұрып ұстай алды:

– Ой, Кәке, тасығаның ба, басынғаның ба мынауың! Шақырғаннан басқа жазығы жоқ, үй ішінің шырқын бұзбай бері шықшы өзің, әңгімелесейік! – деп босаға жолымен дедектетіп ала жөнелді.

– Бар сауданы бітістіріп жүрген сенсің, Нұрасыл, сөзім сенде! –деп қайырылғанда:

– Сөзің менде болса шықтым мен де!– деп күйген Нұрасыл ере шықты. Бәйкен екеуміз де шығып, арттарынан қарап тұрдық. – Ал, Кәке, менде не сөзің бар, енді айтшы!

– Айтарымды айтып болғанмын, қолымды талай
қусырғанмын сенің алдыңда! "Жақсының алтын басы еңкейсе, жаманның боқты к...і теңкейеді" деп бүгін құйрығыңды қалай қисайтып отырғаныңды көрдім!.. Айып менде емес, кетісер кезеңге жетіппіз, кеттім!

Қанды көз қолын сілтеп тастап жүре берді, Құрышбек пен Нұрасылдың шақыруына мойын бұрар емес.

– Мен де айтып болғанмын! – деп Нұрасыл артынан дауыстап сөйлеп қалды, – сөз тоспауың – соның тосқауыл боларын білгендігің. Кетсең де сол жауабымды қайталап ойлай кет, айтып қойған соңғылыққа жақсы!

Үй іші үдірейісіп қалыпты. Бұл мырза – Дәмештің қыр соңынан қалмай жүрген қырғилардың біреуі екен. Құрышбек пен Нұрасыл қайтып кірісімен оның енді шатақ шығару үшін қол жиғалы кеткенін айтысты да тездетіп дастарқан жайысты.

– "Қашпақ болсаң зымыра" деп Нұрасыл күліп ап күрсінді, – аттанушыларды тез аттандырайық, қалғандарымызға не қылмақ!

Біз қайтып үйге кіргенше Қанипа мен менің әке-шешем де осы сөзге келіскен екен. Батаға сойылған қойдың еті алдыға шикілі-пісілі келді де, келте ғана "қосағыңмен қоса ағар" деген бата берілді.

Құйрық-бауыр асататын құдалық той да, "қоржын тойы", неке қияр да, ұзатылу тойы да, ау-жар, ән мен жыр да... Бәрі де осы батамен бітті. Әйелдер мұрнының шырылымен, тырс-тырс тамшы Дәмештің шиқ-шиқ өксік үнімен басқа дыбыс шығармай далаға шықтық. Әділбектің нағашысы ауланың бір бүйір қалтарысына прашкасын жегіп дайындап қойған екен. Шешемнің құшағынан өкси шыққан Дәмеш мені бауырына катты басып, еңіреп жіберді де, арбаға ұмтылды. Көз жасымды ыршытып қалып, қолтығынан мен де көтерістім. Өз шешесі мен кіші бауыры – Бәйкен де арбаға шықты. Олар Әділбек пен Дәмешті шекараға жақындатып салып, Шәуешекке кұдасының үйіне бара тұрмақ.

Тоя майланған арба сықырсыз сырғи жөнелді де, түн караңғылығына лезде сіңіп, ғайып болды. "Шытырманға кірген түлкідей қандыкөздің тұяғынан Дәмеш құтылды,, деп есептедім мен. "Енді шекарадан аман өтіп, жайыннан Әділбек құтылса..."

Менің көзіме енді тұңғиық мұхитта жыртқыш жайындардан қашқан қос шабақ елестеді. Мына шексіз қараңғы түн ол шыңырау мұхиттың дәл өзі іспетті. Біз – соның ең түбіне, есепсіз қатты қысымға түскен ұсақ жәндіктер сияқтымыз. Тісі ырсиған қалың мүйіз сауытты зор жыртқыштар бізге тұс-тұстан ауыздарын арандай ашып тұрғандай. Сол ауыздар бізді талшық етуге әдейілеп айтпаса да, өзіміз-ақ тап бола салатын сияқтымыз. Маңайдың бәрі ауыз болған соң, біріне түспей, қайда барып құтыларсың!..

– Қабыкен, жүр, қайтайық! – деді шешем, Дәмештердің артына қарап тұрып қалған маған.

– Жүр, тез жүр! – деп әкем артыма түсті. Сөйтіп, біз де қашып, үй жаққа жөнеліп бердік.

– Енді құтыратындардан құтылайық! – деп Нұрасыл мен Құрышбектер де тартып отырды.

Құрметті "тергеушім", біздің қорықпаған кісіміз, қашпаған күніміз бар ма. Сөйтіп, ың-жыңсыз ұрлап жасаған тойымызды жырсыз жылап өткіздік те, бет-бетімізге қаштық. Үйге қашып келе жатсам да, қанішерлерді бармақпен басып санап келе жаттым. Бұл тарауда қанішерлерді қаршадайымнан санап үйренгендігім әшкереленді. Бүгінді қойып, кешегі күндерде қылмысты санамай, қанішерлерді санай да алқымнан ала түсетін асқан содыр қылмыс қой!

ІІІ

Дөрбілжіндегі орталау мектепті 1941 жылы көктемде бітірдім. Озат оқыған куәлік алып шықсам да, ойсырап шықтым: "енді қайтіп оқырмын, қайдан оқырмын!" деген қайғы желкемнен баса шықты. Ендігі ең жақын мектептен – Шәуешек орта мектебінен оқудың шығынын Дөрбілжіндегі семья тұрмысы көтере алмайтынын қыстан бері-ақ есептеп, қайғырысып келгенбіз. Оқушы шығаратын жатақ шығыны, тамақ шығыны, сабақ шығыны, тағы-тағы "календыр" болып аталмау жөніндегі барлық шығындарды қосқанда қолымыз жетпейтін биік екендігі белгілі болған. Жат қаладағы жатақхана шығыны мен тамақ шығыны үшін ғана жалданатын және бір аға болса, жетеқабыл мүмкіндік болар еді-ау. Дариға, жалшылықтан басы артық аға да, іні де қалған жоқ. "Енді қайтермін?!" деп куәлігіме қарай–қарай қайттым.

Ана мектептен босап шыққан соң, ендігі мектебім де, терезесі жарығырақ мекенім де ұйым кітапханасы болып көрінді. Ұйымға газет-журнал оқу үшін ғана емес, "қол жетерлік" бір оқу орнын іздестіру жөнімен де барғыштай беріп едім, осы жазда қыр райондарынан шығарылатын көшпелі театрға ілініп қалдым да, оқуға дайындалудан мүлде аулаққа кеттім. Бұл оқыс жолға түсуіме бірнеше сабақтасым мен әке-шешем де себепкер болды. Әке-шеше, әрине, "кымыз ішіп, қан толтыруымды" қуаттаса, сабақтас достарым қыздырма жел соқтырмай ма. Сөйтіп, жаз бойы үш таудың қымызын ішіп, қызы болып ойнауға шықтым. Асу аузына дейін арбамен жетеміз де жайлаудағы елден отыз шақты лау ат алдыртамыз. Соған қарағанда тым сүйкімді сауықшы емес екендігіміз белгілі ғой. Оның үстіне, бұл театрдың негізгі бұйымтайы – ұйымның салық қойларын қузастыру болып шықты. Әрбір "зәңгі", "елубасы" ауылдарына барып ойын қоярда бастығымыз Тынысқан жиылған жұртқа алдымен сол жайында сайрайды.

Былтыр салына бастаған аудандық орталау мектептің жатақханасы әлі бітпей жатқанын, қойдың бүкіл аудандағы қазақ оқушыларының игілігі үшін тез жиылып қалаға түсуі кажет екенін, "данышпан көсеміміздің" қамқорлығында бұл мектептің қаншалық рөл атқаратынын айтып сайрайды. "Қалқаман мен Мамырды" өз көзімізбен көретін болдық" деп балаша қуанып отырған жұрт Тынысқанның бұл сөзіне келгенде кәрілерше күрсініседі.

– Бұл келген адамдардың ішінде қызы жоқ сияқты ғой, Мамыры қайда? – деп жиылған әйелдер күбірлеседі.

– Қалқаманы да көрінбейді... Бәрі де қалпақты, жаңаша киінген мұғалімдер мен шәкірттер ғой!..

Әйелдер бас қатырып шеше алмай отырған бұл мәселеге оларға жақынырақ отырған кейбір қу жігіттер жауап айтады:

– Мамыр мен Қалқаманды көрімдік алмай көрсете ме бұлар, екі сандыққа салып түйемен әкелгені – солар емей кім дейсің! Жаңағы қылқылдап сұрап тұрғаны солардың көрімдігі емес пе!..

Артта қалған момын халықтың аңқауына ақылдысы айтып жатқан осы сөздер-ақ біздің сауық үшін
емес, қылқындау үшін келген "салдар" екенімізді әйгілейді.
Конақасыға күндіз-түні сойылып жатқан қойдың, әр ауылдан келіп жатқан саба-саба қымыздың зәңгі бұйрығымен өрлі-қырлы шауып жүрген шабарманның айдалып, не өңгеріп келіп жатқан сойыс малдың бүкіл ауыл азаматтарын албарынды етіп жатқан сахна үйі мен артындағы жасану үйінің, әр ауылдан жиылып жатқан декорация жабдықтары мен киім–кешектің бәрі де біздің зіл ауырлықты сала келген жұт салдар екендігіміздің айғағы сияқты.

Күндіз Айтбек пен Дәулеттің қымыз үстіндегі қызу тартыстарына ішегіміз түйілгенше күлісіп, ішіміз кепкенше ішеміз. Сегіз қанат үйге сыймай, сырттан да тыңдайтын думаншыл жастар мен сауыққұмар әйелдерді мәз-мәйрам, ду күлкіге бөлеп отырғанымызбен, атқа мінерлердің ауыл сыртында кедей-кепшікті қаншалық аттандатып жатқандығын әуелде аңғармаппыз. Жұт болсақ та бар салмағымызды байлар көтереді деп түсінуші едік. Қаладан шыққанда алман-салық бөлінісін жуан мойнымен бір-ақ көтеріп алғандай ыңқылдап, іркілдеп шығатын зәңгі-елубасылар өз ауылына келе сала қақпыш кедей мен жауыр жалшылардың қыл арқаларына артығымен арта салатынын тұңғыш рет бір елубасының ауылында көрдік.

Қымыз бен қызыққа бөккен сондай бір сегіз қанат үйден Қиялзат екеуміз "дүзге" шықтық, жазық сазды айнала қонған көп ауылдың орта шеніндегі бір топ үйме-жүйме қойтастарға қарай тарттық. Түскі ашық күн, жаңа қоныс, жап-жасыл жасаң аңқыған иісін өз ішіне тойымсыз тартып, тына қалыпты.

Былай шыға бергенімізде үйдегі толассыз дуылдаған күлкі көмескілене қалды да, сол қой тастардың сыртынан ақырған ашулы тарғыл дауыс естілді. Алқақотан малдастарын құрып отырған бір топтың ортасынан сақалсыз, қара мұртты Омарбек елубасы ерекше күжірейіп көрінді. Оның қарсы жағында жүгініп екі тонды отыр. Бірі ескі тымағын шыжыған ыстықта баса киіп алыпты да, бірі тымақты алдына тастап маңдайдан түйілген кір-кір шытпен отыр. Бұлардың артын ала бір бүкір кемпір түрегеліп тұр. Шығыс жағындағы бір бөлек ауылдан үйелмелі-сүйелмелі екі жалаңаш баласын екі қолымен дедектетіп, жыртық кәжекейлі әйел жетті. Оның артын ала және екі қызыл жалаңашын жетектеп, бір кішкенесін көтерген жастау әйел келеді. Оның тым шардиып, теңселіп келе жатқанына қарағанда құрсағымен төртінші біреуін көтеріп келе жатқаны анық еді.

– Еркектері қайда бұлардың, бермегендерінің бәрін
шақыр!.. Сен баршы! – деп елубасы бір шабарманын жұмсады.

Театр қоя келіп өзіміз бір театрдың үстінен түскендей, Қиялзат екеуміз жалпақ тастың үстіне отыра қалдық. Қарамағансып, көз құйрығын жүгіртіп отырмыз.

– Ой, әлгі сойысқа беретін малдарың кайда?! – деп ақырды елубасы, – кеше елу қой сойыс осы ондықтың түтін басына бөлініп еді ғой!.. Бір ғана маған келген сыйлық емес қой бұл!

– Мырза, мен қой таба алмадым! – деп тымақты шал
алдымен жауап қатты, – сауындық бес-алты лақты ешкім ғана
қалып еді. Соның біреуін әкеліп берейін, қайтемін енді!

Елубасы енді шьптыға зекірді:

– Ей Қоңқай, сенің қойың бар емес пе еді, мені сынап отырмысың, неге әкелмейсің?!

–Төрт-бес саулықтан басқа бойдақ қалмап еді менде, тақсыр-ау!.. Күзде тауып берейін, қазірше өзіңізден бір бойдаққа қарызданайын деп отырмын!

– "Жаман ұста жанынан" демекпісің!.. Бір қозыңды күзде бойдақ қой қатарында өткізе салмақсың ғой! Қиқаңыңды қойып қазір тауып әкел!

– Сұрамаған жерім қалмады, тақсыр... Сойысқа өзімді апарып сойсаңыз да дәл бүгін таба алмаймын, – деп Қоңқай аталған шытты жауабын кесе қайырып қалып еді, елубасы камшымен қасқайта салып-салып жіберді. Қамшының өрімі арқасына барып тиген Қоңқайдың тоны сарт-сарт ете түскенімен өзі үнсіз, қыбырсыз отырып қалды.

– Қайдан тапсаң да келтіресің бүгін! Үйімнің салығынан бөлінген екі қойды да бүгін табасың!.. Үкімет адамдары адам сойғызып жегелі келіп отыр ма екен! Бүгін таппасаң осы сөзіңді айтып, осы үкіметтің өз алдына салып беремін! Үрімжіге айдалып жатқан мықтылардың қайсысынан мықты едің сен неме! Көзіңді ашып қара!

Төбесінен жай түскендей отырып қалған Қоңқай ауыз аша алмай тұқыра берді. Бұл сөз болып жатқанда келген кекселеу төрт-бес тондыға төнді елубасы:

– Сендердің сойыс малдарың қайда?

– Сойысты кешке жақын әкеліп береміз! – деген сирек бурыл сақал–мұртты қара шал жүгініп отыра қалды да, қолын қусыра сабақтады сөзін, – ел қонағы елге ортақ қой, елубасы мырза, мал болмаса да жанымыз бар, бір-бір сойыс тауып берерміз бұл қонақтарға!

– Тапсаңдар тілдеріңді емізбей, тез табыңдар! Кешеден бері жиырма мал сойылды, менің аз ғана бойдағым бітіп калды, – Қиялзат екеуміз бір-бірімізге қарадық, бұл ауылға кеше келіп түскеннен бері жеті-сегіз қой ғана сойылғанын білетінбіз. Тұс-тұстан келіп жатқан мал бұл есептен әлдеқайда көп көрініп еді. Үйде дуылдап отырған бізге көрінбей келіп түскені, мүмкін, одан да көп болар!

Сирек бурыл сақалды шал елубасы сөзіне мақұлдық білдіргендей изектей сала, жүгінген бойы тізесіне қолын тіреп отырып сөйледі:

– Мырза, біз мына бесеуміз көпшіліктің сізге айт деп тапсырған тілегін, жұрт талабын алып келдік. "Елшіге өлім жоқ деген" соны айталық: біз қаладан тым шалғай кедей-кепшіктер, сол мектепке бала жіберіп оқыта алмаймыз ғой. Оқытайық десек те оралымыз жетпейтінін өзіңіз де білесіз...

– Ал, енді қайт дейсің маған?!

– Мен ғана емес, сол оқыта алмайтындай мектептің салығын төлей алмаймыз дейді. "Әркім өз әлінше базарлайды", "аяқты төсегіне қарай көсіледі". Баласын алыс жіберіп оқыта алатьн ауқаттылардың өздері төлесін деп жатыр жұрт. Қолымыз өз арқамызды қасуға жетпей отырғанда, олардың балаларын оқытуға қой берер халіміз жоқ қой дейді.

– Ей, сен кімнің жоғын жоқтап келіп отырсың? – деп мұртын едірейте қарады елубасы, – ажалды киікше адырға шығып, ел қамқоры бола қалыпсың ғой! Сенің атың Зарықпай ғой, ие, тағы нең бар айтатын бұзық басы! Үкіметке қарсы қалған сөзің болса, тағы айтшы, қәне!

– Мырза, өз қалпымызды айттық, қарсылық қып не айтыппыз сонша?

– Үкіметтің оқуына қарсылық емей не? "Мектебін салыса алмаймыз, баламызды оқуына бере алмаймыз!" деп айқайлауың, бұзық-жаршылық емей не? – деп елубасы зірк-зірк ете түсті, – "жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты" деп қара құлағыңды қалқита шықтың ба бүгін!.. Жүрші, қәне, мына үкімет адамдарының алдында сөйлесейік! Ей, Қоңқай, сен де жүр үкімет алдына! Жүріңдер бәрің, жүр, Зарықпай! – Елубасы орнынан атып тұрып қамшысын үйіріп қалды.

– Жүрсек жүрдік! – деп Зарықпай жүре беріп еді:

– Тақсыр, мен беремін дедім ғой! – деп Қонқай құрақ ұшып барып, елубасының алдын тоса берді, – қарсылығым жоқ, өзімді сатсам да, карыздансам да тауып беремін дедім ғой мен!

– Балаларымыз аштан өлсе де тауып береміз дедік қой! – деп тымағын баса киген шал да бүгежектей түсті.

Жидашы болып жүрген онбасы осы сәтте Зарықпайларды кайта жүгіндіріп жығудың әдісін таба қойды. Елубасының алдына екі қолын кере жайып жолын мүлде кесті:

– Тақсыр, тақсыр, "ашу алдында, ақыл соңында"! Сіз тұрғанда қай шоқыншаққа барып жүгінерміз! Ноқ дейді де айдап ала жөнеледі ғой олар. Істі насырға шаптырмай өзіңіз ғана бітіре көріңіз! – Өз арамызда бітсін!

– Тақсыр, елубасы, біздің зарымызды сізден басқа кім
тындар!

– Иә сізге еркелеп тұр бұл жұрт! Еліңіздің базынасы ғой!

– Отырып сөйлесейікші, қашан, қалай тауып беруге келісейікші, отырыңыз! – десіп онбасыдан басқа да мысықша атқамінер бедектер қолпаштап жөнелгенде, Қоңқай мен тымақты шал екеулеп елубасының етегіне орала жүгінді. Ырсылдай шегініп барып қайта отырған елубасымен бірге жапырылып көпшілік те отырысып еді. Салқын қарап үнсіз тұрған екі-үш тонды мен Зарықпай да бір-біріне қарасып алып отырды. Қабағы қарс жабылған екі балалы қара қатын да, ішті-сыртты төрт баламен келіп түрған жастау әйел де жайымен отырыса кетті. Күрсінісе отырды екі әйел. Сызданған семіз елубасы сыздықтатып тың бәсең үнмен сөйледі мұнан соң, өз айтқанына көндіретінін толық білген соң бәсеңсіді білем.

Қиялзатқа қарап, тітіренгендей тісім сақ-сақ ете түсті менің:

– Біздің алдымызға салып айдатамын деп қорқытып,
алдау, – дедім. Неден екенін белгісіз, мен өзім де сол
жәбірленгендермен бірге шаншылғандай іштей езіліп отыр едім, – алдыңғы жылы Елсадық мектеп салуға тиісті соманын байлардан ғана жиналып жатқанын талай рет айтып еді ғой?!

– Иә, солай болатын!.. Мына мықтылар соның есесін
енді алып жатыр, біріне екісін қосып жияды бұлар! Елубасы сайлануға басын бой тігетіні – осылай тонау үшін ғой! – деп күлімсіреді Қиялзат. – Тегі сол Елсадықтар қолға алынған соң, "қулық" та өзгеріп кетті ме екен. Мен саясаттың не деген сөз екеніне жауап бергенімде бәрің күліп едіңдер ғой, ал күлші қәне!

Екеуміз де тастың үстінен күле тұрдық та, жылаулар даласынан думанды ортаға қайта тарттық.

– Бұл туралы қазіргі уақытта сөз ашуға болмайды, – деп ескертті Қиялзат, – іске бүліншілік жасады деп жар сала жарысатын пәле бұл!.. Қаладағы шаңия, гәйжаңдар[17] да осындай! – алты ұлы саясаттың парақорлықты, қиянатты жойғаны қайда?

– Алдыңғы екі-үш жыл ғана біраз шектеліп еді... Бұлар "саясатшыл" емес пе! – деп тағы күлді Қиялзат, – уағдада қу тұра ма! Біз мұның қойын жеу үшін емес, қорасын толтыру үшін келіппіз ғой!

Үлкен тегенелерде шып-шып сапырылып жатқан қымыз, кең жайылған мол дастарқан толы бауырсақ пен қант, құрт-ірімшік, табақ-табақ сары май, табақ-табақ қуырдақ... Жағымды иісімен мұрын жарған осынша молшылық қайдан келіп төгіліп жатқанын толық түсіне кірдік үйге. Тон-шалбары каудырлаған малшының да, қара күйік етектері жалбыраған жалшы әйелдің де, қызыл жалаңаш денесі күс-сауыс, қотыр-кожалақ балалардың да біреуі көрінбейді бұл жәннат үйде. Тіпті үй сыртында жоқ. Ақ қаздай балпиған, аппақ шылауышты, зер жақты бәйбішелер мен сызылған қызыл-жасыл торқалы қыз-келіншек, кердиген кесел-кербез мырзалар отыр. Сырлы тостағандарды үш саусақтың ұшында ғана қондырысып, тым сәнімен отыр. Біздің әртіс ағаларымыз асау қалжың, асқан әндерімен оларды баурап әкетіпті. Барлық көз соларға төнулі екен. Қарқылдаған-жарқылдаған күлкілер мен мерейлі, сыншыл жымиыстар Тынысқанның нәзік мұңды скрипкасы тартылғанда ғана тына қалысты. Шыңырау терең мұң мен зардың толқыны мұңсыз мырзаларға оттан ыстық, мамықтан жұмсақ махаббаттың лебіндей ғана білініп, өзінің қылдан жіңішке құмарлық торын жайғандай сезіледі. Әйелдер арасында бәйбіше үстіне түскен тоқал мен малға байланып отырған қалыңдықтар бар көрінеді. "Сорлы зарын сор кешкен түсінеді", ондайлар оқыс күрсінуімен, өңдері күреңіте қалумен байқалып қойып отырды.

Біз күн еңкейе клубымызға барып, сахнамызды жайғастырамыз да ымырт түсе жасанып, рөлге шығамыз. Шымылдық ашылғанда бұрын театр көрмеген жұрт дабырласып ала жөнеледі. Әр жерден одағай-оқшау сұраулар жауып, оған жөнді-жөнсіз жауаптар айтылып кетеді:

Наши рекомендации