Сені кімге теңермін? 4 страница

Ұстаз өмірден өтті.

Ұясы бұзылған арадай,

Достар да быт-шыт боп кетті...

Сәл бөгеліп тұрдың да,

Сөзіңді қайта жалғадың.

Қабақ шыту орнына,

Келініңді алдадың:

— Алматының дәмі тартып,

Көшіп, Павлодардан келдік.

Ескі достардың бәріне,

Иіліп, сәлем бердік.

Серік пен Әлияларды,

Үйге шақыра алмадық.

Қонақ етіп, қол қусырып,

Дәм татыра алмадық.

Шақырмайық дегеміз жоқ.

Басында реті келмеді.

Кейін сен қызметтен қуылып,

Болып қалдық өлмелі.

Адам көңілі нәзік,

Тез елжірей салады.

«Бір атым ғана, дейді ғой,

Насыбайдан қалады».

—Онда оларды үйге

Шақырайық, — дедім.

—Шақырсаң шақыр, несі бар,

Мен оған әзірмін! — дедің.

— Бірақ, шытынаған шыны

Бүтінделуші ме еді?

Оның сызатын жоюға

Кімнің күші келеді!...

Ешқандай да қатесі жоқ,

Рас болды осы сөзің.

«Шынының» шытынағанына

Ақыры жетті көзім.

Шолу мақаласына

Кіргізіп бар басқаны,

Серік дос әдебиеттен

Мені сызып кеп тастады.

Әдеби энциклопедияға107

Арнаулы мақала беріп,

Мені, тіпті, атамапты.

Басқаның бәрін теріп.

Кеше Одаққа өтуге

Өзі кепілдеме берді.108

Мақтап, мадақтап еді,

Бүгін осылай өзгерді.

Әлде менің романдарымды

Ұмытып қалды ма екен?

Ағайын екі сөзді болса,

Не істеймін? Не етем?

Айтпақшы, Бекежанды да109

Аузына алмай кетіпті.

Сөйтіп, екеуміздің ғана

«Түбімізге жетіпті».

Бекежанға, белгілі,

Оның неге өштігі.

Жасаған менің ешқандай

Жоқ қой зиянкестігім.

Кеше Серікті көргенде

Осы жай ойыма түсті.

Бұл менің сырым ғой Саған

Жасырмай айтатын ішкі.

Екеуміз қатар палатада

Көршілес болып жаттық.

Аурухана дәмін таттық.

Серікке: «Неге өйттің?» — деп,

Бір ауыз айтқамын жоқ.

Құшақтап, бетінен сүйдім.

Ештеңе білмеген боп.

«Ешкіммен өштеспе!» — деп

Жалынып айтушы едің.

Осы асыл өсиетіңді,

Орындап мен келемін.

Халима, бұл сөзімді

Осымен тоқтатайын.

Сағындым ақылшымды,

Асылым, айналайын!

29.07.2003.

Бүгін тағы Өзіңді

Түнде түсімде көрдім.

Ұршық иіріп отырсың. —

Не істемек едің? — дедім.

— Мынау түбітті саған,

Шұлық етсем деп едім.

Қыста аяқ тоңбаса

Саулығы барлық дененің!

Осылай деп ақырын,

Жымиып қана сөйледің...

Оятып мені жіберді

Көше жақтан шыққан үн.

Оянған соң, ақырын

Жастығыңды сипадым.

Деп өкіндім ішімнен:

«Сөйлесе неге тұрмады?»

Қуатым ай, қуатым,

Қамқорлығың көп еді.

Ісің, ойың, қимылың

Өз ойыммен дөп еді.

Тоқып, тігіп, иіріп,

Бәрін де істеуші едің.

Сені өзімнің меншікті

Фабрикам! — деуші едім.

Өмірдегі бар байлық:

Дүние-мүлкім Сен болдың!

Фабрикасынан айырылған

Тақыр кедей мен болдым!

Жастығыңды, жұп-жұмсақ,

Қайта-қайта сипаймын.

Жастығың бар, Өзің жоқ

Жанымды жаншып, басты мұң.

Ұйықтайын десем ұйқы жоқ,

Көз іле алмай жатырмын.

Сен барда: хан, патша едім!

Енді мүлде пақырмын.

Өткенде, Кеңсайға барып,

Саған құлпытас қойғанда,

Көз салдым күмбезіңнің

Айнала, жан-жағына.

Көз тартар қорым жоқ еді.

Сен алғаш жайғасқаныңда.

Қиналды ма өзгелерден

Өзімнің кеш қалғаныма.

Енді, міне, қарасам:

Айналаң қаптаған қорған.

Көремін ғимараттарды

Тізілген, оңнан да солдан.

Бір төбенің басына

Тұтас қала орнатқан.

Айналасын қоршаудың

Кремльше торлатқан!

Нұрқаділов — көршіміз110.

Сапарбаев сияқты111

Бай емеспін, қайтейін,

Тұрысовтай112 сияқты.

Күндемеймін оларды,

Сірәғысын айтамын.

Бәсеке құмар қазақты

Босқа күндеп қайтемін.

Министрлер, бизнесмен

Бірінен-бірі асуда.

Бәсекеге судай ғып,

Ақшаларын шашуда.

Қайыршыға бір тиін,

Бермейтұғын қараулар.

Атақ, даңқ дегенде

Бауырынан жараулар.113

Бұл дүние осындай,

Бұрын Өзің білетін.

Кедей жылап, кемсендеп,

Байлар ғана күлетін.

Заманбекпен көрші едік,

Жұғысып, жақындаспаған.

Атағы зор ол бастық,

Биіктен көз тастаған

Тағы да көрші болыппыз,

Ендігі құқымыз бір.

Жарар еді жақындасып,

Өзара айтыссақ сыр.

Бірақ, бұрынғы бастықтар

Жолата қоймас жанына.

Бір қауым елміз ғой біз де,

Бармай-ақ қойдық маңына.

Қасында Сенің орным бар,

Мұнда дағы қатармыз.

Махаббат жырын мәңгілік

Айтармыз да, жатармыз.

Жақын көрші — ескі дос

Жүкеңмен114 сырласармыз.

«Балалар қалай екен?» деп,

Өзара мұнда сармыз.

Дөкейлер жатқан қорғанға

Кім барарын білмеймін.

Күмбезді көрген жастар,

Бізге бұрылар деймін.

Құлпытас жазуын оқып,

Тас кітаптарға көз салар.

Оларды оқығандар

Біз туралы толғанар.

МАХАББАТ КҮМБЕЗІ деп,

Бәлкім, атап та кетер.

Қозы пен Баяндай боп,

Атымыз алысқа жетер.

Мұндай лепірме сөзді

Сен мүлде сүймейтін едің.

Тірінің қиялы ғой бұл,

Үмітпен осылай дедім.

Көрген, естіген жұртта,

Күмбезіңе разылар көп.

Біреуі Мэриям апаң115

Ақылды сөз айтатын дөп.

— Кейінге арнап жасаған

Ісіңе көңілім тояды.

Нағыз ғашық — сенсің! деп

Мені мақтап та қояды.

— Келешек киелі жер! — деп,116

Бір жазушы да айтты.

Тараздан келген бір топ жұрт,117

Саған бас иіп қайтты.

Арнайы кеп Құран оқыды

Өтегендей118 бауырларың.

Өзіңді құрметтейтіндердің

Айта алман тауысып бәрін!

05.08.2003

Өзімді-өзім қамшылап,

Шауып келе жатырмын.

Өзіңді ойлап дөңбекшіп,

Талай танды атырдым.

Сексен жастан сырғанап,

Ауып келе жатырмын.

Балалардан рахат

Тауып келе жатырмын.

Қарызбын Саған, Халима,

Бүгін сау жүргенім үшін!

Елу төрт жыл жанымда

Жымиып күлгенің үшін!

Қиын-қыстау күндерде,

Ақыл бергенің үшін!

Ауыртпалық кезінде

Артымнан ергенің үшін!

Менімен қоса ауырып,

Қасымда жатқаның үшін!

Палатада күндіз-түні,

Көз ілмей баққаның үшін!

Бар күш-қуатыңды сарқып,

Маған сыйлағаның үшін!

Ажалмен алысып мені

Өлімге қимағаның үшін!

Инфаркттерден жетелеп,

Мені тыңайтқаның үшін!

Жетімдік сырыңды айтып,

Шексіз мұңайтқаным үшін.

Бағамды менің асырып,

Атақты еткенің үшін!

Өзіңнің алақанында

Бақытқа жеткенім үшін!

Қарыздармын бір мен деп,

Зор еңбек еткенің үшін!

Өтермін жырлап Өзіңді

Ардақтап, жеткенше күшім!

08.08.2003.

Бүгін Ташкенттен қайтып,

Жанар мен Әлия келді119

Келе сала Кеңсайға соғып,

Олар Саған сәлем берді.

Құлпытасыңды көріп,

Екеуі қатты қуанды.

Олардың қуанғанына

Менің де жаным жұбанды.

Балалар тағы да әкеп,

Басыңа қызыл гүл қойды.

Өзіңе барып қайтқаным,

Бір күндік қайғымды жойды.

Қайтарда Асқаровтың120

Зиратына тоқтады.

Дос әкесі,121 Ер122 еді деп,

Ішімізден жоқтадық.

Оған көрші министрдің123

Кең ауласын да көрдік.

Әйелінің аруағына124

Иіліп, сәлем бердік.

Тамсандық та, таң қалдық,

Қоршаудың қымбат тастарына.

Сүлейменовтарға риза болдық,

Әйелге ықыластарына.

Ар жағымыз Нұрқаділов,

Бер жағымыз Асқаров.

Солардың ортасында

Ақ күмбез тұр қасқайып.

— Қалай біз мықтылардың

Ішіне кіріп кеткенбіз?

Бұл элиттік жерге,

Апырау, қайтып жеткенбіз?!

Деп таңдана бас шайқап,

Жанар жан ғажаптанды. —

Әжемнің арқасы! — деп,

Әлия масаттанды.

«Рас!» дедім мен ішімнен,

Бұл, сөзсіз, Сенің арқаң!

Ешкімді алаламайтын

Еді ғой көңілің дарқан.

Ақпейіл мінезіңе

Тағдырдың тартқан сыйы.

«Аққа Құдай — жақ!» деп,

Айтушы едің ғой жиі.

Айналайын, алтыным,

Аппақ адалдығыңнан!

«Өнегең өшпесін!» деу

Тілегім — менің дұғам!

Қалаға қайттық тағы да,

Өзіңмен үнсіз қоштасып,

Жолдағы аруақтармен,

Ойша, тегіс достасып.

Істейтін үйде жұмыс көп:

Мақала, сұхбат, сөздер бар.

Соларды орындауыма

Болғайсың, жаным, Өзің жар!

09.08.2003.

Сен менің Тәңірімсің!

Мен Саған сиынамын.

Сен есіме түскенде,

Өзге ойдан жиыламын.

Жақында бір кітаптан125

Сырбайдың126 суретін көрдім.

Қасында Күлжамал127 тұр,

Ішімнен сәлем бердім.

Сырбайды алып кетті,

Амал не, ажал күшті.

Кейін Күлжамалға айтқан

Бір сөзің есіме түсті.

Төсекте шалқамнан түсіп,

Ауырып жатыр едім.

Трубка қасымдағы

Шырылдап, безілдеді.

Қол созып, әрең алып,

Оны құлаққа апардым.

Кабинетте отырған Сен,

Телефонды қатар алдың.

—Бұл кім? — деген әйел дауысы,

Ар жақтан зірк ете қалды

Дауыстың екпінінен

Ашуды құлағым шалды.

—Мен Әзілханмын, деп едім,

Әйел ышқына түсті:

—Әзілхан болсаң арам қат,

Құдайдың оғы тисін күшті.

Жайрап қал! Сенің көзіңе

Көртопырақ құйылсын!

Жолай алмай жұмаққа,

Тамұқтан орын бұйырсын!

— Кім бұл өте қатулы,

Маған сонша соқтығар?

Мұнша қарғыс айтарлық

Кінәм менің жоқ шығар.

—Мен бе? Күлжамалмын!

Сені ит етінен жек көрем!

Жамандапсын Сырбайды,

Жұрт айтып жүр көптеген.

—Жоқ, Күлжамал, сабыр ет,

Олай емес, құлақ сал:

Жұрттың сөзін қайтесің,

Ен алдымен оқып ал.

—Оқымаймын мен сенің,

Оттап жазған шатпағыңды.

Қаралатпаймын мен саған

Сүттей таза аппағымды!

— Тыңда мені, Күлеке,

Соншама бажылдама.

Жаралаған жанымды

Ісін айттым бір ғана...

—Бұл дүниенің жүзінде

Көрме ешқандай рахат!

Сырбайымнан сүйікті

Садаға кет, арам қат!

Құр жанымды қинады,

Aшy сөзі бейбақтың.

Сабырменен сонда Сен

Телефоннан үн қаттың:

—Ау, Күлеке, тоқтай тұр,

Бала-шаға аман ба?

Жайың қалай, жарқыным,

Мына киын заманда?

Тыңдап алып әуелі

Райыңнан қайтсаңшы.

Қарғысыңды қатыгез,

Маған арнап айтсаңшы.

Әзілханның орнына,

Мен-ақ, жаным, өлейін!

Айтқан барлық аямай,

Қарғысыңа көнейін.

Ол романды түп-түгел,

Машинкаға мен бастым.

Айтқан сөзін ЦК-да

Сырбай сынды құрдастың.

Сырбайдың сол сөзінің

Тауқыметін мен тартқам.

Бала-шағам ашығып,

Көзім мүлде мұнартқан,

Сондай қиын күндерде

Қарғадым ба мен сені?

Жүріп жаттық үн-түнсіз,

Кіналамай өңгені.

Артық бір сәт кетсе де,

Ақылды еді Сыр ағаң.

Әзілханнан артынан,

Өзі кешірім сұраған!

Ауырып жатқан кісіні

Жерлегенің жөн емес.

Айналайын, Күлеке,

Жасамайық күр егес.

Сен алтынның сынығы ең,

Алтын болып қалсаңшы.

Ашу сөзін ақтармай,

(Ахмет ата128 секілді)

Ақылыңа салсаңшы...

Осылай деп Сен сонда,

Сабырменен үн қаттың.

Қалмағай деп ұрысып,

Сасқалақтап мен жаттым.

«Алтын» деген сөзіңнің,

Салауаты мол екен:

Осы кезде кенеттен:

«Дут! Дут!» деді телефон.

Содан кейін Сен жылжып,

Келдің дағы қасыма,

Дедің жаның елжіреп: —

Айналайын, жасыма!

Қайғы жұтқан шерлі ғой,

Ол байғұс жан қаралы.

Сіркесі су көтермес,

Жан, жүрегі жаралы.

Өсекшілер қоздырып,

Шаптаған ғой сорлыны.

Ренжіме, күрсінбе,

Көңіліңе алма, сен, мұны.

Өзің ұмыт деген соң,

Оны ұмыттым мен мүлде.

Кеше шықты мақалам

«Қазақ әдебиетінде»

Мақтадым Күлжамалды:

«Ақынның асыл жары» деп.

Сырбайды да атадым:

«Ақындардың нары!» деп.

«Ақынға жар болу қиын,

Әрі абырой!» дедім.

Қасымда болсаң Сен маған:

«Дұрыс!» деп бас изер едің.

Қуанамын айтқаның:

«Дананың сөзіндей!» деп.

Табынамын мен Саған,

Тәңірдің өзіндей деп!

Ішке жиып білімін,

Сыртқа сырын ашпаған.

Ақылмен ойлап жан-жағын,

Жөнсіз аяқ баспаған.

Сүйген жар, бала, дос үшін,

Қиындықтан қашпаған.

Сұрамсақтанып, тіленіп,

Бөтен есік ашпаған.

Білімі мол болса да,

Тасымаған, таспаған.

Қапияда жол тауып,

Қатер келсе аспаған.

Қымтап ұстап ерінін,

Орынсыз сөз шашпаған.

Адалдықтың жолынан

Ешбір қия баспаған.

Өсек-аяң сөздерді,

Сыпырып үйден тастаған.

Күн сайын менің басыма,

Жастық қып жанын жастаған.

Жарым едің, Халима,

Ерек туған басқадан.

Махаббаттың мәңгілік

Екендігін растаған.

Сендей асыл әйелді

Көргенім жоқ басқадан.

Кітабымнан қымбат ең,

Шыққан жаңа баспадан!

Тағдырыма налимын,

Екеуімізді айырған.

Ғашығыңды мәңгілік,

Қанатынан қайырған.

11.08.2003.

Ең кішкентай немерең

Бүгін он алтыға толды.

Балалар тегіс жиылып,

Үйде мәз-мәйрам болды,

Бәрі тегіс құттықтап,

Оған сыйлықтар берді.

Тілек, құрмет сөздерден,

Немерең риздық терді.

Балаларға мұра деп,

Сен ылғи кітап жинадың.

Соның он алтысын бүгін,

Әлияға129 сыйладым.

"Әжеңнің атынан!" деп,

"Абай елін"130 де бердім.

Өскен жері осында, -деп,

Абайдай кемеңгердің!

Сол елде сүйікті сенің

Халима әжең де туған.

Құндызды өзенінен

Су ішіп, бетін жуған.

Күндіз-түні жағасын жайлап,

Сол судан Абай да ішкен

Ғашық боп бір апамызға131

Ұмсынып, әуреге түскен.

Есіңе ал әжеңді де,

Альбомды ашқанында.

Ұмытпа жақсыларын

Жаттың да, жақынның да!

Әжеңнің өкіл әкесі

Шәкір деген ақын болған.

Көп өлең, поэмалар жазып,

Атақ-даңқы жер жарған.

Ауылдың оң жағында

Төбеде бейіті бар.

Ол жаққа бара қалсаң,

Гүл қойып, топырақ сал.

Осылай деп бүгін мен

Бір мақсатыма жеттім.

Сенің сонда туғаныңды

Ішімнен мақтаныш еттім.

Альбомды беріп жатып,

Өзімше ойланып едім:

Даналық Абай жұртынан

Саған да жұққан ба! дедім.

Абайдай болмасаң да,

Өзімнің данам едің.

Орташа бойың менен

Шыңғыстай132 панам едің!

11.08.2003.

Есіңде бар, ма, Халима,

Түрмеден бірде хат алдық.

—Япырау, бұл кімнен? — деп

Ұзақ хатқа көз салды.

Жазықсыз жаза өтеуші

Шофердан екен сол бір хат

Қол ұшын бер, аға! деп,

Етіпті маған мінәжат.

Тілші арқылы тексерттім

Газеттен барған арнайы.

Анықталды жігіттің

Жазықсыздық хал-жайы.

Жатқанда мен ауырып,

Үйге біреу келіпті.

Үсті-басы сауыс кір,

Саған сәлем беріпті.

—Тілші жібертіп тексерткен

Ағайдың көмегімен,

"Аққа Құдай жақ" болып,

Босап келдім түрмеден.

Атым Кеңес. апатай,

Асығып үйге келемін.

Алдыменен ағайға,

Алғыс айтсам деп едім! —

Депті Саған ол байғұс,

Дауысы шықпай дірілдеп.

Қарсы алыпсың оны Сен

Жақынымыздай, күлімдеп.

Алдына қойып коньяк

Ет асып, шай беріпсің.

Қолына кәмпит ұстатып,

Қуантып жіберіпсің.

— Ағайың ауруханада,

Алғысыңды айтам, — депсің.

Түрмеден шыққан байғұсты,

Осылай құрметтепсің.

Сол Кеңес Байтереков

"Өжетте"133 қазір тұрады.

Сен қайтыс болған кезде,

Үйге келіп жылады.

Үнемі телефон соғып,

Жиі хабарласады.

Өзі ақын да екен,

Газеттер жырын басады.

Ардақтап Сені жазғанын

Маған әкеліп берді.

Ол өлеңі де былтыр,

Газетте134 жарық көрді.

Сол Кеңес бүгін тағы

Үйге соғып қайтты.

Сенін күмбезіңе барып,

Құран оқығанын айтты.

Қуандым ішімнен мен:

"Асылым, ардақтым!" деп.

Өзіңді, ұмытпай әлі,

Еске алушылар көп!

Сен туралы айтылған сөз

Болады жаныма демеу.

Қалдырған төрт автопортретің135

Күн сайын көңіліме медеу.

Ол төрт портретіңнің

Көшірмелері136 және бар.

Солардың қызықтары

Мен үшін тарқамас базар.

12.08.2003.

Бүгін жеті жүз елу күн,

Халима,Сен кеткелі.

Мен артында қалып,

Өзіңді ойша тербеткелі.

Бүгін жеті жүз елу күн,

Өзіңді сағынғалы.

Жесірлік, жетімдіктің,

Заңына бағынғалы.

Бүгін жеті жүз елу күн,

Жүрегім зарлағалы.

Өзіңнің ізіңді іздеп,

Өткенді шарлағалы.

Бүгін жеті жүз елу күн,

Саған жыр арнағалы.

Көңіл-дария суалып,

Көзден жас парлағалы.

Бүгін жеті жүз елу күн,

Үніңді естімегелі.

Шарасыздық қанжарының

Жүректі кескілегелі.

Дәл жеті жүз елу күн

Жаныңа жатпағалы.

Мәңгілік махаббаттың

Сарқытын татпағалы.

Башпайыңның, не саусағыңның

Бір шетін көрмегелі.

Жаның мен жүрегіңнен

Сен шарбат бермегелі.

Мына кең дүние маған

Өзіңсіз тар боп қалды.

Бір тал шаш, тырнағыңа

Жан жарың зар боп қалды

Атынды ардақтауға,

Жұмсалмақ қайрат-күшім!

Тек қана өмір сүрем,

Сен ұзақ өлмеу үшін.

Мен тірі тұрған кезде

Сен де, жаным, тірісің.

Үлгі, өнеге үйретер,

Аналардың бірісің!

Мен өткенде өмірден,

Сен де мүлде өшесің.

Жер бетімен, біржола.

Қош айтысып, көшесің.

Кейде ескерер балалар,

Күйеуіңдей болмайды.

Өзің үшін, ешқашан,

Жардың орны толмайды.

Айтып жүрмін оларға:

Ұмытпа! деп Анаңды.

Туған, өлген күндерін

Ұстаңдар, деп санаңды!

Ауық-ауық есіне,

Сені алып қояды.

Бара-бара ұмытып,

Көңілінен жояды.

Ұмытпайды адал жар,

Күнде есіне алады.

Соның ғана ойында

Өлген тірі қалады.

О, дүние, жалған ай,

Тірілерге тар мекен!

Тәтті ететін Өмірді

Жардан жақсы бар ма екен?!

16.08.2003.

Ғашықтық деген ғажап қой

Тірліктің алтын айдары.

Тірілер ғашық болу — заң,

Ғашықтық — Өмір қайнары.

Тіріде жақсы көрсе де,

Өлгенге ғашық болу жоқ.

Ұмыттырып жіберер

Ұмытпасты дүние — боқ!

Ал мен ғашықпын шексіз,

Өлген асыл әйеліме.

Мәңгі бақи — өлгенімше,

Ғашық боп қаламын мүлде.

Халима, тыңда, бұл менің

Саған берген адал антым!

Мен өлгенде де ертең,

Ешқашан өшпесін даңқың!

Қабағым түссе Сені ойлап,

Мұңданатын шығармын.

Сағынумен Өзіңді,

Жынданатын шығармын.

18.08.2003.

Жарқылдақ алтын сағатты

Білегіңе ілмедің.

Сабыр сақтап әрқашан

Орынсыз жерде күлмедің.

Саудыратып сандыққа,

Алтын, күміс жимадың.

Бөліп беріп барыңды —

Жақынды, жатты сыйладың.

Шоқпардай асыл тасы бар,

Саусаққа жүзік салмадың,

Біреудің жақсы нәрсесін,

Тегін берсе алмадың.

Күндемедің ешкімді,

Күңкіл сөзге бармадың.

Жақсы, жаман — бәрін де,

Ақылыңмен барладың.

Бала, қонақ күтуден,

Ешқашан да талмадың.

Сыйлас, мұндас жандарға

Борышты боп қалмадың.

Жұртқа жақсылық жасауға

Ұшқан құстай самғадың.

Араздық, кек дегенді

Наши рекомендации