Бап. Кінәсіздікпен зиян келтiру 2 страница

Қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, ол төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Бұл ретте осы Кодекстің 366, 367 және 368-баптарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін айыппұл осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясы шегінде бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

42-бап. Түзеу жұмыстары

1. Түзеу жұмыстары дегеніміз – сотталған адамның жалақысынан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болатын айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде мемлекет кірісіне ақша өндiрiп ала отырып, оны негізгі жұмыс орны бойынша еңбекке тарту және ол сотталған адамның жалақысының (ақшалай үлесінің) жиырмадан қырық пайызға дейінгісін ай сайын мемлекет кірісіне аударып отыру арқылы орындалады. Түзеу жұмыстары қылмыстық теріс қылықтар үшін – айлық есептік көрсеткіштің жиырма бестен бес жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін айлық есептік көрсеткіштің бес жүзден он мыңға дейінгі шегінде белгіленеді.

2. Еңбекке қабілетсіз деп танылған, тұрақты жұмысы жоқ немесе өндірістен қол үзіп оқу орындарында оқитын адамдарға түзеу жұмыстары тағайындала алмайды.

3. Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайларда, қылмыстық теріс қылық үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігі – осы Кодекстің 43 және 45-баптарының ережелері ескеріле отырып, бір айлық есептік көрсеткіш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бір тәулікке қамаққа алу есебімен қамаққа алуға, ал қылмыс үшін тағайындалған жазаның орындалмаған бөлігі осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

43-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту

1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.

2. Қоғамдық жұмыстар алпыс сағаттан үш жүз сағатқа дейiн белгiленедi және сотталған адам оларды өтеу уақытына негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан босатыла отырып не оқудан бос уақытында күнiне төрт сағаттан асырылмай, ал егер сотталған адамның тұрақты жұмыс орны болмаса және ол оқуда болмаса – күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына қырық сағаттан асырылмай өтеледi. Қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда осы Кодекстің 45-бабының ережелері ескеріле отырып, олар қоғамдық жұмыстардың төрт сағаты үшін бір тәулікке қамаққа алу есебімен қамаққа алуға ауыстырылады.

3. Қоғамдық жұмыстарға тарту жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге, әскери қызметшілерге тағайындалмайды.

44-бап. Бас бостандығын шектеу

1. Бас бостандығын шектеу сотталған адамға бiр жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден тұрады. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Тұрақты жұмыс орны жоқ және оқуда жоқ бас бостандығын шектеуге сотталғандар жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда, бірақ жылына екі жүз қырық сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылуға жатады. Бас бостандығын шектеуге сотталған кәмелетке толмағандар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектер мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Өзге жазаны бас бостандығын шектеуге ауыстырған жағдайда, ол бір жылға жетпейтін мерзімге тағайындалуы мүмкін, бұл ретте сотталған адам мәжбүрлі еңбекке тартылмайды. Мәжбүрлі еңбекке тарту күніне сегіз сағатқа дейін, бірақ аптасына қырық сағаттан асырылмай өтеледi.

2. Пробациялық бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады және сот шешімі бойынша сотталған адамның: сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау; белгілі бір орындарға бармау; алкоголизмнен, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан, жыныс жолдары арқылы берілетін аурулардан емделу курсынан өту; отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыру мiндеттерiн; сотталған адамның түзелуіне және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал ететін басқа да міндеттерді орындауды қамтиды.

3. Бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, бас бостандығын шектеудiң өтелмеген мерзiмi дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаға ауыстырылады. Бұл ретте бас бостандығын шектеудi өтеу уақыты осы Кодекстің 46-бабының ережелері ескеріле отырып, бас бостандығын шектеудiң бiр күнi үшiн бас бостандығынан айырудың бiр күнi есебiмен бас бостандығынан айыру мерзiмiне есептеледi.

45-бап. Қамаққа алу

1. Қамаққа алу сотталған адамды тағайындалған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайларында ұстауды білдіреді.

2. Қамаққа алу отыз тәуліктен тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді. Ұстап алу мерзімі қамаққа алу мерзіміне қосылады.

3. Қамаққа алу кәмелетке толмағандарға, жүкті әйелдерге, жас балалары бар әйелдерге, жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектерге тағайындалмайды.

4. Әскери қызметшілер қамақта болуды гауптвахтада өтейді.

46-бап. Бас бостандығынан айыру

1. Бас бостандығынан айыру сотталған адамды колония-қонысқа жiберу немесе жалпы, қатаң, ерекше режимдегi түзеу колониясына немесе түрмеге отырғызу арқылы оны қоғамнан оқшаулауды білдіреді.

2. Үкiм шығару кезінде он сегiз жасқа толмаған, бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жалпы немесе күшейтiлген режимдегi тәрбиелеу колонияларына орналастырылады.

3. Осы Кодексте көзделген қылмыстарды жасағаны үшiн бас бостандығынан айыру – алты айдан он бес жылға дейiнгі, ал аса ауыр қылмыстар үшiн жиырма жылға дейiнгi мерзiмге не өмiр бойына белгiленедi. Абайсызда жасалған қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыру он жылдан аспайды. Айыппұл салуды, түзеу жұмыстарын немесе бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстырған жағдайда, ол алты айға жетпейтiн мерзiмге тағайындалуы мүмкiн. Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау кезiнде бас бостандығынан айыру мерзiмдерiн iшiнара немесе толық қосқан жағдайда және осы Кодекстің 47-бабының бесінші бөлігінде, 71-бабының бесінші бөлігінде және 77-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайларда, бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзiмi – жиырма бес жылдан, ал үкiмдердiң жиынтығы бойынша отыз жылдан аспауға тиіс.

4. Өмір бойына бас бостандығынан айыру аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ өлім жазасына балама ретінде белгіленуі мүмкін. Өмір бойына бас бостандығынан айыру он сегіз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды. Кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыру белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ауыстырылуы мүмкін.

5. Бас бостандығынан айыруды:

1) абайсызда жасаған қылмыстар үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған, сондай-ақ қасақана қылмыс жасағаны үшiн бiр жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза тағайындалған, алғаш рет сотталған адамдарға – колония-қоныстарда;

2) қасақана онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар және ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бiр жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдарға және айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға – жалпы режимдегi түзеу колонияларында;

3) аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған адамдарға, сондай-ақ егер сотталған адам бұрын бас бостандығынан айыруды өтеген болса, қылмыстардың қайталануы кезінде және әйелдерге қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде – қатаң режимдегi түзеу колонияларында;

4) қылмыстардың қауiптi қайталануы кезiнде, сондай-ақ өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға – ерекше режимдегi түзеу колонияларында өтеу тағайындалады.

6. Аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауiптi қайталануы кезiнде жаза мерзiмiнiң бiр бөлiгiн, бiрақ бес жылдан аспайтын мерзiмді түрмеде өтеу тағайындалуы мүмкiн.

7. Үкiммен тағайындалған түзеу мекемесiнiң түрін өзгертудi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес сот жүргiзедi.

47-бап. Өлiм жазасы

1. Өлім жазасы – ату жазасы адамдардың қаза табуымен ұштасқан террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтінішхат беру құқығы беріледі.

2. Өлiм жазасы он сегiз жасқа толмай қылмыс жасаған адамдарға, әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге тағайындалмайды.

3. Қазақстан Республикасының Президенті өлім жазасын орындауға мораторий енгізген кезде, өлім жазасы туралы үкімді орындау мораторий қолданылған уақытқа тоқтатыла тұрады.

4. Өлiм жазасы туралы үкiм күшiне енген кезінен бастап ерте дегенде бiр жыл өткеннен кейiн, сондай-ақ өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған соң ерте дегенде бір жыл өткеннен кейін орындалады.

5. Өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен өмір бойына бас бостандығынан айыруға немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыруға ерекше режимдегі түзеу колониясында жазасын өтей отырып ауыстырылуы мүмкін. Өлім жазасына кесілген адамдардың, өлім жазасын орындауға мораторийдің күші жойылған жағдайда, мораторий енгізілгенге дейін олардың өтінішхат бергеніне немесе бермегеніне қарамастан, кешірім жасау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.

48-бап. Мүлiктi тәркiлеу

1. Мүлікті тәркілеу дегеніміз – сотталған адамның меншігіндегі, заңсыз жолмен табылған не заңсыз жолмен табылған қаражатқа сатып алынған мүлікті, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын мүлікті мәжбүрлеп өтеусіз алып қою және мемлекеттің меншігіне айналдыру.

2. Тәркілеуге мынадай:

1) заңды иесіне қайтарылуға жататын мүлікті және одан түскен табыстарды қоспағанда, қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған ақша мен өзге мүлiк және осы мүліктен алынған кез келген табыс;

2) қылмыстық құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған мүлiк пен осы мүліктен алынған табыстар ішінара немесе толығымен ауыстырылған немесе айналдырылған;

3) экстремистік немесе террористік әрекетті не қылмыстық топты қаржыландыруға немесе өзге де қамтамасыз етуге пайдаланылатын немесе арналған;

4) қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы немесе құралы болып табылатын ақша және өзге мүлiк жатады.

3. Егер осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген мүлікке кіретін белгілі бір затты тәркілеу осы затты тәркілеу туралы сот шешімі қабылданған кезде оның пайдаланылуы, сатылуы немесе өзге де себептері бойынша мүмкін болмаса, сот шешімі бойынша осы заттың құнына сәйкес келетін ақшалай сома тәркіленуге жатады.

4. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 15-бөлімінде көзделген жағдайларда мүлікті тәркілеу соттың шешімі бойынша қылмыстық-құқықтық ықпал ету шарасы ретінде қолданылуы мүмкін.

49-бап. Арнаулы, әскери немесе құрметтi атақтан, сыныптық

шеннен, дипломатиялық дәрежеден, бiлiктiлiк

сыныбынан және мемлекеттiк наградалардан айыру

1. Қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, оны арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан айыра алады.

2. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары, сол сияқты Қазақстан Республикасының Президентi берген арнаулы, әскери, құрметтi немесе өзге де атағы, сыныптық шенi, дипломатиялық дәрежесi немесе бiлiктiлiк сыныбы бар адамды қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн соттаған кезде сот үкiм шығарғанда сотталған адамды осы наградалардан, атақтардан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсыныс енгізе алады, ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне ұсыныс енгiзеді.

50-бап. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр

қызметпен айналысу құқығынан айыру

1. Белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мемлекеттiк қызметте, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында белгiлi бiр лауазымдарды атқаруға не белгiлi бiр кәсiптiк немесе өзге де қызметпен айналысуға тыйым салудан тұрады.

2. Белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру бір жылдан он жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.

Осы Кодекстің 120-бабының үшінші бөлігінің 5) тармағында және төртінші бөлігінде, 121-бабының үшінші бөлігінің 5) тармағында және төртінші бөлігінде, 122-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 124-бабыныңекінші және үшінші бөліктерінде, 132-бабының екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөліктерінде, 133-бабының екінші және үшінші бөліктерінде, 134-бабының төртінші бөлігінің 2) тармағында және 312-бабының үшінші бөлігінің 1) және 2) тармақтарында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасағаны үшін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру міндетті түрде тағайындалады және мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдарда және жарғылық капиталында мемлекет үлесі елу пайыздан асатын ұйымдарда, оның ішінде акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда, ұлттық даму институттарында, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы өздеріне тиесілі олардың еншілес ұйымдарында, сондай-ақ дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы аталған еншілес ұйымдарға тиесілі заңды тұлғаларда лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салудан тұрады.

3. Белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, егер сот жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн және кiнәлi адамның жеке басын ескере отырып, оның белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығының сақталуы мүмкiн емес деп таныса, ол осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi бабында тиісті қылмыстық құқық бұзушылық үшін қосымша жаза ретінде көзделмеген жағдайларда да тағайындалуы мүмкiн.

4. Бас бостандығынан айыруға, қамаққа алуға қосымша жаза ретінде осы жазаны тағайындау кезінде, ол негiзгi жазаны өтеудiң барлық уақытына қолданылады, бiрақ бұл ретте оның мерзiмi бас бостандығынан айырылған, қамаққа алынған кезден бастап есептеледi. Жазаның басқа негiзгi түрлерiне қосымша жаза түрi ретiнде белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалған жағдайда, сондай-ақ жазаны өтеу кейінге қалдырылған немесе шартты түрде сотталған кезде оның мерзiмi үкiмнің заңды күшiне енген кезінен бастап есептеледi.

51-бап. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан

Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып

жіберу

1. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жіберу осы адамның Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне бес жыл мерзімге тыйым салу белгілене отырып, сотталған шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге бақыланатын кетуі арқылы орындалады.

2. Қосымша жаза түрі ретінде шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жіберу осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті баптарында көзделген жағдайларда ғана тағайындалуы мүмкін және ол негізгі жаза түрі өтелгеннен кейін орындалады.

4-БӨЛІМ. ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ

52-бап. Жаза тағайындаудың жалпы негiздерi

1. Қылмыстық құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп танылған адамға осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында белгiленген шектерде және осы Кодекстiң Жалпы бөлiгiнiң ережелерi ескерiле отырып, әдiл жаза тағайындалады.

2. Қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға оның түзелуi және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу үшiн қажеттi және жеткiлiктi жаза тағайындалуға тиiс. Егер жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн көзделген жазаның онша қатаң емес түрi жазаның мақсатына жетудi қамтамасыз ете алмайтын болса ғана, ол үшiн көзделгендерi арасынан неғұрлым қатаң жаза түрі тағайындалады. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен неғұрлым қатаң жаза осы Кодекстiң 58 және 60-баптарынасәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша немесе үкiмдердiң жиынтығы бойынша тағайындалуы мүмкiн. Жасалған іс-әрекет үшiн осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнің тиiстi баптарында көзделгеннен онша қатаң емес жаза тағайындау үшiн негiздер осы Кодекстiң 55-бабында айқындалады.

3. Жаза тағайындау кезiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi оның мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.

53-бап. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн

мән-жайлар

1. Мыналар қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар деп танылады:

1) мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет қылмыстық теріс қылық не алғаш рет онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасау;

2) кінәлі адамның кәмелетке толмауы;

3) жүктілік;

4) кінәлі адамның жас балаларының болуы;

5) медициналық немесе өзге де көмекті көрсету салдарына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн жәбірленушіге тiкелей осындай көмек көрсету;

6) қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтыру;

7) жеке басындағы, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан не жаны ашығандық уәжімен қылмыстық құқық бұзушылық жасау;

8) күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгiне қарай қылмыстық құқық бұзушылық жасау;

9) қажеттi қорғаныстың, аса қажеттiлiктің, құқық бұзушылық жасаған адамды ұстап алудың, негізді тәуекелдің, бұйрықты немесе өкiмдi орындаудың, жедел-іздестіру іс-шараларын немесе жасырын тергеу әрекеттерін жүзеге асыру кезінде құқыққа сыйымдылық шарттарын бұзу жағдайында қылмыстық құқық бұзушылық жасау;

Наши рекомендации