Азақстанның түзеу колонияларының тарихи-құқықтық негіздері.
Еңбек колонияларын (қазіргі колония-қоныстар сияқты ашық мекемелер) салу Қазан революциясынан кейін басталған еді. Артынан Еңбек колониялары (ауыл шаруашылық, қол өнер, фабрикалық) РСФСР-дің 1924 жылғы Еңбекпен түзеу кодексінің нормасында бекітілген болатын.
РСФСР-дің ЕТК 150-бабында Еңбек колониялары қатаң оқшаулаусыз бес жылдан көп емес мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарылғандар үшін құрылады және онда бірінші рет немесе байқаусызда немесе ауыр материалдық жағдай салдарынан қылмыс жасаған еңбекші адамдар қамауда отырған.
Еңбек колонияларында ұстаудың жеңілдетілген режимі қарастырылған. Онда қамаудағылар колония аумағы бойынша еркін жүріп тұрған, оларды қадағалаусыз әр түрлі тапсырмамен колониядан тыс жерге жібере беретін, ал кездесу оларға РСФСР ЕТК 154-бабында көрсетілгендей тікелей берілетін болған.
1924 жылғы ЕТК көрсетілген еңбек колоиялары ХХ ғасырдың 20-жылдары Қазақстан аумағында дами қоймаған. Мұрағаттық деректер бойынша Қазақстан аумағында еңбек колонияларының болғандығы туралы мәліметті таппадық.
Атап өтерлік нәрсе, РСФСР 1933 жылғы ЕТК бойынша бас бостандығынан айыру орындарының негізгі түрі болып төмендегідей типтерге бөлінген еңбекпен түзеу колониялары саналған:
- еңбек етуші элементтердің қатарынан сотталғандарды ұстау үшін – фабрикалық-зауыттық және ауыл шаруашылығы колониялары;
- таптық жауласқан элементтер мен ауыр қылмыстар жасаған адамдар үшін – жаппай жұмыс істеу колониялары;
- ұстау режимін қасақана бұзушыларды оқшаулауға арналған – айыптық колониялар.
Ұстау режимі мәселесі бойынша атап өтерлік бір нәрсе, айыппұл колонияларында сотталғандарды камера бойынша ұстау қарастырылған. Күн сайын кем дегенде бір сағат серуенге шығару қарастырылған болатын .
Қазақстан аумағында 1933 жылдан бастап өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы колониялары және жаппай жұмыс колониялары құрыла бастады. Олардың орналасқан жерлерін біз Б қосымшасында көрсетеміз.
Көріп отырғанымыздай жаппай жұмыс істеу еңбекпен түзеу колониялары контрагенттік жұмыс негізінде құрылған, сондықтан олардың толығу лимиті нақты өндірістің жұмыс күшіне деген қажеттілігіне байланысты болған. Бір жерде жаппай жұмыс істеу еңбекпен түзеу колониясы ашылып жатса, басқа жерлерде жұмыстың аяқталуына байланысты жабылып жатты. Деректер көрсетіп отырғандай, біз қарастырып отырған кезеңде жаппай жұмыс істеу колонияларының лимиті мөлшермен алғанда 100-ден 800 адамға дейін өзгеріп отырған.
Жазасын өтеу режиміне қатысты айтатын болсақ, сотталғандар колония аумағында болсын, сол сияқты өндірістік объектілердің аумағында еркін жүріп, тұратын болған. 1933 жылғы Еңбекпен түзеу кодексінің нормасына сәйкес сотталғандарды белгілі бір категорияға бөлу болмаған. Мысалы, жаппай жұмыс істеу ЕТК таптық-дұшпандық элементтер қатарынан шыққан адамдар үшін, сол сияқты аса ауыр қылмыс жасаған еңбекшілер ортасынан шыққан сотталғандарға да арналған болатын. Алайда, мұрағат материалдары көрсеткендей бұндай адамдар, әдетте еңбекпен түзеу лагерлеріне жіберілетін.
Ұлы Отан соғысының басталуымен ЕТМ барлық бөлімшелері және барлық жеке құрамы әскери жағдайға ауыстырылған. Сотталғандардың айтарлықтай бөлігі мен қызметкерлердің жеке құрамы Қызыл Армия қатарына шақырылып, майданға жіберілген. Республиканың еңбек колониялары әскери өнімдерді шығара бастаған: әскери киім-кешектерден, пима, ботинкадан бастап, ет, картоп, көкөніс өндірумен аяқтай отырып және екінші жағынан ауыл шаруашылығы өнімдерін қоса алғанда.
Қазақ КСР ІІХК еңбекпен түзеу мекемесінің және еңбек қоныстарының бөлімі 1942 жылдың қаңтар айында Қазақ КСР ІІХК еңбекпен түзеу лагерлері мен колонияларының басқармасы (ЕТЛКБ) болып қайта құрылған. Соңғысының құрамында өндірістік бөлім және өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, ветеринария құрылған болатын.
Сол 1942 жылы Қазақстанда тағы да 22 жаппай жұмыс істейтін колония ұйымдастырылған болатын. Одан кейінгі уақытта олардың саны көбейе түсті, 1944 жылы 32 жетті.
1953 жылғы рақымшылдықтан кейін сотталғандардың санының кезекті азаюы болды. Осыған байланысты, 32 колониядан бар жоғы 14 қалдырылған болатын, оның ішінде 4 өнеркәсіптік, 3 ауыл шаруашылығы, 5 контрагенттік колония және 4 мүгедектерге арналған қалдырылды.
1961 жылы КСРО коммунистерінің жаңа партиялық бағдарламасына сәйкес елімізде коммунизм орнату басталды. Осы кезде сотталғандардың еңбегін тиімді пайдалану үшін 1960-80 жылдары КСРО-да жабық типтегі еңбекпен түзеу колониялары жүйесі құрылды. Олардың қызметі басында КОКП ОК және КСРО Министрлер Кеңесінің 1961 жылғы 3-сәуірдегі «КСРО ІІМ еңбекпен түзеу мекемелерінің қызметін жақсарту бойынша шаралары туралы» қаулысымен бекітілген «КСРО ІІМ еңбекпен түзеу мекемелері мен түрмелері туралы Ережемен» реттелінді.
Бұл Ережеде режим түрлері бойынша сотталғандарды жеке-жеке орналастыру көзделген болатын: жалпы, күшейтілген, қатаң және айырықша. Жалпы режимде ауыр емес қылмыс үшін тек бірінші рет ғана сотталғандарды ұстау, күшейтілгенде – бірінші рет ауыр қылмыс үшін сотталғандарды, қатаңда – екі және одан да көп рет сотталғандарды, айырықша режимде – аса қауіпті рецидивистерді және өлім жазасы ретіндегі жазалау өмір бақи бас бостандығынан айырумен алмастырылған адамдарды ұстау қарастырылған. Әйелдер мен кәмелетке толмаған сотталғандар үшін ұстау режимінің екі түрі тағайындалған болатын.
Атап өтерлік нәрсе, осы уақытта құрылған еңбекпен түзеу колониялары өздерінің өндірістік мүмкіншіліктеріне орай өздерінде 1800-2000 адам көлемінде сотталғандарды тұрақты санын ұстап тұруға мүмкіндіктері болған. Осыған байланысты жалпы, күшейтілген, қатаң және айырықша режимдегі колонияларда сотталғандардың түрлі категориясын ыңғайластырып ұстаудың мүмкіндігі пайда болған.
Осылайша, еңбекпен түзеу колонияларының өндірістік саласын ұйымдастырудың ерекшелігі КСРО ІІМ еңбекпен түзеу мекемелері мен түрмелері туралы жоғарыда аталған Ережені ұстауға тікелей ықпал еткендігін айтуға болады.
Бұдан кейінгі уақытта еңбекпен түзеу колониялары еңбекпен түзеу мекемесінің негізгі түрі ретінде Қазақ КСР 1971 жылғы ЕТК нормасында заңнамалық тұрғыдан бекітілген болатын.
Қазақ КСР ЕТК 12-бабына сәйкес бас бостандығынан айыру түрінде жазаны орындаушы еңбекпен түзеу мекемелері болып табылатындар: еңбекпен түзеу колониялары, түрмелер, еңбекпен тәрбиелеу колониялары.
Өз кезегінде еңбекпен түзеу колониялары келесі режимдерге бөлінген: жалпы режимдегі колониялар, күшейтілген режимдегі, қатаң режимдегі, ерекше режимдегі, сол сияқты абайсызда қылмыс жасаған адамдарға арналған колония-қоныстар.
Жалпы режимдегі еңбекпен түзеу колониялары төмендегідей сотталғандардың жазасын өтеуі үшін арналған болатын:
- ауыр болып табылмайтын қылмыс үшін бірінші рет бас бостандығынан айыруға сотталғандар;
- ауыр қылмыс үшін үш жылдан көп емес мерзімге бірінші рет сотталғандар;
- аса қауіпті рецидивист болып танылмайтын бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдер және өлім жазасы түріндегі жазалау кешірім жасау немесе рақымшылдық тәртібінде бас бостандығынан айырумен алмастырылған әйелдер.
ЕТК 24-бабына сәйкес күшейтілген режимдегі еңбекпен түзеу колониясы ауыр қылмыс үшін үш жылдан жоғары мерзімге бас бостандығынан айыруға бірінші рет сотталғандарға (еркектерге) арналған.
Қатаң режимдегі еңбекпен түзеу колониялары төмендегідей сотталғандардың жазасын өтеуі үшін арналған болатын:
- аса қауіпті мемлекеттік қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталғандар (еркектер);
- бас бостандығынан айыру түрінде бұрын жазасын өтегендер;
- аса қауіпті мемлекеттік қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдер;
- аса қауіпті рецидивист деп танылған әйелдер;
- өлім жазасы түріндегі жаза кешірім жасау немесе рақымшылдық тәртібінде бас бостандығынан айырумен алмастырылған әйелдер.
Ұстау жағдайы, посылка, сәлемдеме, бандерол алу еңбекпен түзеу колониясының режимінің түріне байланысты болады. Мысалы, жалпы режимде азық-түлік және алғашқы қажеттілік заттарын сатып алу үшін айына жеті сомға дейін сумманы ұстауға, үш қысқа мерзімді және екі ұзақ кездесуге, жылына екеуден артық емес бандерол алуға және хатты шектеусіз олардың саны бойынша жіберуге рұқсат етіледі. Мерзімнің жартысын өтегеннен кейін сотталғанға сол сияқты бір жыл ішінде үш посылка немесе сәлемдеме алуға рұқсат беріледі.
Жақсы қылығы және еңбекке шын ниетімен қарағанда жаза мерзімінің жартысынан көбін өтеген кезде ұстау жағдайы жақсартылуы мүмкін, яғни айына төрт сом көлемінде қосымша ақша жұмсауға рұқсат етіледі, сол сияқты бір жыл ішінде бір ұзақ кездесу, ал жақын туыстары болмаған жағдайда – бір қысқа мерзімді кездесу алуына рұқсат беріледі.
Күшейтілген режимде айына алты сомға дейін сумманы жұмсауға, екі қысқа мерзімді және екі ұзақ кездесу, жылына екеуден артық емес бандерол және айына үшеуден көп емес хат жіберуге рұқсат беріледі. Мерзімнің жартысын өтегеннен кейін сотталғанға сол сияқты бір жыл ішінде екі посылка немесе сәлемдеме алуына рұқсат етілген.
Жақсартылған ұстау жағдайына ауыстырылған кезде жаза мерзімінің кем дегенде жартысын өтеген соң сотталғанға айына үш сом мөлшерінде қосымша ақша жұмсауға, сол сияқты бір жыл ішінде бір ұзақ кездесу, ал жақын туысқаны болмаған жағдайда – бір қысқа мерзімді кездесу алуына рұқсат етілген.
Қатаң режимде айына бес сомға дейін ақша ұстауға, екі қысқа мерзімді және бір ұзақ кездесуге, жылына екеуден артық емес бандерол алуға және айына екі хаттан көп емес жіберуге рұқсат етілген. Жаза мерзімнің жартысын өтеген соң сотталғанға сол сияқты бір жыл ішінде бір посылка немесе сәлемдеме алуға рұқсат етілген.
Жаза мерзімінің кем дегенде жартысын өтегеннен кейін жақсартылған ұстау жағдайына ауыстырылған кезде сотталғанға айына екі сом мөлшерінде қосымша ақша жұмсауға, сол сияқты бір жыл ішінде бір ұзақ кездесу, ал жақын туысқаны болмаған жағдайда – бір қысқа мерзімді кездесу алуға рұқсат етіледі.
Айырықша режимдегі колониялар ЕТК 26-бабына сәйкес аса қауіпті рецидивистердің және өлім жазасы түріндегі жазалау кешірім жасау немесе рақымшылдық тәртібінде бас бостандығынан айырумен алмастырылған адамдарға арналған болатын. Бұнда сотталғандарды қатаң оқшаулау жағдайында камера типіндегі баспанада ұстау қарастырылған. Олар айына төрт сомға дейін мөлшердегі ақшаны жұмсай алатын, бір жыл ішінде бір қысқа мерзімді және бір ұзақ кездесу алуға құқы болатын, жылына екеуден артық емес бандерол алуына және айына бір хат жібере алатын. Жаза мерзімінің жартысын өтегеннен кейін оларға бір жыл ішінде бір посылка немесе сәлемдеме алуына рұқсат беріледі.
Жаза мерзімінің кем дегенде жартысын өтегеннен кейін сотталғандар жақсартылған ұстау жағдайына көшуіне болатын, яғни айына бір сом мөлшерінде ақшаны қосымша жұмсауға рұқсат етілген. Сол сияқты бір жыл ішінде бір ұзақ кездесу беруге болатын.
Абайсыздықта қылмыс жасаған адамдарға деген колония-қоныстар абайсызда жасаған қылмысы үшін бес жылдан көп емес мерзімге бірінше рет бас бостандығынан айыруға сотталғандарға арналған болатын.
Сол сияқты түзелу жолына берік түскен адамдарға арналған, сонымен қатар осы колонияларға жалпы, күшейтілген және қатаң режимдегі колониялардан ауыстырылған сотталғандар үшін колония-қоныстар да бар.
Колония-қоныстарда жеңілдетілген режим қарастырылған. Бұнда ЕТК 27-бабына сәйкес сотталғандар күзетсіз, бірақ қадағалауда болған. Олар таңертеңгілік тұрудан кешкі жатуға дейін еркін жүріп, тұру құқына ие болған. Колония әкімшілігінің рұқсатымен колония-қоныс территориясынан тыс жерде қадағалаусыз жүріп тұрған, жағымды азаматтық үлгідегі киім киюіне, өзімен бірге ақша, құнды заттар алып жүруіне болатын, хат жіберуіне және бандерол, посылка, сәлемдеме алуына, шектеусіз кездесу алуына болатын. Колония әкімшілігінің рұқсатымен тұрмыс жағдайы болған кезде сотталғандар колонияда өздерінің жанұясымен бірге тұруына, тұратын үй сатып алуына және колония территориясында жеке меншік шаруашылығын иемденуіне болады.
Қазақ КСР 1971 жылғы ЕТК нормасына талдау жасау көрсеткендей, еңбекпен түзеу колонияларында сталиндік лагерлерден айырмашылығы сонда сотталғандар өмірінің барлық жағына үйлеріне жіберетін хаттың санынан бастап, посылка арқылы алатын азық-түліктің түріне дейін реттеу енгізілген болатын. Жазалау жүйесі де қатал бола түскен. Камералық типтегі баспанаға (түрмелік режим) ауыстыру және еңбекпен түзеу мекемесінің жұмысына іріткі салғаны үшін қылмыстық жауапкершілік заңдастырылған болатын.
Сонымен, еңбекпен түзеу колонияларында қатаң режимі және жазалаудың қатаң жүйесін енгізілді. Олай болса, біз 60-80 жылдары еңбекпен түзеу колонияларында заңның өзі сотталғандарға психологиялық әсер ету құралы ретінде пайдаланғандығы туралы айта аламыз.
Еңбекпен түзеу колонияларының өндірістік бағыттылығы олардың архитектурасына әсер тигізді. Әдетте еңбекпен түзеу колониясының сыртында екі қабатты штабы, ал колонияның өзі екі зонаға: өндірістік және сотталғандар тұратын болып бөлінген.
Қазақстанның еңбекпен түзеу колонияларының өндірістік зонасында әдетте, бірнеше ірі цехтардан тұратын зауыт және жұмыс істейтін сотталғандар үшін асхана болған. Сотталғандар тұратын зонада, әдетте мектеп, кәсіптік техникалық училище, кітапхана, колония бастығының кезекші көмекшісінің баспанасы, ларек, клуб және санитарлық бөлім болған. Тұратын зонаның қалған бөлігі бірнеше локальдық учаскеге темір тор арқылы бөлінген, онда бірнеше барактар болған, олардың әрқайсында әдетте, жалпы саны 120-150 сотталғандардан тұратын екі-төрт отряд орналастырылған.
Еңбекпен түзеу колонияларының құрылымына саяси бөлім, арнайы бөлім, бухгалтерия, еңбек және еңбекақы төлеу бөлімі (ОТиЗ), жедел-режимдік бөлім, өндірістік бөлім енген. Барлық бөлімдер мен қызметтердің бастықтары тікелей колония бастығына бағынған.
Саяси бөлімді колония бастығының саяси-тәрбие жұмысы бойынша орынбасары басқарған. Оған барлық отряд бастықтары тікелей бағынған.
Еңбекпен түзеу колонияларының орналасу орыны мен саны сталиндік лагерлер сияқты экономикалық жағынан пайдалы болуы мен өндірістік жағынан мақсатқа сай болуына байланысты болған. Сондықтан Қазақстанда еңбекпен түзеу колонияларының басым көпшілігі республиканың өндірістік аймақтарында салынды, мысалы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында.
Егер еңбекпен түзеу колонияларының саны туралы айтатын болсақ, ол біртіндеп көбейіп отырған. 80-жылдардың ортасында бұл жақта 71 еңбекпен түзеу колониясы, 4 ауыл шаруашылық колония-қонысы, 4 емдеу жұмыс профилакториясы жұмыс істеген. Қазақстанның еңбекпен түзеу колонияларында 1984 жылдың басында 100 мыңнан аса сотталғандар отырған.
Соныменен еңбекпен түзеу колонияларының қалыптасуы мен дамуын шартты түрде төрт кезеңге бөлуге болады.
1-ші кезең – ХХ ғасырдың 1917 жылдың қазан айы – 20 жылдың соңы, Бұл кезде Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-тың пенитенциарлық жүйесі тәжірибесі негізіндегі ашық типтегі еңбек колонияларының қызметін реттеуші нормативтік актілер қабылданды. Бірақ Қақақстан аумағында еңбекпен түзеу колониялары объективті себептерге байланысты құрылмады.
2-ші кезең – ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап 60-жылдардың басына дейін. Бұл кезеңде өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы колонияларының және жаппай жұмысқа салу колонияларының құрылған болатын. Өз шығынын өзі өтеу қағидаі негізінде жұмыс істеген бұндай шағын колониялар өндіріс қажетіне қарай құрылған, яғни жұмыс аяқталғаннан кейін оларды әдетте жойып отырған және жұмыс күші қажет болған басқа жерлерде жаңадан ашқан.
Пенитенциарлық көзқарас тұрғысынан алғанда еңбек колониялары қылмыскерлерді түзеу үшін жарамсыз болып табылған. Оларды құрудың негізінде үш жылға дейін бас бостандығынан айыруға сотталғандардың еңбегін тиімді пайдалану идеясы жатқан және еңбекпен түзеу лагерлерінің қосалқы орыны болып табылған.
3-ші кезең – 60 жылдардан бастап – 1991 жылға дейінгі кезең. Жалпы, күшейтілген, қатаң және айырықша режимдегі еңбекпен түзеу колониялары жүйесінің қалыптасуымен және дамуымен сипатталады. Бұндай жабық типтегі еңбекпен түзеу колониялары кеңес мемлекеті үшін экономикалық жағынан пайдалы болған.
Еңбекпен түзеу колониялары еңбекпен түзеу лагерлері сияқты өз шығынын өзі өтеу қағидаі негізінде жұмыс істеген. Сондықтан мемлекет үнемі олардың санын және бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеуші сотталғандардың санын үнемі арттырып отырған. Пенитенциарлық көзқарас тұрғысынан алғанда еңбекпен түзеу колониялары қылмыскерлерді түзеу үшін жарамсыз болған. Керісінше оларда криминальдық субмәдениет және криминальдық әлемнің «философиясы» дамыған.
4-ші кезең – 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін. ҚР-ның түзеу колониялары жүйесінің дамуымен аталған. Қазіргі уақытта Қазақстан территориясында түзеу колония-қоныстары, жалпы, қатаң және айырықша режимдегі түзеу колониялары жұмыс істейді. Қазіргі жағдайда Қазақстанның түзеу колониялары мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылады.