Азақстан -2050» стратегиясы
"Қазақстан-2050" Стратегиясы - 2012 жылы желтоқсанда Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауында таныстырылды. Оның басты мақсаты – мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуы.Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы жеті ұзақмерзімді басымдықтарды іске асыруды қарастырады:
- Жаңа бағыттың экономикалық саясаты – пайда алу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген түгел қамтитын экономикалық прагматизм;
- Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау;
- Әлеуметтік саясаттың жаңа принциптері – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік;
- Білім және кәсіби машық – заманауи білім беру жүйесінің, кадр даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары;
- Мемлекеттілікті одан әрі нығайту және қазақстандық демократияны дамыту;
- Дәйекті және болжамды сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту;[1]
Негізгі мазмұны:
І. Қалыптасқан Қазақстан – мемлекеттілігіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы
1. Қуатты да табысты мемлекет
2. Демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі
3. Түрлі әлеуметтік, этностық және діни топтардың келісімі мен татулығы
4. Ұлттық экономика. Халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің рөліміз
5. Қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат
6. Әлемдік қоғамдастық таныған ел
7. Ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің белсенді рөліміз
8.Қазақстан-2030 стратегиясы. Негізгі қорытындылар
ІІ. ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері
1. Бірінші сын-қатер – тарихи уақыттың жеделдеуі
2. Екінші сын-қатер – жаһандық демографиялық теңгерімсіздік
3. Үшінші сын-қатер – жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер
4. Төртінші сын-қатер – судың тым тапшылығы
5. Бесінші сын-қатер – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік
6.Алтыншы сын-қатер – табиғи ресурстардың сарқылуы
7. Жетінші сын-қатер – Үшінші индустриялық революция
8. Сегізінші сын-қатер – үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық
9. Тоғызыншы сын-қатер – өркениетіміз құндылықтарының дағдарысы
10. Оныншы сын-қатер – жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі
ІІІ. "Қазақстан-2050" Стратегиясы – жедел өзгермелі тарихи жағдайлардағы жаңа Қазақстанның жаңа саяси бағыты
1. Міндеттердің жаңа парадигмасы
2. Қайда бет алдық? Жаңа саяси бағыттың мақсаттары[2]
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арналған дәстүрлі жолдауын тәуелсіздік күні қарсаңында жария етті. «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталды. Елбасымыздың биылғы жолдауында алдымен мемлекетіміздің, ұлттық экономикамыздың, азаматтық қоғамымыздың, қоғамдық келісіміміздің, өңірлік көшбасшылығымыз бен халықаралық беделіміздің дағдарыста сыналуы сөз болды. Еліміздің 21 жылда айтарлықтай жеткен жетістіктеріміз сараланып, әлем алдындағы беделіміздің асқақтағаны айқындалды. Қуатты да табысты мемлекетіміздің демократияландыру мен ырықтандырудың орнықты процесі, түрлі әлеуметтік этностық және діни топтардың келісімі мен татулығы, халықаралық еңбек бөлінісіндегі біздің роліміз, қоғамдық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясат ұстанған әлемдік қоғамдастық таныған ел екеніміз, ядролық қаруды таратпау режімін ілгерілетудегі біздің белсенді рөліміз бен 1997 жылғы жолданған «Қазақстан – 2030» стратегиясының 15 жыл ішінде мақсат міндеттерінің орындалуы қорытындыланды. Сонымен қатар алдағы ХХІ ғасырдың жаһандық он - сын қатері деп: – тарихи уақыттың жеделдеуі, жаһандық демографиялық теңгерімсіздік, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатер, судың тым тапшылығы, жаһандық энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, үшінші индустриялық революция, үдей түскен әлеуметтік тұрақсыздық, өркениетіміз құндылықтарымыздың дағдарысы, жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупін атап өтті. Президент Қазақстанның қазіргі заманғы осы аталған сын-қатерлерге жауап ретінде дамудың 2050 жылға дейінгі кезеңіне арналған Стратегияны қабылдады. Жаһандық экономиканың кіндігі Азия-Тынық мұхиты өңіріне жедел ауысып барады, деп жалғастырды өзінің сөзін Президент. Бүгінде біз «Қазақстан -2030» Стратегиясын қабылдаған сәттен мүлдем басқа жағдай мен мүмкіндіктерде өмір сүріп отырмыз. 2050 – бұл қазіргі кезде әлемдік қоғамдастық бағыт ұстанып отырған нақты мерзім. Біздің нақты мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемнің аса дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу, деп атап өтті Қазақстан басшысы. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер: ресурстар, білімді адамдар, жұдырықтай жұмылған ұлт бар, деді Елбасымыз. Елбасымыздың сөзіне қарағанда, осыдан 15 жыл бұрын қабылданған 2030 Стратегиясы кеңестік кезеңнен кейінгі ретсіздік түпкілікті ескерілмеген, Оңтүстік-Шығыс Азия елдері мен кейбір өзге де рыноктарды дағдарыс қалтыратып тұрған шақта қабылданған болатын. Соған қарамастан, Қазақстан 2012 жылы ІЖӨ көлемі бойынша планетамыздағы дамыған 50 елдің қатарына кіреді. Ел басшысы өз сөзін «Біз бәріміз бір атаның - Қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу - қасиетті Қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз» деп қорытындылады.
Еліміз тәуелсіз екен, тіліміз де тәуелсіз болуға тиіс. Тіліміз азаттық алмай, өзінің тұғырына қонбай, біз қалайша Тәуелсіздіктің рухын сезіне аламыз. Тіл тәуелсіздігі — ел болашағы.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тілінің де стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Бір қуантқаны, 12 жылдан соң латын әліпбиіне көшеміз.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Пэрезиденті:
— Қазақ алфавитін 2025 жылдан бастап, латын графикасына көшіру үшін дайындықты осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпарат тіліне айналдырады. Ұлттық мүдеге қызмет істеу үшін өзгені емес, өзін қамшылауы тиіс емес пе? Тағы да қайталап айтамын, қазақ пен қазақ қазақша сөйлеуі тиіс. Қысқасы, алдағы 38 жылға арналған бұл құжат — Отанымызды кемел болашаққа апаратын, қиын жолымызда бағыт-бағдар сілтейтін жол серігі.
Елбасы ұсынғанелімізді өркендетудің жеті бағыты да маңызды. Оның ішінде төртінші бағыт, білімсаласының қызметкерлері, біздер үшін өте маңызды болып табылады. Ол — жоғары білімді ұлт қалыптастыру қажеттігі. Бұл бағыт білім беру саласында еңбек етіп жүрген ұстаздарға жаңа міндеттер жүктейді. Оқыту әдістемелерін жаңғырту, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиістігі заман талабы. Жаңа заман талабына сай пәндерді өзгерту, ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту мәселесін шешу деп Жолдауда айрықша атап өтілген. Осыдан барып жетінші міндет қазақстандық патриотизмді нығайту міндеті туындайды. «Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзінжақсы сезінетіндей болуға тиіс» деп Елбасы ерекше атап өтті. Біз еліміздің болашағын сенімді жастардың қолына тапсыруымыз тиіс, сондықтан да тәрбие біліммен қатар жүруі тиіс.
БІЛІМ ЖӘНЕ КӘСІБИ МАШЫҚ – ЗАМАНАУИ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ, КАДР ДАЯРЛАУ МЕН ҚАЙТА ДАЯРЛАУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒДАРЫ
Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек.
Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс.
Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды.
Біздің жұмыстарымыздың білім беру саласындағы басымдықтары
(1) Бүкіл әлемдегі сияқты, Қазақстан мектепке дейінгі білім берудің жаңа әдістеріне көшу керек.
Сіздер білесіздер, мен басты міндеті балаларымыздың бастапқы мүмкіндіктерін теңестіру болған «Балапан» бағдарламасы бастамасын көтердім.
Ол жүзеге асырыла бастаған сәттен бері 3 956 жаңа балабақша мен шағын орталықтар іске қосылды.
Туу көрсеткішінің жоғарылығын, жалғасып жатқан демографиялық өсімді ескере келе, мен «Балапан» бағдарламасын 2020 жылға дейін ұзартуға шешім қабылдадым. Үкімет пен әкімдердің алдына балаларды мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен 100% қамтуға қол жеткізу міндетін қоямын.
(2) «Қазақстан-2050» Жаңа бағытын ескере отырып, Үкіметке 2013 жылдан бастап халықаралық үлгідегі куәліктер беру арқылыинженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырамын.
Кәсіби-техникалық және жоғары білім ең бірінші кезекте ұлттық экономиканың мамандарға деген қазіргі және келешектегі сұранысын барынша өтеуге бағдар ұстауы керек. Көп жағынан бұл халықты еңбекпен қамту мәселесін шешіп береді.
Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар қолданбалы және ғылыми-зерттеушілік бөлімшелерін құруы және дамытуы қажет.
Біз академиялық автономия кепілдігін берген жоғары оқу орындары тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс.
(3) Жеке бизнестің, үкіметтік емес және қайырымдылық ұйымдарының, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі білім беру саласында айрықша көрінуі керек. Бұл ең бірінші кезекте лайықты білім алуда оқу ақысын өз бетінше төлей алмайтын жастарға көмек беругеқатысты.
Ол үшін қажетті шаралар:
• Жоғары және орта білім беру жүйесін дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі желісін құру.
• Көпсатылы оқу гранттары жүйесін әзірлеу.
• Бүкіл ел бойынша ғылыми-зерттеушілік және қолданбалы білім берудің өңірлік мамандықтарды ескеретін мамандандырылған оқу орындары жүйесін құру.
• Жоғары оқу орындарындағы оқудың екінші курсынан бастап кәсіпорындардағы міндетті өндірістік тәжірибені заңнамалық тұрғыда бекіту.
(4) Бізге оқыту әдістемелерін жаңғырту және өңірлік мектеп орталықтарын құра отырып, білім берудің онлайн-жүйелерін белсене дамыту керек болады.
• Біз қалайтындардың барлығы үшін қашықтан оқытуды және онлайн режімінде оқытуды қоса, отандық білім беру жүйесіне инновациялық әдістерді, шешімдерді және құралдарды қарқынды енгізуге тиіспіз.
• Ескірген немесе сұраныс жоқ ғылыми және білім пәндерінен арылу, сонымен бірге, сұраныс көп және болашағы бар бағыттарды күшейту қажет.
• Орта және жоғары білім берудің оқу жоспарларының бағыттылығы мен басымдықтарын оларға тәжірибелік машықтарға үйрету бойынша және тәжірибелік біліктілікке ие болу бағдарламаларын қосып, өзгерту.
• Кәсіпкерлікке бағдарланған оқу бағдарламаларын, білім беру курстары мен институттарын құру.
Инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясаты
Бүкіләлемдік тәжірибенің көрсетуінше, бүкіл инновациялық өндірістік циклды жеке бір елде жүзеге асыруға тырысу – велосипед ойлап шығару деген сөз. Бұл – өте қымбатқа түсетін және әрдайым нәтижелі, жемісті бола бермейтін іс. Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терребайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады.
Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны жете түсінуге тиіспіз.
Сондықтан біз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн.
Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз.
Бізге елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту керек. ЭКСПО-2017 бұл процеске серпін беріп, бізге болашақтың энергиясын дамыту үшін жаңа технологияларды таңдап алуға көмектесуі тиіс.
Біз – жас ұлтпыз және бұл біздің қолымыздан келеді.
Оған қоса, біз ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына әбден-ақ белсене қатыса аламыз. Бұл бізге ғалымдарымыздың күш-жігерін шетелдік ғылыми-зерттеушілік қоғамдастықпен стратегиялық инновациялық бағыттар бойынша ықпалдастыруға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – жаһандық технологиялық төңкерістің бөлшегіне айналу.
• Біз 2013 жылдың өзінде-ақ ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясы жөнінде шаралар қабылдауға тиіспіз. Үкіметке технология трансферті мүмкін болатын салааралық секторларды анықтауды және оларға жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялар тарапынан сұраныс тудыруды тапсырамын.
• Болашағы зор ұлттық кластерлер қалыптастыру жөнінде нақтылы Жол карталарын әзірлеу аса маңызды.
• Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі үшін құқықтық базаны анықтауды да тездету қажет. Міндет – мұндай әріптестіктің бүгінгі күнгі ең озық құралдары мен тетіктерін енгізу.
• Авторлық құқықтар мен патенттер мәселелерін реттейтін заңнаманы қайта қарау. Үкімет 2014 жылдың соңына дейін бұған дейін берілген барлық патенттер мен тіркелген авторлық құқықтарды олардың коммерциялануының ықтималдығы жөнінен талдаудан өткізуі қажет.
Құрметті отандастар!
Мен сөзімді, әсіресе, жастарымызға арнағым келеді.
Бүгін мен жариялаған Жаңа саяси және экономикалық бағыт сіздерге жақсы білім беруді, яғни бұдан да лайықтырақ болашақ сыйлауды көздейді.
Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер.
Мемлекет басшысы ретінде мен әрдайым сіздердің оқуларыңыз бен өсіп-өнулеріңіз үшін барлық жағдайды жасауға тырыстым. Әлемдік деңгейдегі университет, зияткерлік мектептер аштым, «Болашақ» бағдарламасын құрдым.
Қазір мемлекеттік жастар саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленуде.
Мемлекет сіздердің алдарыңыздан жаңа мүмкіндіктер ашылуы үшін барлығын жасауда. Олар – сіздердің ата-аналарыңыз тіпті ойлап та көрмеген мүмкіндіктер.
Естеріңізде болсын: сіздердің табыстарыңыз – ата-аналарыңыздың табысы, туғандарыңыз мен туыстарыңыздың табысы, отбасыларыңыздың табысы, барлық отандастарыңыздың табысы, біздің Отанымыздың табысы[2].
Елбасы сөз соңында: «Мен барша халқымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары ерік-жігер мен еңбек сүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын. Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқыұлы тарихтың иесі атануға лайық. Біз көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз», — деп келешектің кемелдігіне нық сенімін білдірді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Айбын. Энциклопедия. / Бас редакторы Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. ISBN 9965-893-73-Х
2. http://www.akorda.kz/kz/official_documents/strategies_and_programs