Здік орындайтын жұмыстар туралы түсінік
Қазіргі әлемде жүріп жатқан жаһандану процесі мектептегі білім жүйесі мен оқушыны оқытып тәрбиелеуге де өз әсерін тигізе бастады. Бастауыш сыныптағы барлық пәндерді бірлікте қарап, берілетін білімнің салмағын арттыру тілімізді осы жаһандану алапатынан сақтаудың бірден-бір жолы деуге болады. Бұл өзекжарды мәселелер қазіргі білім беру үрдісіндегі оқушының өздік жұмысын ұйымдастыруға байланысты орнын дәлелдейді.
"Өздік немесе өз бетінше жұмыс термині – негізінен педагогикалық термин. Ол оқу орындарында жүргізілетін оқу-тәрбие жұмыстарының бірі болып табылады.
Оқыту процесіндегі оқушылардың өзіндік істейтін жұмыстары дегеніміз не? деген сұраққа кез-келген мұғалімдер: «Бұл мұғалімнің көмегінсіз оқушылардың өздері істейтін жұмыстары» - деп жауап береді. Бірақ айқын да анық сияқты көрінетін бұл мәселе тарихы әріден басталатын, қазірде біржолата шешіле қоймаған күрделі мәселе.
Оқыту процесіне енгізілген оқушылардың өзіндік істейтін жұмыстары дегеніміз - арнайы бөлінген уақыт ішінде мұғалімнің тапсыруымен, бірақ тікелей көмегінсіз орындалатын жұмыс. Оқушы тапсырмада қойылған мәселені саналы түрде ақыл-ой мен күш – жігерін жұмылдыра отырып шешуші және өз жұмысының нәтижесін көрсетуі тиіс.
Демек, оқушылардың өзіндік істейтін жұмыстары жай жаттығу, көшіріп жазу, кітаптан үзінді оқу т.б. емес. Біз қарастырып отырған өз бетінше жұмыстар үшін белгілі дәрежеде оқушының ақыл-ой, күш-жігер, білімі мен қабілеті жұмсалады.
Өзіндік жұмыс өз бетінше іс-әрекет арқылы іске асады. Өзіндік оқу іс-әрекеті дегеніміз – бұл дидактикалық ұғым, ғылыми практикалық міндеттерді өз бетімен қою, оның шешімін табудың өзіндік тәсілдерін болжау және анықтау, жеке тұлғаның өзін-өзі бақылауы, өзін-өзі бағалауы негізінде педагогикалық үдеріске қатынасушылардың өзара іс-әрекетінде қалыптасқан жеке тұлғаның кіріктірілген білімі.
Оқушылардың мұғалімнің қатысынсыз өз бетінше істейтіндерінің бәрін олардың өз бетінше істейтін жұмыстарының қатарына жатқызуға болмайды екен. Бұл жөнінде Б.П.Есиповтың пікіріне қосыламыз.
Ол былай дейді:
1) Оқушылардың барлық әрекеттерінде өзіндік істейтін жұмыстың белгілері кездеседі. Өйткені әрбір оқу ісі оқушылардан белгілі дәрежеде белсенділікті қажет етеді.
2) Оқу процесіндегі оқушылардың дербестігі тапсырма орындату, жұмыс сипатын өзгертіп отыру арқылы бірте-бірте арта беруі тиіс.
Оқушылардың өзіндік істейтін жұмыстарын оқыту процесіне ендірудің психологиялық негізі мынаған да байланысты. Психологтар мен дидактиктер ойлауды белсенді ой, дербес ой және шығармашылық ой деп бөледі. Мысалы, шығармашылық ой – дербес әрі белсенді болады. Бірақ белсенді ойдың бәрі бірдей шығармашылық ой бола бермейді. Мұны байқау үшін бір-екі мысал келтірейік. Оқушы сабақ барысында мұғалімнің анықтаманы түсіндіруін зейінмен тыңдайды. Материалды түсіндіруге тырысады. Бұл ынтадан белсенді ой пайда болады.
Енді бірде мұғалім жаңа материалды оқулықтан оқушылардың өздері оқып, оны талдап түсіндіруді тапсырады, мұндай тапсырманы орындау барысында оқушыларда белсенді ой дербес ой әрекетін атқарады. Келесіде мұғалім тиісті түсіндіру жұмысынан кейін таныс емес жолды не мәселенің шешімін табуды оқушылардың өздеріне тапсырады.
Оқушылар тапсырманы орындау барысында талдау, салыстыру, қорытынды жасау үшін белсенді, дербес әрекеттенеді. Сөйтіп, шығармашылық ойға көшеді. Сондықтан оқушылардың өз бетінше істейтін жұмыстарын ең алдымен, оқушының белсенділігі, дербестігі ұғымдарымен байланыстыра қарау керек болады.
Оқушының оқудағы белсенділігі дегеніміз – оның оқуға қажетті білім, дағды, іскерлік қабілетті меңгерту және оларды өмірде, практикада қолдану жолындағы саналы ерікті әрі мақсатты әрекеті болып табылады. Мысалы: мұғалімнің түсіндіріп тұрған материалын ұғынып, түсініп алу үшін, оқушы оған көңіл қойып тыңдуы керек.
Мектепте оқушылар өзінің ақыл-ойының даму дәрежесіне сай берілген білімді саналы түрде ұғынып, игеретін болуы керек, үйретілген ереже, қорытындыларды талдай білетін болуы міндет. Бұл үшін оқушылардың ақыл-ойының белсенділігін барынша дамытып, оарды шамасы келетін оқу тапсырмаларын өз бетінше орындай білуге үйрету қажет.
Оқушыларға өзіндік жұмыс істеуге дағдыларын тәрбиелеу басты міндет болып саналады. Өйткені, оқушылардың сыныпта және сыныптан тыс уақытта өз бетінше орындайтын жұмыстарын кеңінен өрістетіп, оны жүйелі тәртіпке салу арқылы мұғалім оқушыларға білім негіздерін берік игертеді, білімді тұрмыста пайдалана білуге үйретеді.
Біріншіден, бұл үйге берілетін тапсырманың көлемін ықшамдуға да көмегін тигізеді.
Екіншіден, кітап бойынша өнімді жұмыс істеуге дағдыланған оқушы үй тапсырмасын сапалы орындйтын болады.
Өздік жұмыс технологиясының ерекшеліктері:
1. Түрлі құралдар арқылы оқушылар білім, іскерліктерін жиі тексеру.
2. Үлгермеушілерді анықтау және іріктеу.
3. Олармен қосымша жұмыстар өткізу, материалдарды қайталау. Осы жұмыстардан кейін оқушылардың білім, іскерліктерін тағы тексеру.
4. Оқушылардың жаңа материалды меңгермеу себебін зерттеу, анықтау.
5. Оқу материалын меңгеру заңдылықтары. Оқушы кез-келген оқу тапсырмаларын бұрынғы меңгерген ақпараттарына сүйеніп орындайды. Бала оқу іс- әрекетінің тиімділігі оның жеке тәжірибесіне байланысты. Баланың өз біліміне сүйеніп жасайтын іс-әрекетін репродуктивтік, өткен тәжірибеге сүйеніп жаңа өнімдер жасауын продуктивтік іс-әрекет дейді.
Шығатын қорытынды: оқыту процесіндегі оқушылардың өздік жұмыстары олардың іс-әрекет дербестігін, ой дербестігін қатар дамытатын, соған жетуге мүмкіндік беретін жұмыстар болуы керек.