Оқу ортасы: Негіздері және жоспарлар
Сабақта оқытуды жақсарту үшін алдын ала мұқият дайындық талап етіледі.
Бұған дейін оқыту туралы ойым менің кәсіби даму жолымда пайда болған және оған ықпал ететін кез келген мәселені шеше алуым үшін мен идеялар мен стратегияларды ойлап таба аламын дегенге саятын. Қазір мен сабақтардың мазмұнын барынша мұқият ойластырамын. Менің «Мен нені оқытпақпын және оқушылар не істейді?» деген ойым «Мен бұны қалай үйретемін және оқушылар нені білулері тиіс?» деген ойға ауысты. - Сюзан, Waterford мектебі.
Мұғалім көрегендігінің мақсаты – өз жұмысын жақсартатындай етіп жоспарлау. Мысалы, сұрақтар мен сабақтарды жоспарлау оқу мақсатына сай келуі тиіс.
Қалыптастырушы жаттығулардың алдында сұрақтарды құруға жеткілікті уақыт жұмсамаған екенмін. Өз жұмысымды талдау барысында оның соншалықты нашар екендігіне көзім жетті. Сұрақтарды уақыт өткізу үшін пайдаланғанымды, оқушылардың тарапынан мұқият ойлануды талап етпейтін сұрақтарды қойғанымды анықтадым. Оқушылармен, әсіресе оқуда қиындықты көп сезінетіндерімен әңгімелесу барысында оларды тақырып туралы ойландыратын, оқу барысында алға қадам басуға мүмкіндік беретін сұрақтарды қойған дұрыс. – Дерек, Century Island мектебі.
Мұғалімнің диалог барысында немесе жазбаша жұмысқа түсініктеме беру кезінде беретін жауаптарының сапасы туралы да ұмытуға болмайды. Дұрыс түсініктеме оқушыларға жоғары сапалы жұмыстың қандай болатынын ұғындырып, өз жұмысының сапасын жақсарту үшін не істеу қажеттігі туралы жөн сілтеуі қажет. Сонымен бірге, кері байланыс оқушылардың дағдылары мен тиімді оқыту стратегияларын жақсарта алады.
Осы орайда тағы бір үлкен проблема бар. Оқу ортасы оқушылардың оқу тапсырмаларын орындауға барынша қарқынды тартылуына ықпал ететіндей етіп «құрылуы» тиіс. Бұл жерде оқушылардың ойлану үдерісі басты назарға алынып, ол ойлану үдерісі мейлінше ашық болуы, яғни дыбысталуы тиіс. Мұғалімдердің бірінің айтуы бойынша:
Белгілі бір кезеңде оқыту үдерісіне өзімнің қандай үлес қосатынымнан, оқушының үлесі қандай екеніне көбірек көңіл бөлуге ауыстым. Оқушылардың оқу тәжірибесіне өзгеріс енгізу тәсілдерінің бірі оларды мейлінше көп ойлануға жетелеу, түрткі болу екендігін түйсіндім. Одан кейін мен оқушылар үшін оқыту үдерісін барынша ашық ету тәсілін іздестірумен айналыстым. Қазір өз уақытымның басым бөлігін оқушыларды өзінің білімі үшін жауапкершілік алуына мәжбүрлейтін тәсілдер мен оқыту үдерісін бірлесіп өткізу жолдарын іздестіруге жұмсаймын. – Том, Riverside мектебі.
Мұғалім мен оқушының, оқушылардың өздерінің арасындағы өзара қарым-қатынас оқушылар өздерінің идеяларын зерттей алатын, өз құрбы-құрдастарынан баламалы идеяларды естуіне және оларды бағалауға мүмкіндік беретін қолайлы ортаның қалыптасуына ықпал ете алады.
Оқушылардың әрқайсысына өз әріптесіне түсіндіру үшін материалдың бір бөлігін беру арқылы оқушыларды шағын топтарға бөлу тәсілін қолдандым. Оларға дайындалу үшін бірнеше минут, бірнеше ойтамыздық беріледі, өз ойларын жазып алу үшін олар дәптерлерін пайдаланады. Одан кейін әрбір оқушы өз тақырыбын топтың қалған мүшелеріне түсіндіреді. Оқушылар бір-бірінің ойларына тез назар аударады, мысалы: «Меніңше, сен таңдап алған мысалдар өте пайдалы, себебі олар біздің кітапта бар материалдарға қарағанда өзгеше. Мен оларды есіме де алмас едім». Немесе, «Сұйықтықтар мен газдар арасындағы айырмашылықты түсіндіру кезінде бөлшектер туралы айта кетерсің деп ойладым». Мұндай сабақтар кейбір оқушылардың түсіну деңгейін ұғыну үшін маған ғана емес, сондай-ақ оқушылардың өздері үшін де құнды болды. – Филип, Century Island мектебі.
Мұндай оқу ортасының тағы бір артықшылығы – мұғалім сыныптың қалған бөлігі де қарқынды жұмыс істеп жатқандығын біле отырып, бір топпен қарқынды жұмыс істеп, сол топтың идеялары мен болжамдарын талқылай алады.
Сонымен, тиімді оқыту ортасын құруға арналған негізгі іс-әрекеттер:
· сыныптағы сабақтарды оқушыларға өз ойларын ортаға салуға мүмкіндік беріп, түсініктемелер олардың ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал ететіндей етіп жоспарлау;
· түсініктемелерді оқыту үдерісін жақсартуда жетекшілік ететіндей етіп құру;
· әрбір оқушы қатысып, тапсырма алуы үшін бірлесіп жұмыс істеуді талап ететін тапсырмаларды пайдалану және оқушыларды бірін-бірі тыңдауға және өзгелердің идеяларын құрметтеуге үйрету;
· оқушылар сабақта белсенді қатысатындығына сенімді болып, оқытудың дұрыс жауап беруге қарағанда, өзінің түсінігін айтуға және талқыға араласуға дайын болуына байланысты болатындығына сендіру.