Сотталғандарға түзету құралдарын қолдану процесінің түсінігі, мазмұны және мақсаты.
ҚР ҚАК 105-бабына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысының міндеттері мынадай болып саналады:
- сотталғандарды түзеу;
- қоғамдық пайдалы қызметпен айналысуға ұмтылысын қалыптастыру;
- еңбекке адал көзқарасын қалыптастыру;
- заңдардың талаптарын және қоғамда қабылданған мінез-құлық ережелерін сақтау;
- білім және мәдени деңгейін арттыру және одан әрі дамыту.
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңнамалары тәрбие жұмысын сотталғандарды түзеудің негізгі құралдарының бірі деп анықтайды.
Бас бостандығынан айырылған адамдарды өткізілетін тәрбиелік шараларға тарту мақсатында олар белсене қатысқан жағдайда көтермеленеді және олардың түзелеу деңгейін анықтау кезінде ескеріледі.
Тәрбие жұмыстары түзеу мекемелерінің түріне, ондағы белгіленген режимге қарай жүргізіледі.
Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының негізгі түрлері мыналар саналады:
- адамгершілік тәрбие;
- құқықтық тәрбие;
- еңбек тәрбиесі;
- дене тәрбиесі.
Құқықтық тәрбие сотталған адамның бойында құқықтық мәдениетін көтеруді, заңды құрметтеуді және оны нақты әрі бұлжытпай сақтауға ұмтылыс қалыптастыруды мақсат етеді. Сотталған адамның бас бостандығынан айыру орнында заң талаптарын бұзғандықтан отырғандығын ескеретін болсақ, тәрбиелеудің осы түрінің маңыздылығын асыра бағалау тым артықтау болар еді.
Сотталғандарға құқықтық тәрбие беру дегенді мемлекет заңдарының талаптарын, Қазақстан Республикасының Конституциясын, конституциялық құқықтары мен міндеттерін жоспарлы, мақсатты түрде талдап, түсіндіру, басқа адамдардың заңды мүдделерін де құрметтеуге баулу деп түсінуге болады. Мұндай жұмыстың соңғы нәтижесі сотталған адамның бойында адал ниетті дағдыға ие болуын, заңға бағынушылықты, қоғам үшін пайдалы өмір салтын ұстануын қалыптастыру болып табылады.
Еңбек тәрбиесі сотталған адамның бойында еңбекке деген адал ниетті көзқарас қалыптастыруды мақсат етеді. Еңбек тәрбиесі тұлға мен қоғам үшін адамгершілікке қайшы, бүлдіргіш көзкарастарға тойтарыс беруге жұмылдырылады. Бас бостандығынан айыру орнындағы және одан босағаннан кейінгі адал еңбегі ғана сотталған адамды дұрыс жолға түсуге жетелеп, екінші қайтара қылмыс жасамайтындай қисық жолдан алып шығады.
Дене тәрбиесі бас бостандығынан айыру орындарында тек қана бұқаралық дене шынықтыру шараларын бөлек жүргізіп отыру керек деген ой туғызбайды. Бұл шара өзінің денсаулығы мен дене құрылысын сақтап қалсын деген мақсатта жүргізіледі.
Адамгершілік тәрбие бұл сотталғандар арасында қиынға түсетін және көп еңбекті қажет ететін әрекет. Сотталғандарға адамгершілік құндылықтың мазмұнын түсіндіру қажет. Мұндайда басты назар арамтамақтық өмірдің зияны мен залалына және оған қала қарсы тұру жолдарын, қылмыстық өмір салтынан бойды қалай аластату жолдарына, айналадағы адамдарға құрметпен, сыйластықпен қараудың не беретіне, бір сөзбен айтқанда адамдықтан арылмауға салынады.
Эстетикалық тәрбие бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды өмірден күдерін үзбей әсемдікті, сұлулықты, жақсылықты, өнерді құрметтеу қасиеттерін қалыптастыруға жетелейді, мәдени құндылықтарымызды бағалауға, бұл әлемдегі мәдени дамуға өзінің де ұлес қосатында сезімде болуына баулиды.
Жеке жұмыс жүргізу жасаған қылмысын, жас шамасын, білімін, кәсібін және басқа да жеке қасиеттерін ескере отырып сотталған тұлғаны зерттеп білу мақсатында жүргізіледі.
Жеке тәрбие жұмыстарын жүргізу бас бостандығынан айыру орындарында отряд бастығына жүктеледі (ҚР ІІМ 05.03.1993 жылғы №93 бұйрығының ХІІІ-тарауы). Ол жұмыс жоспарына сәйкес, сабақ, саяси хабар, лекция, баяндама, әңгіме-сұбхат жүргізуді ұйымдастырады. Заңдардың қатаң сақталуын, сотталғандардың құқықтық талаптарын қанағаттандыруды қамтамасыз етеді; сотталғандардың құқық бұзушылығының себептері мен жағдайларын анықтайды. Отрядтағы тәртіптің және тәртіптік тәжірибенің жай-күйін талдайды; сотталғандардың өз кінәсін мойындап келу, жасаған қылмыстарымен келтірілген материалдық шығындардың орнын мерзімінен бұрын толтыру жұмыстарына араласады; құқықтық білім негіздері бойынша сабақ өткізуді ұйымдастырады.
Сөйтіп, әрбір сотталғанмен жеке-жеке тәрбие жұмысын жүргізу – сотталған адамның сана-сезіміне ықпал етудің ең тиімді жолы. Тәрбиелік жұмыстарының жалпыға арналған, яғни ұжымдық түрі қанша жақсы ұйымдастырылғанымен, ойлағандай нәтиже бере алмайды. Тәрбие жұмыстарының жеке адамға арналған және бұқаралық түрлерін, сондай-ақ кейбір кездерде оның жақсырақ нәтиже беретін түрлерін пайдалану – педагогиканың негізді талабы. «Мен, – деп, жазады А.С. Макаренко, – тәрбиенің мақсаты дегенді адами тұлғаның бағдарламасы, адамгершілік сипаттың бағдарламасы деп түсінемін... өзімнің тәрбие жөніндегі жұмысымда жалпы бағдарлама болуын, «стандартты» және жеке ұжымның болуы керек екенінін түсіндім».
Жеке адамды тәрбиелеу жұмысы онымен айналысатын адамнан жоғары адами және кәсіби қасиетті, адам бойындағы жаман мен жақсыны айыра білуді, қашанда біреуге көмектесуге әзір тұруды, талапшылдық пен сөз табыса білушілікті талап етеді.
Жеке тәрбие жұмысы сотталған адамның тұлғасын терең зерттеп білуді, оның мінез-құлқын, сұранысын, мүдделері мен құлшынысын білуді талап етеді. Жасаған қылмысының сипатына қарай оның қандай адам екенін әлеуметтік көзқарасының қандай екенін білу қажет.
Халықаралық жағдайдың өзгеруіне қарай заңнамалар да өзгеріп сотталғандар арасындағы тәрбие жұмысында маңызды орынды діни бағыттағы тәрбие баса бастады. Айта кететін бір жай, қазір бұрынғы саяси бағыттағы тәрбие беру күн тәртібінен алынып тасталды. Алайда, сотталғандарды былай қойғанның өзінде өзге де адамдарды адамгершілік пен моральдық, отансүйгіштік, ұлтаралық қатынас мәдениеті, қоғамдық құбылыстарды объективті бағалау, өзінің көзқарасы мен мінез-құлқын үйлестіре білу рухында тәрбиелеу кейінге қалдырыла қойған жоқ. Осы сияқты адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда діни уағыздаулар, жалпы алғанда дінге сенушілік рухани бағытта тәрбие беру саласында ерекше орын ала бастады.
Атап өту керек, діни жолмен ықпал ету сияқты сақтықты қажет ететін істе, мысалы, бұрынғы осы тәрбие жұмысына қызмет етіп келген лениндік бөлмелерді қайтадан ғибадат бөлмесінде айналдыру сияқты науқандық сипаттағы, осы істі қалыпқа айналдырға бағытталған әрекеттен қаша алмайтындай күйге жеттік. Сонымен бірге діни жолмен тәрбиелеуде сотталғандардың православие мен мұсылмандықтан басқа діндердің жолына түсіп кетпеуін қарастыру керек. Адамды бұйрықпен дін жолына түсіріп, дін жолымен тәрбиелеуге мүлдем болмайды. Мұндайда әркімнің еркіне қарау керек. Зорлықпен, қысымшылықпен жүргізілетін тәрбие жұмысы наразылық пен қарсы әрекет тудырудан басқа ешқандай нәтиже бермейді.
Жоғарыда аталған Бұйрықтың 422-бабында былай делінген: «Ешқандай дін мен діни бірлестіктер бір-біріне қатысты артықшылықтарға ие бола алмайды. Дінге байланысты азаматтардың құқықтарын тура немесе жанама түрде кемсіту немесе белгілі бір адамдарға байланысты артықшылық беру Қазақстан Республикасының заңы бойынша жауапқа тартылады».
Жаңа заң бойынша түзеу мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарының аса маңызы барлары қатарынан сотталғандарға жалпы білім беру болып табылады. ҚР ҚАК 7-бабына сәйкес жалпыға бірдей орта білім беру сотталғандарды түзелу жолына түсірудің негізгі құралдардың бірі болып саналады. ҚР ҚАК 108-бабында бас бостандығынан айыруға сотталғандардың орта білім алуын ұйымдастыру нақтылап көрсетілген. Ол 30 жасқа толмаған сотталғандар үшін міндетті түрде болса, ал 30 жастан асқандар мен 1 және 2-топтағы мүгедектер орта білімді өздерінің қалауы бойынша алады. Сотталғандардың орта білім алуға байланысты ұмтылысы көтермеленеді және олардың түзеу жолына түсу дәрежесін анықтау кезінде әкімшілікпен ескеріледі.
Бас бостандығынан айыруға сотталғандардың оқуын ұйымдастырудың негізгі нысандары қалалық, аудандық халыққа білім беру бөлімдеріндегі кешкі (сменалық) мектеп немесе оқу-консультация пунктері болды. Сотталғандарға жалпы білім алуын ұйымдастырылуына жалпы басшылықты тергеу мекемесінің саяси органы жүргізді.
Жалпы білім беру сияқты сотталғандарға кәсіптік-техникалық білім беру де сотталғандарды түзеу мен қайта тәрбиелеудің негізгі құралдарына жатады. Дегенмен ол іс жүзінде түзеу мекемелерінің көбінесе ағымды өндірістік тапсырмаларын орындауға пайдаланылды. Бүгінде Қазақстан Республикасының бас бостандығынан айыру орындарында орта білім алу немесе кәсіптік-техникалық училищелерінде оқу күрделілене түсті. Қаржы тапшылығынан олардың көбісі жабылып, қысқартылып қалды.