АдаланҒан албастылар 6 страница
Ақан Қондыбайұлы біздің елдің орысша недәуір оқыған азаматы болатын. Ол да бізше босып келген, былтырғы хұйзу соғысынан кейін орысша тілі кәдеге жарапты. Жол құрылысына советтен орыс техниктер көмекке келген екен. Жақында ғана Ақан соған тілмаштыққа ілініпті. Әкем сол туысынан жәрдем сұрауға кеткенін білдім.
Тістенгеніме қарамай безгек бүріп әкетіп бара жатыр еді, «қайғышылдар» кетісімен босап кеттім де, қалтырап жығылдым. Іркіт толы сабадай болған Бигелді орнынан іркілдеп әрең көтеріліп, мені жауып тастады да, қайта құлады. Менің қарсы сірескеніме ерегескендей безгектің «81 жыны» бір-ақ бүрді бұл жолы. Есім ауысыңқырап кетіпті. Бір кезде көзімді ашып қарасам қарсы алдымызда жол жағасындағы су қайнатушылардың күркесі үстінде бір «орыс қыз» отыр, ол қолын сермеп-сермеп қояды. Тасжол жұмысшылары соның алдындағы тайқазаннан су алып жатыр, «кун истик, шайды көп ішіңдер» деп айқайлайды. Арбакеш сарт жуан көтек арбаға үйіп басқан тоқаш әкеліп еді, «нан алыңдар, коп-коп алыңдар!» дейді тағы да. Жұмысшылар қатарға тұрып бір-бір тоқаш алып жатыр, «ей, сарт аналар жейді, бер оларга!» деп ақырды орыс қыз, қолымен бізді нұсқады. Бірақ Бигелді де, Биғайша да орнынан қозғалмай қарап отыр. Шешем өзіне тиесілі бір ғана тоқашын алып келеді. «Барыңдар», дедім мен қалтырап, өзім көз алмай қарап жатырмын. «Бәрін ал, көп-көп ал деді ғой! Бұрын жоқ еді, бір жақсы қыз келіпті ғой, барыңдар!» Бигелді мен Биғайша сөйлеп жатқан маған қарап қана қояды. Арбаға қарай ұмтылмайды. Нан жегісі келіп тамсанса да «ұялатын» тәрізді, міне, шешемнің бір тоқашымен қана үшеуі шай ішуге кірісті, әне, қыз тағы айқайлайды, бірақ, оның тілін алмайтындай, ешкім қарамайды да!.. Әне, су қайнатып жүрген Жолдыбай атты би тұз ұрлап жан қалтасына салды. Қасындағы Омар көрмеске салып жүре берді. «Япырмай, осынша үлкен кісінің бір уыс тұз ұрлағаны-ай! Япырмай, тілінен бал таматын атақты шешеннің осынша масқара болғаны-ай!» Әне, әне, бір шерік келіп тінтті де, тұзын салдырып алды. Шешем де, Бигелді де бағжиып қалды сол жаққа.
– Су! – дедім мен қатты күрсініп, шешем бір шыны су әкеліп басымды сүйеп отырғызды. Соны өлермендене жұтып алғанымда ғана есіме толық келгенімді білдім. Киімім мен жамылшым малмандай су болып кеткен екен.
– Не ғып сөйлеп кеттің бүгін? – деп сұраған шешеме үн қатпай алдыңғы жағыма тағы қарадым.
Жолдыбай бидің тұз ұрлағаны рас екен, өзіне–өзі қатты жәбірленгендей ол мелшиіп отырып қалыпты. Қатты тиген соққыдан ес жия алмай қалған сияқты. Оның оқыс күйреген жанына медет, көңіліне шипа айтып жатқандай Омар мен бірнеше егде адам күңірене сөйлеп, күрсініп отыр. Ал басқа көріп жатқандарым да осындай рас болғанымен, әлгі «орыс қыз» деп көргенім күрке ағашының ұшына ілінген қызыл салы болып шықты. Қол сермегендей болатыны – соққан желеміктің желпіндіруі екен. Сол орыс қыз болып көрініпті де, елеске лайық сөзі де естілгендей сезіліпті.
Әкем келді, әдеттегідей жарты қап бірдеме көтере келді, көзіміз айнадай жарқырады. Ақан біреуден алажақ бір пұт ұнын алдырыпты да, оған бір пұттай кебегін қоса көтертіпті. Келе нан илеп пісіртіп берді де, ертерек туған бір лағымызды бас салды. Кешке жақын сорпасы пыса бергенде, Биғазы қала жақтан жылап қайтты да, Биғаділ дала жақтан көгеріп қайтты. Биғазының бір көзі ісіп кетіпті, себебін әрең айтты: жаңа түйін тастаған картопты екпеттеніп қазып жатқанында, сәйліктің қожасы үстінен түсіп, байлап әкеткен екен. Кешке шейін таяқты жеп-жеп әрең қайтыпты. Ал Биғаділ ешкі бағып жүріп жаңа бас алған күнбағысты мұжып жей беріпті, бет-аузы көкпеңбек, тілі қап-қара болып қайтты. Енесінен өсиет естіп, өлімге разы болған лағымыздың етін құмдай егіліп отырып жедік. Су болып тамшылап та кетіппіз.
Бигелдінің ісігі таңертеңіне тағы көбейе түсіпті. Сөйтсе де, лақтың сорпасына інілерінің ішкізген ашуы, әке-шешенің қайғысы қосылып, оның буынын біраз бекіткендей, сенделектеп жұмысқа шыға жөнелді. Шешем мүлде тыққыштап жүрген қос білезігін, қоржыннан алып, әкеме ұстата салды да жұмысқа жөнелді. Демек, екі тоқаштың сұлу жүзі тағы көрінгендей болды.
Мен ес білгеннен бері бар екі шомбал білезік шешемнің бар қазынасы болатын. Құйылып өрнектелгелі қанша жыл өтсе де, оны білегіне бір салып көрмепті. Безену бұйымынан қатты безетін шешем, ауыр деп сылтау тауып сақтаған таза да, сом күміс екен. Бұл зор ашаршылықтың арандай аузына осыны салып, өздері тірі қалуды кеше кеңесіпті.
Әкем бүгін соны Ілушін жаққа ала жөнелді. Сөйтсе де, суыт кеткен жол, қайта оралып, мені қатты шошыта кетті: былай шыға беріп қайта оралғанда екі қолын артына ұстап келе жатыр еді. Биғайшаны ым қағып сыртқа шақырып алды да, ирелеңдеген бір ұзын жыланды сумаң еткізіп маған лақтырып қалды. Мен шыр ете түсіп, ырши жөнелдім. Дәл қарныма келіп тиген тірі жылан ысқырып қалып іргеге тартты.
– Шақпайды, шаға алмайды, тісі қайырылған, – деп әкем басу айтты сонан соң, – безгегің енді жазылады!.. Ана жыланды өлтіріп, терісін сыдыр да, Бигелдіге қайнатып бер! – деп Биғазыға тапсырып теңселе басып жүре берді.
Безгекті әкемнің осылай қорқытып емдейтінін артынан ескердім. Терісін сыпырып алып, турап қайнатылған жалаңаш жыланмен сол күні түстікте Бигелді сорпаланып еді, ертеңіне ісігі басылыңқырап, қайта «арықтай» бастады. Безгегімнің ұстамағанына мен қуандым. Бір жыланның екі ауруға ем болғанын көрген Биғазы енді жыланшы болды. Оның жылан әкеле жатқанын алыстан байқайтын мен айдалаға қашамын. Ал мен қорқатын жыланды Бигелді жеп алады.
Бір күні қашып шығып, ағамыздың «ажалға тажал» болып отырған сол ерлігіне Омар күркесінің сыртынан қарап тұр еді. Қала жақтан қоңқақ мұрынды бейтаныс қара сұры бір жігіт келіп, су қайнатып жүрген Жолдыбайға сәлем берді де, Омардың «үйін» сұрады. Жолдыбай Омардың күркесін нұсқап көрсетті. Дем алып жатқан Омар басын көтеріп, тігіле қарады қара сұрыға. Бурыл сақал-мұрты дір қағып, тікірейе қалғандай көрінді маған!..
– Ағатай-ай, аман көретін күнім бар екен-ау, – деп қара сұры жігіт Омарға қарап қауқалақтай ұмтылды, – ассалаумағалайкум, амансың ба, аға!.. Ағекем-ай, сағынғаным-ай!
Арып, қалжырап жүрген Омар орнынан жас жігітше жеп–жеңіл ыршып тұрды:
– Ойпыр-ау, Бекешпісің! Сені де көретін күнім бар екен-ау, – деп құшақтаса кетті қара сұрымен, – бауырым-ай, мен де сағындым-ау!
Қара сұрының бетіне бетін тақай берген Омардың аузы жуан қара сұры мұрынға сап ете түсті де, қыршып жұлып кеп алды. Қара сұры Бекеш өкіріп қалды да, саңқия қалған кеңсіріген басып отыра кетті. Аузы толған мұрынды артына қайырылы түкіріп тастаған Омар кемпірінен құмғанды ымдап сұрап, аузын шайқады. Бекеш тұмсығын басқан күйі атып тұрып жөнеле берді. Қарап тұрғандардан ләм деп аузын ашқан ешкім жоқ. Бекештің Омар алдындағы қылмысын бәрі де естігендей де, кек сертінің кесімі айнымай орындалғанына бәрі разы болғандай. Жерде жатқан тұтас мұрынға түршіге қараған мен ғана шегініп кетіп күркеме кіріп алдым. Тірі адамның тірі жұлынған мұрнынан жылан жылырақ көрінді. Бигелдінің алдындағы жыланнан сескенбедім енді.
– Омекеңнің жүрек ауруы енді жазылды-ау, шіркін! – деп күрсінді Бигелді! – әкеме Ақтай да осылай бір кезіксеші, айқара басқан қырсықтан бір арылып, сергіп қалар еді.
Омар мұрынды бір құрғақ төмпешікке апарып көме салды да, орнына кең тыныстай келіп отырды:
– Орташа тұрмысымды «құлаққа» жатқызған осы мұрын қоңқиып алып, тыныштық бермеп еді маған! Міне, енді тынышталдым, өзі де тынышталды!.. Бұл жерде оның арызын қай құңқузы тыңдар екен, қәне!..
– Өзі қайдан келе қалды мұнда? – деп сұрады біреу.
Қара жүрек әмсе «ақ» болып көріне бере алар ма, момын жұртқа істеген қастығы ашылып қалған соң қашып шыққан ғой! Ошаққа от жағып отырған Жолдыбай би тақпақтай жөнелді:
«Көк тұмсық неткен тұмсық,
Көпке пәле еткен тұмсық,
Өзгеге көр қаза жүріп,
Өз түбіне жеткен тұмсық!»
Әкем қайтып келе жатқанын көрген соң басқа сөзді тыңдамадық. Саудаға шорқақ әкеміз қаладағы бір байдың мал басқарушы дарғысымен достасып қайтқанын айтып берді. Алып келген еш нәрсесі жоқ. Білезікті «достыққа» өткізіпті де, қайтыпты. «Досымыз» қазақ әйелімен үйленген Мәмет тұрсын дейтін ұйғыр екен.
– Қыр-сырын, жәй-күйін білмей тұрып, қай достық еді мұның! – деп қалды шешем, – әй алдандың-ау осы!.. Ол бір алаяқ, қу ғой тегі!.. Білезігіңді алдап соққысы келмесе, дос болып неге қызықты дейсің!..
– Тұрмыстан қысылсаңдар көшіп кел деді!
– Қысылуды былай қойып, қырылғалы отырғанымызды айттың ба?!
– Айттым, «келісімен бір бұзаулы сиыр беремін» деді!
– Достығыңның басы-қасында болып, білезікті бергеніңді көрген ешкім бар ма?
–Білезікті жыртия күліп қара қатыны салып алған, оның қолынан ауылы көрмеді деймісің!
– Ниеті дұрыс болса, көшіп баруыңа тым болмаса бір өгіз бермес пе еді, жүкті жаяу көтеріп шұбыруыңды көргісі келген қандай дос ол.
– Тез жетейік соған, – деді Бигелді, – көшіп бір жаққа зытып бермесе не қылсын!..
Қоқыр-соқырымыз төрт «түйенің» үстіне тағы артылды да, тағы көштік.
– Адам іспетті сол Мәмет алдаса, достыққа, адамдыққа тіпті, құдайға да сенімім осымен аяқтасар! – деп қойып қап көтерген әкеміз алдыға түсіп теңселе жөнелді, – «Тәңір қақысынан, дос қақысы ауыр», құдайды ауызға алып дос болдық, құдай алдында достасқан ақиреттік дос алдаса, кім алдамас!.. Қой, бәйбіше, күнәға бекер батпай барғанда көрелік!
Әкеміз Шәуешектен недәуір алысқа – Ілушіннен, Боздақтан өтіп, одан Еміл жаққа барып достасқан екен. Біз ара қонып, аяғымыз тұтас қорғасындай ауырлап, әрең көтерілетін болғанда, тақым-тарамысымыз резеңкедей созылып болып, енді созылуға келмей қалғанда, буындарымыз дір қағып әрең жеттік. Дос ауылымыздың сары ала жұрты көрінгенде жүрегім зу ете түсті: «достың» жұрты бос қалыпты. Әкем түтігіп кетті, өзіне Бигелді көзінің қырымен қарағанда, біз бір-бірімізге жаутақтай қарасқанымызда онан сайын қысылып, онан сайын тұншықты. Жүгін жұртқа тастай салып, жыртық тақиясын қолына алды да, үн-түнсіз бүлкілдеп желе жөнелді. Көз ұшындағы бір ауылға қарап бүлкілдеп барады. «Досының» көшіп барған жерін білмек сияқты. Әкемнің төбесі әрең көрінсе де әлі бүлкілдеп бара жатқаны анық байқалды. Ойлы–қырлы сары далада ылдиға қарай домалаған доп сықылды сол бас әр қырға бір соғылып, әр кедергіге бір қағылып, әр қырсыққа бір шалынып, ырши домалап барады. Сары аспан, шақырайған сары күн сары уайымның лайсаң теңізіндей, сарылған сары даланың толқындары да сап-сары сияқты, сары дөң, сары белестер көрінеді. «Қара доп», «сары толқындарға» сүңгіп көзден тасаланды.
Үнсіз дағдарған шешеміз сол жаққа қарап отырып ауыр күрсінді.
– Осындай дүниеде ақ көңіл адамнан сорлы жан болмайтын сияқты ғой! – деді бір кезде өзіне-өзі сөйлегендей, ешқайсымызға қарамай, – туыстыққа да, достыққа да, жақсылыққа да әбден алданып талай «бақытқа» кенеліп, талай сорланып көрген адамның қолындағысын көріп құйрығын бұлғаңдатқан бейтаныс біреуге тағы да алдана салуын қарашы!..
Әлгі қара доп қайта көрініп, бізге қарай қайта «домалады».
– Өзі бидайша қуырылып жүрген адамды біз тағы қуырып, күйдіре бермейік, – деп шешем Бигелдіге қарады, – енді қыжыртпай-ақ қой!.. Табармыз, таба алмасақ лаж не, құдайдан күттік!..
Басын төмен салып, ырғала жетті әкем.
– Олар Абдыра жаққа көшті дейді, – деп бар буыннан бір-ақ айырылғандай сылқ етіп отыра кетті, – «Абдыра» анау қара қабақтың ар жағы, Тарбағатайдың анау адыры ғой, қайда қашып құтылар дейсің!.. Бірақ, соның мына сұмдығынан қорықтым, дос болып жарыта қоймас, бірдеме бермесе қайтарып алсақ болғаны... Құдайдан безгеннің өзі екен!
– Енді қайтеміз, өзің қуасың ба, жабыла қуайық па?
– Бұл қу далада неміз бар, бәріміз қотарыла барып, бір-ақ басуымыз керек қой!
Сол жұртқа шай қайнатып іштік те, сол жұртқа түнедік. Салқында жүріп алу үшін екі ешкіні ерте қомдадық. «Төрт түйені» дағдылы жүгінен басқа ауыспалы жүк Биғайша еді, оны шешеміз бен Биғазы кезектесіп арқалады. Төтелеп Тарбағатайдың бөктеріне қарай шұбадық.
Бұл реткі көшіміздің «салтанатын» сөйлеуге қиналамын. Бәрін сөйлеу пайдасыз, себебі, оны суреттеп көрсеткеніммен, бізге сыйлық бермейсіз ғой, «тергеушім».
Сізге керегі – қылмыс, бұл үшін ел іздіп, шөл кезген иесіз бұралқы иттің делосында болатын қылмыстарды біздің деломызға да қосып жіберсеңіз болғаны. Онда иттің де ыстыққа шыжитын майы болмайды, біздікі сияқты қаны ғана кебеді. Мұрнынан алған демге ол да қанағаттанбай аузын арандай ашып, тілін салақтата обады. Оның қылмысы да қарнының қай жерінде екенін таба алмайсың. Қылдырықтай болған бел омыртқасына жасырып, жабыстырып алады да бүктетіле бүлкілдейді. Анда-санда тұмсығын бір көтеріп қойғаны болмаса, ол да басын жерден алмай бүлкілдейді. Тұмсығын көтеріп қоятыны – қылмыс іздегені. Басын жерден алмайтыны – тәңірінің салақтығынан тастап кеткен бірдемесі кездесер ме екен дегендей сасық дәмесі. Мұндайда тәңірі салақтық етпесін бе, сонда да біз сияқты бұралқының кәсібі осылай болады. Біраздан соң түңілу мен дәрменсіздік салдарынан бүлкілдеуін қойып, ілбуге түседі. Бұралқы да қоламтадай ыстық тастаққа бізше тасырқаған табанын кібіртіктеп әрең басып, бір белеңге шыққанда бұраң етіп қисая кетеді. Немесе шоңқиып отыра қалады. Иен далада жолай отыра берсе өліп қалатындығын тағы біліп, тағы ілбиді. Бұралқы да жоқ іздеген біз сияқты, біресе олай, біресе бұлай қаңғиды. Бұралқыға да ауыл иті өш болады.
Бұралқыға біздің осындай жалпылық ұқсастығымыз болса да, біздің одан әлдеқайда артықшылығымыз бар-ды. Бұралқы жалғыз өзі салт қаңғиды. Ал, біз шиттей-шиттей шүйебөрі сияқты шұбыра қаңғимыз. Бұралқының көтеретін жүгі жоқ. Ал, біз байлықты әрең көтеріп қаңғимыз және ол бұралқы ит емес пе, біз адамбыз. Ешкіге жүк артуды да білеміз...
Сайып келгенде иесіз бұралқыға бүтіндей ұқсай қалдық. Бүкіл Абдыраны тіміскілей шұбырып, «досымызды» таба алмадық та, бір бұлақтың бойына бұралып-бұралып құлай кеттік, екі ешкі де тас төбесінен ұрғандай сұлай кетті.
Қара үңгір жаққа келмесе, Абдыраға келмеді деген бірнешеудің сөзімен кеш бата қара үңгірге әкем мен Бигелді жөнелді. Екі ауылға барып сұраған екен, олар ондай адамды білмейтіндіктерін айтыпты. Үшінші ауылға барып сұраса, түн ішінде ұры сияқты көрініп, өздері тергеуге түсіпті. Жалынып-жалбарынып жайын айтқан әкеме бір ғана жөн айтылыпты.
– Мәмет Тұрсының тұра тұрсын, бұл жақта тіпті Мәмет атаулы дарғы да, Еміл жақтан көшіп келген мал да жоқ. Өздерің аман ғана қайтып кетіңдер, бұл жақта мал жоғалып жатыр! – деп құдайға қараған бір қария Амандық жаққа қайта қуыпты. Сөйтіп, сойдауылдай екі мықтымыз бізді таң бозара әрең тапты.
– Кебек нан таусылды, – деп жариялады шешем, – енді қырылмай тұрып, көтерме бидай тауып орайық!.. Құдайдан күттік.
Осы бір «құдайдан күттік» дейтін сөз құрыдым шарасыздықтан шығатын сөз ғой. Сөйтсе де, әкеме бір тоқаштың күшін бергендей болды, ол әбден арыған кәрі бөртенің жүгін, шешемнің жүгі – Биғайшаны да өз жүгіне қосып бір-ақ көтерді. Оның бірнеше күннен бері дем алмағанын айтып, жүкті бөліп көтермек болған шешеме үзілді-кесілді ширақ жауап қайтара көтерді:
– Қой, бәйбіше, мені аяма енді, сені өмірлік азапқа салған – мен бұралқымын. Мына кішкене күшіктерді де көз ашқалы сорландырып келе жатқан менмін! Сендердің алдарыңда менен үлкен қылмысты жоқ!.. Алла тағала өмірлік лағнат қамытын кигізіп қойған мені аяудың өзі – ауыр қылмыс!
– Жә, ада-күде таусылма енді! – деп шешем жылай ерді соңынан.
Көр дегені ғой, бәрін көрейік. Бигелді де, бәріміз тең дәрежелі бұралқымыз. Бәріміз тең дәрежелі қылмыстымыз. Себебі, қылмыстының түп тамыры – құмар құлқын. Шындық осы емес пе, ендеше факт те сол. Сол тізбекте тамаққа құмартпай, тіршілік үшін тырыспай келе жатқан қайсысымыз бар. Бәріміз құлқын іздеп шұбырып келеміз ғой. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, осыншалық арып–ашып жанталаса іздеп жүргеніміз – қылмыстан басқа еш нәрсе емес екенін сізден басқа кім түсінбек.
VI
Біз енді Қара қабаққа қарап құлдадық. «Досты» іздеуге оратын бидайды қоса іздеп құлдадық. Егінші – дуал үйлерді аралағанда, малшы киіз үйлер көзге мүлде шалықпайтын болды. Пісіп тұрған шағын ғана бидайды көріп, тастақты төбе бауырындағы там үйлерге бұрылдық. Өндірқан атты орта шаруаның бидайы екен. Қара мұртты семізше қара қазақ, біздің түгел қаусап тұрған шырайымызға сыдырта қарап шықты да, қазбалап саудаласпады:
– Мақұл, орыңыздар, жұрт нарқын да көтерейік!.. Әне бір бос үйіміз бар, соған түсіп, алдымен біраз дем алыңыздаршы!.. Балаларыңыз не қып шалдыққан осынша?!
– «Жұт жеті ағайынды» дейді шырағым, – деді әкем, – осы сапарда оларға мен қосылып, сегіз ағайынды болған соң, не жаны қалсын бұлардың.
Өндірқанның бидайы төрт ағаш бидайдың орны екен, жұрт нарқы бойынша «ағашына ағаш» – төрт ағаш бидайға келістік те, сол күннен бастап ақымызбен көрістік. Біздің жайымызға қарап, ол көк бұршағын да, сусындық үшін қауын-қарбызын да аямады. Орауға көтерткен бидайының қасындағы қауындығын да қоса көтерткендей пейіл білдірді.
– Біз де бір шәкене ғана егіншіміз, әйтеуір бидайымызды шашпай, таза орып беріңіздер, – деген талабын айтты.
– «Сыйға сый – сыраға бал!» – деді әкем, масағын да қоймай тазалап оруға кірісті.
Жұттан қалған адамның өзі де жұт, көзі де жұт сияқты. Үш күнге дейін біздің жұтқыншағымыз құрғамай жеумен болдық. Шешеміз бен Биғайшадан басқамыз егіннің басында, қауынның қасында үш күннен соң ғана күлуге жарадық.
– Үй, осы қауынның иесінің аты Өндірқан ба, Жұлдырқан ба? – деп күлді Бигелді. Қаунының пысқанын тауысып, енді шикісін әкеле жатқан Биғазы мен Биғаділге күлді, – жұлдырқан емес болса, шикісін жұлмаңдар енді, өздері жұлатын бірдеме қалсын!
Тіршіліктің сілкінуі сияқты естілді осы күлкі. Күлкі деген өзі де сондай құбылыс қой, Ергейтіден шыққаннан бері естілгені осы еді. Тірі қалғанымызды енді білгендей болдым, жел қуған қаңбақша домалаған шіркін тіршілік қайсы тасқа, қайсы ағашқа соқпады. Үш ай бойына қаттысымен басымыздың мыңғы-дыңғысын шығарып әкеліп, тұмсығымызды тәттісіне тірей қойып еді, үш күннен соң-ақ күліп жібердік. Ұмытқан күлкімізді таныған соң, тағы ұмытып қалмайық дегендей тағы күлдік. Көп желінген көк бұршақ пен көк қауын қарнымызды тіпті көп «күлдірді». Біреуіміздің қарнымыздағы «күлкіні» алыстан естіп қойып біреуіміз күлеміз. Ышқырын ұстап тұра жөнелгенде бәріміз күлеміз, кезек-кезек жүгіріп, кезек-кезек күлістік. Жапа-тармағай жүгіретін дәрежеге жеткенімізде күлкіні әкеміз шорт тыйды: көп күлкіден тыю үшін көк қауынды шорт шектеді.
Күлкі шектелісімен орып жатқан бидайымыз да бітті. Бауға басып болысымызбен Абдырадағы Бағалдай дейтін сібенің жиылмай, қауіпке ұшырамай тұрған бидайы бар дегенді естідік те тағы көштік. Күлкімізді тауып берген Өндірқанға, жұлдырған қауынына рахметімізді айтып көштік.
Егіннің жиынтерін кезінде қыстық азық тауып алу бәріміздің көкейкесті арманымыз болды да, Бағалдай жаққа бар ынтамызбен бүлкілдедік. Екі ешкі де түйе болғандығына бұл жолы ұялатындай емес, дағдыланған ұлықты жануардың өзіндей-ақ еңсесін көтере заулады. Артқы екі «түйеміз» тіпті көтеріңкі, атан сияқты адымдай басты. Бұл екеуінің арқасында ыдыс–аяқтан басқа бақандай екі ағаш бидай бар, біз алшаңдамай кім алшаңдасын. Ұяттан айырылған «досымызды» іздеуді ұмытып та кеттік.
Сәулетті бақшаға оранған кішігірім қалашықтай үлкен қоржа алыстан асқақтай көрінді, Бағалдайымыз сол екен. Маңайы жасыл шалғындай жайқалып тұр. Оның дені апиын екенін өзіміз келе жатқан жол бойындағы апиын тақталарынан білдік. Ал қызыл, ақ сары гүлдері самсаған жасыл жапырақ күн нұрымен көздің жауын алады. Бағалдайдың бидайын іздеген адам, жазық беткейдегі ол «жәннетқа» баспай, шығыс жақтағы сары далаға – Сібеті жаққа тура тарту керек екен. Біз де қиырлап шығысқа тарттық.