Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты
Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты (бұдан әрі – Стандарт) «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және мектеп жасына дейінгі балалардың дайындық деңгейіне, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту мазмұнына, оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптарды айқындайды.
Стандартта «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес терминдер пайдаланылады. Оларға қосымша мынадай терминдер мен олардың анықтамалары енгізілді:
1) индикатор – баланың даму деңгейінің көрсеткіші;
2) интеграция – мазмұнның құрылымдық бөліктері арасындағы байланысты жасайтын процесс;
3) инклюзивті білім беру – оқытудың білім беру бағдарламаларына сәйкес дені сау балаларды және басқа да санаттағы балалардың тең қолжетімділігін қарастыратын ерекше білімге мұқтаж балаларды бірге тәрбиелеу мен оқыту, арнайы жағдайларды қамтамасыз ету арқылы түзету-педагогикалық және әлеуметтік қолдау;
4) білім беру ортасы - мектеп жасына дейінгі балалардың тиімді тұлғалық, эмоционалдық, әлеуметтік және зияткерлік дамуы үшін пайдаланылатын перспективалық міндеттер мен құралдар жиынтығы қисынында құрылған мектепке дейінгі ұйымның ішкі өмірінің тұтас сипаттамасы;
5) білім беру траекториясы - педагогтің ата-аналармен және басқа мамандармен бірлесіп белгілі бір мақсатқа қол жеткізу үшін межелеген бала дамуының үздіксіз процесі;
6) ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті - педагог ұйымдастырған және тәжірибеде қолдануға қажетті білім, білік, дағдыларды меңгеруге бағытталған әрекеттің бір түрі;
7) мектепке дейінгі ұйымдарда балалардың тіршілік әрекетін ұйымдастыру – балалардың жас ерекшеліктерін ескеріп, олардың физикалық, адамгершілік және зияткерлік дамуы үшін уақытты үйлесімді бөлу және жағымды жағдайларды жасау;
8) заттық-кеңістіктік дамытушы орта – бұл мектеп жасына дейінгі балалардың тұлғалық, эмоционалдық, әлеуметтік және интелектуалдық дамуын қамтамасыз ететін жағдайлардың жүйесі;
9) күн тәртібі – бұл күні бойы баланың қалыпты дамуына және оның денсаулығын нығайтуға мүмкіндік беретін түрлі әрекет түрлерінің дұрыс өзара сабақтастығы мен демалысқа уақытты үйлесімді бөлу;
10) үлгілік оқу жоспары – мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру үдерісін қамтамасыз ететін, Стандарттың негізінде жасалған, мемлекеттік нормативтік құжат.
2. Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі ұйымдары білім беру қызметін:
1) осы Стандартқа;
2) үлгілік оқу жоспарларына;
3) жалпы білім беретін оқу бағдарламасына;
4) Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласындағы басқа нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүзеге асырады.
3. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты:
1) мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнын айқындайды;
2) оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне, заттық-кеңістіктік дамытушы ортаның мазмұнына, тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне, мектепке дейінгі ұйымдарда білім беру процесін ұйымдастыруға қойылатын талаптарды анықтайды.
4. Стандарт талаптары:
1) үлгілік оқу жоспарларын;
2) баланың қызығушылықтары мен бейімділіктерін іске асыруға бағытталған қосымша бағдарламаларды әзірлеуге негіз болып табылатын мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламасын;
3) мектепалды даярлықтың білім беру бағдарламасын;
4) мектепке дейінгі ұйымдардағы олардың ведомстволық бағыныстылығына, меншік нысанына, типтері мен түрлеріне қарамастан тәрбиелеу-білім беру процесін жүзеге асыруды;
5) мектепке дейінгі ұйымдарға арналған оқу дидактикалық құралдар мен әдістемелік ұсынымдарды;
6) мектепке дейінгі ұйымдар мен педагогтердің қызметін мемлекеттік аттестаттау талаптарын;
7) ерекше білім алуға мұқтаж (психикалық және физикалық дамуында түрлі ауытқушылықтары бар) балаларға арналған білім беру бағдарламасын;
8) балалардың қызығушылықтары мен бейімділіктерін дамыту бойынша қосымша білім беру бағдарламаларды;
9) педагогикалық кадрлардың біліктіліктерін арттыруға арналған бағдарламаларды әзірлеу кезінде міндетті.
5. «Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар» бөлімінде әрбір баланың психологиялық-педагогикалық диагностика жетістіктері негізіндегі ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті мен режимдік процестер арқылы іске асырылатын білім беру салалары бойынша күтілетін нәтижелер көрсетілген.
6. «Білім беру мазмұнына қойылатын талаптар» бөлімінде мектепке дейінгі білім берудің мақсаты, жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын игерудің нормативтік мерзімдері, мектепке дейінгі ұйымдарда және жалпы білім беретін мектептердің даярлық сыныптарында олардың типіне, түріне және меншік нысанына, сондай-ақ оқыту тіліне қарамастан балалардың міндетті түрде меңгеруі тиіс мазмұнның көлемі көрсетілген.
7. «Оқу жүктемесінің ең жоғарғы көлеміне қойылатын талаптар» бөлімінде жас кезеңдері мен санитариялық қағидалардың талаптарына сәйкес ұйымдастырылған оқу іс-әрекетін өткізудің ұзақтығы көрсетілген.
Тәрбиеленушілердің дайындық деңгейіне қойылатын талаптар
8. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламасының мазмұны:
күтілетін нәтижелер түрінде көрсетілген мақсаттар жүйесіне жету есебінен мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мазмұнының сапасын арттыруға;
ұлттық дәстүрлерге сондай-ақ жалпы адами ережелер мен нормаларға негізделген рухани-адамгершілік және мәдени-әлеуметтік құндылықтарды қалыптастыруға;
тәрбиелеу, дамыту және оқытудың мақсат-міндеттерін ескере отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мазмұнына қойылатын талаптардың, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру деңгейлерінің арасындағы жүйелілік, тұтастық, сабақтастық және үздіксіздік ұстанымдарының бірлігін қамтамасыз етуге;
балалардың соның ішінде ерекше білім алуға мұқтаж балалардың денсаулықтарын сақтау мен нығайтуды қамтамасыз ететін психологиялық-педагогикалық жағдайларды жасауға;
мектеп жасына дейінгі балалардың жеке және жас ерекшеліктерін ескере отырып, ойын іс-әрекетінен оқу іс-әрекетіне біртіндеп өтуге дайындыққа;
балалардың түрлі іс-әрекеттерінде жеке әдістер негізінде олардың қабілеттіліктерін, бейімділіктерін, талаптары және дарындылықтарын дамытуға;
мектеп жасына дейінгі балалардың бастауыш мектепте оқуына тең мүмкіндік ұсынуды қарастыратын қарапайым қимылдық, коммуникативтік, танымдық, шығармашылық білім, білік, дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.
9. Әрбір жас тобы бойынша дағдыларды меңгеру деңгейі осы Стандарттың қосымшасына сәйкес 1, 2, 3, 4, 5 кестелерде келтірілген.
10. Баланың қалыптасқан дағдылары:
1) дене бітімі дамыған;
2) білуге құмар;
3) белсенді;
4) эмоционалды елгезек;
5) үлкендермен және құрдастарымен өзара әрекеттесу тәсілдері мен қарым-қатынас жасауды меңгерген;
6) өзі, отбасы, қоғам (жақын әлеумет), мемлекет (елі), әлем және табиғат жөнінде алғашқы түсініктері бар;
7) мектепте оқуға қажетті дағдылар мен іскерліктерді игерген мектепке дейінгі ұйым түлегінің моделін сомдайды.