Дәріс. Облыстық және оларға теңестірілген соттардағы сот орындаушыларының құқықтық мәртебесі
Жоспар:
1.Облыстық сот алқаларының түсінігі
2.Облыстық сот жүйесінің құрамы
3. Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты және жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты
4. Атқарушылық құжаттарды орындау жүйесі
Негізгі ұғымдар: Облыстық сот, қолма-қол ақша, шот, ағымдағы шот.
1. Облыстық және оларға теңестірілген соттарды (бұдан әрі – облыстық соттар) уәкілетті органның Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасымен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Респуьликасының Президенті құрады, қайта ұйымдастырады және таратады.
Облыстық соттар судьяларының жалпы санын уәкілетті органның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
Әр облыстық сот үшін судьялардың санын осы сот төрағасының ұсынысы негізінде уәкілетті орган белгілейді.
Облыстық сот төрағадан, алқалар төрағаларынан және судьялардан тұрады.
Облыстық соттың органдары мыналар:
1) қадағалау алқасы;
2) азаматтық істер жөніндегі алқа;
3) қылмыстық іатер жөніндегі алқа;
4) соттардың жалпы отырысы.
Облыстық соттың өкілеттігі
Облыстық сот:
1) өзінің қарауына жатқызылған сот істерін және материалдарын қарайды;
2) сот статистикасын жүргізеді;
3) сот тәжірибесін зерделейді және оны жинақтаудың қорытындылары бойынша облыс соттарының сот төрелігін іске асыруы кезеңдегі заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды;
4) облыс соттарының әкімшісі қызметін бақылауды жүзеге асырады;
5) заңда көзделген басқа да өкілеттіліктерді жүзеге асырады. Облыстық сот алқаларының төрағасы 1.Облыстық сот алқасының төрағасы судья болып табылады және судья міндеттерін атқарумен қатар:
1) алқа судьяларының сот істерін қарауын ұйымдастырады;
2) алқа отырыстарында төрағалық етеді;
3) сот төрағасына алқа құрамында мамандандырылған құрам жасақтау жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) сот тәжірибесін зерделеу әрі жинақтау және сот статистикасын талдау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
5) соттың жалпы отырысына алқа қызметі туралы хабарлама ұсынады;
6) заңда көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Алқа төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда сот төрағасы оның міндетін атқаруды алқалар судьяларының біріне жүктейді.
2.Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқасы мен қылмыстық істер жөніндегі алқасын – алқалар төрағалары, ал қадағалау алқасын сот төрағасы басқарады.
Әрбір алқадағы судьялар саны сот төрағасының үсынысы бойынша жалпы отырыста белгіленеді.
Қадағалау алқасы осы соттың жалпы отырысында жасырын дауыс беру арқылы судьялардың жалпы санының көпшілік дауысымен жыл сайын сайланатын судьяларынан тұрады.
Азаматтық істер жөніндегі алқа мен қылмыстық істер жөніндегі алқа жалпы отырыста талқылағаннан кейін дербес құрамын сот төрағасы белгілейтін судьялардан тұрады.
Сот төрағасы азаматтық істер жөніндегі алқа мен қылмыстық істер жөніндегі алқада мамандандырылған құрам түзуі мүмкін.
Облыстық соттың төрағасы судья болып табылады және судьяның міндеттерін атқарумен қатар:
1) судьялардың сот істерін қарауын ұйымдастырады;
2) қадағалау алқасын басқарады, алқаларда сот істерін қараған кезде төрағалық етуге құқылы;
3) қажет болған жағдайларда бір алқаның (қадағалау алқасынан басқа) судьяларын басқа алқаның құрамында іс қарау үшін тартады;
4) облыстық соттың жалпы отырысын шақырады және оған төрағалық етеді;
5) алқа төрағасы уақытша орнында болмаған кезде оның міндетін атқаруды аоқа судьяларының біріне жіктейді;
6) облыстық соттың алқа төрағалары мен судьяларына, аудандық соттардың төрағалары мен судьяларына қатысты тәртіптік іс қозғайды;
7) соттың жалпы отырысының ұсынысы негізінде Әділет біліктілік алқасына судья қызметіне кандидаттың тағылымдамадан өту нәтижелері туралы қорытынды жібереді;
8) сот статистикасын жүргізуді, сот тәжірибесін зерделеуді ұйымдастырады;
9) өкімдер шығарады;
10) соттың кеңсесіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
11) азаматтарды жеке қабылдауды жүргізеді;
12) заңда көздеген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Облыстықсот төрағасы уақытша орнында болмаған жағдайда оның міндеті өзінің өкімі бойынша сот алқалары төрағаларының біріне жүктеледі.
Облыстық сот төрағасы орнынан түскен не өкілеттіктерін мерзімнен бұрын өзгедей тоқтатқан жағдайда, оның міндеттері уәкілетті органның шешімі бойынша сот алқалары төрағаларының біріне жүктеледі.
3.Аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотыжәне жеке сот орындаушысының ағымдағы шоты.Борышкерлерден өндіріп алынған соманы және мүдделі адамдарға арналған басқа да сомаларды, оның ішінде орындау бойынша шығыстарды өтеу жөніндегі аванстық сомаларды уақытша сақтау үшін:
- аумақтық орган бюджеттің атқарылуы жөніндегі орталық уәкілетті органда ұлттық және шетелдік валютада қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарын ашады;
- жеке сот орындаушысының ұлттық және қажет болған кезде шетелдік валютадағы ағымдағы шоты болуы тиіс.
Банктер жеке сот орындаушысының рұқсатынсыз жеке сот орындаушысының ағымдағы шоттарындағы қаражатпен қандай да бір операцияларды жүргізуге құқылы емес.
Қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы және ағымдағы шоттардағы ақша аумақтық органның қаражаттары және жеке сот орындаушысының табысы болып табылмайды. Жеке сот орындаушысы қайтыс болған жағдайда ағымдағы шоттағы ақша мұралық массаға енгізілмейді.
Жеке сот орындаушысы кеңсені ұстау, кеңсе қызметкерлеріне жалақы төлеу және ағымдағы шотта қамтылмаған басқа да операциялар бойынша есептерді жүргізу үшін банктерде және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда өз атына шот ашуға тиіс.
Қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылаушоттарында және ағымдағы шотта сомаларды есепкеалу.Аумақтық орган қолма-қол ақшаны уақытша орналастыратын бақылау шоттарындағы ұлттық және шетелдік валютадағы сомаларды есепке алуды Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
Жеке сот орындаушысы ағымдағы шоттағы сомаларды есепке алу кітабын (бұдан әрі – депозиттік кітап) жүргізеді.
Депозиттік кітапты жүргізу тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
Борышкерлерден өндіріп алынған, аумақтық органның қолма-қол ақшаның бақылау шотында, жеке сот орындаушысының ағымдағы шоттарында сақталатын талап етілмеген ақшалай қаражат және мүдделі тұлғаларға арналған басқа да сома, оның ішінде шығыстарды өтеу бойынша аванстық сома қолма-қол ақшаның бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шоттарына аударылған кезден бастап бес жыл өткеннен кейін аумақтық органның ұсынуы бойынша сот актісі негізінде республикалық бюджетке аударылады.
Атқарушылық санкциясы.Мемлекеттік сот орындаушысы атқарушылық құжат толық орындалғаннан кейiн борышкерге өндіріп алынған соманың немесе мүлiк құнының он пайызы мөлшерiнде немесе мүлiктiк емес сипаттағы атқарушылық құжаттар бойынша жеке адамдардан он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде және заңды тұлғалардан жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде мемлекет кірісіне атқарушылық санкциясын ерікті түрде төлеуді ұсынады.
Борышкер бас тартқан жағдайда мемлекеттік сот орындаушысы борышкерден атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы шығарылған қаулы негізінде атқарушылық санкциясын өндіріп алады.
Атқарушылық санкциясы, егер:
- борышкер атқарушылық құжат мәжбүрлеп орындатуға ұсынылғанға дейін толық көлемде атқарушылық құжатты орындаса;
- атқарушылық құжат бойынша өндірілген сомадан он пайызы мөлшерінде өндірілуге тиісті атқарушылық санкциясы бір айлық есептік көрсеткіштен аз болса;
- борышкер мемлекет болып табылса, өндірілмейді.
Атқарушылық санкциясы республикалық бюджетке аударылады.
Борышкер атқарушылық санкциясын өндіріп алу туралы сот орындаушысының қаулысын дауға салу туралы арызбен, оны өндіріп алудың мерзімін кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, оның мөлшерін азайту немесе атқарушылық санкциясын өндіріп алудан босату туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы.
Борышкердің атқарушылық құжаттарды орындамағаныүшін жауаптылығы және оның салдары.Борышкер атқарушылық құжатты орындамағаны үшiн әкiмшiлiк не қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн.
Жауапқа тартылу борышкердi атқарушылық құжатта көзделген әрекеттердi орындау мiндетiнен босатпайды.
4.Атқарушылық құжаттарды орындау жүйесін мыналар құрайды:
- уәкілетті орган;
- уәкілетті органның аумақтық органдары мен олардың бөлімдері;
- Республикалық палата;
- жеке сот орындаушылары.
Сот орындаушысының атқарушылық әрекеттержасау кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi.Сот орындаушысы заңда белгiленген тәртiппен:
- орындауға қатысты мәселелер бойынша қаулылар шығаруға;
- әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыруға (жеке сот орындаушысын қоспағанда);
- Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде белгiленген коммерциялық, банктiк және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, атқарушылық әрекеттер жасау кезiнде туындаған мәселелер бойынша қажеттi ақпаратты, түсiнiктемелер мен анықтамаларды өтеусіз алуға құқылы. Бұл ретте жеке және заңды тұлғалар оларды дереу, ал арнайы құжаттарды өңдеудi, дайындауды талап ететiн жағдайларда үш күннен кешіктірмей сот орындаушысына беруге мiндеттi;
- басқа сот орындаушыларында атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғын анықтауға;
- атқарушылық әрекеттер жасағанда негiзге алынатын атқарушылық құжаттар түсiнiксiз болған жағдайда түсiнiк алу үшiн сотқа немесе атқарушылық құжатты берген басқа да органдарға жүгiнуге;
- атқарушылық іс-әрекеттер жасау кезінде туындаған мәселелер бойынша, оның ішінде орындау тәсілі мен тәртібін өзгерту, сондай-ақ атқарушылық құжаттар бойынша борышкерге іздеу салу тұрғысынан сотқа ұсыныстар енгізуге;
- iс жүргiзiлiп жатқан атқарушылық құжаттар бойынша азаматтар мен лауазымды адамдарды шақыртуға;
- ұйымдарда атқарушылық құжаттардың орындалуын және олар бойынша құжаттаманың жүргiзiлуiн тексеруге;
- нақты атқарушылық әрекеттер жасау мәселелерi бойынша атқарушылық іс жүргізудің қатысушыларына және өзге де адамдарға тапсырмалар беруге;
- борышкерлер, сондай-ақ оларда борышкерге тиесiлi мүлiктiң тұрғанын растайтын деректер болған жағдайда басқа адамдар орналасқан немесе соларға тиесiлi үй-жайлар мен қоймаларға кiруге құқылы. Қажет болған жағдайда борышкердің қатысуынсыз үй-жайлар мен қоймаларды мәжбүрлеп ашуға, куәгерлердің қатысуымен тексерулер жүргiзуге;
- атқарушылық құжаттарды орындауға байланысты мәселелер бойынша мемлекеттiк органдар, ұйымдар басшыларының және басқа да лауазымды адамдарының қабылдауына дереу кiруге;
- борышкерлердiң банктердегi ақшалары мен бағалы қағаздарына осы Заңда көзделген тәртiппен тыйым салуға;
- мүлiктің кiмге тиесiлi екенiн анықтағанға дейiн осы Заңның 63-бабының 1-тармағында көзделген қағидаларды сақтай отырып оған уақытша тыйым салуға;
- тыйым салынған мүлiктi алып қоюға, сақтау үшiн беруге және өткізуге;
- алынған мүлiктi сақтау үшiн ұйымдардың үй-жайын, сол мүлiктi тасу үшiн өндiрiп алушы мен борышкердiң көлiгiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен пайдалануға;
- қажет болған жағдайларда атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету үшiн iшкi iстер органдарының қызметкерлерiн немесе бөлiмшелерiн тартуға;
- қылмыстық қудалау органына сот актiлерiн орындаудан қасақана жалтарған адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы ұсыныс енгiзуге;
- егер атқарушылық құжатты орындау процесінде осындай қажеттілік туындаса, басқа аумақтық органның және (немесе) бөлімнің мемлекеттік сот орындаушыларына (жеке сот орындаушысын қоспағанда) жекелеген атқарушылық іс-әрекеттер жасауды тапсыруға;
- Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттерді жасауға құқылы.
Сот орындаушысы:
- сот актілерін, оның ішінде талап-арызды қамтамасыз ету және бітімгершілік келісімін бекіту жөнiндегi сот ұйғарымдарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда өзге де органдардың актілерін мәжбүрлеп орындатуға бағытталған шаралар қолдануға;
- тараптарға немесе олардың өкiлдерiне атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелер түсiруге мүмкiндiк беруге;
- атқарушылық iс жүргiзу мәселесі жөнiндегi арыздар мен тараптардың өтiнiштерiн қарауға және олар бойынша қаулылар шығаруға, оларға шағым және наразылық білдіру мерзiмдерi мен тәртiбiн түсiндiруге, егер оның өзi атқарушылық iс жүргiзудiң нәтижесіне тiкелей немесе жанама түрде мүдделi болса немесе оның әдiлдiгiне күмән туғызатын өзге де мән-жайлар бар болса, iстi қараудан бас тартуға;
- Қазақстан Республикасының атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасында көзделген өзге де әрекеттер жасауға мiндеттi.
Сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Сот орындаушысының шешiмiне және әрекетiне(әрекетсiздiгiне) шағым жасау.Өндiрiп алушы немесе борышкер сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындау жөнiндегi шешiмiне және әрекетiне (әрекетсiздiгiне) немесе осындай әрекеттер жасаудан бас тартуына сотқа шағым жасауы мүмкiн. Шағым Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген тәртiппен және мерзiмде сотқа берiледi.
Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамағаныүшін жауаптылық.Сот орындаушысының заңды талаптары барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары, азаматтар мен ұйымдар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында мүлтіксіз орындалуға тиіс.
Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сондай-ақ сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі функцияларды жүзеге асыруына кедергі келтіру Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.