МӘҢгілік махаббат тӘж-махалы 2 страница

«Көп әйелдер баласын мақтап, өзін өркештендіріп отырғанды ұнатады. Халима өмірі өйткен емес. Ішінен балаларын да, мені де шексіз сүйетін, жанындай жақсы көретін. Егер әке мен бала бір нәрсеге келіспей қалса, ол үнсіз отырып қалатын.

Ешкімді де жақтамайтын. Кімнің теріс, кімнің оң екенін сол үнсіздігімен ұғындыратын. Өзін біреу қолпаштай бастаса, қабағын сездірмей шытып, қолайсызданып қалатын».

«Көп әйелдер күйеулеріне кітап сатып алуға ақша шығартпайды. Халима өйтпейтін еді. Өзі де кітапты көп оқитын. Өзі классиктерді тегіс оқып шықты. Ол:

— Классиктерден қол үзбе! — дейтін маған».

Бұл келтірілген үзінділер Әзағаңның «Халима» хикаясының жетінші сөзінен.

Оларды әдейі келтіріп отырмын. Өйткені, оларда Халима кейіпкердің ақылдылығы, әйелдік қаншама ғажап қасиеттері тамаша сипатталған.

Әзілхан аға қара сөздік хикаясында ғашық жарын тұлғалауда Оның қайсарлығының, батыл мінезділігінің астарын ашуға, тапқыр сөйлегіштігіне, арлы-әділдігіне айрықша мән береді.

Міне, соларға мысалдар:

... 1987 жылы Әзекен қазақтарды ұлтшылдар деп жаздырған КПСС Орталық Комитеті қаулысына наразы болып Горбачев атына арнайы хат жазады. Оны төрт баласы мен жары қолдайды.

Сол жайлы сегізінші сөзінде былай дейді:

«Хатымды алдымен Халимаға көрсеттім. Ол оқып шықты.

— Не айтасың? — дедім мен оған.

Ол ойланып, ұзақ отырды. Содан кейін:

— Бұл хаттан кейін сені түрмеге жабады. Ұрып-соғып, қорлық көрсетеді. Мен сені ондай қинауға қимаймын. Менің ерім де, әкем де, шешем де сенсің! Бірақ, сен менің күйеуім ғана емес, ұлтыңның ұлысын ғой. Ендеше мен саған менің күйеуім ғана бол, ұлтыңның ұлы болма деп айта алмаймын. Тәуекел, мен көндім, — деді.

Одан кейін Халима екеуміз Горбачевка жазылған хатты ең жақын досымыздың үйіне барып оқыдық.

Досымның әйелі баж ете қалды.

Мен досыма қарадым. Ол тамсанып отырды да:

— Болмайды! — деп басын бір-ақ шайқады».

... Бір жолы жинақ кассасы кассирі жаңылысып Халима тәтейге аларынан 1000 сом ақша артық беріп жібереді. Оны ол үйіне келгесін біледі. Бұған ол қатты қысылады.

«Жүгіріп, үстел басында жұмыс істеп отырған маған келді», деп, жазады, осы жайында оныншы сөзінде Әзағаң.

— «Жүр, мына артық ақшаны апарып берейік. Бұл ақша кассир әйелдің мойнына мінеді ғой. Обал ғой!»

Халима күйеуін ертіп барып артық берілген ақшаны дереу қайыра кассирге тапсырып:

— «Түу, қандай рахат болды!» — деп қуанады.

Сол күні кешке бұл оқиғаны Әзекең мен Халима достарына айтады ғой, баяғы.

— «Бекер өйткенсіңдер!» — дейді олар. — Өзі келген олжаны қайтарып беріп.

— Ондай олжамен байымай-ақ қояйын. Маған арым мен ұятым қымбат, — деді Халима оларға, өзімен-өзі сөйлескендей жайлап қана». Осы сөзінде Әзағаң және бір жолы үйлеріне танымайтын ақынның «сыбаға» ретінде сойып әкелген қойын Халима апайдың қандай сөздер айтып, алмай қойғанын былайша баян етеді:

«Мен үйде жоқта Талдықорған облысынан бір жас ақын бір қойдың етін алып келіпті.

— Бұл кімге, қарағым? — деп сұрайды Халима.

— Сіздерге, дейді бейтаныс жігіт.

— Не себептен?

— Сыбағаларыңыз ғой, жеңгей.

— Біз — сізді, сіз — бізді білмейсіз. Танымайтын кісіге ешкім сыбаға сыйламайтын сияқты еді?!

— Ағайды сыртынан білеміз ғой.

— Сыртынан білетіндерге алыстан сыбаға тасымайды. Не қызмет істеуші едіңіз, қалқам?

— Мұғаліммін. Жас ақынмын.

— Жазушылар одағына мүшесіз бе?

— Жоқ, үміттімін.

— Онда, қалқам, жоғары шығып, шай ішіңіз. Бірақ, мына сыбағаңызды мұнда қалдырмай алып кетіңіз. Осында ақын ағайындарың бар шығар?

— Бар ғой, апай.

— Бар болса, солардың біреуіне апарып сыйлаңыз. Ал, ағаң саған Жазушылар одағына өтуіне қойсыз да көмектеседі».

«Бір ыстық күні Халима екеуміз көк базардан қайтып келе жатып, көшеде такси күтіп тұрдық. Бірақ, такси жоқ. Жай машиналар қол көтергенге тоқтамайды. Сөйтіп тұрғанда бір машина қасымызға кеп тоқтай қалды.

— Келіңіздер, аға, отырыңыздар. Адрес қалай, аға?

— Құрманғазы, 90. Интернационал көшесінің қиылысы.

Жігіт машинасын біздің үйдің қасына тоқтатты. Халима сөмкесінен суырып, жігітке ақша ұсынды.

— Жоқ, апа, мен сіздерден ақша алмаймын, деді жігіт басын шайқап.

— Неге, қалқам?

— Сіздерден жолақы алу күнә болады, — деді жігіт басын одан сайын шайқап, Халиманың ақша ұсынған қолын кері қайырып.

— Онда жолақы емес, тәбәрік деп ал, айналайын. Балаларға ағаң мен әжеңнің берген тәбәрігі деп, осы ақшаға балаларға кәмпит сатып апарып бер.

Осылай деп Халима кесектеу қағаз ақшаны орнында қалдырып, машинадан түсті».

«Халима қол өнеріне ғана емес, қонақ күтуге де талантты еді. Өзі танымайтын, маған да бейтаныс оқырмандарды да қабақ шытпай қабылдап, құрметтеп күтіп, қуантып шығарып салатын. Танымаса да кейбіреулеріне шапан жауып, сәлемдеме беріп жіберетін».

«Халима көршілеріне, таныстарына, жақындарына ілтипат білдіріп, сыйлық жасап отырушы еді. Жұртты сыйлауында ешқандай қапы болмайтын. Сан қилы қонақ күтіп жүріп, ешқашан «шаршадым» деген емес».

«Халима менің созсам — қолымды, ойласам — ойымды ұзартушы еді. Ақылыма — ақыл, абыройыма абырой қосатын еді. Жатсам — жастығым, жантайсам — төсегім болушы еді. Жабырқасам — жадыратушым, жанылсам — түзетушім еді. Зейін зеректігімен, энциклопедиялық білімімен маған көз жазбай көмектесіп отырушы еді...»

«Халима пайда көре қоюға ұмтылмайтын...»

Осы келтірілген үзінділердің бәрі Әзағаңның хикаясында ғашық жары — Халиманың алып тұлғасын сомдауының мысалдары. Өйткені, соларды жазу арқылы қаламгер әйел жыныстылардың ғажап Біртуарының бірі — Халиманың сан алуан елден ерек тамаша қасиеттерін, мінез қырларын сипаттап, көріністерін айшықтап кестелеген.

Сонымен, тұтас алғанда «Халима» хикаясында Әзілхан аға мен Халима атты ғашығының дана тұлғасын ешбір әсерсіз, өмірде қандай болса, сондай етіп, жарқырата мүсіндеді.

Халима ғашықтың нақ сондай дана әйел екенін Әз ағаң оның дүниеден өтер алдында өмірі үзіліп бара жатқан соңғы секундтарында да:

«Ал, енді не айтам? Жер аман болсын! Ел аман болсын! Ұлт аман болсын! Ұрпақ аман болсын!» — деген мақұлдасу өсиетін келтірумен де әдемі көрсетті.

Енді әңгіме Әзағаңның «Мәңгілік махаббат жыры» атты ұлы туындысының екінші тұғырлы бөлігі — «Халимаға хатында» жан жарын қалай бейнелегені хақында.

Бірақ бұл арада осылай етпес бұрын, алдымен, оны көркем туындылығы сапасы жағынан да қарастыра өтуіміз жөн. Өйткені, алда «Халимаға хаты» Данте, Петрарка шығармаларымен жалпы ғана салыстырғанбыз да, ол жайға терең тоқталмағанбыз.

Ал, сол қырынан ал сақ, «Халимаға хат» (Әзілхан ағаның төгіліп тұрған жазымпаз қаламынан туған) шын мәнінде, мәңгілік махаббат жайлы ерек дастан! Ол — «Мәңгілік махаббат жырының» аталып тұрған тақырыбының астарын ашып тұрған айрықша туынды! Сондықтан оны — Әзағанның сөз етіп отырған «Мәңгілік махаббат жырынын» алтын діңгегі деп бағаласақ керек!

Ол — көзінің аты мен қарашығындай жаннан айрылып жалғыз қалған, Әзілхан ағаның, (демек, егер бар болса, нақ сондай шын ғашықтың) шыбын жанынын шері! Ол — фольклорлық пафосты туынды!

Мұның мәні — бұл дастанның мазмұнында халқымыздың ауыз әдебиетінің ұмытылып бара жатқан жоқтау, арнау,жырлау, тағы осы сияқты жанрларының жаңа сапамен жаңғыртылып қайта «тірітілуінде».

Шынында, көркем поэзиялық-поэмалық, хикаялық, балладалық, новеллалық нағыз нәзік сезімді «Халимаға хаттағы» 82 саз жырды толық оқып шыққанда, әркім-ақ Әзағаңа «қосылып» өз бастарынан өткерген ғұмыр сәттерін қайыра көз алдарында елестеткендей күй кешеді. Автордың күйігімен қоса күйініседі. Тебіренісімен қоса тебіреніседі. Қайғысымен қоса қайғырысады. Мұңымен бірге мұңдасады. Сырымен бірге сырласады.

Туындының осы әсерлілігін терең түсіну үшін нақ осы арада, «Халимаға хаттың» авторы Әзілхан ағаның өзі жайлы да тағы бір ауыз сөз айтпасқа және болмайды. Өйткені, «Халимаға хат» шын мәнінде поэзия дастан! Ал, оның авторы, «Халима» хикаясын неше жерден поэзиялық мәндіге теңгерсек те, Әзағаң қара сөздің зергері — прозашы суреткер ғой!

Ендеше, «Халимаға хатты» шын мәнінде, поэзияның да үлгісі болып табылатындай дастан етіп жазып ол табанда, қалай ақын бола қалды? Ол ненің құдіреті?!

Бұлай деу — заңды сұрақ!

Бұған жауап: Әзілхан Нұршайықовты — «Мәңгілік махаббат жырының» «Халимаға хат» бөлігінде шабытты ақ иық ақын еткен күш — Әзағаңның жүрегінің ғашықтық құдіреті! Оны сол ғашықтық құдіреті оқырманға берер рухани нәрі — шөліркеп жұғар сусындай поэзиялық мәнді «Халимаға хаттай» ерек туынды тудыруға желеп-жебеген!

Сонымен, «Халимаға хатта» бас кейіпкер Халиманы аққудың сыңары етіп бейнелеу үшін суреткер Әзілхан аға саз құдіретін керемет пайдаланған!

Ал, саз деген жанның иірім-иірім нәзік сезімдерін қытықтап қозғалысқа келтіретін, сөйтіп, сол жанның өзін тебіренген, толқынған күйге енгізетін жүректің сиқырлы ішкі сыбдыры, жүректің сиқырлы ішкі үні! Жүректің ол сиқырлы ішкі сыбдырлары, сыңғырлары, сиқырлы ішкі үндері оның қылдай, нәзік сезім талшықтарына, жүйке тамырларына әсер етіп, соларды қоздырып, тұтас жүрек үндерінің сыбдырлары, сыңғырлары пайда болады. Сонда бара-бара белгілі дыбыстар туады, ал, ол дыбыстар бірігіп ұқсасты кестелі сөздерді пайда етеді. Сөздер жан құбылысының күйініс, қуаныш, сүйсініс түрлеріне айналады. Сөйтіп, сайып келгенде, жүректің сиқырлы үндерінен, сыбдыр сыңғырларынан не түрлі саз пайда болады.

Саздың өзі сан түрлі, сан қырлы. Оның біразы, мәселен, мұң, зар, сағыну, налу, қайғыру, торығу, жоқтау, сағыныш саздары, тағысын тағылар. Саз және өзі әртүрлі, сан алуан. (Мәселен, қуаныш, шаттық).

Саздың олай болуы жүректің сыбдыр, сыңғырынан, үнінен бастау алатын жан құбылысының нәзік сезімінің қандай иірімді екеніне байланысты. Ал, ондай иірімдердің, қандай сипатты болуы адамдарға сырттан жасалған әсерден туындайды.

«Халимаға хат» — ғажайып саздар, соның ішінде, сағыныш саздарының жиынтық туындысы! Оның авторы қаламгер — Әзілхан ағаға оның ғашық жары — Халиманың бақилыққа өтуі соншалықты ес тандырар әсер еткен!

Ол өзінің ғашығына аза көңіл-күйін тек сағыныш саздарымен ғана, немесе жүректің тек сондай иірім үнімен ғана жеткізуге мәжбүр болған!

Сонымен, «Халимаға хатта» автор сағыныш саздары құдіретімен Халиманың о дүниелік рухтық бейнесін жасаған.

Сол үшін Әзілхан аға мәңгі сағыныш көрінісі болып табылатын: арнау, жоқтау, мұң, шер, торыту, зарығу, сырласу жырлары арқылы кейіпкерінің тірліктегі істерін еске алады. Қайғырады. Қамығады. Оның осы көңіл күй түріндегі саз жырларынан Халиманың о дүниелік рух бейнесі көз алдыға келеді.

Енді соның мысалдарын алға тартайық.

Мәңгі ғашығы бұл дүниеден өтіп, ауыр аза-қаза тағап болғанда Әзағаңның қаламына алдымен «аһ» үру зар сөздері түскен.

«О, сұрқия, сұм ажал!

Жарымды менің жалмадың!

Өлігін оның көргенше,

Соқыр бон неге қалмадым!

(«Xалимаға хат»).

Одан әрі ғашығын егіліп былай жоқтайды ол:

«Махаббат деген — бір теңіз,

Кешесің де кетесің.

Тебісіп талай толқынмен,

Сүйгеніңе жетесің!

Тоғыз жыл жүріп толассыз,

Халима, саған жетіп ем!

Елу төрт жыл отасып,

Бақытты мені етіп ең!

Сол теңіз енді суалып,

Мен үшін сусыз шел болды!

Қайғы жұтып қаталап,

Көзімнің жасы қол болды!

Сен менің күндіз Күнім ең,

Жүрегіңнен нұр шашқан!

Сен менің түнде Айым ең,

Сәулеңмен талай сырласқам.

Қараңғыға қамалдым,

Енді Күн де, Айда жоқ!» —

деп бір тынған.

Міне, бұл жыр жолдарында Халиманың Күн мен Айдай рух бейнесі тұр.

Сосын әлгі қасіретті қайты үстінде Әзағаң:

«Періштедей адамды,

Сұм ажал қалай жалмадың ?

Артыңда қалып асылдың,

Күндіз-түні зарладым!».

— деп тағы өксіп, жоқтады. Мұнда ол ғашығының періште бейнесін көз алдыға әкелген.

Одан әрі: «Өлді» деуге өзіңді, аузым сірә бармайды», «бірге өлейік дейтұғын, уәдеміз бар еді» (Сонда. 131 бет), бірақ, сен:

«... Өтеріңді өмірден,

Сездірместен өтіпсің

Қасымнан сырғып, ақырын,

Ішіме кіріп кетіпсің»

Не істеймін!?

«Өзің жойып ол сертті,

Өлмей тірі қал дедің.

Балаларға бас-көз боп,

Назарыңды сал!» — дедің.

Сондықтан, мен бүгін:

«Өсиетіңді орындап,

Өлмей тірі отырмын,

Сенсіз өмір — қараңғы,

Көзім бүгін соқырмын!»

— деп зарлаған.

Поэмадағы бұл саз жолдарынан екі ғашықтың тірліктегі татулық көріністері кез алдыға елес береді. Онда Халима Әзағаңды сонша сүйетін жан екені көрініп тұр.

Сосын:

«Сыңары өлсе аққудың

Жұбы көктен құлайды.

Не деген күшті махаббат!

Адамнан артық былайғы!

Сол аққудың ғажайып,

Жұбындай неге болмадым ?!

Өлген күні Өзіңмен,

Қосыла неге солмадым?!».

— деп зарлайды, тірі ғашық.

Қалай ғажап айтқан! Қалай сұмдық налыған Әзағаң, жарының өліміне! Осы зарымен Әзағаң ғашығына өз сезімін керемет жеткізген.

Нақ осындай сезімді Әзілхан аға:

«Сен тіріде жұмақта едім, Халима!

Сен кеткен соң, тамұққа түстім, Халима!

Сен барда талай рахат кештім, Халима!

Өзіңсіз өмір қара түн екен,

Сол жұмбақтың шешуін шештім, Халима!»

— деп, 29 жырында да:

«Қуатым-ай, қуатым!

Ұйықтайын десем, ұйқы жоқ.

Көз іле алмай жатырмын,

Сен барда: хан, патша едім

Енді мүлде пақырмын!»

— деп, 51 жырында да әрі тереңдете түседі.

Бұл торығудан тірісінде Халиманың Әзағаңа сонша қамқор адам болғаны көз алдыңа келеді. Сосын:

«Егіз қозы сияқты едік момақан,

Бізден зиян көрмеп еді ешбір жан.

Сыңарымнан, серігімнен айырып,

Мені жалғыз зарлаттың-ау, Жасаған!»

— деп Аллаға зар айтады.

Бұл саз жолдарында екі момақан жан бейнесі тұр. Олар бір-біріне аққудай ғашық. Одан әрі:

«Екеу едік егіз қозы сияқты,

Екеу едік аққудай қос қияқты.

Жалғыз қалдым егізімнен айрылып,

Маңыраған сыңар қозы сияқты!»

— деп, еңірейді, Халимасына:

«Санаймын, сені, санаймын,

Өмірдегі ең іріге!

Балаймын, сәулем,Өзіңді,

Табынар, Тәңір, піріме!»

— деп Жаратқанға табынады.

Бұл — Халиманың ең биік қасиетті жан екені бейнеленген жыр жолдары.

Әзекең, бақилық жарына:

«Қош боп тұр, жаным, қуатым,

Қасыңа тағы келемін.

Бір емес, әлі сан рет

Өлгенше келе беремін!»

— деп уәде етеді. Тірі ғашық — Әзағаң солай жасайды да. Мұны оның сағыныш сазының жетінші жырындағы:

«Қырық рет келген шығармын,

Екі жүз күнде басыңа.

Сая таппай көңілім,

Бүгін де келдім қасыңа!»

— деген жолдардан білеміз. Ондайда, Әзағаңның:

«Өзіңді, ойлап, күрсінемін, күйемін,

Сағат сайын рухыңа бас иемін.

Сағынғанда суретіңді құшақтап,

Қағаз беттен қайта-қайта сүйемін.

Қалай Сенен айрылдым деп құсамын,

Тағат таппай тауға қарай ұшамын.

Құлыптақтай бетін жылап сипалап,

Құшақ жайып, қабіріңді құшамын»

— деген мұңаймасын көреміз.

Бұл — Халиманың магниттей қасиеті барын таныту. Қабір тірі ғашықты ылғи үнсіз қарсы алады. Сонда Әзекеңнің қар басқан қабірді көргенде:

«Сен едің ғой, менің шарбат-суатым,

Бар мінімді біліміңмен жуатын.

Жаз өтті де, қабіріңді қар жапты,

Тоңасың-ау, тоңасың-ау, қуатым!»

— деген жан айғайы шығады. Қандай ғажап тебіреніс!

Оның аржағында мәңгілікке суық денеге айналған Халима бейнесі жасалған ғой!

«Халимаға хатта» одан әрі бұл өмірдегі ынтызар ғашықтың о дүниедегі ынтызар ғашыққа енді шын сағыныш, мұңы, шері, торығуы, зарығуы, налуы басталады.

«Жан ұшырып жетіп ем,

Көрем деп Сені асыға.

Қабіріңді құшақтап,

Тақтайға тұрдым асыла.

Дыбыс жоқ, үнсіз жатырсың,

Ұйықтап кеткен секілді.

Естіле ме, үнің деп,

Топыраққа тостым бетімді.

Топырақ, көрпе емес қой,

Қимыл жоқ, үн болмады.

Асығып жеткен көңілім,

Тағы да менің сорлады.

Алматыдан әкелген,

Гүлімді қойдым басыңа.

Сол кезде қабір қозғалып,

Дегендей болдың: «Жасыма!»

Ол енді әлгі үнді «естіп» о дүниедегі бақилық ғашығына:

«Көз жасымды көрсетпей,

Бетімді теріс бұрамын.

Күн сайын ойлап Өзіңді,

Таңды-таңға ұрамын!»

* * *

«Тағдырыма налимын,

Ғашығымды мәңгілік.

Қанатынан қайырған!»

«Сен кеткелі қасымнан,

Екі жүз елу күн болды.

Бақыт тайып басымнан,

Күн дегенім түн болды.

Жарық дүние жабырқап,

Жалғыз жүру мұң болды.

Жан-жағыма жалтақтап,

Жетімдігім шын болды».

Автордың бұлай шерленуі бұрынғы бұл дүниедегі тірі ғашықтың күйін бейнелеуі. Әрі қарай Әзаға:

«Екі жүз елу тоғыз күн,

Сенсіз жалғыз жатырмын.

Бай едім шексіз Сен барда,

Енді сорлы, пақырмын!»

* * *

«Жастығыңды жұп-жұмсақ,

Қайта-қайта сипаймын.

Жастығың бар, Өзің жоқ,

Жанымды шаншып, басты мұң!,

Ұйықтайын десем, ұйқы жоқ,

Көз іле алмай жатырмын.

Сен барда: хан, патша едім,

Енді мүлде пақырмын!»

— деп мұң шағады.

Осы арқылы ол Халиманың өзіне бұл дүниеде қалай аспандатқан жан болғанын жеткізеді.

«Халимаға хатта» Әзілхан аға дүниедегі ғашығы Халима жарына оның тірлігінде жасаған жақсылығын баян етеді:

«Білімді едің Сен менен,

Білдірмеуші ең оныңды.

Ақылың артық, өнегең,

Өнерің еді толымды!»

* * *

«Достарымды қадірлеп,

Жақынымды жинадың.

Байығып менің жанымды,

Басыма бақыт сыйладың!

Алыс, жақын бәріне,

Сыйлы болып өттің Сен,

Өсуіне ұлтыңның,

Үлес қосып кеттің Сен!»

— деп келеді де,

«Сен керемет ғажап едің!

Маған талай көмек жасап едің!»

— деп, жан-жарының тіршілігінде керемет ақылды, өнерлі болғанын, өзін қалай бақытқа жеткізгенін, қазаты үшін үлкен іс тындырғанын жырмен қайыра бейнелейді.

Поэмада автор Халиманың өзіне айрықша қызметшісі болғанын бейнелеуге ерекше назар аударған. Оны мына жыр жолдарынан көреміз:

«Өтей алмадым, қайтейін,

Менің саған көп еді бересім

Сен маған өлі күніңде де,

Шығармашылық қуат бересің!

Ойласам, түсің, ісіңді,

Өз-өзімнен егілемін,

Сонан соң ақ қағазға

Жыр болып төгілемін.

Сен неткен ғажап едің ?!

Тіріңде ылғи демеген

Өліңде де өрге сүйреп,

Жанымды мәңгі жебеген!»

Және ол бұл баянын:

«Алпыс үш жыл саған ғашық ем,

Қатар жүрген тіріде.

Өлсең де саған ғашықпын,

Санаймын Сені тіріге!»

— деп аяқтайды.

Өстеді де, Әзаға бақидағы «Жасыма!» — деп жатқан Халимасына, ендігі кезекте қазіргі сағынышын тебірене жеткізеді:

«Ақсия күліп тұратын,

Тістеріңді сағындым.

Ұмытылмас мәңгілік,

Істеріңді сағындым.

Еркелеткен баладай,

Қылығыңды сағындым.

Бойыңдағы ар, ұят,

Ақылыңа табындым.

Жұртқа жылу шашатын,

Мейіріңді сағындым.

Жақын, жат деп бөлмейтін

Пейіліңді сағындым.

Жай сөйлейтін асықпай,

Сабырыңды сағындым.

Мінез, қайрат, күшіңе,

Бір Құдайдай бағындым!»

* * *

Сағынып отырып, ол елжірейді:

«Сені, сәулем, сағынып,

«Уһлеймін!» Жылаймын

Тағдырыма бағынып,

Жылаймын да, шыдаймын.

Бірі ерте, бірі кеш,

Өйтпес бәрі жұбайдың

Мәңгі тірі тұрмақ жоқ,

Заңы солай Құдайдың!»

«Еңіреймін Өзіңді ойлап егіліп,

Көздің жасы моншақ-моншақ төгіліп.

Ауық-ауық тарылады тынысым

Қос қабырғам кеткендей боп сөгіліп!»

«Өзіңді ойлап үнемі,

Түн ұйқымды бөлемін.

Әр күн сайын түсімде

Үш-төрт рет көремін!»

Наши рекомендации