Ақпарат ұғымы туралы түсінік.
Біз бәріміз бала кезімізден бастап ақпарат алмасу үрдісіне қатысамыз. Кітап, газет және журнал оқығанда, радио тыңдап, теледидар көргенде, мұғаліммен, ата-аналарымызбен, достарымызбен әңгімелескенде әртүрлі ақпарат аламыз. Адамдардың үйде, мектепте, жұмыста және көшеде бір-бірімен сөйлесуі де ақпарат түрлерінің: сөздердің, ойлардың, хабарлардың, мәліметтердің алмасуына мысал бола алады. Адамдардың араласуы мен бірге жүруі – жұмыс істеу, оқу және ойнау – ақпарат алмасуынсыз жүзеге аса алмайды. Берілген ақпараттар өзімізге, заттарымызға қатысты айтылып, айнала ортамызда болып жатқан оқиғалармен тығыз байланыста болады.
«Ақпарат» сөзі латынның түсіндіру, баяндау, білу деген ұғымынан туындаған ағылшынның information сөзінен шыққан. Ақпаратты біз ауызша немесе жазбаша түрде, қимыл не қозғалыс түрінде бере аламыз. Кез келген керекті ақпараттың мағынасын түсініп, оны басқаларға жеткізіп, соның негізінде белгілі бір ой түйеміз.
Жалпы тұрғыдан алғанда, ақпарат – таңбалар мен сигналдар түрінде берілген әлемнің, заттың бейнесі болып саналады. Ақпарат алу дегеніміз – бізді қоршаған құбылыстар мен нысандардың өзара байланыстары, құрылымы немесе олардың бір-біріне қатысуы жөнінде нақты мағлұматтар мен мәліметтер алу деген сөз.
Сонымен, ақпарат – белгілі бір нәрсе (адам, жануар, зат, құбылыс) туралы таңбалар мен сигналдар түрінде берілетін мағлұматтар.
Адам ақпараттарды сақтай алады, өңдейді және шығарып бере алады. Бұл жағдайда адам қалайда бір амалдар орындайды, оны ақпараттық үрдіс дейді. Ақпараттық үрдісті, әр түрлі құрылғыларды пайдалана отырып, өзі ұйымдастыра алады. Ол құрылғылар қатарына: қағаз, магниттік таспа, дискі, калькулятор, компьютер және тағы басқалар жатады.
Адам ақпаратты үздіксіз қабылдап отырады. Адамға ауа, су, жылу қаншалықты қажет болса, ақпаратта сондай қажет.
Адамның ең басты сезім мүшесі – көру және есту. Кітаптан, теледидардан және де басқа да ақпарат көздерінен сол мүшелер арқылы ақпарат қабылдап отырамыз. Сырттан қабылдайтын ақпараттың 90%-і сол мүшелер арқылы қабылданады.
Қалай дегенмен де басқа мүшелердің рөлін жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, шай ішкенде, оның тәтті немесе тәтті емес екендігін сеземіз, ыстық немесе суық затқа қол тигізгенде, олардың температурасының қандай екенін, қатты немес жұмсақ екендігін байқаймыз.
Адам қабылдайтын ақпараттар таңба (белгі) және бейнелі түрде болуы мүмкін.
Бейнелі ақпарат деп дәм, иіс, сезім сияқты табиғи ақпарат көздерінен алынатын ақпараттарды айтады.
Таңба түріндегі ақпараттарға сөз, жазу және тағы басқа ақпараттар жатады.
Қандайда бір алфавитті пайдаланып ақпаратты жазуды кодтау деп атайды. Бір ғана ақпаратты әртүрлі жолда жазуға болады. Бір белгі тобына көшіру жолын код деп атайды.
Ақпараттық үдерістерді үйрететін ғылым информатика болып табылады.
Ақпараттық үдерістерді жүзеге асыратын негізгі құрал – компьютер. Ақпараттарды автоматты түрде өңдейтін аппараттық және бағдарламалық жабдықтардың жиынын компьютер деп атайды.
Ақпараттарды жинақтаудан бастап, нәтиже алуға дейінгі үдерістерді адамның қатынасуынсыз, алдын ала жасалған бағдарлама көмегімен өңдейтін үдерісті ақпараттарды автоматты түрде өңдеу дейді.
Компьютерге енгізуге берілген деректер мына түрде болуы мүмкін:
Мәтіндік ақпараттар: оқулық мәтіні, дәптердегі шығарма, ауа райын болжау, радио арқылы алынатын хабар және тағы басқалар.
Сандық ақпараттар: көбейту кестелері, арифметикалық мысалдар, санақ және т.б.
Графиктік ақпараттар: суреттер, схемалар, чертеждер, фотосуреттер және т.б.
Музыкалық (дыбыстық) ақпараттар: дыбыс, музыка, сөз және т.б.
Бейнеақпараттар: түрлі түсті графиктер, фильмдер, екі және үш өлшемді нысандардың жылжуы, т.б.
«Ақпараттық технология деп адамдардың білімдерін кеңейте отырып, олардың техникалық және әлеуметтік үдерістерді басқару мүмкіндіктерін дамытатын ақпаратты беру, жинау, ұйымдастыру, сақтау, әдістердің жиынтығы» түсініледі.
Білімді ақпараттандыру - оқытудың, тәрбиелеудің психология-педагогикалық мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған қазіргі АКТ құралдары мен оларды тиімді қолданудың методологиясы және практикасымен білім беру сферасын қамтамасыз ету үрдісі.
Білімді ақпараттандырудың негізгі үш мақсатын ерекшелеуге болады:
- білімнің тиімділігін көтеру;
- білімнің икемділігін және түсініктілігін көтеру;
- ақпараттық мәдениетті көтеру.
Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар құралдары(АКТ құралы): бағдарламалық, микропроцессорлық, есептеу техникасы базасында функцияландырылған бағдарламалық-аппараттық және техникалық құралдар мен құрылғылар, сондай-ақ ақпараттарды көрсетудің қазіргі құралдары және жүйесі, ақпараттарды алмастыру, жинау,
жинақтау, сақтау, өндеу, ақпаратты беру бойынша амалдарды қамтамасыз ету және локальдық және ғаламдық компьютерлік желілердегі ақпараттық ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігі.
Ақпараттық білім, яғни сабаққа компьютерлік құралдарды пайдалану мыналарға мүмкіндік береді:
- оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру;
- оқушыларда оқып-үйретілген пән бойынша негізгі ұғымдарды қалыптастыруды жеңілдету, себебі компьютерде практикалық жұмысты бірнеше рет жасай алады;
- пәнді өз бетімен меңгеруіне дайындау;
- қабілетін анықтау және дамыту;
- практикалық әрекетке қолдануға арналған нақты білімді меңгеру;
- оқушыларды интеллектуалдық дамыту;
- алда өтетін жалпы білімдік пәндерді өз бетімен меңгеруге дайындау;
-оқушылардың бірігіп жасайтын жұмыс түрлерін кеңейту, барлығынан бұрын — біріккен пәндік әрекет аясын қамтамасыз ету;
- оқушылар әрекетін ұйымдастырудың сан алуан түрлері мен формаларын көбейту (жеке және топтық формадағы оқушылар әрекетінің жобалық түрі; әртүрлі көздер мен мәліметтер базасымен өзіндік жұмыс түрлерін өсіру және т.б.).
Сыныптан тыс жұмыстарда компьютерді пайдалану оқушылардың тақырып бойынша білімдерін тек тереңдетіп және кеңейтіп қана қоймай, сондай-ақ белсенді ойлау, мәселені шешу үшін осыған дейін алған білімдерін қолдануға, қойылған міндеттерді жанжақты өз бетімен қарастыруға көмектесетін синтез, талдау, жалпылау және қорытынды жүргізеді. Бұлардың барлығы ойлау белсенділігін арттырады, оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытады.