Таным теориясы жəне оқу
Оқудың теориялық - əдіснамалық негізі - материалистік таным теориясы (гносеология). Бұл теорияға орай əлем шынайы, адам санасынан тыс жасайды, бірақ оны танып білуге болады. Таным - бұл қоршаған болмыстың, оның элементтерінің белсенді ақыл-ой жəне көңіл-күй іс-əрекеттері мен олардың нəтижесі, яғни білім; жалпыланған теория, заңдар мен ғылыми ұғымдардың санада бейнеленуі.
Шындық пен нақты болмысты танудың диалектикалық жолы – тікелей байқап, сезуден бейнақты ойлауға, одан практикаға өту.
Тікелей байқау процесінде, яғни түйсік, қабылдау, шынайы болмысты белсенді зерттеу арқасында қандай да құбылыс не заттар жөнінде түсініктер пайда болады. Осы түсініктер негізінде қорытындылар жасалады. Бейнақты (абстракт) ойлау əрекеті танымға түскен құбылыстардың жалпы белгілерін анықтауға, түсінік, пікір, ұғымдарды игеруге, зат не құбылыстар арасындағы мəнді, қажетті де тұрақты байланыстарды ашып, заңдар мен заңдылықтарды өрнектеуге мүмкіндік береді.
Таным теориясы оқу танымына тікелей қатысты. Білім игеру əрқашан таныммен байланысты келеді. Оқудың міндеті – табиғат, қоғам жəне адамның психикалық процестерінің даму заңдылықтарын оқушы санасына өткізу.
Таным мен оқу арасында жалпы ортақтастық көп. Оқушы қоршаған дүниені тану арқылы дамиды, кемелденеді. Оқу жұмысын таным істерінің өзінше бір формасы ретінде қарастыруға болады.
Алайда таным мен оқу ортасында болатын маңызды ерекшеліктерді ескермеу мүмкін емес:
- таным –бұл қоғамдық-тарихи категория. Көптеген ғасырлар бойы ғалымдар табиғат, қоғам жəне адам ақыл-ойының біршама заңдылықтарын ашты. Яғни ғалымдар жаңалықты тұңғыш күйінде таниды, сондықтан да ондай таным толық болмайды. Ал оқу процесінде оқушылар бұрыннан белгіліні жаңалық деп қабылдайды, ғылым жинақтаған түсінік, ұғым, деректерді игереді. Олар өздері үшін бұрыннан белгілі шындықты қайтадан ашқан сияқты болып, шəкірттердің жас мүмкіндіктері мен ерекшеліктеріне орайластырылған, дидактикалық бейімге келтірілген əрі қарапайымдастырылған материалдарды меңгерумен айналысады. Сонымен бірге, оқу барысындағы таным міндетті түрде, мейлі тікелей не жанама, мұғалім болуын керек қылады, ал ғалым тұлғааралық қатынастарды көбіне қажет етпейді.
- жаңалықтар ашуға арналған таным процесі ұзақты кезеңдік ғылыми ізденістерді қажет етеді. Ал оқу процесінде белгіліні қайтадан ашып, игеру жолы қысқа əрі мұғалім шеберлігімен жеңілдетіледі;
- таным процесі материалдық не рухани нысандарды қабылдауды талап етеді де, ал олардың шынайылығын практика дəлелдеуі тиіс. Оқу барысында мұғалім білім игеру процесі бөліктерін ауыстыруы жəне оны практикалық ептілік, дағдылармен кезектестіріп немесе біріктіріп жүргізуі мүмкін.
Сонымен, таным мен оқу процесі арасында қаншалықты ортақтастық болса, соншалықты айырмашылық та бар. Оқу процесі оқушының психикалық іс-əрекеттерінде жүріп жататын заңдылықтар негізінде өзіне ғана тəн ішкі қисындылық (логика) бойынша орындалады.
1. Дидактикалық процестің негізін құрайтын аса маңызды және негізгі заңдылықтар мен заңдар оқу принциптері немесе дидактикалық принциптер деп аталады. Принцип-латын сөзі - негізгі, бастапқы деген ұғымды білдіреді.
Оқытуға қойылатын талаптардың бастапқы белгілі жүйесін оқыту процесінің принциптері деп атайды.
Бұл принциптер арқасында оқу процесіне қатысы бар көптеген заңдылықтардың мән-мағынасы ашылады, мұғалімдер мен оқушылардың қызметтері реттеледі, барлық оқу пәндерін өтуде және оқудың барша кезеңдерінде олар өздерінің жалпы мәнін сақтайды. Принциптер дидактикалық процестің біртұтас концепциясын құрай отырып, табиғи бірлікте әрекетке келеді.
Қазіргі кезеңдегі оқу жүйесінің ірге тасын Я.А.Коменский қалаған. Ол «Ұлы дидактиканың» арнаулы тарауларында оқыту ісіне қойылатын басты-басты дидактикалық талаптарды баяндады. Олар:
1. Оқытуға қолайлы уақытты таңдау.
2. Оқушыларды сабақ оқуға ынталандыру.
3. Материалды біртіндеп күрделендіру (дәйектілік, жүйелілік).
4. Анық пайда келтіретін нәрсені ғана оқыту.
5. Саналы түрде меңгеретін нәрседен басқаны жаттатпау.
6. Бала табиғатын ескеріп отыру; қалаған нәрсені немесе оның меңгере алатын нәрсесін ғана оқыту.
7. Материалды меңгерту үшін мүмкіндігінше сыртқы сезімдерді де қатыстырып оқыту.
Я.А. Коменский «Ұлы дидактикасында» педагогикалық ойды және мектеп оқуын ілгері дамытуда ерекше роль атқаратын жаңа дидактикалық принциптерді анықтады. Оқудың көрнекілігі, саналы оқу, оқудың жүйелі болуы, сатылы оқу, оқудың оқушы шамасына сай болуы, оқудың негізді болуы.
Коменский көрсеткен бұл дидактикалық принциптері оның педагогикалық жүйесінде бір-бірімен өзара тығыз байланысып отырды.
Алған білімнің тиянақтылығы жөніндегі мәселе-Коменскийдің педагогикалық теориясындағы ең негізгі проблемалардың бірі.
Оқыту ісіндегі тиянақтылық оқытушылар білімінің жүйелілігін, дәйектілігін, өзара байланыстылығын, сонымен бірге беріктігін талап етеді деді Коменский.
Дидактиканың жүйелі және бірізділік принципіне байланысты Коменский оқытудың «жақыннан алысқа», «белгіліден белгісізге», «нақтылыдан абстактылыға», «жеңілден ауырға» қарай көшіп отыратын негізгі ережесін құрды.
2. Оқудың дәстүрлі теориясында аса танымал болғандары келесі дидактикалық принциптер:
1. Оқытудың ғылымилық принципі.
2. Жүйелілік және бірізділік принципі.
3. Саналылық пен белсенділік принципі.
4. Көрнекілік принципі.
5. Оқытудағы білімнің беріктігі принципті.
6. Түсініктілік принципі.
7. Оқытудың мақсаттылық принципі.
8. Ізгілендіру принципі
9. Проблемалық принцип
10. Интеграциялау принципі
11. Теория мен практиканы байланыстыру принципі
12. Оқудың өмірмен ұштастық принципін
13. Ынталандыру принципі
14. Ұнамды көңіл-күй сақтау принципі
15. Педагогикалық процестің бағыттылық принципі.
Оқыту мен тәрбие процесінде моральдық-психологиялық жағдайдың да мәні өте зор. Сабақ үстінде, тәрбиелік шараларды өткізу процесінде тәрбиешілер мен оқушылар арасындағы бір-біріне тілектестік, жанашырлық, қамқорлық және қиын жағдайларды өзара көмек іс-әрекетінің сапасына тиімді ықпал жасайды.
Сонымен, тұтас педагогикалық процесте кешенді ықпал жасау-бұл әр түрлі іс-әрекеттерін нақты жоспарлау, әр түрлі жұмыстарды (саяси-идеялық, қоғамдық пайдалы және өнімді еңбек т.б.) табиғи бірлікте жүзеге асыру.
Қорытындылай келе, айтарымыз: принциптер әрқашан белгілі жүйеде, бір уақытта, тығыз байланысқан күйде іс-әрекетті комплексті, параллель жүзеге асып барады, оларды кезекпен немесе бірінің орындалуымен екіншісіне тізбекті өте пайдалану мүмкін емес. Принциптер арасында басты не екінші дәрежелісі болмайды, әңгіме тек олардан туындайтын талаптардың ауқымдығы мен жалқылық дәрежесі жөнінде болуы мұмкін. Барша принциптер өзара кіріге ұштасқан, сондықтан бірінің талаптары, екінші бір принцип талаптарымен мәндік жақындыққа түсіп жатады. Олардың бәрінің де қызметі-бағыттау, оқудың сапалы нәтижелеріне жетудің жолдарын көрсету. Білімдендіру ісін гуманизациялаудың мәні-оқушының тән-дене және ақыл-ес мүмкіндіктерін сақтау және дамыта түсу. Сондықтан оқу еңбегінің нәтижесі оған жұмсалған оқушы күш-қуатының деңгейімен салыстырылып, бағаланады. Принициптер баланың табиғи және әлеуметтік мүмкіндіктерін, күш салулары мен еңбек нәтижелерін қалыпты мөлшерлеп отырады, егер қандай да себептермен ауытқуға түспесе, олар арасындағы теңдіктің сақталған.
Дәріс
Тақырыбы:Қазіргі мектептегі білім мазмұны
Жоспары:
1. Орта оқу орындарындағы оқытудың мақсаты
2. Оқытудың мақсат мәнін айқындайтын деңгей
3. Білімнің мазмұны. Білім берудегі мемлекеттік стандарт
4. Оқу жоспары,оқу бағдарламасы, оқулық. Оларға сипаттама.
Педагогикалық жүйені айқындайтын негізгі компоненттердің бірі - білім берудегі мақсат. Ол қоғамның қажеті мен талабына, әлеуметтік жағдайына үйлесімді саясатына байланысты. Ал педагогикалық жүйені құрудың мақсатын белгілеу дидактикалық- психологиялық талаптар негізінде айқындалады.
Дидактика тарихын зерттеуші ғалымдардың оқыту мақсаты жөніндегі пайымдауларын негізге алғанда бұл саладағы пікірлерді екі топқа бөліп қараған жөн. Бірінші топтағылар оқытудағы мақсат - тұлғаның ақыл-ойын, есін, қабілетін дамыту деген түсінікті ұстанады. Сол себепті педагогика ғылымында бұларды «Формалдық білім берушілер» деп атайды. Ал екінші топтағылардың ұстанымы - білім берудін мақсаты ғылым негіздерін меңгертіп, өмір үшін кажетті де нақты түсінік қалыптастыру деп түсіндіреді. Осы орайдан бұларды “білім берудегі материалистік” көзқарастағылар деп атайды.
Қазіргі дидактикада түлғаның дамуы білім негіздерін меңгеруге тәуелді деген ұстанымды тұтынады. Сондықтан да білім негіздерін меңгеруде жалпы білімдік мақсатты айқындайтын міндеттерді былайша белгілейді:
Оқушыға жүйелі түрде білім беруде табиғат, қоғам, техника, мәдениет туралы білімдендіріп, шәкірттің алған білімін тиісті деңгейде өмірге үйлесімді ілгері дамытуға бейімдеуді қамтамасыз ету;
Оқушының қызығушылығын, қабілетін, ақыл-ойын, зейінін, қиялын, есін, сезімін, ерік қасиеттерін, таным-түсінігін және практикалық іскерлігін дамыту; негізгі де басты бағдар орта оқу орнын бітіруші өзін-өзі жетілдіріп, білімдік таным қабілетін, ойлана білу деңгейін өрістетіп дамыту;
Ғылыми көзқарасын, имандылық, адамгершілік, эстетикалық т.б. сапалық қасиеттерін қалыптастыру;
Өзін-өзі білімдендіру қабілетін қалыптастырумен қатар, өзін-өзі үздіксіз жетілдіруге деген қажеттілікті өрістете түсу керек, өйткені дамудағы көз ілеспейтін жылдамдық, заман талабы тоқтаусыз өркендеуді қажет ететіндіктен әр тұлғаның үнемі оқып ізденуін талап етсе, оларды сол деңгейде болуға баулу негізгі шартқа айналғандығын әмісе ескеру;
• Өндірістің негізгі түрлері мен ондағы атқарылатын еңбекті ұйымдастырып, басқару жүйесі жөнінде білім беру және техникалық құрылымдарды пайдалана алу жолдары туралы тиянақты түсінік қалыптастыру жағын қадағалау керек.
Білімнің мазмұны. Білім берудегі мемлекеттік стандарт.
Қазіргі кезеңдегі білімнің мазмұнын айқындауға қойылатын басты бағдарлардың бірі- мемлекеттік стандарт,былайша айтқанда, мемлекеттік жұйедегі бірыңғай норма мен талапты жүзеге асыру міндетін шешу. Кеңестік кезеңдегі орта мектептер біртекті, бірыңғай жүйеде болды да, жоғарыдан жасалған оқу жоспары мен пән бағдарламалары негізінде оқылатын. Онда аймақтық жергілікті ерекшеліктер мен оқушыньщ тұлғалық өзгешеліктеріне мән берілмей эмпирикалық жүйе жүзеге асырылатын. ТМД (тәуелсіз мемлекеттер достастығы) құрамында болған елдер 1996 жылдан бастап «Білім беру туралы» заң жобаларын қабылдап, онда мемлекеттік стандарт мәселесін жүзеге асыру міндеттері белгіленді. Осы орайдан Қазақстан Республикасында жалпы орта білім берудің мемлекет стандартында басшылыққа алынатын үш денгей көрсетілген:
1. Тұлғаға берілетін білімнің әлемдік мәдениеттің қол жеткен табыстарына үйлесімділік (интеграциялық) мәнде болуы;
2. Білім мазмұнының аймақтық, ұлттық танымға сәйкестігі және білімдендіруде елдің тілі мен әдебиеті, тарихы, жағрафиясы, өнері, дәстүрлік салты ескерілетіндігі т.б.
Берілетін білімді жүзеге асыратын оқу орнының ерекшеліктеріне сай тұлғаның мемлекет алдында, ал мемлекеттің тұлға алдында жауапкершілігі қатаң сақталып, білімнін терең де тиянақты болуы және оқу жүктемесінің нормалық талап деңгейіне сәйкес жүзеге асырылуын қамтамасыз ету көрсетілген.
Білім бағдарламасы.Білім бағдарламасы дегеніміз берілетін білімнің деңгейі мен мазмұндық бағдарын айқындайтын білімдік жүйе. Мұнда ұстанатын бағдар оқушыға берілетін жалпы және кәсіби білімнің құрылымына кіретін мектепке дейінгі дайындық, бастауыш мектеп, жалпы орта білім мен кәсіби орта білім.
Бастауыш мектепте білімдендірудің міндеті - оқушыны кітап оқи білуге, жаза білуге, есептей алуға және білім ала білу жолдарына үйрету, ал орталау мектеп болса ғылымның негізгі салалары бойынша білімдік түсінік қалыптастыру болып табылады. Ал толық орта дәрежелі мектепте болса, ғылым жүйесінің базистік негіздерін меңгеруі мен олардың бойына жеке бастың және этникалық қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыру, тұлғаның өзін-өзі айқындауы мен кәсіби бағдарға бейімдеу болып табылады. Бұл салада әрбір пәннің мазмұндық жүйесі базалық негізгі білім беру деңгейімен қиысады да тиісті ұғым-танымдық шеңберде аяқталып отырады. Оқу пәндерін таңдауы бойынша зерделеу үшін оқу жоспарынын вариативтік бөлігі кеңейтіледі. Бейімдеу алдындағы даярлық жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім берудің үшінші сатысы жаңа көзқарасқа құрылған. Мұнда оқытудың мазмұнын саралау, ынталандыру, кәсібилендіру және тұлғаның өз бетінше білімін кеңейтіп, тереңдету көзделген. Сндай-ақ оқушының әлем, қоғам және адам туралы жүйелі түсінікті меңгеруіне зейін қойылған.
Техникалық және кәсіби білім беру бағдарламасы жеке тұлғаның және жеке әлеуметтік топтардың өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, қоғам мен еңбек рыногы талабына қызмет ете алатындай жоғары білікті жұмысшы кадрлары мен мамандыққа деген қажеттілікті қанағаттандыруға бағытталады.
Ал орта білімнен кейін, жоғары білім болып саналмайтын кәсіби білім ЮНЕСКО-ның ұсынысына сәйкес білікті маман даярлау бағдарламасы бойынша жүргізіледі.
Жалпы орта білімнің мазмұны.Білімнің мазмұнын айқындауда оқулық, оқу құралы және әдістемелік әдебиеттермен қатар түрлі құжаттардың ішінде оқу жоспарының атқаратын қызметі ерекше. Орта оқу орындарына арналған оқу жоспарында - оқылута тиісті жеке пәндердің және оның қай жылы, қандай көлемде, неше сағат оқылатындығына орай апталық сағат көлемі белгіленеді. Мемлекеттік ресми мекемелер оқу орындарының аймақтық ерекшеліктеріне және оқытудың бағдарына байланысты оқу жоспарының түрлі варианттарын жасайды. Кеңестік жүйе ыдырап Қазақстан егемендік алғаннан кейінгі «Білім туралы» заңына сәйкес оқу жоспарының негізгі және типтік түрлері жасалды.
Жалпы білім беретін мектептердін базистік оқу жоспарындағы толық жүктеме тұрақты және жылжымалы екі деңгейге бөлінеді. Тұрақты жүктеме құрылымындағы пәндер жалпы орта білім беретін мектептердің барлық типтерінде міндетті түрде оқытылады. Атап айтқанда гимназия, лицей бағдарлы мектеп, жеке мектеп т.б. көрсетілген пәндердің тиісті көлемде оқытылуы шартты болып саналады. Ал жылжымалы бөлімде оқытылатын пәндерде оқушының дербес қабілетін дамытуға, ықылас ынтасы мен қызығушылығына орай тиісті пәндерді терең білуге мүмкіндік жасалады. Сондай-ақ таңдамалы пәндер мен факультативтік курстарды өтуге де жағдай туғызылады. Жылжымалы бөлімдер үшін таңдамалы пәндерге бөлінген уақыт тереңдете оқылатын пәндерге беріледі.
Қазақстан Республикасында жеке пәндерді теориялық және қолданбалы жағынан тереңдете оқытуға арналған типтік оқу жоспарының бірнеше түрі 1993-94 оқу жылынан бастап жасалды. Ал оны тереңдету оқу орнының материалдық-техникалық жағдайына, ұстанған бағдарына байланысты өріс алатыны белгілі болуға тиіс.
Оқу бағдарламасы - жеке оқу пәнінің мән-мазмұнын сипаттайтын құжат. Бағдарламада сол пән бойынша оқытылатын тақырыптардың деңгейі мен оның мазмұны, қандайлық көлемде оқылатын мазмұндық көлем мөлшері сипатталады. Осы пәнді оқу барысында оқушының алатын білімі, білігі, дағды деңгейі қамтылады. Сондай-ақ оқылатын пәнге байланысты қолданылатын құралдар мен оған жасалатын бақылау және әдістемелік кеңес пен нұсқаулар көрсетіледі. Бұл құжат мектептегі пән мұғалімінің басшылыққа алатын негізгі құжаты.
Бағдарламаға қатысты материалдарды орналастыруда негізінен үш принцип ұсталады: 1) Бірыңғай бірізділікке негізделген жүйе (линейный), 2) Концентристік, 3) Спиралдық жүйе. Бұларды педагогикалық тұрғыдан таратып айтқанда былай болып шығады: бірыңғай бірізділікте (линейный) оқылатын материал қайталанбай бір бағдарда ұтылай дамиды. Ал концентристік жүйедегі бағдарламада тиісті материал тақырып арасына үзіліс салып, жаңа деректермен толықтырылып, оқыту барысында қайталанып отырады. Ал спиралдық бағдарламада бір жүйелілік сақталып бірыңғайлық мәнде бір әуенмен жетілдіру ескеріледі. Демек, шиыршықталған, спиралдық жүйеде дамиды.
Оқу пәні - білімдік мақсатқа жету жолында дидактикалық тұрғыдан жан-жақты сұрыпталған белгілі саладағы ғылымның негізі. Мұндағы басты мақсат тиісті ғылым, өнер, іс-әрекет туралы оқушыға тиянақты мағлұмат беріп, оның теориялық және қолданбалы негіздерін танытып білгізу.
Әрине, ғылымның топтаса тоғысқан салалары шартты түрде жаратылыстану — математика, гуманитарлық-қоғамдық, көркем-өнер, дене тәрбиесі, өндірістік еңбек тәрбиесі деп жіктеледі. Олардың әрқайсысының өзіне тән атқаратын қызметі, шұғылданатын мәселелерінің ерекшеліктері бар. Соған орай берілетін білім, білік, түсінікті және қойылсан мақсатты шешетін оқу пәні болғандықтан оқушыларға оны меңгеру үшін тиісті сағат мөлшері белгіленеді. Оқылатын пәннің сағат саны оқу жоспарында айқындалады.
Ал тиісті пәнге байланысты берілетін білімнің мазмұны мектепке арналған оқулықта көрсетіледі. Сондықтан - оқушы меңгеруге тиісті білімнің мән-мағыналық негізіне саналады және онда пәнаралық байланысқа орай табиғат, адам, қоғам туралы әр жақты мағлұматтар алудың қайнар көзі деп саналады. Оқулықтан алған білім негіздері бойынша оқушы ізденіп, оны тереңдетіп, өздігінен шұғылдануға мүмкіндік кеңейіп жол ашылады.
Оқулық. Оқушы меңгеруге тиісті ғылым негізін білгізетін құрал - оқулық. Онда тиісті ғылымның мазмұны туралы жүйелі де жан-жақты ақпараттық мағлұмат беріледі. Оқулық тек ақпараттық мағлұмат берумен ғана тынбайды, оқу құралы болғандықтан мұнда тиісті деңгейде мәтін, сурет те, кестелік сызбалар да, фотографиялық көріністер де келтіріледі.
Бәрінен де бұрын оқулық оқушының танымдық іс-әрекетіне бағдар беріп, басшылық жасайды. Оқулықтар мен оқу құралдарында шәкірт тарапынан атқарылуға тиісті жаттығу тапсырма, көрсетілген сұрақтарға жауап беру және жазба жұмыстарын орындау т.б. көрсетіледі. Оқулық - оқу үрдісін ұйымдастырудағы сценарий ретінде ғылымның теориялық мән-мазмұнын игеруге мүмкіндік беретін әдістемелік жолдарды меңгеруге жағдай туғызатын құрал. Сондай-ақ қазіргі окулықтар мен оқу құралдарында оқушының білімдік деңгейі, іс-әрекет саласында атқарған еңбегі барысында қол жеткен табыстарын, өздігінен орындаған жұмыстарының нәтижесін бағалап, оны сипаттау жолдары да қамтылған. Демек, оқулықта тиісті пәнді оқудағы мақсат, оның мазмұны, оқудьщ формасы, меңгеру барысындағы таным-түсінік және оны игергендігі жөнінде бақылау жасай білуде көзделеді. Бұл қазіргі заман, уақыт талабы. Өйткені техниканың өсуі, ақпараттық құралдардың қарқынды дамуы, қоршаған ортадағы өзгеріс, әлемдік қарым-қатынастың толассыз өркендеуіндегі ықпалды әсер ыждаһаттылықты талап етуден туындауда.
Дәріс