Сынып оқушысының дайындық деңгейіне қойылатын талаптар


64. 4-сыныпты аяқтаған кезде оқушылар білу керек:

1. жанрлардың анықтамасы, халық және кәсіби музыкаға жататын жанр түрлерін;

2. ұлттық музыкалық мәдениеттің белгілі өкілдерін;

3. симфониялық оркестр құрамын және оған жататын ішекті, ағаш және жезді үрмелі, ұрмалы аспаптардың атауларын;

4. әлемге танымал театрлардың атауларын білуін;

5. республикамыздың негізгі концерттік және театр мекемелерін;

6. туған өлкесінің дәстүрін және өз елінің музыкалық өміріне байланысты оқиғаларды;

7. білетін музыкалық шығармаларды есту арқылы ажыратып, олардың ұлттық ерекшелігін анықтай білуі тиіс.
65. 4-сыныпты аяқтаған кезде оқушылар орындай алу керек:

1. сыныптан, концерттен, радиодан, теледидардан көріп естіген музыкалық шығарма және орындаушы жайлы өз пікірін ашық айта білуді;

2. музыка жайлы әңгіме қозғағанда, қарапайым музыкалық терминдерді қолдана отырып, музыкалық сауаттылығын көрсете білуін;

3. әндер мен қүйлерді музыкалық аспапта өз мәнерінде орындауды меңгеруін;

4. музыкалық сахналық қойылымдар жасау, мектепте және басқа да музыкалық мерекелер мен фестивальдарға қатысуын.


66.Тұлғалық нәтижелер:

1. Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың музыкасын түсініп, бағалай білуі;

2. қоршаған ортадағы сұлулықты сезінуі;

3. Қазақстан музыка өнерінің жетістіктеріне мақтаныш сезімінің қалыптасуы;

4. музыка өнері мен адам өмірінің байланысын түсіне білуі;

5. сапалы мәдени талғамын дамытуы;

6. өз көңіл күйімен сезімін білдіру үшін музыканы пайдалануы.


67. Жүйелік-әрекеттік нәтижелер:

1. естіген шығармасына өзінің көңіл күйі мен әсерін білдіре алады;

2. музыканың негізгі көркемдеуші құралдарын ажыратып, музыкалық шығармаларға жалпылама талдау жасай алады;

3. мектеп, сынып өміріндегі қоғамдық мәдени жұмыстарда белсенділік танытады

4. қосымша деректермен өз бетімен жұмыс жасай алады;

5. музыка өнері жайлы әңгіме жүргізе алады.

2 ТАРАУ. ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ҚАЗАҚ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ МУЗЫКА ПӘНІНЕ АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАРҒА ТҮСІНІКТЕМЕ

2.1 «Музыка бағдарламасы. 1-4 сыныптар»

Музыканың өнер құралы ретінде орасан зор тәрбиелік мүмкіндігі бар. Ол өмірдің ажырамас бір бөлігі және оны бөліп қарастыруға болмайды. Қоршаған орта музыка тілі арқылы адамға аудармасыз-ақ түсінікті де жақын бола түседі. Музыкалық көркем бейне оқушыларды қоршаған ортада болып жатқан түрлі құбылыстардың шын бейнесін ашуда жаңаша ойлау өрісін байытып, өмірлік тәжірибесін кеңейтеді.

Музыка эстетикалық тәрбиенің маңызды бір бөлігі бола отырып жеке тұлғаның ақыл ойы мен дене бітімін жетілдіріп, жан-жақты өмір тәжірибесін кеңейтуге, қызығушылық біліктілігін және ойлау қабілетін дамытуға , шығармашылық іскерлікке тәрбиелеуге мүмкіндік туғызады.

Жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарында музыка сабақтары білім беру мен тәрбие берудің маңызды бір саласы болып табылады. Музыка пәнінің маңызы қоғамның әлеуметтік сұранысына жауап бере отырып, оқушыларды халықтық ( ұлттық) музыкаға баулиды.

Халықтық музыкалық фольклорына құрметпен қарап, ұлттық салт-дәстүрімізді қастерлеуге баланы жас кезінен баулығанда ғана, ол ертеңгі өз отанының нағыз азаматы болады.Халық музыкасы мен кәсіптік (профессионал) музыканың өзара байланысын сезіну арқылы бала классикалық күрделі музыканы түйсінеді. Сондай-ақ , ұлттық музыка мен дүниежүзі музыкасындағы халық ән-күйлері аудармасыз-ақ,, бар халыққа түсінікті тіл екендігін ұғынады.

Музыкалық тәрбие берудің басты мақсаты – музыка өнері арқылы рухани бай, шығармашылығы мол, халық өнерін өмірдің бейнесі ретінде түсініп, оны сүйе білетін, халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін қастерлейтін, классикалық музыканы және басқа халықтардың өнерін құрмет тұтатын жеке тұлға тәрбиелеу.

Тәрбиелік және білімдік міндеттері:

1) Халық музыкасына құрметпен қарау, ұлттық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымызды қастерлеуге тәрбиелеу, қазақ музыкасы мен өнерінің өзара байланысын түсінуін қамтамасыз ету.

2) Басқа халықтардың музыкасын сыйлап, өз халқыңның музыкасымен ұқсас, жақын жерлерін таба білуге көмектесу.

3) Классикалық музыкаға және дүниежүзінің музыка өнеріне жақындастыру, белгілі композиторлардың, музыкантардың, орындаушылардың шығармашылығымен таныстыру,солардың үлгілерінде тәрбиелеу.

4) Музыка тыңдау және орындау барысында оған шығармашылықпен қарауға тәрбиелеу, қызығушылығы мен қиялын өмір құбылыстары және музыканың өзара тығыз байланысын түсіндіру негізінде дамыту.

5) Музыканың көркем бейнесіне сәйкес мәнерлеп орындау, біліктілігін дамыту, оны түсіну мен сезіне білу талғамын қалыптастыру.

6) Музыкалық қабілеттілігін дамыту және білім беру.

Музыка пәнінің мазмұны барлық сыныптарға ортақ бір тақырып айналасына шоғырланады «Ән-күй – халық қазнасы». Осы тақырып 1-4 сыныптардың әрбірінің музыкалық материалдарынан көрініс тауып, жүйелілік пен бірізділік ұстанымы сақталып, негізгі тақырыптары ашылады. Олар мынадай тәртіппен орналасқан:

- Сырлы да сазды әуен

- Күмбірлеген күміс күй

- Ән мен күй халық үні

- Аңыз – ертегі әлеміндегі ән мен күй

- Эпос сарыны

- Ақылың болса, жыр тыңда

- Айтыс өнері

- Күй тартыс

- Қос арна

- Халық музыкасының әлемдік арнаға ұласуы

Музыка сабағы іс-әрекеттің негізгі түрлерін ескеріп, бірлестікте құрылған: ән айту, музыка тыңдау, музыка сауаттылық және басқа қосымша іс-әрекеттер,шығармашылық тапсырмалар

Наши рекомендации