ШыҢ сысай адам етін асап жатыр

Шың Сысай адам етін асап жатыр,

Төбесін кейбіреудің қашап жатыр.

Махаббат адамзаттан түгел ме екен,

Бүлкілдеп Күлімхан деп т..сақ жатыр.

1943 жыл, Үрімжі түрмесі

ЖӘНЕЛХАНҒА

Жүн қағаз тағы алайын сені қолға,

Қарындаш баста енді түзу жолға.

Орындап інім айтқан тапсырмасын,

Ойланып тар зейінім, біраз толға.

Бұл күнде көңіл жүдеу, қайғың қалың,

«Аһ» десең аузыңнан шыққан жалын.

Қайран ел, қайран Отан, қайран Іле,

Аға, іні қайда қанат, құйрық, жалың?!

Ақылдың азған кезі, қаның қашып,

Жастарға көрсетуші ең үлгі шашып.

Басынан жақсы-жаман өткен жастар,

Ұмтылып қалар ма екен алға басып.

Аз санды қазақ халқы қалды артта,

Басқалар кетті ілгері жанталасып.

Оқыған кімді көрдің біздің жұрттан,

Аңдып жүр бірін-бірі жауша сырттан.

Қазақтан біреу шықса білімді боп,

Алдымен аңдып жүріп соны құртқан.

Жаз көшіп, қыста тоңып, күз көбендеп,

Шалабын шайқап жұтып жалғыз ұрттам.

Жалмауыз жанын жалмап, артын арбап,

Айрылып жүр жылмаңдап сақал-мұрттан.

Көз салшы халық қамын кім ойлаған?

Кім көрдің өз намысын шын ойлаған?!

Отан қорғау, ұлт сақтау, ел жұбату –

Жігіт аз осы күнде мұны ойлаған.

Жәнелхан кетсең егер біраз күнде,

Қуанба қу ыржаңға, жортсаң түнде.

Халқыңның намысын қу, түбіңді ойла,

Тыныштық, рахаттан без де мүлде.

Сәлем де мен айтты деп қалған жасқа,

Мінер ат, қызықпасын сіңер асқа.

Ойлағаны халқының қамы болсын,

Тоқтатып бөлек істі содан басқа.

Сәлем де қалған елге, бұрын барсаң,

Болып тұр бізге қазір қырын қарсаң.

Иншалла тірі болсақ көрісерміз.

Өтпесе өстіп жүріп дүние сарсаң.

Жөніңді өзім барып ұқтырармын.

Мен кетіп бұл арадан кейін қалсаң.

Ішінде скопканың айтқаның сол –

Емеспін онша жүйрік зейіні мол.

Сәлемет көріселік қалсаң, кетсең,

Әйтеуір айрылу бар, қош-аман бол!

Таңжарың елі Қызай, Жолдыбаев,

Қағаздың аяғына қоюшы қол.

1943 жыл, Үрімжі түрмесі

ІЛЕ СИПАТЫ

(Қапес зәңгіге)

Көк дәптер енді сені қолға алайын,

Азырақ өлең жазып толғанайын.

Бұйырып, аға, жаз деп әмір қылса,

Мен неден жүрексініп, қорғанайын.

Адасқан қасіретті, қам көңілмен,

Бетінде ақ қағаздың жорғалайын.

Дәмді сөз ел ұғарлық табылмаса,

Шаршатып шала жанды не қылайын.

Айтқанын сөз таппасаң жаз-дағы бер,

Сұрап тұр Сәтпек ердің шорнабайын.

Тіліңді тарта сөйле алдың шұңқыр,

Жазбасаң кіруіңе ол да дайын.

Жеріңде қате кеткен түзететін,

Алдыңда ақ таяқты молда дайын.

Басың мен бұтқа темір шідер салып,

Тұйықтап іле салар дорба дайын.

Құрметті Қапес зәңгі бізге жолдас,

Жолдастан тәтті айырылса баға болмас.

Ауылыңа бұдан шығып бір бармасам,

Сөзіңе майдалаған көңілім толмас.

Бір туған туыс едік Керей, Найман,

Өркендеп, өсіп, өніп қанат жайған.

Әр жерге көбейген соң тарап кетіп,

Бытырап мекен аппыз әрбір жайдан.

Бөлініп біздің Қызай ауып барып,

Мекен алған Іле ху деген жайдан.

Ерке өскен сол Іленің тентегі едім,

Ұқпаймын осы дертті таптым қайдан?

Ер өлтіріп, ер тісін бұзғаным жоқ,

Өзіме қылған ісім ашық айдан.

Отырмын дал-дал болып ес жия алмай,

Жығылған бала құсап асау тайдан.

Қатайып қайғыменен шер боп кетті,

Бұл күнде жұмсақ көңіл сары майдан.

Өскен ел, өнген аулым естен шықпай,

Жүректі қыжылдатып сары су шайған.

Дүниенің сенем деме серпініне,

Сенделіп жүріп мынау тапқан пайдам.

Қайран ел, қайран ауыл, құрбы-құрдас,

Қайран тау, қайран жазық, көгал майдан.

Дариға-ай, қайран Шапқы өскен жерім,

Кір жуып кіндігімді кескен жерім.

Ақирек, Қарашат пен қайран Қайнар,

Батпағын шалпылдатып кешкен жерім.

Сарыағашты, Сарышоқы, Ескіқора,

Кендірін аршып алып ескен жерім.

Миясын ат қып мініп, зыр жүгірген,

Қалмайды жатсаң-тұрсаң естен жерім.

Кішкене азық салғыш тұлып алып,

Құйрығын көк жылқының жұлып алып,

Апарып оңашаға есе салып,

Бір тұзақ жөнелуші ек құрып алып.

Барында қолда шоқпар, жерде тас-тоң,

Біз қайтып аңдымақпыз тұрып алып.

Іздеп жүріп кекілік, қырғауылды,

Кетуші ек кейбіреуін ұрып алып.

Келуші ек шешемізге тамақ сұрап,

Мойынды қылжақтатып бұрып алып.

Өсірген сөйтіп бағып ана қайда,

Қорғаған бауырында пана қайда?

Қайран жер, қайран ата, қайран шеше,

Сендерді тірі көрер заман қайда?

Болғанмен сырты зәрлі, іші балдай,

Бауырым деп елжірейтін аға қайда,

Алтынның қолда барда қадірі жоқ,

Бұл күнде бір тиындай баға қайда?!

Жақсы екен сол заманым енді ойласам,

Мұңаям, уа дариға-ай, елді ойласам.

Қасірет, қалмас қайғы, таусылмас дерт,

Көңілге кетпес болып келді ойласам.

Мінімді сөге көрме ағатайым,

Жөн білмес кісі емессің қарапайым.

Айтуға артық сөзді тар орында,

Сақтанам бола ма деп жазатайым.

Көз көріп, қолмен ұстап тұрсың бәрін,

Болмаса сөйлер сөзің, тұрақ дайын.

Кең дүние, кемел өскен, еркім болса,

Ағызып жіберер ем сөздің майын.

Сол үшін басқа сөзден жасқанамын,

Ахуал не болады барған сайын.

Оқып жүр зеріккенде ермек болсын,

Бір сипаттап берейін Іле жайын:

Іле ху неше түрлі халық сенде,

Тоқ сенде, семіз сенде, арық сенде.

Күйзеліп, күйбең қағып күн өткізген,

Дүниеде күйсіз жүйрік анық сенде.

Асыл кен, жасыл кілем, тау да сенде,

Кәсіпшіл, малшы-егінші, сауда сенде.

Қимайтын бірін-бірі татулықпен,

Аңдысқан бірін-бірі жау да сенде.

Жас сенде, бала сенде, кәрі сенде,

Көз жұмып Құран ашқан хары сенде.

Тоймайтын алса-жесе араны ашық,

Нысапсыз жалмауыздың бәрі сенде.

Күйзелген, күңіренген жарлы сенде,

Тойып жүр мықтылардың қарыны сенде.

Ісіне ойы жеткен, бойы жетпей,

Айырылған асығынан зарлы сенде.

Жақсыға елжіреген ел де сенде,

Өсірген елі қорғап ер де сенде.

Әзілқой, албырт көңіл, айғай құмар,

Ішінде осылардың мен де сенде.

Кедейдің көбі жанын баға алмай жүр,

Басар жер, барар орын таба алмай жүр.

Тапқанын талап алып лау-алман,

Еркінше, ен көсіліп шаба алмай жүр.

Іле ху тауың биік, ойың қырдай,

Суың – сүт, шөбің – жұмсақ, жусан – сырдай.

Талай жан саған сеніп сенделем деп,

Бұтында дамбалы жоқ қалды тырдай.

***

Іленің тауы биік, ені жалпақ,

Жамылған жасыл көрпе, баста ақ қалпақ.

Жіберіп екі бұтын екі жаққа,

Көсіліп жатыр жайға, кеуде шалқақ.

Көз жетпес бұлдыр кезең, мойны қашық,

Ақ мамық желкесінде, кеудесі ашық.

Жамылған түлкі ішігін бәйбішедей,

Шынтақтап жатыр көлбеп, төсін ашып.

Қалғайған қасындағы қара шоқы,

Отырған баласындай етін қасып.

Жартаста жалбыраған жапырақтар,

Жалаудай жалпылдайды қойған асып.

Сылқ етіп, сүзе қарап, күлімсіреп,

Қылқылдап суы жатыр жылжып басып.

Шым батып, шымыр қағып, шыр айналып,

Көбігін езуінен сыртқа шашып.

Балықтар шошаң етіп, қайта сүңгіп,

Қыздардай шымшыласқан тиіп-қашып.

Жайқалған жағасында жасыл гүлдер,

Буланып су дымымен, жұпар шашып.

Көктем, күз, екі мезгіл бір қалыпта,

Жазды күн көтеріңкі көңілі тасып.

Мамырлап жағасында аққу мен қаз,

Жақтырмай жақындасаң қыңқылдасып.

Балпаңдап үйрек пенен сары ала қаз,

Ұрысқан кемпір, шалдай мыңқылдасып.

Таранып қанаттарын қарабайлар,

Күрсініп, науқас шалдай ыңқылдасып.

Әскердей мәш ойнаған сап-сап болып,

Көкқұтан, тырна көлде саңқылдасып.

Жар басы, судың қасы, құрақ шеті,

Тап-таза қойған шалдай мұртын басып.

***

Байқасаң Іле жердің ортасындай,

Егер де дене болса қолқасындай.

Тауы – алтын, тасы – күміс, ағашы – жез,

Сулары – еркек қойдың сорпасындай.

Өлкесі – бәйбішенің денесіндей,

Мұхиттың кеудесі бар кемесіндей.

Барлығын бауырына алып, тұр тербетіп,

Өсірген өз қолымен енесіндей.

Екі тау – екі жақта білегіндей,

Аспанның ағаштары тірегіндей.

Бестөбе, Бестамақтар бүйрек, бауыр,

Қатесіз Аралтөбе жүрегіндей.

Көк көрпе жатыр бойға өлшенілмей,

Есептің бұлақтары бөлшегіндей.

Көрінген көк жазықтан көк төбелер –

Бейне бір қыз-қатынның емшегіндей.

Іленің басы Күнес жылжып аққан,

Сарқырап құйған бұлақ әр тараптан.

Қасында Шапқы деген бір өзен бар,

Ағыны артығырақ шапқан аттын.

Қас деген сол жағында бір сіңілісі,

Баладай асау мінген жалбаң қаққан.

Жырғалаң, Көксу, Текес оң жағында,

Текіртіп мас қалмақтай атқа шапқан.

Қосылып бәрі келіп бір Ілеге,

Аптығын сонда басып, тыным тапқан.

Ыдырап торғын бұлт көк теңізше,

Жер жүзін жасыл ала пүліш жапқан.

Егіндік екі жағы мидай дала,

Жері жоқ келісімсіз ешбір шала.

Адамның кіндігіндей дәл ортасы,

Құжынап жатқан анау Құлжа қала.

Бір түрлі көшесіне көрік берген,

Мектептен кешкітұрым қайтқан бала.

Қыздары бәтеңкемен сықыр қағып,

Үйректей көлден ұшқан қоңыр ала.

Мырзасы пәуескемен яки жорға,

Заулатқан қысты күні мініп шана.

Жанаттай жайнап тұрған бақтары анау,

Мәжіліс ашылатын – съездхана.

Төменгі Күре, Сүйдін, Шипаңзалар,

Қарауыл, қашқандарға болған пана.

Сырты – егін, іші – сауда қайнап жатқан,

Қызырлы, берекелі бұл төрт қала.

Іленің айналасы таумен толған,

Басы – тас, ортасы – шым, даласы – орман.

Ойнаған ор киіктей қазақ, қырғыз,

Келеді байланыс қып небір зормен.

Болғанда тауы – Сасаң, тасы – Түкең,

Ағашы аралықта – Мішән, Шорман.

Ырғайы, тас жарғаны – Бәкең сынды,

Құтқарған сан қыранды түскен тордан.

Бұлбұлы – Оразалы, Бердікедей,

Алаштан асып туған өңкей жорғам.

Сілекем, Нақысбектер – арғымағы,

Сан қара оза шапқан қалың нордан.

Бұғысы – Жәкең, Дәкең, Мақаң сынды.

Қайыспас, қажымайтын жұртқа қорған.

Көгалды гөләйттаған шегірткесі –

Мінеки біз боламыз мұңлы болған.

***

Көк кезең бұлдырайды шығыс жақтан,

Түскендей мұнар басып патша тақтан.

Жол салып, тауды бұзып, тасты жарып,

Долданып ашулы су шапшып аққан.

Жарысып таудан бұлақ бәсекемен,

Бәстесіп түсіп жатыр заңғар шаттан.

Еміз деп енесіне жас баладай,

Ыңырсып қойныңды аш деп бұраң қаққан.

Сылқылдап бәйбішедей күліп қойып,

Салып қап шапалақпен бұлаң қаққан.

Бауырына ап толқындарын асығыспен,

Шу-шулеп кетіп жатыр, салып аттан.

Жайқалған жағасында көк құрақтар,

Аяғын баса алмай тұр ырғалақтан.

Өсімдік, жан-жануар аққан суды,

Жаратқан бәрін Алла мархабаттан.

Талайлар пайдаланып тау ішінен,

Аң қуған, мылтық алып, құрып қақпан.

Жан баққан тән иесі бәрі сонда,

Өзіне лайықты тұрмыс тапқан.

Аң шулап, құстар сайрап, тау жаңғырып,

Тоқылдақ тықылдатып ағаш шапқан.

Тұнық су, салқын ауа, таза шөптер,

Жұпардай тәтті иісін аспанға атқан.

Жас талдар бойын түзеп, моншақ тағып,

Керіліп кербез қыздай сылаң қаққан.

Танысқан қыз баладай қатар түзеп,

Балдырған ақ үкісін бұлаңдатқан.

Алысып аю, қабан, қасқыр, түлкі,

Шалғынға бірін-бірі жұмарлатқан.

Ысылдап бұғы, марал, таутекелер,

Қуалап бірін-бірі тыраңдатқан.

Жездесін ұрын келген көрген қыздай,

Суырлар кіріп-шығып, шұнаң қаққан.

Жылғада су майысып бұраңдаса,

Түнеріп таудың басы мұнарлатқан.

Елірсе жанды-жансыз жаз тойына,

Ыңырсып жалғыз бұлақ жылап аққан.

Хабарсыз дүниенің қызығынан,

Өліктей қара тастар сұлап жатқан.

Ғажайып табиғаттың сансыз түрін,

Көз тоймай көрген сайын құмарлатқан.

Көз сүзіп, көңіл бұзып қарап тұрсаң,

Шығады нелер қызық табиғаттан.

Бүркеліп ақ пердемен таудың басы,

Күн менен шағылысып қарсы тасы.

Жағалай қатар шыққан балапан тал,

Сықылды сұлулардың қара тасы.

Астынан ақ перденің көгерген шөп,

Кәдімгі қыз баланың самай шашы.

Басқаға қарағанда қарағайлар,

Секілді барлығының ата-анасы.

Тастамай жазы-қысы қара тонын,

Мұңайып, дерт толғандай айналасы.

Бұлт шығып, күн тұтылып, өткінші өтсе,

Тамшылап қан аралас көзден жасы.

Ухілеп самал тисе ыңырынады,

У болып тұрған шалдай ішкен асы.

Тағынып қара түйме, қабақ түйіп,

Ырғалып, ызғарланып, күшін жиып.

Долданған дәу перідей гу-гу етіп,

Әрең тұр қара тонға зорға сыйып.

Салбырап қабақ-қасы өңі қашып,

Біреу кеп бір сақалын кетсе қиып.

Сылдырап моншақтары ақ теректер,

Бұралса шашбаулары жерге тиіп.

Долданған күйіменен еңкейіп кеп,

Қарағай қайқаяды беттен сүйіп.

Қорланып кірлі ауызбен сүйгеніне,

Шайқақтап кете алмайды жанып-күйіп.

Қайың тұр қатарында күле қарап,

Желбірі қызыл ала көйлек киіп.

Жарылып гүл аша алмай рау ағаш тұр,

Мұң басып, жерге төніп, мойнын иіп.

Айналып ала бұлт аспанда ұшып,

Ұйтқып жүр бірде еңістеп, бірде биік.

Тұнық су, таза шөбін шайқап, щалып,

Ойнап жүр арасында түрлі киік.

Долығы долы шалдың тұр басылмай,

Қарайып кірпіш үйдің моржасындай.

Бәйтерек қағып, шымшып қалжыңдайды,

Замандас бір жыл туған құрдасындай.

Шетен тұр қатарында былқ-сылқ етіп,

Байлардың жаңа өспірім мырзасындай.

Күбірлеп жапырақтар қылады өсек,

Бұлардың жайын білген сырласындай.

Мөлдіреп тау бұршақ пен қарақаттар,

Сылдырап сұлулардың сырғасындай.

Бәріне тесе қарап долана тұр,

Кестелі кимешекті ұрғашыдай.

Тұнжырап түсі суық ұшпа тастар,

Шапаны – арша болып, жалбыр астар.

Төбеден төніп келіп үңілгенде,

Тік тұрып, бой шымырлап, төбе шаштар.

Ән қосып, ұлар, бұлбұл, байғыз, көкек,

Өлеңге жиылғандай сері жастар.

Әуенге төңкеріліп, бойы балқып,

Былқылдап биге басқан рау ағаштар.

Жас мерген осылардың арасында,

Қолында сырты сырлы қыл аумас бар.

Итмұрын итиіп тұр сөз аша алмай,

Өмірі қапалықтан көз аша алмай.

Тамылжып тұп-тұнық боп таңқурайлар,

Тізілген қыз баланың қозасындай.

Қаз қатар жерге төніп бүлдіргендер,

Маржанның жіпке тізген тазасындай.

Таңдайың дәмін татсаң тақ етеді,

Құлжалық Балтабайдың бозасындай.

Алма, өрік, езіліп тұр қатар пісіп,

Жел соқса тысыр-тысыр жерге түсіп.

Қарық боп аю, қабан, құрт-құмырсқа,

Ұйқы жоқ тойғанша жеп, қабағы ісіп.

Таңдап жеп жоғарғысын, шетін ойып,

Ызылдап ара, торғай айнала ұшып.

Батасың соған қарап рахатқа,

Шарбаттай таза ауаны қанып ішіп.

Азығы бар жандының Алла берген,

Кеткенше суық түсіп, қашан үсіп.

Күрең тау, жасыл жазық, тұнық аспан,

Үшпа тас қабақ түйіп, төніп бастан.

Сызылып таң белгісі мәшүрүһтан

Бозарып ай-жұлдыздың өңі қашқан.

Көрініп андағайлап ақ боз үйлер,

Қорадан сиыр өріп маң-маң басқан.

Түсті деп таң жарығы шаңырақтан,

Оң жақта екеу жатыр сыбырласқан.

Төсектен ширатылып зорға тұрып,

Кім еді ақ бақанмен түңілік ашқан?

Ләззәтті ыстық төсек балбыратып,

Көзі ашық, көңілі оянбай ұйқы мастан.

Сықырлап көк сауыры, қолда құман,

Көйлегі шұбатылып қырдан асқан.

Белесте сағым толқып, ирелеңдеп,

Шашырап күн әлемге нұрын шашқан.

Судан бу, таудан мұнар, күннің нұры,

Кезеңде күлімдесіп араласқан.

Тұйғыннан қашқан қудай ай барады,

Құдиып алды-артына қарамастан.

Кірпігін анда-санда бір қағады,

Жұлдыздар қатын құсап қара басқан.

Құбылып, түсі қашып Шолпан отыр,

Тұра алмай жатқан қыздай жалаңаштан.

Көмескі, зым-зия боп бәрі кетті,

Күн нұры қаптап еді ана бастан.

Түрінен өзін көрмей бәрі шошып,

Жоғалды хош деуге де жарамастан.

Бумен мас келіншектер төсегінде,

Қыңқылдап қырғауылдай бала басқан.

Иленіп ірге жақта жатыр көйлек,

Тонындай егіншінің жағаласқан.

Ентігіп ері жатыр мұрны тершіп,

Бұқадай көктемдегі мана басқан.

Жер тірей тұмсығынан жатыр терлеп,

Жығылған жылқы құсап сарамастан.

Денеге тәтті ләззат у жайылып,

Мастығы жатыр бойдан тарамастан.

Еріксіз екі жасты таң тұрғызды,

Оғымен махаббаттың жараласқан.

Жастықтың мастығымен жанды аямай,

Есеп қып атқан оғын санамастан.

Жарқырап таң сәулесі кетті қаптап,

Қарағай, нұр төгіліп қара ағаштан.

Кезеңнен күн күлімдеп шыға келді,

Сұлудай бөркін біреу ала қашқан.

Күлкісі барша әлемді мастандырып,

Таңырқап жан-жануар қамаласқан.

Нұрынан жан иесі пайдаланып,

Ішкендей аңсап-шөлдеп адал астан.

Ішінде осылардың Сәулебек жүр,

Жүзі солып, жүрегін жара басқан.

Қолында мылтығы бар, тау ішінде,

Томар жастық, төсек сап сары ағаштан.

Бойында жазылмастай бір дерті бар,

Жабысқан жазылмас боп бала жастан.

***

Күн күліп барша әлемге шашты нұрын,

Кіргізіп табиғаттың қашқан сұрын.

Жағалай босағаны жымың қағып,

Күйеудей қайнына келген ұрын.

Шықпенен бетін жуып, жер түрленіп,

Күтінді қалыңдықтай күні бұрын.

Аңқытып жұпар исін түрлі гүлдер,

Салбырап шекесінде жасыл тұлым.

Көкте құс, суда балық, тауда аң шат,

Кеткенге меңіреу түн – қара зұлым.

Қосылған күн мен түннің құрметіне,

Алысып жас балалар алым-жұлым.

Құс сайрап, бие байлап боз балалар.

Алысқан, аударысқан қуып құлын.

Қолында ақ таяғы мал қайтарып,

Шетте жүр ақсақалдар анақұрлым.

Ән салып, қиқу салып, жар басында,

Әлі жүр келген құстар жазғытұрым.

Шай құйып ақ шәйнекпен келіншектер,

Еріне ерке наз қып, қарап қырын.

Бір қаққан қабағымен сездіреді,

Теңіздей терең, жұмбақ ішкі сырын.

«Ауыз ти ертеңгі астан, төрежан» деп,

Қалжың қып қайнына етеді ырым.

Қой шулап, қозы маңырап, сиыр мөңіреп,

Беймаза ауыл сырты ырың-жырың.

Қалың қой шықты бетке қаптай өріп,

Жылқышы жылқы амандап қайтты көріп.

Астында ала өгізі, жанда торсық,

Барады қойшы қойдың соңына еріп.

Ала қап иығында сыр айтысып,

Дөңде жүр келіншектер, тезек теріп.

Сүйсініп қатындардың сауғанына,

Сиырлар тұр малжаңдап, бұтын керіп.

Жылаған бесіктегі жас баласын,

Жұбатты шешелері емшек беріп.

Қыдырған қымыз іздеп боз балаға,

Болып жүр жын сыбырлас, сайтан серік.

Тұнық су, салқын ауа, таза шөптің,

Ішінде не қылса да өзінде ерік.

Қыздар жүр ақ шалғышты бие сауып,

Үкілі шекесінде камшат бөрік.

Қыз құмар, қымыз құмар, сері жастар,

Ойда жоқ мал, дүние соған жерік.

Жүрген жан, жайылған мал, тігілген үй,

Дүниені түрлентіп тұр беріп көрік.

Болмаса қымыз бен шай, бағлан еті,

Айраннан қазақ, қырғыз шықы жеріп.

Күн шалды күлмің қағып шөптің басын,

Әлемді қоршады нұр айналасын.

Шықтанған жасыл шөптер нұрмен балқып,

Көзінен тамшылатып төкті жасын.

Бұраңдап қызыл гүлдер нарттай жанып,

Иықтан салбыратты маржан тасын.

Жіберіп ыстық лебін мастандырып,

Күн қалғып, күлімсіреп, қабақ-қасын.

Бал қурай басын шайқап, бұраңдаса,

Жас талдар майда, бұйра жайып шашын.

Қыздардай тойға жүрген ақбас қурай,

Жағадан жарқылдатып ақ танасын.

Сары торғай бұтағында сайрағанда,

Еріксіз айран-асыр боп қаласың.

Мың бұрап бұлбұл әнді жібергенде,

Алар деп ақылды ұрлап сақтанарсың.

Тыңдасаң ой жіберіп зарлы даусын,

Мұңайып терең ойды ақтарасың.

Аңқытып әтір исі желмен айдап,

Құбылып қызыл-жасыл гүлдер жайнап.

Бірде ашты, бірде орта, бірде нәзік,

Мұңайтты мұңдыларды бұлбұл сайрап.

Ішінде қалың гүлдің Анар отыр,

Көзінен жас төгіліп тісін қайрап.

Бұлбұлдың мұңлы даусы дертін қозғап,

Қасірет іште жатқан қозды қайнап.

Дерті үшін ғашығының жаны құрбан,

Өлімге қойған қашан басын байлап.

Егілтті мұңлы тиіп бұлбұл үні,

Жар үшін отырғанда қиял ойлап.

Жалғанда жар отындай жалын бар ма,

Қарасаң терең оймен түбін бойлап.

Қалықтап күн келеді көк жүзімен,

Дымданып бойы балқып жер сызымен.

Аққудай жалғыз қалған көл бетінде,

Күн кетті түндегі айдың өкше ізімен.

Тағзым ғып өсімдіктер иілтіп бас,

Дегендей тағы күнгі нұрыңды шаш.

Нұрыңа барлық әлем балқығанда,

Жалғыз-ақ жібімеген бір қара тас.

Еңкейіп жерге таман күн барады,

Ым қағып, деп жарына қойныңды аш.

Анар да кеш кірген соң қайтты үйіне,

Еріксіз екі көзден төгіліп жас.

Көлеңке қанат жайды, күн де батты,

Барша әлем түсі қашып күңгірт тартты.

«Күн кетті қараңғылық қаптайды» деп,

Жарықты жақтаушының қайғысы артты.

Мұңлы үнмен байғыз, бақа, шегірткелер,

Зарлатып неше түрлі ән шырқатты.

Түсіріп түн пердесін қараңғылық,

Қара жер қабақ-қасын салбыратты.

Қайғылы қалғу кіріп көзін жұмып,

Дүлей түн бар денесін балбыратты.

Түнеріп төмен қарап гүл бәйшешек,

Ағаштар жапырағын жамыратты.

Байғыз, судан басқаның дыбысы жоқ,

Тынық түн табиғатты маужыратты.

Қайғыға кірді тегіс жанды-жансыз,

Кеткендер шырт ұйқыға жатыр қамсыз.

Жалғыздар жар жағалап жар іздеп жүр,

Болар деп жалғыз жатқан ұйқы дәмсіз.

Сөнбесе сауық оты жүректегі,

Жатуды кім қалайды жалғыз, жарсыз.

Сұрша қыз өлеңінде демеді ме:

«Көз сүзген көрінгенге көңіл арсыз!»

Сол көңіл кімді болса адастырған,

Адасқан бір мен емес түгел барсыз.

Әркімнің лайықты бір жары бар,

Бола ма жаз жауынсыз, қысы қарсыз.

Ойлаңдар елестетіп өткен күнді,

Бәрің де сол қатарда бар шығарсыз.

Сөзімді тексеріңдер, сын беріңдер,

Қалмасын сөз жанданбай сөлсіз, нәрсіз.

Бұл сөзді осыменен қысқарталық,

Болады көп ұзарса өлең әрсіз.

Қожасы жоғарғының жалғыз құдай,

Бәрің сүй сол иеңді еш күмәнсіз.

1943 жыл, Үрімжі түрмесі

ШӘРІПҚАНҒА

Ассалаумағалейкүм!

– Мен Таңжарық.

Кеп тұрмын: Шақаң ғой – деп сізді аңғарып,

Алтайдың алып қыран ақ иығы,

Түстің бе құрған торға сіз де алданып.

Жақтамай жатпас елі адал ұлын,

Атағы айбар болған, жырлап халық.

Айтармыз ерлігіңді, серлігіңді,

Кетпесе көз жұмылып, тіл байланып.

Бәйтерек көлеңкелі шынар едің,

Өсіп ең тақыр дала, тасты жарып.

Жауыздың тамырыңа балта шапқан,

Түсерміз сары ізіне жарық болып.

Бұлақтай мөлдіредің қайнап аққан,

Қалайша бітетпекпіз ішпей қанып?!

«Бұл жалған – жалған» – дейді, сол рас па?

Бермесең өзің шешіп біле алмадық.

Малтадай өтірікті езе берсе,

Рас па кететіні шынға айналып?

Кейбіреу соған сеніп қол қоюға,

Жүр дейді бұл сұмдық қой ыңғайланып.

Алыстан көз жеткізіп көре алмадық,

Айнала шел басқандай тұманданып,

Ағады қашан тұнып Ертіс, Іле,

Бұл күнде әбден болды лайланып.

«Дүние кезек» деген рас болса,

Кезектен өстіп жүріп құр қалмалық.

Мұндайда жақынды алыс тартады екен,

Кісідей өкпесі бар қыр байланып.

Шірімес тамырымыз терең кеткен,

Өртенбес түссе қанша жасын көктен.

Көктеп бір, жайқалармыз әлі-ақ Шақа,

Ормандай қою қылып жақын еккен.

1943 жыл, Үрімжі түрмесі

Наши рекомендации