ОҚыту мен тӘрбиелеудіҢ педагогикалыҚ жҮйесі 5 страница

Бірінші бөлімде мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасаудың әрбір кезеңінде диагностикалау жұмыстарының маңызы көрсетіледі.

Екінші бөлімде арнайы (коррекциялық) мекемелерге арналған білім беру стандарттарының мазмұны беріледі. Олардың әрқайсысында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға психологиялық-педагогикалық мінездеме, аталған типтегі оқу пәндерінің тізімі, оқытудың ұзақтығы мен арнайы білім беру жағдайлары (материалдық-техникалық, әдістемелік қамтамасыз ету, оқытудағы техникалық құралдармен қамтамасыз ету, кадрлармен қамтамасыз ету) қарастырылады. Арнайы білім беру стандарты жалпы білім берудегі дайындық, профилактикалау мен сауықтыру жұмыстары, еңбекке баулу, алғашқы кәсіби дайындықты қалыптастыру түріндегі білім берудің талаптарын бейнелейді.

Стандарттың негізгі жобасы барлық елдерге сай келетін жалпы бөлімді, аталған территорияның ұлттық-аймақтық жағдайлары мен ерекшеліктеріне қарай қолданылатын екі бөлімді қамтиды. Арнаулы білім беру стандарты өсіп келе жатқан ұрпақтың өмірге келген күнінен бастап өмір сүруі мен әлеуметтенуін қамтамасыз етуші бағыттарға негізделеді. Стандарттау проблемасы елімізде жаңалық емес, ол осы уақыта дейінгі дефектология ғылымының құрылу тарихынан бастау алатын арнайы білім берудегі мектептік жүйелердің құрылу кезеңдеріне негізделеді.

Арнаулы білім берудегі коррекциялық-педагогикалық процесс өзара бір- бірімен байланысты компоненттерді анықтаушы біртұтас жүйені құрайды. Оның мазмұны жеке тұлғаның жалпы және үйлесімді дамуын анықтаушы міндеттермен анықталса, екінші жағынан білім берудегі ұжымдық, жеке оқытудың мақсат, міндеттерімен анықталады.

Құрылымдық компоненттер мен коррекциялық-педагогикалық процестің мазмұны әрбір білім беру мекемесіндегі нормативтік құжаттармен анықталып, «Даму бағдарламасы», «Білім беру бағдарламасы» түріндегі өздерінің ішкі жүйелік құжаттарын құрайды.

Мекемедегі «Даму бағдарламасы» таңдаған білім беру моделіне байланысты басқару әрекеттерін, бағдарламаның тұжырымдамасын, даму жүйесінің мазмұнын құрастырады. «Білім беру бағдарламасы» әр мекемедегі кешенді бағдарламалар мен ішкі құжаттар негізінде педагог кадрлардың жұмысын регламенттейді. Аталған құжаттарда даму ортасы, оқу-тәрбиелік жұмыстардың міндеттері, педагог кадрлардың біліктілігін арттыру жұмыстарының мазмұны көрсетілуі тиіс. Корекциялық-дамыта оқытудың тұжырымдамасына сәйкес (С.Г.Шевченко, 1999ж.) корекциялық-педагогикалық процестің құрылымы белгіленеді.

Коррекциялық - педагогикалық процесті ұйымдастырудағы жұмыс түрлері  
диагностикалық –кеңес беру  
дене шынықтыру - сауықтыру  
тәрбиелілік- сауықтыру
коррекциялық-дамыту
әлеуметтік-педагогикалық көө

Диагностикалау жұмыстары сауықтыру, коррекциялық-дамытушылық, тәрбиелік-дамытушылық іс-шаралардың мазмұнын бейнелей отырып, коррекциялық-педагогикалық процесте ерекше орын алады.

Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арнайы білім беру ұйымдарындағы (балабақшалар мен мектептер) психологиялық-педагогикалық процестің технологиясы мынадай міндеттерді шешуді көздейді:

-әр баланы жан-жақты зерттеу: ерте балалық шаққа тән оқу бағдарламасының деңгейлеріне сай жеке ерекшеліктерді, танымдық әрекеттегі ерекшеліктерді, эмоциялық-ерік сферасындағы ерекшеліктерді, сөздік қор мен қоршаған орта туралы түсініктерді, түрлі әрекеттерді игерудегі іскерлік пен дағдыларды анықтау;

-нақты бағдарламаларды жеке және топтарға арналған бағдарламалар түрінде конструкциялау, жүзеге асыру;

-коррекциялық оқыту жағдайлары мен білім беру бағыттарын анықтауда бала дамуының динамикасын зерттеу;

-психологиялық-педагогикалық бақылау мен танымдық, эмоциялық-ерік сферасындағы әрекеттерді зерттеуде ұқсастықтарды саралау;

-мектеп бағдарламарын игерудің деңгейін диагностикалауда баланың мектепке оқуға дайындығын анықтаушы параметрлерді белгілеу және оқу бағдарламасын игертудің формаларына таңдау жасау.

Сонымен, коррекциялық-педагогикалық процесс баланы оқыту міндеттері мен балаға психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудің жолдарымен байланысып отырады. Бұл міндеттерді шешу білім беру, білім берудің тиімділігі, оның бағасы туралы мәселелермен байланысты. Мұндай байланыстар барысында диагностикалау-мониторинг жұмысы анықталады.

Дамудағы кемшіліктердің анықталуы мен байқалуы балаларды арнаулы (түзету) мекемелерге, балабақша топтарына топтастыруда қиындықтар туғызып отырады. ПМПК мамандарына осындай ұқсастықтарды диагностикалаудың міндетерін шешуде жоғары кәсіби қасиеттер қажет. Осылайша, топтағы оқушылар контингенті әр түрлі болуы мүмкін. Педагогикалық жағынан артта қалушылық балалардың әлеуметік бейімдеуін, білім беру ортасына үйренісуін қиындатады. Корекциялық педагогикадағы, арнайы психологиядағы мамандар жұмысының жетістіктеріне қарамастан, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды саралауда диагностикалау, жеке психологиялық-педагогикалық көмек көрсету жұмыстары нақты зерттеулерді талап етеді. Бүл проблема білім беру жүйесіндегі интеграциялау тенденцияларымен байланысты өзектілігін арттыруда. Педагогтардан интеграциялау жағдайында балабақша түлектерімен, мектеп оқушыларымен жұмыс жасаудағы жеке оқыту бағдарламаласын құру талап етіледі. Мұндай жағдайларда баланың мүмкіндігі мен білім беру қажеттіліктерін анықтау үшін, тұлғалық және танымдық даму сферасындағы жекеленген жетістіктерді бағалау мен болжау құралы ретінде диагностикалық зерттеулер қажет.

Арнайы балабақшалар мен арнайы мектептердегі диагностикалық зерттеулер ПМПК зертеулерінде қолданылатын міндеттерден, әдістерден ерекше болады. ПМПК алдындағы негізгі міндеттер дамудағы кемшілікті, кемшіліктің мінездемесін, баланың білім алу мекемесінің түрін анықтау болып табылады.

Арнайы білім беру ұйымдарындағы диагностикалау жұмыстары коррекциялық-педагогикалық процестің негізгі құрылымдық компоненті мен процестің тиімділігін арттырудың құралы. Жан-жақты түрде жүргізілген зерттеулердің нәтижесі жеке және топтық коррекциялық-білім берушілік бағдарламаларды құрып, коррекциялық-дамытушылық процестің тиімділігін анықтайды. Диагностикалық жұмыстардың ережелері Л.С.Выготский, А. Р. Лурия, В.И.Лубовский, Д.Б.Эльконин т.б. зерттеулеріндегі психологиялық-диагностикалық принциптер негізінде құрылады.

Жан-жақты тексеру принципі бойыншабала дамуындағы кемшіліктерді анықтаудатүрлі мамандардың (дәрігерлер, психологтар, педагогтар) бірігуімен жүргізілетін жұмыстардың мазмұнын анықтап, диагностикалаудың әрбір бағыты саралау жұмысының мақсаты мен міндеті анықталады.

Баланы зерттеудегі жүйелілік принципі кемшіліктің дамуындағы құрылымдарды, кемшіліктің иерархиясын анықтайды. Психологиялық-педагогикалық зерттеуде бұзылған психикалық процестерді, олардың бағасын анықтау ғана емес сақталған психикалық процестер кезінде анықталады.

Зерттеу қорытындыларының талдауын сандық және сапалық жағынан біріктіру приниципі тапсырманың орындалғаны немесе орындалмағаны туралы фактілерді анықтайды. Мұнда негізгі зерттеудің сапалық түрдегі қорытындысы бірінші бола отырып, мынадай міндеттерді көздейді:

- баланың өз қателігіне немесе әрекет қорытындысына деген қатынасын анықтау;

- психикалық әрекеттің шартты формаларын қамтамасыз етуші функциялардың бағасын беру;

- мағыналы түрдегі әрекеттер мен оның қорытындыларын мағынасы жағынан талдау;

- педагогтың, жолдастарының ескертулеріне берген реакциясындағы ерекшеліктерді айқындау;

- бала әрекетін сапалық жағынан арттыратын жағдайларды айқындау;

- психикалық процестердің сапалық ерекшеліктерін және олардың даму деңгейін айқындау.

· Динамикалық әрекет принципі баланың жас ерекшелігін есепке алу көзқарастары тұрғысында психикалық функциялардың жетілу реттілігі мен дамуын, онтогенез заңдылықтарына қалайша сәйкес келетіндігін анықтайды. Коррекциялық оқытуда бала дамуындағы кемшіліктің динамикасын міндетті түрде есепке алу қажет. Берілген тапсырмаларды орындаудың қиындығы қандай кездерде байқалатынын, яғни баланы оқытудың шынайылығын, потенциалдық мүмкіндігінің қаншалықты екендігін анықтайды.

Л.С.Выготскийдің концепциясына сәйкес психикалық дамудың екі деңгейін, яғни дамудың өзектілігі мен «жақын даму зонасын» баланы зерттеу процесінде анықтау керек. Жаңа әрекеттерді орындаудағы балаға ересектердің көмек көрсетуін, әрекеттерді өзгертуде баланың білім алу ерекшелігін анықтауға болады. Оқыту бір жағынан негізгі диагностикалық-саралау негізінде орындалса, екінші жағынан коррекциялық-білім беру жұмыстары оқушы мен педагог арасындағы жұмыс стилін таңдауға мүмкіндік береді.

Әрекет принципі жас ерекшелік кезеңдеріне сай жүргізілген диагностикалау жұмыстарын құруда негізге алынады. Мектеп жасына дейінгі балаларды зерттеуде заттық және ойын әрекетінің қалыптасу деңгейі, оның негізгі құрылымдық компоненттері (ойын ережесін түсіну, зат пен әрекет байланысын анықтау) анықталуы керек. Мектеп жасындағы баланы зерттеуде оқу әрекетіне, мектеп дағдыларының игерулі деңгейіне көңіл бөлінеді.

· Дамудағы кемшілікті ерте диагностикалау ерте балалық шақтағы коррекциялық-дамыту жұмыстарын жүргізуде түрлі функциялардың сензитивтілігін есепке алу, потенциалды мүмкіндіктерді анықтауға мүмкіндік береді.

· Диагностика мен коррекцияның бірлігі жеке және топтық жұмыстарға арналған коррекциялық-дамыта оқыту бағдарламаларын құруда тексеру жұмысының қорытындыларын нәтижелі түрде қолдануға жағдай жасайды. Баланы зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттерін анықтау, диагностикалау әдістемелеріне таңдау жасауда арнайы маман психиканың дамуындағы жалпы заңдылықтарды, тұлға дамуының негізгі кезеңдерін, жоғары психикалық функциялардың қалыптасу логикасын, мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың психологиялық ерекшеліктерін білуі тиіс.

Баланың жеке білім алуға қажеттіліктерін тексеру кезінде анықталған танымдық және жеке дамудың көрсеткіштерін есепке алады. Диагностикалау процесін құрудағы арнайы мамандардың алдына қойылатын талаптар мен ережелерді былайша сипаттауымызға болады:

Арнайы білім беру мекемесіндегі диагностикалық әрекетті ұйымдастырудың талаптары:

· диагностикалау әрекетін ұйымдастыруда нормативтік-құқықтық құжаттарды, білім беру мекемесінің қабылдаған ішкі жүйелік құжаттарды негізге алу керек;

· диагностикалық зерттеу технологиялары ғылыми негізде құрылып, экспертизаға ұсынылатындай болуы керек;

· диагностикалау процесіне қатысушылар тексеру жұмысы кезінде ата-аналармен танысуда, қарым-қатынасқа түсуде «Ар-намыс кодексі мен ережелерін» сақтауы керек;

· диагностикалау процесіндегі бағалау жұмыстары кезінде баланың потенциялдық мүмкіндігін, жақын даму зонасын есепке алу керек. Баланың жеткен жетістігінің көрсеткіші дамудың әрбір кезеңінде арнайы педагогтардың жеке жұмыс жүргізу әдістері мен технологияларын таңдауға мүмкіндік беретінін есте ұстаған жөн;

· арнауды білім беру мекемесіндегі диагностика игерілген білім беру бағдарламасының көлеміне (білім, іскерлік, дағды) ғана емес, сол білім көлемін игерудегі қалыптасқан психологиялық механизмдерді де (психологиялық-педагогикалық, сауықтыру, баланы жалпы дамыту ортасының жағдайы) есепке алу керек;

· диагностикалау әдістемелеріне таңдау жасауда баланың жетістігін сандық және сапалық жағынан талдауға мүмкіндік беретін бағалау өлшемдеріне берілген әдістемелерге назар аудару керек. Тестілеу жұмыстары ерекше жағдайларда ғана (мысалы, психомоторлық дамуды бағалауға арналған Н.И. Озерецкийдің өлшемдік тесті) қолданылуы керек;

· кез-келген диагностикалау жұмысы белгілі мақсатқа бағытталуы тиіс.

Тексеру жұмысы кезінде кең тараған, тәжірибеден өткен әдістер мен диагностикалау әдістемелерін (Л.А.Венгер, С.Д.Забрамная, И.Ю.Левченко, Е.А.Стребелева, У.В.Ульенкова, О.Н.Усанова, Л.С.Цветкова) қолддану керек.

- Эксперименттік-психологиялық зерттеулер мен ұзаққа созылған бақылау жұмыстарының өзара бірлігі бала дамуының көрсеткішін бағалау, психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудегі тиімді жұмыстардың жүргізілуін қамтамасыз етеді.

- Баланы алғашқы тексеруде психологиялық-педагогикалық кеңес беру орталығының мамандары (ПМПК) жүргізеді. ПМПК мамандары балаға арнайы білім беретін мекеменің түрін анықтап, баламен жүргізілетін жұмыстардың негізгі бағыттарын анықтайды

- Арнаулы балабақша немесе арнайы мектеп жағдайында балаға бірнеше бағытта құрылған жан-жақты диагностикалық тексеру жұмысы жүргізіледі.

Психологиялық тексеру бала бойындағы кемшіліктің құрылымын, деңгейін, тәрбиеленушінің психологиялық даму ерекшеліктерін анықтайды. Диагностикалау жұмысының бұл бағыты жыл бойы жүргізілетін коррекциялық-дамыту бағдарламасының мазмұны мен міндеттерін анықтауға көмектеседі.

Педагогикалық тексеру қоршаған орта туралы білім деңгейін, алдағы уақыттағы игерілетін білім көлемі үшін дағды мен іскерліктің жағдайына болжам жасайды.

Арнаулы білім беру мекемесінде бірнеше кезеңнен тұратын диагностикалық зерттеу мен динамикалық бақылау жұмыстары ұйымдастырылады

I кезең – оқу жылының басында (қыркүйек айы) жүргізілетін тексеру. Бұл кезеңнің мақсаты - кемшіліктің деңгейін, сипатын анықтау. Зерттеу қорытындыларының нәтижесіне қарай жеке баламен, топпен жүргізілетін коррекциялық жұмыстардың жоспары құрылады.

II кезең – оқу жылының ортасында (қаңтар айы) жүргізілетін тексеру. Бұл кезеңнің мақсаты бала дамуының динамикасын, білім беру бағдарламасын игерудегі қиындықтарды, олардың себептерін анықтау.

II кезең– оқу жылының аяғына (мамыр айы) жүргізілетін тексеру. Бұл кезеңнің мақсаты - бала дамуының динамикасын, алдағы уақытта жүргізілетін жұмыстардың түрлерін анықтау.

Балаға жүргізілген жан-жақты тексеру жұмыстарының қорытындысы қажетті құжаттарға тіркеледі. Алынған қорытындылардың нәтижелеріне қарай тәрбиеленушілердің әрбіреуімен жүргізілетін жұмыстардың әдіс-тәсілдері, оқу-тәрбие жұмысының мазмұны анықталады. Баламен жүргізілетін тексеру жұмысына арнайы педагогтар, ПМПК мамандары қатысады. Күрделі кемшілік кезінде бала арнайы консилиумның тексеруіне жолдама алады. Консилиумның қорытындысы бойынша қажет болған жағдайда ПМПК тексеруіне диагнозды бекіту үшін қайта жібереді.

Бақылау және мониторинг психологиялық және педагогикалықмониторинг түрінде жүргізіліп, білім беру процесінің динамикасын анықтау, білім беру процесін ұйымдастыру барысындағы туындаған жағымсыз жағдайлардың алдын алу, оларды түзету, жою жұмыстарын көздейді. Білім беру жүйесіндегі мониторинг коррекциялық-дамыту бағдарламалары мен оқу-тәрбие процесіндегі тиімді технологияларды анықтауға жағдай жасайды.

Арнайы білім беру мекемелері оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру барысында білім берумен қатар сауықтыру жұмыстарын ұйымдастырады. Мұндай жағдайлар ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде болуын, шығармашылыққа баулу жұмыстарының кеңінен қолданылуын жүзеге асырады. Мониторинг жүргізу психологиялық-педагогикалық процесті бақылауға алу, диагностикалау жұмыстарының қорытындысын шығару, оларға талдау жасау, арнаулы білім беру жүйесіндегі педагогикалық ұжымның жалпы жұмысын бақылауға алу, оның қорытындысын шығару, интерпретациялар енгізуде тиімді болып табылады.

Арнаулы білім беру мекемелеріндегі мониторинг объектілері мыналар:

· баланың нервтік-психикалық және физикалық дамуы;

· баланың психоэмоциялық жағдайы мен бала тұлғасының дамуы;

· мектепке дейінгі ұйымның жалпы жағдайына бейімділігі;

· баланың түрлі әрекеттері кезіндегі дамуы (коммуникативтік, заттық, ойын, продуктивті, оқу әрекеті, т.б.)

· арнаулы мекемедегі жағымды жағдайлардың баланың жалпы дамуына әсері;

· емдік-сауықтыру жұмыстарының баланың физикалық дамуына әсері;

· инновациялық процестердің дамуы, оның арнайы мекеме жұмысының сапасын арттыруға ықпалы;

· тәрбиешілердің, логопедтердің, мұғалім-дефектологтардың, психологтардың педагогикалық әрекеті, кәсіби деңгейдегі өсу жағдайы;

· арнаулы мекеме мен отбасының қарым-қатынас жасаудағы түрлі аспектілері;

· мектеп адаптациясы, үлгерім қорытындылары.

Диагностикалау, бақылау-мониторинг жүргізу жұмыстары арнайы білім беру мекемесіндегі коррекциялық-педагогикалық процесті дұрыс ұйымдастыру, түрлендіру, жұмыстың тиімділігін көрсетуге бағыт береді.

Кеңес беру жұмыстары мүмкіндігі шектеулі балалармен арнайы мамандардың ұйымдастыруымен арнайы педагогтар мен ата-аналардың тапсырыстары негізінде жүргізіледі. Сонымен қатар, алдағы жүргізілетін жұмыстардың мақсаты мен міндеттері де анықталады. Кеңес беру жұмыстарын психологтар, логопедтер педагогикалық және диагностикалық бағытта жүргізеді.

Кеңес беру жұмыстарын ұйымдастырудың түрлі деңгейлері бар. Оларды жеке түрде қарастырсақ, бірінші деңгейінде кеңес беруді ұйымдастыру жұмыстары жүргізіледі. Екінші деңгейінде білім беру, іскерлік пен дағдыны игертудегі кеңес беру жұмыстары құрылады. Үшінші деңгейде қарым-қатынасқа түсу, шындық құбылыстармен танысудағы ақпараттарды игерту жұмыстары жүргізіледі. Кеңес беру жұмыстары барысында этикалық қағидаларды, психологиялық кеңес берудегі әдістемелік тәсілдерді есепке алуымыз қажет.

Педагогика ғылымы мен білім беру тәжірибесіндегі маңызды бағыттардың бірі - коррекциялық білім беру мазмұны. Осыдан он жыл уақыт бұрын шамасында мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпы білім беретін мектепке дейінгі және мектептерде оқытудың жағдайлары туралы мәселелер көтерілген жоқ. Қазіргі күрделі теориялық және практикалық, өзекті мәселелердің қатарында психофизикалық дамуында кемшілігі бар балаларды әлеуметтік бейімдеу мен интеграциялау, коррекциялық-дамыту оқыту мен тәрбиелеу жүйесін ұйымдастыру басты - мәселе. Шет мемлекеттерде, соның ішінде Ресейде білім беру мекемелеріне коррекциялық-дамыта оқыту жұмыстарын енгізу ісіне баса назар аударылған. Бұл мәселенің білім беру мазмұнын ғана қамтымай, әлеуметтік-қолдау мен қорғау туралы мәселе екенін есепке ала отырып, Халыққа Білім беру Министрлігі мен Еңбек министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі дамуында физикалық, психикалық кемшілігі бар балаларға білім беру, медициналық көмек көрсету, әлеуметтік қолдау көрсету жүйесі қабылданған. Осы мәселелер төңірегінде «Мүгедектерді қорғау мен қолдау» Заңына сәйкес ақыл-ой дамуында және физикалық дамуында кемшілігі бар балаларға білім беру мекемелерінің тізбегі бар. Бұл мекемелердің барлығы «Білім беру тулары Заң», «1999-2003 жылдарға арналған білім беруді дамыту» бағдарламасы, «Мүгедек-балалар» туралы арнайы бағдарламалар бойынша жұмыс жасайды. Коррекциялық білім беру жүйесі қоғамдық компонент ретінде біраз өзгерістерді айқындап, арнайы білім берудің құрылымына, мазмұнына, мақсатына, міндетіне әсерін тигізеді. Соңғы кездері коррекциялық білім беру мазмұны білім беру бағдарламалары мен білім беру мазмұнын түрлендіре отырып ұйымдастыруға бет бұрды. Көтерілетін мәселелердің мазмұны коррекциялық білім берудің психологиялық-педагогикалық аспектілеріне талдау жасау арқылы сипатталады. Аномальды балаларды оқыту мен тәрбиелеу- күрделі әлеуметтік және педагогикалық мәселе ретінде мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды өз мүмкіндектеріне сәйкес қоғамдық өмірге араласуға, өз бетінше әрекет ете білуге қалыптастыруды мақсат етеді.

Көрсетілен заңнамалық құжаттарда бекітілген арнаулы терминдердің мағынасына сәйкес түзету, қолдау жұмыстары ұйымдастырылады.

Коррекция (латын тілінен аударғанда сorrеctio-түзету) дамудағы психофизикалық кемшіліктерді түзетуге бағытталады. Коррекциялау терминін қолданған кезде, жеке кемшіліктерді (көру, есту) түзету деп қабылдағандай, аномальды баланың жеке тұлға ретіндегі қалыптасуына біртұтас оқыту мен тәрбиелеу кезінде жетістіктерге жетуді мақсат ету керек. Бала дамуындағы танымдық әрекет пен физикалық дамуды жаңғырту түсінігі «коррециялық-тәрбиелеу жұмысы» терминімен анықталады. Коррекциялық тәрбиелеу жұмысы аномальды балалардың жеке кемшіліктеріне ықпал ете отырып, кемшіліктің әлеуметтік біртұтастықты тежейтіндігін ескеріп, кешенді педагогикалық әсер ету жүйесін құрайды. Ол баланың танымдық әрекеті мен жеке ерекшеліктерін дамытудағы қарапайым механикалық жаттығуларды жүргізу ғана емес, арнайы мекеменің оқу-тәрбие процесіндегі әрекетін қамтиды.

Коррекциялық-тәрбиелеу жұмысының міндеттеріне баланың еңбек, білім, іскерлік, дағдасын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылатын кластан тыс тәрбие жұмыстарының барлық түрлері кіреді. Оқыту мен дамытудың ерте кезеңінде аномальды баланың қоршаған орта туралы елестетуі, өзіне қызмет ету дағдысын қалыптастыру, ерікті қозғалысқа түсудегі әрекеттерін қалыптастыру жұмыстары жүргізіледі. Одан әрі қарай коррециялық-тәрбиелеу жұмысы аномальды балаларға білім беруге бағытталады.

Компенсация (латын тілінен аударғанда сompensatio-организмдегі сақталған анализаторлардың көмегімен дамудағы кемшілікті қалыпқа келтіру процесі) процесі жоғары нерв әрекетінің резервтік мүмкіндіктеріне сүйенеді. Аномальды балалар дамуындағы компенсация процесі кезінде шартты байланыстар арқылы жаңа динамикалық жүйелер, кемшілікке ұшыраған функциялардың қызметі жүзеге асады. Арнайы оқыту мен тәрбиелеу кемшілікке ұшыраған функциялардың дамуы мен қалыптасуына мүмкіндік береді. Компенсация процесі кемшілікті толығымен жойып жібере алмайды, дегенмен кемшіліктердің әсерінен пайда болған жалпы қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Сондықтан әлеуметтік компенсация негізіндегі құрылған әдістер арқылы аномальды баланы әлеуметтік тәрбиелеудің маңызы зор. Компенсация процесі негізінде түрлі әлеуметтік қатынастарға араласу, белсенді қарым-қатынасқа түсу, қоғамдық пайдалы әрекетке баулу жұмыстары жүргізіледі. Арнайы педагогикалық әрекет неғұрлым ерте басталса, соғұрлым компенсация процесіндегі жетістіктердің көрсеткіші артады. Дамудың ерте кезеңінде басталған коррекциялық-тәрбиелеу жұмыстары дамудағы екінші кемшіліктің алдын алып, бала дамуына жағымды жағдайтуғызады.

Наши рекомендации