Сот баллистикасының объектілерін табу және қарау
Оқиға болған жерді қарау кезінде келесідей сұрақтарды шешу үшін: а) атыс қарулары шын мәнінде қолданылған ба? ә) қандай қару және оқ -дәрілер қолданылған? б) қандай объектілерде ату іздері бар? в) атылған оқтың бағыты мен ара қашықтығы қандай? г) қаруды атқан тұлғаның ату үстінде ықтималды тұрған жері? д) өзін-өзі ату фактілеріне жата ма? е) қарудың атылу жағдайы қандай, ол құлау, бір нәрсеге соғылу нәтижесінде атылып кеткен жоқ па және басқа да сұрақтарды анықтап алу қажет.
Қаруды қарау, бекіту және алу. Оқиға болған жерде табылған қару-жарақты қарау кезінде міндетті түрде төмендегідей тәртіп талаптары сақталуы тиіс:
· қаруда қалған іздер: қол іздері, қан тамшылары мен басқа да дененің ұсақ бөлшектері (тері, ми және т.б.) өшіп қалмас үшін оқпанның ауызғы бөлігінен (оқ шығатын) ұстауға болмайды, сонымен қатар, өзінің қол іздерінің қару бетіне түсіп қалмауы үшін қаруды кедір-бүдір жерінен немесе шетінен, болмаса қолға қолғап киіп ұстау қажет;
· қарудың оқпанын өзіне немесе қоршаған ортадағы адамдарға қаратып ұстауға болмайды, оны жоғары қаратып ұстау қажет;
· қару оқпанына қандай да бір заттарды кіргізуге, тығуға, салуға болмайды, бірақ оқпанның ішіндегі күйе, порох және т.б. бөлшектердің жоғалтып алмас үшін оқпан ұңғысына абайлап қалпақ кигізу керек.
· міндетті түрде қарудан оқты алып тастау қажет;
· қару оқпанын ешқандай затқа тақауға болмайды;
· шаппалы күршекке, атқыш ілмекке тиісуге болмайды;
· қаруды құлатуға болмайды.
Қару табылған жағдайда, ең алдымен түйінді және детальды фототүсірілім ережелері сақталына отырып масштабты сызғышты қолдану арқылы фотосуретке түсіріледі. Фотосуретке қарудың түрі мен оның табылған жері ғана емес, сонымен қатар оның жеке бөлшектерінің: оқпан, серіппе (курок), бекітпе (затвор) және т.б. жағдайлары көрсетіле отырып түсірілуі қажет. Қару соққысының немесе оның құлау іздерін табу мақсатында қоршаған ортадағы барлық объектілердің – еденнің, құмның беткі қабаттары қаралады. Содан кейін екі бағыттағы жылжымайтын объектіге және мәйіттің қолына дейінгі арақашықтық анықталады.
Қаруды қарау үшін оны таза қағаздың үстіне қойып тексеру қажет. Хаттамада қандай да бір бөгде объектілердің (қол, шаш, ми, тері бөліктері және т.б. іздерінің) табылған жерлері туралы мәліметтер жазылады. Тергеуге қажетті объектілер арнайы пакеттерге салынып буылып-түйіледі. Қарудан магазині ажыратылады, ал патрон салғыштан (патронник) патрондар алынады. Хаттамада магазин ішіндегі қалған патрондардың саны мен олардың маркілік және т.б. белгілері бекітіледі. Аңшы мылтықтарынан оның оқпаны ажыратылады. Бұл тәртіп ережелері револьверді буып-түйю кезінде қолданылмайды. Өйткені олардың каморалары атылған гильзалардан да, патрондардан да ажыратылмайды. Себебі олардың каморалардан атылған гильзалар да, патрондар да шықпайды. Маркілік белгілері бойынша хаттамада қандай камора (немесе патрон) оқпанға қарсы орналасқандығы жөнінде белгіленеді және каморадағы гильзалар мен патрондардың орналасу жүйесі жазылып бекітіледі. Қарудың оғын алып тастағаннан кейін оның маркілік белгілері, жеке құрылымдық (конструкциялық) ерекшеліктері анықталады.
Мәйіттегі атыс қаруынан қалған жарақаттарды қарау кезінде мәйіттің денесі мұқият қаралады. Денесі мен киіміндегі жарақаттардың орналасуына және олардың формасына, жарақаттың жиектеріне, қабатталу (отложение) аймақтарына аса көңіл бөліп қарау қажет. Сонымен қатар, оқтан түскен жарақат жәбірленушінің киімінен табылса, саңылаудың жиегіндегі мата жіптерінің ұзындығына, ал жарақат жәбірленушінің денесінде болса, онда жарақат жиегінің терісіне көңіл аудару керек. Міндетті түрде мәйіттің киіміндегі, денесіндегі, оның айналасындағы қан дақтарына аса көңіл бөлінуі тиіс. Бұл ату кезіндегі жәбірленушінің орналасу жағдайын анықтауға мүмкіндіктер береді. Жақыннан ату іздері сондай-ақ, мәйіттің қолдарынан атыс қаруы табылған кезде мақтаның (тампон) көмегімен іздер алынып олар жеке пакеттерге салынады.
Оқиға болған жерді қарау хаттамасына тек қана нақты мәліметтер енгізіледі. Ату іздері табылған заттарды хаттамада сипаттау кезінде мыналар көрсетіледі: із табылған зат, оның орналасқан жері, жарақаттың түскен орны, жарақаттың түрі, өлшемі мен басқа да ерекшеліктері. Мысалы, бытыраның шашырап тиген іздері болса, онда оның жайылу жиілігі, тию саны өлшенеді.
Мәйіт денесіндегі жарақатты хаттамада сипаттау кезінде оның денесінінің қай бөлігі жарақаттанғандығы, киіміне келтірілген зақымдар, оның кезектілігі мен саны, жыртылған жерлері және де киімінің түймелену жағдайы көрсетіледі.
Оқтарды табу, бекіту және алу. Табылған оқтардың дәлелдемелік маңызы бар екендігі сөзсіз. Оқиға болған жерді қарау кезінде ең алдымен қару қанша рет атылғандығын анықтау керек және атылған барлық оқтарды іздестіру қажет. Оқтарды іздестіру – тесіп шыққан және жанасқан зақымдарды қарау арқылы бұл объектілерді зерттеу кезіндегі анықталған бағыттардан басталады. Анықталған бағыт бойынша кездесетін барлық объектілер – құм, қар, шөптер және т.б. мұқият қаралады. Тығындарды тапқан кезде, әсіресе, қолдан жасалғандарын, оны бүлдіріп алмас үшін өте мұқият болу керек. Қолдан (қағаз түйірлері мен мата кесегінен) жасалған тығындар табылған кезде олардың ерекшелік сипатын анықтау үшін таза қағазға оралады және хаттамаға бекітіледі. Киізден жасалған тығындардың бүйіргі беткі қабатын (кесу іздерін табу мақсатымен) мұқият қарау қажет. Олар ұзыннан созылған жол тәріздес болып келеді. Мұндай іздер табылған жағдайларда тексерілетін тұлғалардан, олардың қолданылған құралдарын іздестіру қажет.
Гильзаларды табу, бекіту және алу. Атылған гильзалардың жатқан жерін (орнын) табу жөніндегі мәселелер көбінде қолданылған қарудың түрлеріне байланысты болып табылады. Атыс қаруларының бірқатар модельдерінің гильзалары автоматты түрде алынбайтын болғандықтан, оларды әртүрлі жерлерден тауып алуға болады. Қаруды атқан адам гильзаларды кез-келген жерлерге лақтырып тастауы мүмкін. Мұндай ситуациялар револьверді қолданған кездерде кездеседі. Кейбір жағдайларда гильзалар автоматты тапаншалардың оқпанында да қалып қоюы мүмкін. Бұған атылу мерзімінде тапаншаны қолымен ұстап қалу нәтижесінде бекітпе бөлігінің қабында гильзаның қысылып қалуы бірден-бір себеп болады.
Кейбір жағдайларда гильзаларды табу өте қиынға соғады, олар қардың астында, шөптердің арасында қалуы мүмкін. Сондықтан металл іздейтін құралдарды пайдалану керек. Бұл операциялар нақты белгіленген жерлерде жүргізіледі.
Ал кейде керісінше алдымен гильзалар табылып, кейінен сол гильзалар бойынша қарудың моделі, атқан адамның ату кезіндегі тұрған орны анықталуы мүмкін.
Нөмірлену кезектілігі сақтала отырып гильзаның табылған жері (орны) хаттамаға бекітіледі және схемасы сызылып көрсетіледі. Гильзалар масштабты сызғыштың көмегімен детальды түсірілім әдісі бойынша фотосуретке түсіріледі.
Гильзалардан қол іздері табылуы мүмкін, сондықтан да гильзаны қарау кезінде оның түпкі және ауызғы бөлігінен ұстаған жөн.
Хаттамада гильзаны сипаттау кезінде міндетті түрде келесі жәйттер көрсетіледі:
-оның табылған орны ( жері) мен жағдайы;
-гильзаның материалы, түрі формасы (цилиндірлі, бөтелке тәріздес), өлшемі (ұзындық диаметрі және ішкі диаметрі);
-маркілік белгісі;
-оқты орнықтыру әдісі;
-боек ізінің сипаттамасы (формасы, орналасуы, размері);
-кем-кетігінің, ақауының, сызаттың, бөгде заттар мен жанған порох иісінің болуы.