Баян сҰлуҒа арналҒан монолог немесе сӨйленбеген сӨз

("Қозы Көрпеш Баян сұлу" эпосының 1500 жылдық тойында айтуға арналған лебіз)

Бұл той — ұлы той. Өйткені, махаббат тойы. Махаббатқа арналып дүниежүзінде тұңғыш рет өткізіп отырған ғой.

Махаббат адам жанының жалауы. Ол: адамгершілік, адалдық, әділдік, ақпейілділік, пәктік, мөлдір тазалық, ұлы іңкәрлік. Махаббат — адам жүрегінің ен асыл қазынасы.

Махаббатқа адалдық қасиеті қазақ халқының жүрегінен ерекше орын алған. Соның ұлдары мен қыздарының жүрегінде мәңгілік мекен тепкен. Сол себептен де сенің атынды 1500 жылдан бері туған халқың аузынан түсірмей атап келеді, ардақты Баян!

Біз Сен туралы дастанды бала жасымыздан жаттап өстік. Студент кезімізде махаббаттың ұлы жыршысы Ғабит Мүсірепов ағамыздың Сен туралы жазған тамаша туындыны сахнадан сан рет көрдік. Көрдік те көкейіміздің алтын сандығына сақтадық.

Содан соң соғыс кезінде де (1941 -1945) Сен біздің жүрегімізде жүрдің. Өйткені, Сен жас жүректі үздіксіз қытықтайтын махаббат деген ұлы сезімнің символы болдың. Анаға, әкеге, балаға, бауырға, жолдасқа, досқа деген барлық махаббаттың бастауы Сен болдың, Баян!

Бала күнімізден санамызға сіңген Сенің қазақ қызы екеніңді білетінбіз. Сөйтсек, Сен қазақ ішінде Найман елінің қызы екенсің ғой, ардақты апа. Сағағынан үзіліп түскен қызыл алма өзі өскен ағаштың түбіне құлайды. Сен де сол қызыл алмадай болып өз жерінде Найман елінің Сыбан руы ту тіккен Аягөз алқабында жатырсың. Сондықтан да дүние жүзіндегі ең ұлы той махаббат мейрамы Аягөз өлкесінде өтіп жатыр.

Сұлу қыз, көркем әйелдер көп қой қазақта. Көп! Солардың ішінде ең сұлу, ең сымбатты, ең сүйкімді, ең әдемі, ең ақылды қыздар Найманнан шыққан. Жүрегінде оттай лаулаған махаббатымен артқы ұрпаққа тарихи жыр болып қалған асыл арулардың көбі Найман сұлулары. Осы қасиеттеріне қарап үш жүздің жақсы жігіттерінің бәрі Найман қыздарына құмартқан, ғашық болған. Ұлы Абайдың өзі Найман елінің бір тарауы Сыбан жұртынан шыққан әрі ақын, әрі шешен, әрі әдемі, әрі ақылды Қуандық сұлуға ғашық болғаны айдай әлемге аян.

Есімі бүкіл бір тайпа елдің атына айналып кеткен Мұрын анамыз — Найман қызы.

Қазақ Халқының маңдайына біткен ұлы данамыз алып Абайдың әжесі Зере анамыз Найман қызы.

"Ту тіккен Тобықтының қолбасшысы Тоқтамыс Жуантаяқ деген кісінің" аяулы інісі кемеңгер Кебек батыр құлай сүйіп, құшақтасып өлген ару Еңлік Найман қызы.

Тіпті, ұлы Шәкәрім жазған "Қалқаман — Мамыр" поэмасындағы Мамыр сұлу да Найманның жиені екен деседі.

Ал, қазақ әйелдерінен шыққан ең атақты ақын, ұлы Біржанмен айтысы ұлтымыздың мәңгілік мәдени мұрасы болып операға айналған Сара да Найман қызы.

Сол сияқты Тұрсынхан Әбдірахманова, Марфуға Айтқожина, Гүлнәр Салықбаева, Азия Мағыпарқызы, Айнұр Тұрсынбаева, Ақмарал Ілеубаева және Құралай Әлкенбаева сайрап тұрған сандуғаш, шырқап тұрған бұлбұлдар емес пе?! Тек Найман қыздары ғана емес, Фариза Оңғарсынова, Күләш Ахметова, Ақұштап Бақтыгереева сияқты қазақтың ақын қыздарын кім кеміте алады? Осылардың бәрі дүниежүзінің қай ақын әйелдерінен кем? Кем емес! Тіпті артық та!

Айтыс ақындары Айнұр мен Құралайдың, Әселхан мен Тәушеннің немесе Ақмаралдың жер бетінде ешқандай теңдесі жоқ. Өйткені, айтыс өнері тек қазаққа ғана тән. Бұл тек қана қазақ халқының жеке меншігіндегі асыл өнер! Өзге ешбір халықтың қолы жетпеген ғажайып өнер!

Тек ақын ғана емес, найман қыздарының ақылға кенен, ғылымда кемел, сөзге шешен, іске шебер, ойға озық, баласын батыр, күйеуін батыл етіп шығаратын қарапайым дана әйелдері қаншама! Сол себептен де XX ғасырдағы қазақ басшыларының, ғалымдар, ақын-жазушыларының көбі Найман қыздарына үйленген. Найман қыздарына қызығушылар қазір де аз емес!

Ұлы жүздің Домалақ анасы, Орта жүздің ұлағатты Ұлпаны, Кіші жүздің Қыз Жібек аруы тәрізді ең атақты, әйгілі қазақ әйелдерінің бәрі сенің сіңлілерің болған, Баян aпa. Солардың бәрі Сенің ақ, адал, асыл махаббатыңнан үлгі алған. Саған мың рақмет, миллион рақмет, ардақты Баян!

1952 жылы мен жас жарым Халиманы ертіп, Алматыдан Аягөзге келдім, аяулы апа. Ол кездегі "Мыңбұлақ" совхозында тұратын жарымның жақын туыстарына сәлем бердік. Бірнеше күн Аягөзді шарладық. Мен ол кезде республикалық "Социалистік Қазақстан" (қазіргі "Егемен Қазақстан") газетінде партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейтінмін. Аягөз аупарткомының бірінші Хатшысы Бейсенбаев деген кісі көлік беріп, қасымызға кісі қосып, Сенің бейітіңе тәу етіп қайтуымызға бізге мүмкіндік жасады.

Біз Сіздің бейітіңізді құшақтап тәу еттік. Сонда әйелім:

Сейфіл Мәлік — Жамалдай

Бейнетіңе көнсем-ай!

Қозы Көрпеш — Баяндай

Бір молада өлсем-ай!

— деп ақырын сыңсып ән айтты. Әсеттің осы бір шумақ өлеңі біздің Саған оқыған, Қозы жездеміз екеуіңе бағыштаған құранымыздай болды. Сендер Қозы екеуің қазаққа мұсылман діні келмес бұрын өмір сүргендіктен, Әсет әнінің қайырмасын айтып, бет сипауды орынды көрдік. Әннен кейін келіншегім:

— Біз де өлгенде Баян апамыз бен Қозы жездеміздей болып, бір молада қатар жатсақ-ау! — деді.

— Әрине, — дедім мен әйелімнің арқасынан қағып.

Сол жан жарым, әдеби серігім, Өзіңізге әнмен аят оқыған Халима сіңліңнен айырылып қалдым. Былтыр көз жазып, сыңарынан айырылған аққудай аңырап, жалғыз қалдым, Баян aпa. Біз Сіздерден үлгі алған, Сіз екеуіңіздей бір-бірімізді шексіз сүйген ғашық едік. Өмір бойы бір-бірімізге ғашық болып өттік. Осыдан 28 күн бұрын 21 шілдеде (19 тамызда Таңсық стансасынан түсіп, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу бейітінің басына барғанда сөйлермін деп есептегенім ғой) мәңгілік ғашығым Халиманың басына сонау Маңғыстаудан алдырып, ракушка (ұлутас) деп аталатын аппақ ақ тастан Алатаудың Кеңсай деген биігінің төбесінде ақ күмбез орнаттым. Өз күмбезін тәріздендіріп, ұлттық үлгімен алты қанат киіз үй тәрізді етіп көтердім. Біздің күмбездің (дәм таусылған күні мен де, Сіз сияқты, жан жарымның жанына жайғасамын ғой) Сенін 1500 жылдық тойың қарсаңында біткенін жаныма қуаныш, жақсы ырым еттім. Енді Өзіңнің жатқан жеріңнен бір уыс топырақты орамалыма түйіп алып, сіңліңнің қабіріне апарып себемін.

Қазір сол сіңлің туралы роман жазуға кірістім. Соны жазып шығуыма медет бер маған, ғашықтардың қасиетті пірі Баян aпa!

(Жұртқа арнап):

Ардақты ағайын!

Егер сіз Алматы қаласының қақ ортасындағы Панфилов паркінің ішіндегі Мәңгілік алаудың қасына бара қалсаңыз, бұрылып, сол жердегі Офицерлер үйінің арқасына қарай көз салыңыз. Сонда ар жақта, Алатау иығында тұрған аппақ сағана көзіңізге шалынады.

Ол — Баян сұлудың сіңлісі Халиманың күмбезі.

Егер сіз Алматыдан үлкен тас жолмен Талғарға қарай кетіп бара жатсаңыз немесе I, II Алматы стансасынан шығып, пойызбен Семей, Өскемен жағына жол тартсаңыз, онда оң жағыңызға көз салыңыз. Сонда шағаладай ақ кесене Сіздің назарыңызға ілінеді.

Ол — Баян сұлудың сіңлісі Халиманың күмбезі.

Егер Алматы аэропортынан аттанып бара жатсаңыз немесе Алматы әуежайына қонғалы келе жатсаңыз, Сізге ұшақ терезесінен төменде тұрған ақ мазар көрінеді.

Ол — Баян сұлудың сіңлісі Халиманың күмбезі.

Ол да, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудікі сияқты, махаббат күмбезі.

Мәңгілік махаббат мұрасы!

(Баянға):

Қазақта: "Той дегенде қу бас домалайды" деген мақал бар. Оны өзің де талай естіген шығарсың бала күніңде, асыл aпa. Бірнеше рет инфаркт болып ауырғандықтан мен соңғы 10-15 жылда Қазақстанда өткен ханның, бидің, батырдың тойларының бірде-біріне бара алғаным жоқ. Тіпті, Тәуелсіздіктің он жылдық тойына да қатыса алмадым.

Бірақ Сіздің тойыңызға қатыссам деп ынтықтым. Өйткені, бұл махаббат тойы ғой. Ағарған қу бас қана емес, үлкенді-кішінің кеудесіндегі қызыл жүректер тегіс домалайтын той ғой. Мәртебелі махаббат туралы үнемі жазып келе жатқан жазушылардың бірі болғандықтан бұл тойдан мен қалай қалмақпын? Сондықтан сырқат жүрегімді қолыма алып, мен де жетуге тырыстым бұл тойға. Махаббат тойының үстінде өлсем өліп-ақ қалайын деп ойладым.

Қазақтың ескі дәстүрі бойынша мұндай ұлы тойға сойысқа мыңғыртамалайдап, ішуге саба-сабақымыз әкелер еді.Жазушының жылқысы да, қойы да, қымызы да жазған кітабы ғой.

Аты мәңгі өшпейтін Баян aпa, мен сіздің тойыңызға шашу ретінде сонау Алатаудан арқалап, 150 дана кітабымды әкелдім. (1500 жылдың әр он жылына бір кітаптан). Бірнеше мектептерге компьютер, автомошина сатып әперген, бірнеше ақындар айтысына демеуші болған, сондықтан да осы заманның Атымтай жомарты атанған осы Аягөз ауданының перзенті, халқымыздың ардақты азаматы Нұртай Сабильянов өз қаражатына шығарып берген "Қаламгер" мен "Өмір өрнектері" деген өз кітаптарым.

Бұл шашу кітаптарды Өзіңнің осы ұлы тойынды үлгілі етіп өткізіп отырған Аягөз әкімі, аяулы бауырың Марат Әкірәмов інімнің қолына табыс етемін, Баян aпa. Марат бауырым оны тойға келгендерге тәбәрік ретінде таратып берер.

Махаббат тойы — мәңгілік той. Тойларыңыз құтты болсын, ардақты Баян aпa, аяулы Қозы жезде. Жатқан жерлеріңіз жайлы, топырақтарыңыз торқа болсын, махаббаттың қос періштесі, қос Тәңірі!

Осы тамаша тойды өткізуге құрылған арнаулы комиссия мүшелеріне, Аягөз ауданының халқына, Шығыс Қазақстан облысының басшыларына және дүниежүзінде тұңғыш рет өткізіліп отырған махаббат тойына келген бәрлеріңізге мың рақмет. Аман-сау, бақытты болыңыздар.

Махаббат тойы мәңгі жасасын.

16.08.2002 жыл.

Алматы.

ЕСКЕРТУ:

Бұл сөз сөйленбей қалды. "Қозы Көрпеш Баян сұлу" дастанының 1500 жылдық тойына баруыма дәрігерлер рұқсат етпеді. Тойға апармақ болып әзірлеген шашу кітаптарымның бір бөлігін бара жатқан жігіттерден беріп жібердім.

 (Шығыс Қазақстан облыстық "Дидар" газеті, 10 желтоқсан, 2002 ж.)

Наши рекомендации