Нге Қосып айтуҒа арналҒан ӨлеҢдер
ХАЛИМА
("Ғайни " әнімен)
Халима ау, қыз күніңнен болдым ғашық.
Қосылдық тоғыз жылда құшақтасып,
Өткіздік елу төрт жыл бақытты өмір,
Қиындық талай-талай қырдан асып.
Қайырмасы:
Халима ау, сәулем,
Шіркін-ай, қайта келсе сол бір дәурен!
Күн сайын қосылған соң ғашық болдым.
Махаббат, мейіріміңмен тасып толдым.
Құтқарып ажалдан да, апаттан да,
Мен үшін уайым жеп талай солдың
Қайырмасы:
Халима ау, қалқам,
Жүргенім менің шалқып Сенін арқаң.
Түсімде күнде көріп, сағынамын.
Төрдегі суретіңе табынамын.
Өзіңнің өнегеңді елге жайып,
Тағдырдың бұйрығына бағынамын.
Қайырмасы:
Халима ау, жаным,
Өзіңсің өле-өлгенше айтар әнім!
15.02.2006
ХАЛИМАНЫҢ КҮМБЕЗІ
("Зәуреш" әнімен)
...Халима, біз екеуіміз архив кездік.
Тарихи дерек жинап, үйден бездік.
Мәскеуге, Подольск, Брест барып,
Атқардық қызметті жиһанкездік.
Ерлердің опат болған ізін кестік.
"Бұл жатқан боздақтар ғой біздің" дестік.
Мәншүк пен Әлияға тауап етіп,
Великие Луки, Невельмен сәлемдестік...
Енді Сен менен мүлде алыстасын.
Мекенің Алатаудың биік басы.
Жатырсың Ақ күмбезде жалғыз Өзің,
Кеп тұрмын мөлт-мөлт етіп көзден жасым.
Қасыңа келдім Сенің жүзден аса.
Көркіңді көңілімнен етпей таса.
Үнемі "Халима!.." деп аңырап келем,
Бір рет үн қатпадың тым болмаса.
Сипаймын топырағыңды келген сайын
Тағы да құлпытасты құшақтайын.
Баян мен Қозы Көрпеш күмбезіндей,
Халима, қабырыңнан айналайын.
27.02.2006.
ХАЛИМАҒА ХАТ
Дүниенің бар қызығы
Махаббатсыз толмайды екен.
Жаның сүйген жардан артық,
Ешбір байлық болмайды екен, Халима!
Шын махаббат жүректегі
Ешқашан да солмайды екен.
Қанша қызық көрсең дағы
Жардың орны толмайды екен, Халима!
Махаббат нұр, алтын сәуле,
Жарқыраған жақұт екен.
Махаббатпен өмір сүру —
Өлшеуі жоқ бақыт екен, Халима!
Халима жан, жүрегімді
Бала күннен еттің мекен.
Сеніменен өткен жылдар
Қол жетпейтін жұмақ екен, Халима!
Жалғыз қалып, жер ортада,
Не тындырам, енді не етем?
Жер жастанып жығылғанша,
Бір Өзіңді жырлап өтем, Халима!
16.02.2006
ШІНШІ БӨЛІМ
ХАЛИМАНЫ ЕСКЕ АЛУ
І тарау
КӨҢІЛ АЙТУЛАР
27-шілде 2001 ж
Алматы қаласы Әкімінің орынбасары
Қайрат Ахмедиұлы Бөкенов мырзаға
Бүгін менің әйелім Халима Қалиәкпар қызы Өзбақанова Нұршайықова өмірден өтті. Ол кісі кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер аналардың бірі еді.
Сізден өтінерім: Кеңсай зиратындағы опат болған құрметті ардагерлер жайғасатын жерден екі кісілік орын беруіңізді сұраймын.
Екінші орын өзіме тиісті болса екен деймін.
Зор құрметпен Әзілхан Нұршайықов.
Айран, Халима
"Мен Халекеңнің жымиысын, сол кезде жүзінен нұр шашып тұратын мейірімін ылғи аңсап жүремін. Жетпістен асқан адамға да анасындай мейірлі апа керек екен-ау" деп жазыппын ертеректе белгілі жазушы Әзекеңнің, Әзілхан Нұршайықовтың зайыбы Халима жеңгей туралы ("Жас Алаш", 23-сәуір, 1998 жыл).
Нұршайықовтар отбасымен 45 жыл араласып жүріп, өмір сүрген екенбіз. Осы уақытта дос-жараныңнан білмейтін не сыр қалады?! Халима жеңгей Әзекең үшін туа қалған жар еді.
Танысқанда 1939 жылы екеуі де 17-де екен. Содан бірінен бірі көз жазбаған.
Әзекең алпысыншы жылдардың ортасынан бері жүрек сырқатына шалдықты. Бұл сырқаттың апарар жері инфаркт. Ал инфаркттің... Халекеңнің Әзекеннің жаны үшін осы сырқатпен ондаған жыл бойы қалай келгені дос-жарандардың көз алдында. Ортада Әзекең. Бір жағында оған тап-тап беретін сұрқия сырқат, екінші жағында сұм сырқаттың бетін қайтару мақсатында күреске түскен жары Халима. Халима бұл сырқатты үнемі жеңіп келді. Өзін тұтастай Әзекең өміріне арнаған Халима жеңгей ерінің бойындағы сырқатпен күресіп жүріп, тағы бір сұрқия сырқаттың өзіне қайдан, қалай, қашан келіп қалғанын білмепті де. Сол сырқат Халекеңді өткен жұмада пәниден бақиға алып кетті.
Әзекең өзінің жан жарынан, дос-жарандары "Жазушының жары осындай болу керек" деп үлгі көретін асыл жеңгемнен айырылдық.
Сенің жарқын бейнең, Халеке, өзіңді білгендер жүрегінде мәңгі сақталады.
Қалмұхан ИСАБАЙ.
("Қазақ әдебиеті", 3-тамыз, 2001 жыл, №31.)
АЯУЛЫМЫЗ ЕДІ
2001 жыл. Шілденің 28-і. Сағат 13. Кеңсай зиратының төрінде тұрмыз. Батыс еңісте Алматы түтінге тұншығып жатыр үстіне қоңыр қошқыл құрым киіз жауып, тұмшалап тастаған дерсің: көшелерінде күндіз-түні лықсып үрген жүз мыңдаған автокөлік уы қаланың екі өкпесін ыстағалы қашан!
Біз де демімізді ауыр ауылымыз. Жас қабірдің лақаты артық-ауыс топырағынан аршылуда. ол тылсым орынға жайғастырылар мүрде қалын кілемге оралып, қабірдің шығыс жиегінде жатыр. Халима апайымның мүрдесі. Жаңа ғана алып келгенбіз. Қимасымыз Халекең бұл фәнимен кеше таңертең қоштасты. Біз Халекеңмен қазір қоштасамыз. Демімізді ауырлатқан — осы ауыр қайғы.
Алматының апталап шығарып мезі еткен шілденің аңызағы кешеден бері пәс. Аспанда көкшулан бұлт торлап, әуе салқындады. Алатау шындарын жаңбыр шая бастады ма, қалай? Нөсер хабаршысындай тамшы бізге де жетті. Бірақ, санап түсіріп тұрғандай, анда-санда ақырын ғана тамды. Жаңбыр жауатын сияқтанса да жауа қоймас, аспан да ойға беріліп аза тұтып, танымды көне табиғат көз жасын сабырлы сығып тұрған шығар. Мен де ойға шомдым. жасым алпыс бестен асқан бұл ғұмырымда өзіме таныс, қызметтес, сапарлас, сұхбаттас сырлас болған әйел заты аз болған емес. Туған-туысқаны өз алдына. Кешеден бері солардың бәрін де көз алдыма сан келтіріп, сана сүзгімнен сан өткіздім. Солардың арасында Халима апайдың тұлғасы дара, бейнесі биік.
Апайым мен көрнекті қаламдасым Әзілхан ағаның еңбекшілдігімен жүздескеніме, дәмдес болғаныма отыз жыл екен. Осыншама мерзімде Халима апайымның: әйелі болып Әзекеңе, шешесі болып балаларына, әжесі болып немерелеріне не дауыс көтергенін, не ажырая қарағанын, не ренжіп тымырайғанын көрген емеспін. Алыс-берісті алыс-жақын абысын-ажынына, тіпті аралас-құралас жасы кішінің біреуіне қабақ шытқанын көрген де, естіген де жоқпын. Тәңірдің артық-кемсіз жаратқан адамы екен ғой! Айтса, сенгісіз десек те, ақиқат жайт!
Тамшы тырс-тырс. Жан жағымдағы үлкен-кіші ер-әйелдерге қараймын: жүздері қаяулы, кебінің көзіне жас іркілген.
Аза тұта жиналған көпшілік Халима апайға иманы жолдас, топырағы торқа болуын тіледі.
Әзекең асыл жарымен қоштасу сөзін қыстыға айтып тұр:
— Мен еліме мәлім журналшы, жазушы Әзілхан Нұршайықов болсам, менің шығармашылық еңбегімді жандырған өзіңсің Халима. Менің жазғандарымның бәрін өзің машинкадан өткіздің, баспалардың терім қателерінің бәрін корректор боп өзін түзеттің. Менің ең бірінші оқырманым да сыншым да өзің болдың. Халима, сен — менің барша кітабымның қосалқы авторысың. Жүрек сырқаты қинаған жылдарға аялаған, әлпештеген қамқоршы періштем де, ләйім жанымда дәрігерім де сен едің.
Сыңарынан көз жазған аққу құстың құмыға шыққан сұңқылын естіп тұрғандай күй кештім. Сондай күйде жүргеніме де, міне, бүгін қырық күн.
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ
("Қас қағым сәт ", №2, қыркүйек, 2001 ж.)
КІМЕТ ЖЕДЕЛХАТЫ
Астанадан. 1.08.2001 ж.
Алматы. Ә. Нұршайықов.