Азақстандық патриотизмнің мәні.
Патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, әрбір азаматтың мемлекет алдындағы борышын жанқиярлықпен орындау.
Ал қазақстандық патриотизм Қазақстан азаматының өзін осы елдің төл баласы, нағыз азаматы ретінде сезінгенде, Қазақстанды өзінің туған елі, Отаны деп есептеген жағдайда ғана қалыптасады дей келе, Қазақстанның патриоты қандай болу керек екенін белгілесек, онда оның ерекшеліктері мынада:
1. Қазақстанда 130–дан астам ұлт өкілдері тұрады, көп ұлтты мемлекет. Барлығы Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне ерекше құрметпен қарайды, шын ниетімен қадірлейді. Қазақстан азаматының Конститутциялық құқығын сақтайды. Әрбір ұлттың Қазақстанды ортақ үйіміз деп санай білуі.
2. Қазақстанда тұратын барлық халықтардың ұлтына қарамай, Отанды қорғауға дайын болуы. Қазақстан халықтары Ассамблеясында қабылданған барлық шешімдердің іске асуына өз септігін тигізуі.
3. Бұл әрбір азаматтың тек өзінің конституциялық борышын өтеуі ғана емес, сонымен бірге оның тұлғалық сапаларының қалыптасуы.
4. Қазақстан халықтарын ұлы державалық патриоттық сезімге ұмтылдыру мақсатында қазақстандық ғажайыпқа сендіру, оны мақтаныш еткізу.
5. Қазақстан Республикасының азаматының Отанын қорғауға деген оң көзқарасын қалыптастырып, Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің әскер қатарында болатынына ұлттық патриоттық мақтаныш сезімін тудыру.
6. Қазақстан Республикасының әскери доктринасына сай Қазақстан халқының мүддесін көздеуде патриоттық сезімдерін ояту.
Әрбір халықтың тарихи өмірінде қол жеткізген ең құнды дүниелері – рухани және адами қасиеттері, құлықтылық (моральдық нормалар) үлгілері бар. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие - ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін замандар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен құлықтылық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып, әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды. Ұлттық тәрбие – адам өмірінің алтын арқауы. Ұлттық тәрбие жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды жоққа шығармайды, қайта солармен үндесіп жатады. Бұлар бір-бірін байытып, құнарландырып отырады. Ұлттық тәрбиеден тереңдеп нәр алған адам – рухани бай адам. Ондай адам жалпыадамзаттық тұрғыдан мәдени және рухани құндылықтарды бойына тезірек сіңіреді, сөйтіп, толық әрі кәміл адам дәрежесіне тезірек жетеді. Ұлттық менталитет – тұнып тұрған рухани қазына. Халықтың тілі мен мәдениеті болсын, салт-дәстүрі мен наным-сенімі болсын – мұның бәрі де әрбір халық үшін асыл да қымбатты рухани дүниелер. Әсіресе, наным-сенімнің әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше.
Ұлттық тәлім-тәрбиенің дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосқан қазақтың көптеген зиялы оқымыстылары жеке басқа табынудың құрбаны болды, қудалауға түсті. Мұның өзі ұлт мәдениетінің өсуін үлкен тежелуге әкеліп соқтырды. Халық педагогикасы жөнінде ғылыми-зерттеулер жүргізуге шек қойылды. Ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, өмірге енгізу санадағы ескінің сарқыншағы деп бағаланды. Халықтық дәстүрлер өзінің қоғамдық мәнін жойып, отбасылық мәнге ғана ие болды. Оның өзі бертін келе, мектеп, жоғары оқу орындарының тәрбие жұмыстарының негіздеріне кірді. Тәрбиелік жұмыстар коммунистік идеологияға негізделіп, оқу-тәрбие жұмыстары негізінен орыс тілінде жүргізілуіне байланысты қазақ тілі біртіндеп өмірден шеттеле бастады.
Оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар орыс тілінің аудармасы негізінде пайдаланылып, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері ескерілмеді. Студенттерге жан-жақты тәрбие беруде үлкен жауапкершілікті мойындарына алған студент жастар ұйымдары негізінен коммунистік тәрбие принциптеріне сүйенді. Жоғарғы оқу орындары оқу-тәрбие жұмысының бағдарламалары, әдістемелік нұсқаулар ұлттық тәлім-тәрбиенің ерекшеліктерімен санаспады. Ұлттық тәрбиедегі ұрпақ сабақтастығы сақталмады. Осыған орай, кейбір мәселелердің басын ашып алмай тұрып патриоттық тәрбиені дұрыс жолға қою мүмкін емес екені анық. Республикамыз бір саяси құрылымнан екіншісіне ауысып, басқару жүйесі жаңа сападағы қарым-қатынасқа бет бұрған өтпелі кезеңде қазақ этнопедагогикасы негізінде студенттерге патриоттық тәрбие беру жұмыстары дағдарысқа ұшырағаны белгілі. Бұндай жағдайда заман ағымына қарата пайда болған тың ұғымдарды айқындап, оларға анықтама беру қажеттігі туындады. Ұғымдар, түсініктер, ереже, қағидалар арқылы студенттер санасында білім қалыптасып, ол өз кезегінде оның іс-әрекетіне бағыт береді. Біздің пайымдауымызша, патриотизмге тәрбиелеуде қазақстандық патриотизммен қатар сүйенетін негізгі ұғымның бірі – ұлттық патриотизм.
Ұлттық патриотизмді қалыптастыруда салт-дәстүрлердің атқаратын орны ерекше. Ұлттық патриотизм дегеніміз – ең алдымен, белгілі бір ұлттың өкіліне сүйіспеншілікпен қарау, оның ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасып келе жатқан құндылықтарын бойына сіңіру. Тереңірек пайымдасақ, мұның өзі ұлттарды ұлылауға бағытталып, ілгеріде жүргізілген кереғар ұлт саясатының кесірінен ұмтылып қалған дәстүрлердің жаңғыруы арқылы әрбір адамның патриотизмін күшейте түсіру болып табылады.