Азіргі заман білім жүйесін реформалаудың негізгі бағыттары 3 страница
I Петр заманындағы мектептің жайы.Петрдің қолындағы «Рухани регламент», білімді қайта құру жобасын толықтай жүзеге асырмады. Дегенмен сол жобаның ықпалынан Петрге дейінгі қалыптасқан бір типті білім екі бағытқа бөлінді - шіркеулік және дүнияуи, соңғысының аясында түрлі кәсіби мектептер пайда болды. Петр заманындағы жаңадан ұйымдастырылған білім сипатына тоқталсақ, біріншіден, ол кәсіби бағыт алса, екіншіден, сословиелік жіктелуді күшейтті, өйткені бұл тұста дворяндарды қолдау саясаты күшті жүргізілді.
Петрдің алғашқы бастамасы мемлекеттік мектепте бұқара халықтардың балаларын оқыту үшін - цифирлік мектептер ашуынан басталды. Ол мектеп патша жарлығымен 1714 жылы 10-15 жас аралығындағы бұқара халықтың балаларынан мемлекеттік қызметтің төменгі деңгейіне қызметкер даярлауды көздеді. Негізінен онда әскери қызметке, завод және кеме жасайтын жұмысшылар даярланды. Цифирлік мектептер кәсіби мамандыққа арналған даярлық кезеңі болып саналды.
Оқу мазмұнында сауат ашу, арифметика, бастапқы геометрия қамтылды. Ондағы мұғалімдік қызметке мәскеулік математика мектебі мен кеме жүргізу (навигация) мектептерінің шәкірттері тартылды. Бірақ цифирлік мектептің ғұмыры қысқа болды, себебі ондағы оқуға төленетін қаржыны бұқара халықтың жағдайы көтермеді. Алайда, бұл мектептің жұмысы педагогикалық тәжірибені дамытты.
XVIII ғасырдың басында әскери адамдар мен теңіз мамандарының балаларын оқытатын армия мен флоттың төменгі басшылық құрамына қызметкерлер, кеме жасау және жүргізу мамандарын даярлау қажеттігі туды. 1698 жылы Преображенск полкінің жанынан артиллерия мектебі ашылды. Онда сауат ашу, есепке үйрету, артиллериялық іске баулу жүргізілді. 1721 жылы ондай мектептерді әр әскери полкте ашу жайлы бұйрық берілді.
Кәсіби жұмысшыларды даярлау үшін кен-заводтық мектептер ашылды. Мұндай мектеп 1716 жылы алғаш Карелияда ашылды. Ол мектепке кедейленген дворян отбасыларының 20 шақты баласы алынып, оларға оқу-жазу, арифметика, геометрия, кен және артилерия ісін меңгертті.
1701 жылы Мәскеуде артиллерия-инженер мектебі, 1703 жылы Мәскеу инженер мектебі, 1719 жылы Петербург артиллерия мектептері ашылды.
1707 жылы Мәскеудегі әскери госпиталь жанынан хирургия мектебі ашылды.
Мәскеудегі математика және навигация ғылымдары мектебі сол кезеңдегі алдыңғы қатарлы мектеп саналды. 1707 жылы Петр I-нің жарлығымен түрлі келеңсіз жағдайларды болдырмау, оқу сапасын арттыру мақсатында оқушыларды қатаң жазалау шарасы енгізілді. 1715 жылы бұл мектеп Петербургке көшіріліп, Теңіз академиясы деп аталды.
1725 жылы Санкт-Петербургте Ғылымдар Академиясы құрылды. Оның жарғысы Петр I-нің тұсында жарияланды. Академия үшін Батыс Еуропа елдерінен ғалымдар шақырылып, керекті жабдықтар сатып алынды. Петр I-нің жобасы бойынша академия жанынан университет, гимназия ашылды. Академияның жұмысына М.В.Ломоносов белсене араласты.
Петр I-ден кейінгі кезеңде таққа келген оның мұрагерлері, ата-бабасының бастаған істерін қолдағандай болды. Сөйтіп, Петр заманындағы оқу-ағартудағы белгілі жетістіктер біртіндеп өзгеріске түсіп, дворяндық тәрбиеге назар аударыла бастады.
Дворян иеліктеріндегі отбасында білім беру үшін шетелдерден мамандар шақырыла бастады. Дворян иеліктеріндегі отбасы тәрбиесіне түрлі жағдайлар ықпал етті: отбасының қаражаты, қоғамдағы әлеуметтік орны. Үй иесінің негізгі іс-әрекетіне қарай бала тәрбиелейтін гувернерлер мен мұғалімдерді жалдау қажет саналды.
Дворяндардың балалары 7 жасқа толғанда Петербургке әкелініп, бірінші байқаудан өткізіліп, арнайы тіркеуден өтуі керек болса, ал Мәскеу мен губерниялық қалаларда губернаторларда тіркелу керек болды. Екінші байқау5 жылдан кейін өткізілді. Ол кездегі жеткіншек («недоросль») өз оқу дағдысын жақсы меңгеріп, есеп шығара білуі тиісті болды.
Оқудың келесі сатысы үйде немесе мемлекеттік мектепте жалғасуы қажет еді. Онда олар арифметика мен геометрияны, Құдай заңын оқыды. Сөйтіп, дворяндық тәрбие (7-16 жас ) дворяндық иеліктердегі үйде жүзеге асырылды. 16 жасқа толғаннан кейін оның білімін сенат тексерді. Дворян баласы оқуын онан соң үйде немесе мемлекеттік мектепте жалғастырып, жағрафия мен тарихты, фортифкациянымеңгеруі тиісті еді.
Инженерлік, артиллериялық, гарнизондық мектептердің оқушылары Петербургтегі Әскери коллегия мүшелерінің немесе гарнизондар мен қала губернаторы, коменданты, «ғылым адамдары» алдында емтихан тапсырды.
Дворян балаларына болашақ офицерге керекті білім беретін арнаулы әскери оқу орындары – кадет корпустары ашылды. Бұл оқу орындары Қазан төңкерісіне дейін сақталды.
1731 жылы Санкт-Петербургте дворян балаларын әскери және мемлекеттік қызметке даярлайтын алғашқы кадет корпусы ашылды. Бұл мектепте әскери даярлықпен бірге жалпы білім берілді. Онда 4 сынып болды. Әр сыныпта оқу екі жылдан төрт жылға созылды (барлығы 10-12 жыл) Алғашқы екі сыныпта жалпы дәрежелі білім берілді (әдебиет, математика, тарих, жағрафия оқытылды). Жоғары сыныптарда арнаулы пәндер оқытылды. Сонымен қатар атқа салт мініп жүру, қылыштасу, би, музыка өнерін үйренуге көңіл бөлінді. Кадет корпусында оқыған жастар не әскери қызметке, не мемлекеттік қызметке қажетті мамандық алатын болды. Бұл типті оқу орындарында эстетикалық және дене тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінді. Кадет корпустарының кітапханасы, театры болды және журнал басып шығарып тұрды.
М.В.Ломоносовтың педагогикалық идеясы.Михаил Васильевич Ломоносов (1711-1765) – орыстың алғашқы жаратылыстанушы ғалымы, ақын, философ, суретші, тарихшы, ағартушы, әлемдік ғылымда аты қалған орыстың алғашқы академигі. Ол Ресейдің ғылымы мен мәдениетінің барлық саласының негізін қалаған біртуар ғалым: әдебиетші, ақын, түрлі тілдерді меңгерген тарихшы, жағрафияны жетік білген, кен зерттеуші, темір қорытушы, физик, химик, суретші, ұстаз болды. Ол барлық ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуді, мемлекеттің байлығын арттыруды көздеді. М.В.Ломоносов ағартушы ретінде Ресей мемлекетінің мүддесіне, ғылым және оқу-ағарту саласында қажырлы еңбек етті.
Мәскеу университетінің (1755) құрылуы М.В.Ломоносов атымен тығыз байланысты. Ол қазіргі кезеңдегі әлемдегі жетекші университеттердің бірі болып саналады. Ломоносов осы университетті құру жобасы мен оқу бағдарламасын жасады. Ғалымның ұсынысы бойынша университет қабырғасында гимназия ұйымдастырылып, ол 1812 жылға дейін өз қызметін жалғастырып келді.
Университеттің жанынан екі гимназия ашылды. Бірі дворян балалары үшін, екіншісі - крепостной шаруалардың балаларынан өзге, әр түрлі шендегі сословиелердің балаларына арналды. Бұдан кейін Мәскеу гимназиясының үлгісімен Қазанда да гимназия ашылды.
Мәскеу университетінің жанында орыс архитекторлары Казаков пен Баженовтың мектептері жұмыс істеді. Бұл университеттің профессорлары ірі педагогикалық зерттеулермен айналысты. Олар оқыту әдістемелерін зерттеді. Жеке пәндерді оқыту туралы бағалы құрал жасап ұсынды. Ол құрал “Университетке түсушілерді оқытудың әдістері” (1771) орыс, латын, неміс, француз тілінде шықты.
Мәскеу университетінің жанында Ресейдегі алғашқы оқытушылар семинариясы жұмыс істей бастады. Бұл семинария гимназиялар мен басқа мектептер үшін мұғалімдер даярлады.
Мәскеу университетінің ашылуы М.В.Ломоносовтың жоғары демократиялық мектеп жайлы арманын іске асырды. Онда барлық сословиенің өкілдері оқуға мүмкіндік алды.
Мәскеу университеті қиындықтарға қарамастан өз қызметінің аясын кеңейте бастады. Онда әдеби және ғылыми бірлестіктер құрылды. Сонымен бірге “Баспаханалық бірлестік” те бой көтеріп, баспадан кітаптар шығарып, оны сататын дүкендер ашты.
60-жылдары М.В.Ломоносов Санкт-Петербугтегі академиялық гимназия мен университетті басқарды. Ол жалпы жұмыс жоспары, оқу жоспары, ондағы жұмыс тәртібі жайлы “Академиялық гимназия регламентін” жасады. Ломоносов алғаш рет Санкт-Петербург университетінде дәрісті орыс тілінде оқыды, бұрынғы ғылым тілі Еуропа мен Ресейде латын тілі еді.
М.В.Ломоносовтың ағартушылық қызметінің бірі - орыс тілінде қажетті оқулықтар мен әдістемелік құралдар жазуы. Мәселен, оның “Риторика” (1748) және “Орыс тілінің грамматикасы” (1758) жарты ғасыр бойындағы ең жақсы оқулық болып саналды. Тарихқа байланысты кітаппен бірге “Кен ғылымын алғашқы негіздеу” кітабын жазды. “Студенттерге арналған физика кітабын” латын тілінен орыс тіліне аударды.
М.В.Ломоносовтың ең ірі педагогикалық жетістігі - чех педагогы Ян Амос Коменскийдің “Суретті әлем” деген шығармасын мейілінше насихаттап, гимназия оқулығы ретінде пайдалануға ұсынуы.
М.В.Ломоносовтың педагогикалық жетістігінің екінші бір қыры - Ресейде ең алғаш рет академия мен университеттерге сыныптық-сабақ жүйесін енгізуі, кейіннен сол үлгі бойынша, кадет корпустарына да сыныптық-сабақ жүйесі енгізілді.
М.В.Ломоносовтың біліктілігі мен парасаты оның жасаған бағдарламалары мен ғылыми еңбектерінде көрініс тапты.
Сондай-ақ, І-Петр тұсындағы мектепті ұйымдастыру ұстанымдары: мектептердің мемлекеттілігі, кәсібиліктің энциклопедиялық біліммен ұштасуы, оқу жоспарларында математика, навигация және теңіз ғылымдарына ерекше орын берілді, зорлықпен оқыту және қатаң режим орнатылды.
XVII ғасырдағы білім беру мекемелері жүйесіне жалпы білім беретін және кәсіптік оқу орындары (математика және навигация ғылымдары мектебі (1701) .математика, астрономия, география, геодезия, теңізде жүзу; Теңіз академиясы (1715); цифирлік училищелер (1714 жылдан бастап шаруалар үшін басқа оқу, жазу, арифметика).
Арнайы оқу орындары: таукен - заводтық мектебі, инженерлік мектеп; артиллериялық мектеп; қарапайым бұқара халық үшін халық училищелер жүйесі; кіші- 2 курстық, негізгі-4 курстық; Петербургтік басты халық училищесі - мұғалімдік семинария және жабық сословиелік оқу орындары (шетелдік пансиондар, теңіздік кадеттік корпус (1752), артиллериялық дворяндық корпус, бастауыш архиерей мектептері, рухани семинарлар мен рухани академия, Смольныйдағы ізгілікті қыздар институты) және ғалымдар Академиясы (1725), Мәскеудегі университет (1755) т.б.бүкіл білім беру жүйесінің негізгі белгісі - анық көрініп тұратын сословиелік болды.
Александр Николаевич Радищев (1749-1802) – ХVIII ғ. екінші жартысындағы Ресейдегі революцияшыл педагогикалық ойдың көрнекті өкілі болды. Ол крепостнойлық тәртіптің күшті кезінде халықты қанауға батыл қарсы шыққан орыс дворяндарының бірі еді.
А.Н.Радищев табиғат, адамның пайда болуы және оның санасы жөнінде орыстың философиялық материализмінің алдыңғы қатарлы идеяларын жақтады.
А.Н.Радищев тәрбиенің негізгі міндеті азаматтық санасы және жоғары моральдық қасиеттері бар, мейлінше Отанын сүйетін патриот адамды қалыптастыру деп санады. Ол шын мәніндегі патриот деп қаналушы халықтың мүддесі үшін патшамен белсенді күрес жүргізген адамды ғана санауға болады дегенді айтты. Бұл пікір оның “Отанының шын ұлы кім екендігі туралы әңгіме” деген еңбегінде көрініс тапты.
Оның “Петербургтен Мәскеуге саяхат” атты негізгі шығармасында шаруа балаларының помещиктің қанауынан тартып отырған азабын ашып көрсетті. Шаруа балаларының рухани дамуына крепостнойлық тәртіптің кедергі жасап отырғанын, олардың табиғи қабілеттерінің дамуына үкімет тарапынан қамқорлықтың жоқтығын сынады. Жас ұрпақтың тиісті тәрбие алуы мемлекеттің міндеті деп атап көрсетті, тәрбие беру арқылы жас ұрпақтан Отанының азаматын, шын мәніндегі патриотты тәрбиелеу қажет деп санады.
Отбасы тәрбиесіне байланысты балаларды қатаң тәртіппен бағындыруға болмайды, отбасындағы ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасы олардың жеке басының ғана ісі емес, ол қоғамдық мәселе деп көрсетті.
Дәріс
Тақырыбы:Кеңестік кезеңдегі білім беру жүйесі мен педагогика ғылымы
Жоспары:
1. 1917-1980 жж. Кеңестік мектеп және педагогика.
2.Кеңес педагогтарының іс-әрекеттері: Н.К.Крупская, А.В.Луначарский, П.П.Блонский, А.С.Макаренко және т.б.
3.1980-1990 жж. кеңестік мектеп және педагогика ғылымының дамуы.
4.Жаңашыл-мұғалімдер – В.Ф.Шаталов, Ш.А.Амонашвили, С.Н. Лысенкова, И.П.Иванов, Т.И.Гончарова, Г.И.Ильин және т.б.
1917-1940 жылдар аралығындағы Қазақстандағы халыққа білім беру ісі. Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанда көптеген өзгерістер болды. Соның ішінде, республикада халықтың сауатсыздығын жою жөніндегі, жалпы білім беретін мектептердің кең жүйесін құру, яғни бастауыш, орталау, орта мектептерді және арнаулы орта, жоғары оқу орындары бойынша атқарылған көптеген жұмыстарды атап өтуге болады. Халыққа білім беру ісіндегі ең маңыздысы біртұтас жүйенің құрылуы және дамуы, сондай-ақ мектеп жасындағы балаларды оқуға қамту болды. Үкіметтің және халыққа білім беру органдарының ұдайы қамқорлығы арқасында қысқа мерзімде мектептер, мектептен тыс ұйымдар, балалар мекемелерін құруда үлкен табыстарға қол жетті. Мектеп ашудың қиындығы оқулықтардың жоқтығына, оқу бағдарламаларының, мектеп ғимараттарының, мұғалімдердің аздығына, әсіресе ұлттық педагогтік кадрлардың тапшылығына байланысты болды. Сауатсыздықты жою, бастауыш мектептерді ұйымдастыру, бір жылдық және екі жылдық мектептерді төртсыныптыққа ауыстыру жөніндегі жұмыстар төтенше күрделі жағдайда өріс алды. Мектептер тұрғызылды, алыс аудандардағы оқушыларды оқыту үшін тиісті жағдайлар жасалды. Балаларды оқытудың күрделі жағдайларын есепке ала отырып, әртүрлі үлгідегі мектептер коммуна-мектептер интернаты құрылды. Кейін ол жоғары үлгідегі мектепке айналдырылды. Оның ұлт жастарын техникумға түсуге дайындауда маңызы ерекше болды. Кеңес үкіметі құрамындағы ұлт республикаларының комиссариаты, губерниялар мен облыстардағы Халком жанындағы бөлімдерімен халық ағарту комиссариаты құрылды. Ағарту халкомы болып А.В.Луначарский тағайындалды. 1918 жылы қаңтарда Петроградта елдегі ағарту ісін түбегейлі қайта құруды көздеген Кеңестердің бүкілресейлік ІІІ съезі өтті. Күйзеліс, аштық, басталған соғыс интервенциясы мен азамат соғысына қарамастан, халық бұқарасының мәдениетін көтерудегі бірінші жағдай ретінде сауатсыздықты жою міндеті қойылды. 1918 жылы наурызда Түркістан өлкесінің Халком кеңесі өзінің декретін жариялады. Онда «ағарту жөніндегі халық коммиссариаты А.В.Луначарскийдің жарлығына сәйкес, ұсынылған жоспарға байланысты Түркістан өлкесінде халыққа білім берудің өлкелік кеңесі ұйымдастырылады» деп айтылған. 1918 жылы маусымның ортасында халыққа білім беру жөніндегі Өлкелік кеңестің орнына Түркістан ағарту комиссариаты құрылды. Ағарту комиссариатына көпұлтты халқы бар өлкенің ұланғайыр аумағында мәдени-ағарту мекемелері, ана тілінде сабақ беретін және ғылым талаптарына жауап беретін жаңа бағдарламалар бойынша оқытатын мектептер жүйесін құру жүктелді. Мектептерді бастауыш, гимназия, реальды училище және т.б. бөлу қысқартылды. Оның орнына екі сатылы мектеп енгізілді: бірінші – 8 жастан 13 жасқа дейінгі балалар үшін 5 жыл оқу және екінші – 13 жас пен 17 жас арасындағы балалар үшін 4 жылдық оқу. Қазақстандағы халыққа біліс беру жүйесіндегі түбірлі өзгерістерді барлық жастағы жұртшылықты қамтыған ағартушылық және мәдени-тәрбие жұмысының жаңа түрлері құрады. Жер-жерде курстар, кешкі мектептер, өз бетімен білім алу үйірмелері ұйымдастырыла бастады.
Кеңес өкіметінің мәдениет мәселелері жөніндегі бірінші маңызды декреттерінің арасында РСФСР Халық ағарту комитетінің «Аз ұлттардың мектептері туралы» қаулысы болды. Осыған сәйкес 1918 жылы тамызда Қазақ респуликасының ОАК (ЦИК) мектептерде оқытуды ана тіліне көшіру туралы декрет жарияланды. Қазақ мектептерінде ана тілінен басқа орыс тілін, сондай-ақ арифметика, география, тарих, жаратылыстану, сурет, ән-күй сабақтарын оқи бастады. Қазақ, орыс мектептері құрылды. Ал Қазақстанның Оңтүстік облыстарында басқа мектептермен қатар өзбек, ұйғыр мектептері дүниеге келді. 1918 жылдың 23 қаңтарындағы «Шіркеуді мемлекеттен және мектептерді шіркеуден бөлу туралы» декрет мектептердің еркін демуының бастауы болды. Халыққа білім берудегі қайта құрулармен қатар басқа да шаралар аса үлкен маңызға ие болды. Елдің барлық оқу орындары Ағарту жөніндегі халық комиссариатының қарамағына берілуі, ұлдар мен қыздарды бірге оқытуды ұйғару ерекше маңызды болды. Үлкен адамдардың арасында сауатсыздықты жою жөнінде көп жұмыстар атқарылды. Осы жылдары халыққа білім беру жұмысының табысы негізінен мұғалім туралы мәселені шешуге қатысты еді. 1920 жылдың соңына қарай 17 кәсіби-техникалық оқу орындары Орал, Семей, Торғай, Верный, Петропавлда ашылды. Сонымен қатар осы жылы Оралда, Петропавлда музыка мектептері; сондай-ақ Оралда педагог-суретшілерді дайындайтын мектеп ашылды. Техникумдар мен жоғары оқу орындарының жұмысшы факультеттері арқылы жергілікті ұлттан кадрлар дайындауға баса назар аударылды. Мектеп жүйесінің жылдам өсуі педагогтарды да көп талап етті. 1921 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда халыққа білім беретін төрт институт жұмыс істей бастады. Орынборда жалпы саны 130 адамдық орысша, татарша – 223 адамдық, қазақша – 140 адамдық, Семейде аралас – 90 адамдық. Олар бар болғаны 593 адамды қамтыды.
1920-21 жылдары қыздарға білім беруді өркендетуге ерекше назар аударылды. Ең масқарасы қалыңдықты қалың малға сатып алу түрі болды. Бұл барлық құқықтардан, тіпті білім алу құқынан айрылып біреудің екінші немесе үшінші әйелі болуына мәжбүр етті. Сондықтан 1920 жылдың 28 желтоқсанында Қазақ Орталық Атқару Комитеті ҚАКСР Халық комиссариаты кеңесі қалың малға тиым салу туралы декрет қабылдады. Қалың мал туралы келісім, баталасу дұрыс емес деп танылды. Декретті бұзу қалыңмалға берілген малды және басқа да дүние мүліктерді алған адамнан екі есе көлемде тәркілеуді және екі жақты да бір жылға дейін бас бостандығынан айыруды талап етті. Өздерінің еркіндікке деген құқын сезінген қазақ қыздары қоғамдық өмірге белсенді араласып, білім ала бастады.
1920-1921 жылдары азамат соғысы жүріп, халық шаруашылығы күйзеліп, көптеген аудандарды аштық жайлаған кезеңде мектеп ісінің жағдайы өте ауыр болды.
1923 жылы мұғалімдер дайындайтын қысқа мерзімді курстар ашылды. Курстарда жалпы білім, арнайы педагогтік және әдістемелік пәндерді оқып үйренді.
1924 жылдың ақпанында «Сауатсыздық жойылсын» қоғамы құрылды. Ол оқуға үгіт-насихат жүргізу, білім берудегі кенже қалудың себептерін түсіндіру мәселелерімен шұғылданды.
1924-1925 жылдары мектепті қаржыландыру біршама жақсарып, одан әрі қарай қазақ мектептерінің өсуіне ықпал етті. Қазақстанда 4 жылдық білім беретін мектептер, 7 жылдық мектептер ұйымдастырылды.
1930 жылы 27 тамызда ҚАКСР үкіметі жалпыға бірдей міндетті оқу туралы Декрет қабылдады. Декретте республикадағы барлық балаларды жалпыға бірдей оқуға тарту міндеті қойылды. Жергілікті өкімет, жергілікті жердегі халыққа білім беру органдары осы бағытта сан қырлы күрделі жұмыстар жүргізді.
1930-1931 оқу жылынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей міндетті бастауыш оқу енгізілді. Бастауыш мектеп 8 бен 11 жас арасындағы барлық балаларды қамтыды.
Жалпы білім беретін мектептерді түп тамырымен жақсарту үшін Үкіметтің 1933 жылы ақпанда «Бастауыш және орта мектеп оқушылары үшін оқулықтар туралы», 1934 жылы мамырда «Бастауыш және орта мектептің құрылымы туралы», 1935 жылы «Оқу жұмысы және бастауыш, орталау, орта мектептің ішкі тәртібін ұйымдастыру туралы» және 1934 жылғы «КСРО мектептерінде азаматтық тарихын оқыту туралы» қабылданған қаулысының мәні ерекше болды. Осы каулылар негізінде жалпы білім беру жүйесінің толық құрылымы аяқталды. Мектептерді жеке типтері айқындалды: бастауыш – 4 сыныптық, орталау – 7 сыныптық, орта – 10 сыныптық. Оқу үрдісінің негізгі түрі болып сабақ танылды. Мектептегі мұғалімнің рөлі артты.
1934 жылы ережеге сай педагогтік институттар жанынан екі жылдық мұғалімдер институты құрылды. Онда орта және орталау білімі бар адамдар қабылданып, жеті жылдық мектептер үшін мұғалімдер дайындады. Осындай екі жылдық институттың бітірушілеріне аяқталмаған жоғары білімді деген диплом берілді. Осы кезеңде педагогтік институттар мен мұғалімдер институттары Алматы, Орал, Қарағанды, Петропавл, Семей, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қалаларында жұмыс істеді. 1938 жылы 6 сәуірде халыққа білім беру органдары КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі «Республиканың қазақ мектептерінде орыс тілін оқытудың міндеттілігі туралы» қаулысын қабылдады. Қаулыда Қазақстанның қазақ, өзбек, ұйғыр, татар және басқа мектептерінде орыс тілін оқытудың қатаң тәртібі бекітілді.
1931 жылы тамызда ҚазКСР ХКК жалпыға бірдей міндетті жетіжылдық оқуды енгізу туралы қаулы қабылдады. Осы қаулыны орындау үшін 1931-1932 оқу жылынан бастап республиканың барлық қалаларында, 26 ауданында жетіжылдық жалпыға бірдей міндетті оқу енгізілді.
1935 жылы республика үкіметі «Мектеп құрылымдарын ретке келтіру және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» маңызды шешім қабылдады.
1940-41 оқу жылында қазақ орта мектептерінің жанынан 29 мыңға жуық бала тәрбиеленетін 250 бюджеттік интернат ашылды.
Жоғарғы оқу орындар саны өсті, ғалымдар саны ұлғайды. Қаз Хал Ағарту комиссариаты жүйесінде 1940-41 оқу жылының басында 13 педагогтік және мұғалімдік институт жұмыс істеді.
1940 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумы өз Жарлығымен ең озық және еңбегі сіңген мұғалімдерге берілетін «Республиканың еңбек сіңірген мұғалімі» атағын бекітті.
Осы жылдар ішінде Қазақстан тұтас сауатты республикаға айналды, жүздеген, мыңдаған мектептер, балалар бақшалары, орта арнаулы және жоғары оқу орындары құрылды. Республикада Қазақстан аумағында тұратын барлық ұлттар тілінде жалпыға бірдей міндетті бастауыш білім беру жүзеге асырылды. Сондай-ақ біртіндеп жалпыға бірдей жетіжылдық, сегізжылдық, сол секілді кейінірек орта білім беруге көшу жүзеге асырыла бастады.